АҚЫЛДЫ ҰРПАҚ АТА ДӘСТҮРІНЕ ТАС АТПАЙДЫ

АҚЫЛДЫ ҰРПАҚ АТА ДӘСТҮРІНЕ ТАС АТПАЙДЫ

АҚЫЛДЫ  ҰРПАҚ  АТА  ДӘСТҮРІНЕ  ТАС  АТПАЙДЫ
ашық дереккөзі

Қалай бұлқынсақ та өмірдің, яғни жаратылыстың өз заңы бар. Асып кете алмаймыз. Біз таптық деп жүрген жаңалықтың барлығы бар нәрсенің сырын ашу ғана. Қанша жерден шығанға шығып, шарықтап кеттім деген талай данышпан айналып келіп сол заңның аясынан аса алмағанына көзі жеткенде, шашын жұлып еңіреген екен дейді. Демек нені ойлап, армандасақ та, жаңалық іздеп, жақсылыққа талпынсақ та сол жаратылыстың сызып берген жүйесін бұзып алмауға тырысуымыз керек.

Көп әйел алу да сол ұлы заңдылыққа бағынады, олай болмағанда ақыры орасан зор апатқа соқтыруы мүмкін. Сондықтан, мақсат – «тисе терекке, тимесе бұтаққа», жұрт айтып жатқан соң әйтеуір бірдеңе дей салу немесе тақырыпты жарнамалау емес, өз пікірімізді бөлісу. Апат деп отырғанымыз – адамзаттың азғындық жолға түсуі. Қоғам болып ойласатын тұста тұрмыз. Талай-талай қырғындардан кейін қайта қаулап өсіп шығуымызға себеп болған ұлттық дәстүр еді. Халқымыз «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» дегенді көп айтамыз да, оның арғы жағында жатқан өмірдің шындығын барынша бүркемелеуге тырысамыз. «Қалай жылатпады, қалай қаңғыртпады? Оның жолы қандай екен?» – деген сұрақтың жауабын елеусіз қалдырамыз немесе ол жаққа аяқ басқымыз келмейді. Алысқа барып, архив ақтармай-ақ өткен ғасырдың ар жағына көз жіберсек жеткілікті, бәрі сайрап жатыр… Ол турасында әлі де талай жазыла жатар, қазірге негізгі ойымызға көшейік 

Ер мен әйелдің жұптасып өмір сүрудегі, яғни некелік өмірдегі мүмкіндігі бірдей емес екені баршаға аян. Реніштің бір себебі осында жатса керек. Нәтижесінде, жар төсегі ерте суынып, бір-бірінен түрлі кемшілік іздеу басталады. Ақыры, көбіне бүлінушілікке апарып соғады. Отбасының алдындағы жауапкершілікті сезінетіндер, амал жоқ, мәселені басқаша жолмен шешуге кіріседі. Ұят пен абыройдың мәні өзгеріп, ақша басты құндылыққа айналған қазіргі кезде ол тіпті оңай. Бір ғана мысал, кез келген қонақ үйден (немесе басқа жерлерден) сылаңдаған сұлудың табылатыны – ешкім күмәнданбайтын шындық. Әрине, нарық заманымен келген азғындық қой деп өзімізді-өзіміз жұбатуға болатын шығар, алайда нарық та сұранысты қамтамасыз етіп отырған жоқ па?! Бұл біздің ғасырға ғана тән, аспаннан түсе қалған сұраныс емес, атам заманнан бар. Нақтырақ айтсақ, жаратылыстың өз заңы. Ал жаратылыс заңы бұзылған жерден, адамзаттың азғындауы басталады. Сенбесеңіз айналаға қарап ойланып көріңіз. Бұрын осы дәстүр бардағы жағдай қалай еді, қазір қалай? 

Өткен ғасырлардағы еркектердің жаратылысы бөлек пе екен? Мыңнан біреулері болмаса, ешқайсысы отбасын ойрандаған жоқ еді ғой. Ол кезде жыныстық жолмен таралатын ауру да, бір жыныстылар мәселесі де күн тәртібінен алыс. Қалай шешілді? Талай елдер амалсыз жезөкшелікті заңдастырды. Әрі қарай бір жыныстылардың некелесуіне де жол ашылды. Азғындық асқына келіп, махаббат дейтін қасиетті ұғымды қасиетсіздіктің атауына айналдырды. Сөйтіп, біреулер өзінің ұлына үйленді, енді біреулердің ақылынан адасқаны соншалық мысығына, көгершініне т.б. үйленді. Құран аңыздарында соңғы пайғамбар келгенге дейін болған осындай азғындықтан бүтіндей қауымдар жойылғаны туралы айтылады. Сондай бір заманда өмір сүріп жатқан ұрпақтың өкіліміз. «Не істеу керек?» дейтін сұрақтың жауабын әрқайсымыз іздеуіміз керек. Сан ғасырлық қиындықтан кейін тәуелсіздікке қол жеткізгенде, ұлт ретіндегі миссиямызды орындай алмай, демократияның астарына жасырынған жалған гуманизмнің құрбаны болып кете баруымыз керек пе?! Егер аталған азғындыққа «аңғалдығы балалыққа бергісіз» біздің қазақ ұрынатын болса, арты жақсылыққа апармайды. 

Өз көзіммен көрген мынандай екі оқиғаға әлі жүрегім түршігеді. Үш жасар баламды алып, Қалқаман шағын ауданына бара жатыр едім. Автобус ауыстыратын жер – Сайын көшесінде. Ертеректе болған оқиға, сондықтан ол кезде Алматының көшесінде «жаман» қыздардың тұратыны туралы білмейді екем. Тұңғыш ұлдың тәтті қылығына мәз болып жүріп, аялдамаға келіп отырған екі қызды байқамаппын. Киген қысқа юбкалары әбүйірлерін жабуға лыпа болатындай емес. Бұл арғы жағын бүркемелеу емес, керісінше жарнамалау үшін киілгендей көрінді. Бет-ауыздарын баттастыра бояған, бірақ бояудың асты көгілдірленіп, бет-әлпеттері соншалықты жиренішті көрінді. Тұлабойым түршігіп, баламды жетектеп, басқа аялдамаға қарай жаяу кетуіме тура келді («Ие болатын ерлерінің жоқтығынан шығар» дегем іштей).

Тақау жылда тағы да осындай бір оқиғаға Бурабайдағы демалыс орнында тап болдым. Сол жердегі үйшіктердің біріне орналастық. Әуелі орманды аралап, кеудені кере дем алып, бала-шағамызбен біраз серуендеп қайтқанбыз. Тосын суретке көл жағасында тап болдық. Жасы елулердегі бір ер адам арлы-берлі өтіп жатқан қалың жұртқа пысқырып та қарамастан, жиырмаларға енді толған екі сұлуды екі жағына алып, төсеніштің үстінде шалқасынан жатыр. Екеуі уақытша «иесінің» ыңғайына қарай бейімделіп, ойындағысын орындап-ақ бағуда… Еріксіз жиренесің, тағы да балаларды алып басқа жаққа кетуге тура келді. Кейіннен біреулер әлгінің қасымыздағы үлкен қонақ үйде жатқанын айтты. Тәулігі 85 мың теңге. Бұл шамамен айтылған болар деп ойладық, дегенмен тұрған жері мен сәулетіне қарағанда баға одан арзан емес сияқты. Далаға төгілген абырой-ұят пен есіл ақша. Тексіздік, басқаша қалай атауға болады. Айналаға қаншама зиянды энергия таралды – арсыздықтың жарнамасы. Егер «байшыкеш сері» екінші әйел алса, сол ақша далаға төгілмес еді ғой. Мүмкін мені бұл үшін жазғыратындар да бар шығар, алайда шындықтың бетіне тура қарай алсақ, ер адамның бір әйелдің бетіне қарап отыруы өте сирек жағдай. Оны қалай даттасаң да жаратылысы солай. Біз айтып отырған ұлы заңның аясындағы еркек отбасының, елдің тірегі. Қарындастың қамқоры, жұбайдың адал жары т.б. ұлы істердің иесі. Ал ол заңдылық бұзылған жерде еркектен аса үлкен жауапкершілікті күту қиын. Меніңше, «ер адам үйден қырық қадам аттап шыққаннан кейін бойдақ» т.б. секілді мақалсымақтар көп әйел алуға тыйым салынғаннан кейін пайда болған. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кебі. Көл жағасындағы келеңсіздік дәстүрден айрылғаннан кейін жеткен жеріміз болса керек.

Екіншіден, кешегі кеңес тұсында бір адамға байланған махаббатты жарнамалауға көп көңіл бөлдік. Махаббатқа опасыздық жасаудың күнәсін талқыладық. Жалған махаббат үшін «басын бәйгеге» тіккендерді марапаттап, оның отбасына жасаған опасыздығын, жылап-сықтаған қыз бен жалтақтаған ұлдың жан қиналысын ескерусіз қалдырып жаттық. Айналып келіп не таптық – тек азғындық. Жатып ішер арамтамақ, арамза, қорқақ, залым, екіжүзді, сатқын адамдар арамыздан өсіп шыға бастады. Байыптап қарасақ, отбасынан қара басының қамын жоғары қоятын намыссыз еркек пен абыройсыз қыз осы жалған махаббаттың көрпесінің астына барып тығылған екен, оған көптеп мысалдар келтіруге болар еді. Сол тұстағы жарнаманың нәтижесі – жауапкершіліктен айрылдық, сөйтіп, көздері жәудіреген сәбилер жетімханаларда, жартылай отбасыларында өмір кешуге мәжбүр болды. Қазақтың «ұят болады» дейтін сөзінің ар жағында жанын қиюға дейін апаратын намыс дейтін қасиетті ұғым тұратын. Жігіттеріміз қыздарға ие болса, болашағы қорқынышты осындай қауіп маңымыздан жүрмес еді. Намыс еркекке тән қасиет, ал оның мәнін сезіне алмаса, әкесіз өскен ұлды не деп кінәлаймыз. Жасынан отбасында көріп, зердесіне тоқылмағаннан кейін, сырттан айтылған уағыз-насихаттың қаншалықты қауқарлы болатыны да белгісіз. Олай дейтініміз, қазіргі мәліметтерге қарағанда жартылай отбасының саны артып барады. Оған қосымша үйде де, балабақшада да, мектепте де (көп жағдайда ЖОО-ларда да) баланың өмір бойғы көргені әйел тәрбиесі. Оларға ертеңгі ұлы істерді шешу мәселесін былай тұрсын, отбасын алып жүрудің өзі де оңайға соқпайтыны анық. 

Қазақ халқының тарихында, ұлттық тағдырында өзіндік орны бар ұлы тұлғалардың біразы осы екінші-үшінші. әйелдерден туған болатын. Ол дәстүрден қандай жамандық көрдік? Еңсемізді тіктеп, тәуелсіз мемлекеттердің қатарында өмір сүріп жатуымыздың өзі осы ұлы дәстүрдің айналасына топтаса алуымыздың арқасы. Басымызды шапқанмен қайта көктеп шыға береміз. Тар кезеңдердің талқысында талқанымыз таусылмай, аман өтсек, ұрпақ өсіру тәжірибеміздің терең тамырлы болғанынан шығар. 

Ғылым жан-жақты дамыған бүгінгі заманда елді жаулаудың түрлі амал-тәсілдері табылып жатыр. Жергілікті ұлттың өз дәстүрін өзіне құбыжық етіп көрсету – соның бірі. Тағы да қайталап айтар болсақ, қазақты қазақ етіп отырған біртұтас тілі мен дәстүрі. Өміріміздің нормасына айналған бұл құндылық – ғасырлар сынағынан өткен, болмысымыздың өзегі. Оған баға беруге біздің білім деңгейіміз жетпейтіні анық, сондықтан сын айтып даттағаннан гөрі, өзін-өзі ақтап келе жатқан аманатты қалай жаңа заманға лайықтап, жетілдіреміз деген ойға көбірек басымдық беруге тиіспіз. Оны аяқасты ету – өзіміз отырған бұтаққа балта шабу. Қазақ қашанда бірлесіп, ұжымдасып өмір сүрген халық. Бірінің жоғын екіншісі жеткізеді. Көп әйел алушылық соның бір жағы. «У ішсең руыңмен» дейтін мақалдың айтары да сол. 

Қазір көп әйел алу туралы заң шығару – бос әурешілік. Себебі, алуға ешқандай кедергі жоқ. Біреу ме, екеу немесе онан да көп пе? заңымыз оны шектемейді, тек намысыңыз бен жауапкершілігіңіз жетсе болды. Қолымызда бар құқықтық мүмкіндікті пайдаланбай, керек емес нәрсеге бас қатыра берсек, істің оңалмайтыны анық. Бұл жағдайда ең үлкен заң – төзім мен жауапкершілік. 

Бір айта кетерлігі, екі не үш әйелі бар адамдар арамызда жүр. Бірінің баласын бірі бауырына басып, бірінің жоғын екіншісі жеткізіп отырған аналар да аз емес. Яғни айтып отырғанымыз бұлдыр қиялды көксеу емес, негізі бар нәрсе. Егер қолдау болып, осы отбасыларды үлгі етер болсақ, дәстүрдің қайта жаңғыруы ұзаққа созыла қоймайтын секілді. 

Сөз соңында айтарымыз, көп әйел алу мәселесін санаға сіңіру оңай емес, ондайды көрмеген, білмеген толқын өкілдері келді өмірге. Голливудтың фильмдеріндегі арсыздықтарды махаббат деп ұғатын жастарға бұрынғы бабалар салған сара жол жабайылық болып көрінуі де мүмкін. Алдымызда екі айрық жол тұр: біріншісі, отбасын құндылық ретінде қабылдамайтын, тек жеке бастың мүмкіндігін дамыту арқылы биіктерге жету бағытындағы жол. Екіншісі, бабалар салған ұлы дәстүр – өмірдің өз заңдылығына құрылған тарихи сара жол. Таңдау еркі өзімізде, тек біріншісінің бүгіні қызық болғанмен, ертеңі баянсыз – ол анық. Болашақ үшін маңыздысы – екіншісі, әрине, бүгінгі өтпелі қиындықтан, ертеңгі ұрпақ қамын жоғары қоя алсақ… 

Бекжан БИЖАН