Сенаттағы сайқымазақ

Түнеукүні Сенат отырысында депутат Светлана Жалмағамбетова қатты қаһарына мініп, министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ерболат Досаевқа қырғидай шүйілді.

Жалмағамбетова ханым: “Девальвация болған күні сендер халыққа оның пайдалы болатындығын айтып, ант суын ішкенсіңдер. Экономикамыз өседі, бюджетіміз молайады, жұрттың жоғалтқан қаржысы қосымша бюджет қаражаттары арқылы қайтып оралады дедіңдер. Мінеки, 1,5 айдай өтті: өз басым оңды өзгеріс байқаған жоқпын. Сонда сендер бізді алдап жүрсіңдер ма?” – деп, зорға басылды.

…Менің бала кезімде “өзі өгіздей болып, ертегіге сенеді” дейтін бір сайқымазақ сөз болатын. Депутаттың ашуы осыны менің есіме еріксіз салды.

Әсіресе, соңғы жылдары ресми лауазымды адамдардың өтірік айтуы – дағдыға айналып кетті. Өйткені, қазақ шенеуніктері қоғаммен байланыс мәдениетін білмейді. Ал, мемлекет сеніп тапсырған шаруаңның кежегесі кейін тартып тұрса, халықтың алдында жалған сөзді соғып жібермегенде не істейсің?.. Бүгінгі шенеуніктің түгелі осылай ететін болды…

Ал, Экономика министрі, 100 млн АҚШ доллары көлемінде жиған-тергені бар Ерболат Досаев бұл бәйгеде алдына жан салған емес. Ол Светлана Жалмағамбетова ханымға: “Біз бір күнде жұмақ орнатуға уәде бергеміз жоқ. Біз оңды өзгерістердің уақыт өте келе сөзсіз байқалатындығын айттық. Ішкі тауар өнімі дамып, өзімізден артылғанын сыртқа саудалай бастағанымда жағдайымыз жаман болмайды” – деп соғып қалды. Әйткенмен, бұл уәждің ауылы шындыққа да біртабан жақын сияқты.

Сөйтіп, 2014-2016 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттің көлемі 331 млрд теңгеге көбейіпті. Бірақ, осы кезеңде әлемдік нарықта 1 баррель мұнайдың бағасы да 90 доллардан 95 АҚШ долларына дейін өсті ғой. Ендеше, осы айырмашылық мемлекеттік бюджетте көрініс табуы керек емес пе?..

…Кімнен сұрайсың, ақиқатты?!.

Сенат пен Мәжіліс отырыстарының менің бала кезімдегі сайқымазақ әңгімені есіме түсірмейтін кезі келер ме екен, шіркін-ай?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Back to top button