«БІЗДІҢ НЕГІЗГІ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – МҰНАЙШЫЛАРЫМЫЗ!»

Қазақстандағы «қара алтынның» қоры қанша? Мұнайға қарап отырған көпшіліктің көкейіндегі дүдәмал сауал осы. Ал «қара алтын» өндірісінің басы-қасында жүрген мамандардың берер жауабы біреу: мұнай бүгінгі қажетімізге де, келешек ұрпақтың несібесіне де жетеді. Кеше Астанада өткен баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов осы пікірді тағы қайталады. 

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ осыдан он жыл бұрын құрылғанымен, қазақтың қара алтын өндіру ісінің тарихы жүз жылдан асады. Қазақстанда мұнай өндіру ісінде отбасылық дәстүр бұрыннан қалыптастырған, оның атадан балаға мұра болар кәсіпке айналғалы қашан. 

Қазақстанда алғашқы мұнай 1899 жылдың қарашасында Қарашүңгіл шатқалында 40 метр тереңдіктен алынған екен. Бір ғасырдан соң «қара алтын» 3000 метр тереңдіктен өндіріліп жатыр. 

Ресми дерекке жүгінсек, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы Қазақстанда мұнай өндірісі бойынша үздік үштік қатарында. Мұнай өндіру көлемі жағынан қазір Қазақстанда екінші орында тұр. Компания өндіріс қуатын осы деңгейде сақтап қалуды жоспарлап отыр. Алдағы бес жылда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру жыл сайын аз дегенде 12 миллион тонна мұнай өндірмек. «Биыл 12 миллион 164 мың тонна мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз. 12 миллионнан асатын межені алдағы бес жыл ішінде ұстап тұруды межеледік. Біз өндірісті жаңғырту жұмыстарына көп қаражат жұмсап отырмыз, өндіріс ауқымын кеңейтудің әр түрлі жолдарын қарастырып жатырмыз және активтеріміздің өз құнын жоғалтпайтындығына, ал бірлескен кәсіпорындарымыздың тұрақты дивиденд әкелетініне сенімдіміз», – деді Абат Нұрсейітов. 

Салыстыру үшін, былтыр компания өндіріс көлемін екі пайызға арттырып, 12 миллион 387 мың тоннаға жеткізген болатын. Бұл күн сайын 251 мың баррель мұнай алынып жатыр деген сөз. Оның ішінде «Қазгермұнай», «Қаражанбасмұнай», «ПетроҚазақстан» өндіруші компанияларының үлесі бар. 

Жалпы, биылғы жылға геологиялық барлау жұмыстарына 40 миллион доллар бөлінген, бірақ қажет болған жағдайда бұл қаражат көбеюі де мүмкін. 

Негізгі барлау жұмыстары Қазақстан аумағында жүргізілуде. Ал шетелдегі кейбір жобалардан компания бас тартуға мәжбүр болған. Оның бірі – Ирак жобасы. Оны компания басшысы «саяси тәуекелдің өте жоғары екендігінен» деп түсіндірді.

 «Ирак жобасы туралы айтқанда, біз бұл жобадан бас тарттық, себебі саяси тәуекелі өте жоғары болды. Халықаралық деңгейдегі кез келген жобаға баға бергенде, саяси тәуекел сараланады, мемлекеттегі жағдай, онда тұрақтылық бар ма, жоқ па деген мәселелер есепке алынады», – деді бас директор.

2010 жылы басталған Солтүстік теңіздегі «Ақ аю» («White Bear») жобасынан да бас тартуға мәжбүр болған. Компания басшылығының айтуынша, барлау жұмыстары еш нәтиже бермеген.

Дегенмен, сүйіншілейтін жаңалық та жоқ емес. 2017 жылға қарай Батыс Қазақстан облысында Рожков кен орны іске қосылуы мүмкін. Бұл – барлау ісіндегі соңғы жылдардағы сәтті жобалардың бірі. Бұл кен орнында 8 барлау скважинасы орнатылған екен, оның жетеуінен шикізат қоры табылды. Мұндағы газ қоры шамамен 10 миллиард текше метр, ал  сұйық көмірсутегі қоры 4 миллион тонна деп жобаланып отыр. 

Қазір мұнай Қызылордадан – Шымкент пен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарына, Атасу-Алашанькоу құбырымен Қытай Халық Республикасына, батыста – КТК құбыры мен Өзен-Атырау-Самара арқылы және ішінара Махачкала-Баку бағыты бо­йынша тасымалданады. 

Жалпы алғанда, өндірілген мұнайдың 50 пайызы ішкі рынокқа бағытталады деп болжанып отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы Қазақстандағы әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компанияның бірі. Соңғы 10 жылда Компания өзі қызмет етіп жатқан аймақтардың әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамытуға және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 45 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсаған. Бұл қаржыға Атырау және Маңғыстау облыстарында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектеп, бала-бақша, балалар лагері, спорт кешендері, медициналық орталықтар және басқа да құрылыстар салынды. Тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілді, ауыл мен қалаларға жолдар салынды. Жұмыс таппай жүрген адамдарға арнап әлеуметтік жұмыс орындары құрылды. Атырау облысында болашағы жоқ Бек-бике, Қошқар, Комсомол, Байшонас, Ескене ауылдарының тұрғындары облыс орталығына көшірілді. 

«Біздің негізгі капиталымыз – ол біздің жұмысшыларымыз. Жаңа айтып өттім, біз 25 мың адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Сондықтан Компания мұнайшылардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, оларға қолайлы еңбек жағдайын жасау мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Он жыл ішінде бірқатар күрделі кезеңдерді де бастан өткердік. Алайда біз аймақтағы әлеуметтік ахуалды оңалтып, өндірістің қарқынын қалпына келтірдік. Біз үшін ең бастысы – алдағы уақытта да қазіргі қарқынды бәсеңдетпей, ел экономикасын дамытуға өз үлесімізді қосу», – дейді А.Нұрсейітов.

Сонымен қатар, биыл Компания жұмысшыларға еңбекақы төлеу қорын 21 млрд. теңгеге ұлғайтқан. Мұнай компаниясына қарасты кәсіпорындарда Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі енгізіліп, 1 сәуірден бастап жұмысшылардың жалақысы 10 пайызға көтерілді. 


Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Back to top button