ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАНДЫ

ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАНДЫ

ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАНДЫ
ашық дереккөзі

«Қаз дауысты Қазыбек би» тұлғалық энциклопедиясын жарыққа шығарушылар алқасы Қазақстанның жоғарғы оқу орындары қауымдастығы тағайындаған Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықпен марапатталды.

Қазақтың бас ақыны, дала данышпанының туғанына 150 жыл толуына орай «Абай» энциклопедиясының дүниеге келуімен бастау алған тұлғалық энциклопедиялар қатары уақыт өткен сайын молығып, халқымыздың тарихын, мәдениеті мен дәстүрін бүгінгі күн биігінен тануға септігін тигізуде. Осынау игілікті іске Арқа топырағынан тәуекел етіп кіріскен Қарағандының «Болашақ» университеті еді. 

Құрылғанына жиырма жыл толғалы отырған оқу орны осы мерзімде білім мен ғылымның іргелі ордасына айналып үлгерді. Сөйтіп, санаулы жылдар ішінде «Сәкен Сейфуллин», «Қаз дауысты Қазыбек би», «Бұқар жырау» деген тұлғалық энциклопедияларды жарыққа шығарды. Олардың танымдық, тәрбиелік мәні ел ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерінен лайықты бағасын алуда. Тіпті, республикамыздың кейбір оқу орындары бұл кітаптарды оқулық ретінде пайдаланып келеді. Солардың ішінде «Қаз дауысты Қазыбек би» энциклопедиясының орны бөлек. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген еңбек халқымыз бастан кешкен оқиғалар мен ұлан далада өткен құбылыстарды ғана баяндап қоймай, ұлысы үшін ұлан асыр қызмет жасаған ұлы бидің еңбегін саралап, екшеп, баға беруімен де құнды. Сондықтан да бұл кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы да әзірленіп, оқырман қолына тиді.

Еліміздің кітапханалары мен білім ордаларына таратылған «Қаз дауысты Қазыбек би» энциклопедиясының тағылымдық мәні Қазақстанның жоғарғы оқу орындары қауымдастығы тарапынан өте жоғары бағаланды. Қауымдастық бұл еңбекті соңғы жылдары жоғары оқу орындары әзірлеген ең үздік кітап деп танып, 2014 жылдың бәйгесін берді. Атап айтқанда, «Қаз дауысты Қазыбек би» энциклопедиясының бас редакторы, заң ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Нұрлан Дулатбеков Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медальмен, кітаптың жауапты редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзин күміс медальмен марапатталса, еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білікті жас мамандар дайындаудағы ерен еңбегі үшін шығармашылық топ мүшелері – профессорлар Берік Рахымов, Мақсат Алпысбес, Сағымбай Жұмағұл, доценттер Нұршат Жұмаділова, Жандос Шекен, Қаршыға Мұқыш, аға оқытушы Әлімжан Жақан, этнограф Темірғали Аршабеков, журналистер Жомарт Оспан және осы жолдардың авторы қауымдастықтың Құрмет грамотасын иеленді.  

Ермек БАЛТАШҰЛЫ