САТИРА САРДАРЫНЫҢ ТОЙЫ

САТИРА САРДАРЫНЫҢ ТОЙЫ

САТИРА  САРДАРЫНЫҢ ТОЙЫ
ашық дереккөзі

Оспанхан  Әубәкіров десе, езу тартпайтын қазақ кемде  кем. Әсіресе, орта буын – аға ұрпақ. 60-жылдары хат таныған халқымыздың  қай баласы да Осекеңді  оқып мәз болған, қарадан-қарап күлген, күле тұрып күрсінген. Өйткені сатирик ақын сайқымазақ еткен шұбартілді қыздар да («Екі қыздың әңгімесі»), ә десе мә дейтін ұлдар да («Сотқарбек»), арақтан аузы босамайтын әкелер де («Әке мен баласы»), өсек десе өлгенді көрінен аунататын қатыннан әрман еркек те («Сіз туралы  слух бар») жандарында жүрген, жандарын ауыртқан. Ал сондай қыздар мен ұлдар, арақкеш әкелер мен өсекқұмар пенделер қазір де арамызда жоқ па? Отыз жылға жуық шығармашылық қызметінде  Осекең сатира садағына нысана етпеген бұдан басқа да  тақырып аз ба? Солардың бірі де бүгін ескірді ме? Жоқ! Демек Оспанхан Әубәкіров шығармалары кешегі, бүгінгі ұрпақты былай қойғанда, ертеңгі де талай буынның кәдесіне жарайтыны сөзсіз.

Оспанхан дүниеден өткелі 28 жылдай уақыт өтіпті. Бірақ осы уақыт аралығында оны ұмытқан ешкім жоқ. Көзкөргендер де, сөз тергендер де! Ұмыту былай тұрсын, жыл өткен сайын сатирик ақынға деген сағыныш, оның өлмес туындыларына деген құрмет арта түскені анық. Бұның басты дәлелі – Осекеңнің 80 жылдығын атап өту, ақынды, азаматты бар жағынан еске алу шаралары бүгінде еліміздің төрт түстігінде түгелдей басталып кетуі. Соның бірі – кешегі 1 сәуірде, баршаға ортақ Күлкі күнінде, Осекеңнің туған ауданы Ұзынағашта өткен салтанатты жиын.

Жиынға кезінде сатира сардарымен бірге жүрген, қызметтес болған жазушылар мен өнер қайраткерлері, әдебиетсүйер қауым мен  кейінгі толқын жастар қатысып, бірі әдемі естеліктер  айтып, енді бірі Осекеңнің күлкіге толы шығармаларын оқып, ал әншілер оның сөзіне жазылған әндерді орындап, көпшілікті тәнті етті.

Жиын соңында  «Қазығұрт» бас­пасы дайындап шығарған «Оспанхан  Әубәкіров. Шығармалар жинағы» атты төрт томдық кітаптың  тұсауы кесілді. 

Д. Тікебай