Болашақ педагогтар биылдан бастап жаңа стандарттар бойынша дайындалады
Болашақ педагогтар биылдан бастап жаңа стандарттар бойынша дайындалады
Жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық мамандықтар бойынша отандық білім жүйесіне жаңа стандарттар енгізіледі. Педагогтарды уақыт талабына сай дайындау үшін қолға алынғалы отырған бағдарламалар әзірленіп қойған. Бұл туралы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Ғабит Кенжебаев мәлімдеді. «Бүгінгі таңда білім саласын модернизациялаудың тұжырымдамасы дайындалды және қазіргі уақыт талабына сай мұғалім үлгісі, яғни моделі нақтыланды. Ендігі шаруа осыған сәйкес педагог кадрларды дайындау. Бүгінгі күні педагог кадрларды дайындаудағы өзекті мәселе – бұл білім стандарттарын жетілдіру. Себебі, білім стандарттарын жетілдірмесе, болашақта жақсы мұғалімдер әзірлеу мүмкін емес», – дейді тарих ғылымдарының докторы. Ғабит Кенжебаевтың айтуынша, республиканың педагогикалық білім ордалары Назарбаев университетімен серіктестікте педагогикалық білімнің жаңа бағдарламаларын дайындауда. Білім беру бағдарламасында бұрын-соңды болмаған пәндер енгізілмек. «Қазірде 23 педагогикалық мамандық және 24 магистратура, 24 докторантура мамандықтары бойынша білім стандарттары әзірленіп, осы оқу жылынан енгізілгелі жатқандығы өте қуантады. Бұл педагогикалық стандарттардың бұрынғылардан ерекшелігі - уақыт талбына сай арт-білім беру, инклюзивті білім беру, педагогикалық риторика, педагогикалық менеджмент, тағы да басқа көптеген жаңа пәндер енгізіліп отыр. Мұның бәрі уақыт талабына сай енгізіліп отырған пәндер. Бұл бір жағынан жақсы кадрларды дайындауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан біздің студенттерге шетелге барып, білімін тереңдетуге жағдай жасайды», –деді ғалым.