Жаңалықтар

Әмбебап үкімет

ашық дереккөзі

Әмбебап үкімет

Кәрім Мәсімовтің Үкімет басына екінші рет келуінің себебі неде? Серік Ахметов отставкаға неге кетті? Жаңадан жасақталған Үкіметтің құрамы өзгерді ме? Біздегі Үкімет неге жиі ауысады? Билік басына жаңа есімдердің келмеуі неліктен? 

Мәсімов Үкіметке қайта келді 

  

Сонымен, Үкімет ауысты. Құрамы аса өзгермегенмен, жетекшісі өзгерді. Анығы, ҚР Президенті Әкімшілігін басқарған Кәрім Мәсімов Министрлер кабинетін басқаруға екінші рет тағайындалды. Ал экс-премьер Серік Ахметов Қорғаныс министрі болып бекіді. Серік Ахметовтің Үкіметі ел есінде несімен қалуы мүмкін? Біріншіден, ұлттық валютаның 20 пайызға дейін құнсыздануы, яғни, девальвация. Екіншіден, жекеменшік зейнетақы қорларындағы қаражатты Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорына топтастыруы. Жұрттың наразылығына себеп болған бұл бастамаға күдікпен қарайтындар әлі күнге көп. Үшіншіден, аяғы ауыр әйелдерге төленуі тиіс жәрдемақы көлемінің қысқартылуы.

  Үкіметтегі, жалпы билік басындағы бірнеше шенеуніктің жиі лауазым ауыстыруын белгілі саясаттанушы Айдос Сарым әлеуметтік желілерде білдірген бір пікірінде: “Қарап отырсақ, қанша жыл бойы билікте сол 40-50 адам бірін-бірі ауыстырып жатыр, ауыстырып жатыр. Еш өзгеріс жоқ. Соған қарап, “мәңгілік ел” емес, “мәңгілік елу” ме деп қаламын. “У” әрпі түсіп қалған сияқты”, – депті. Мәсімовтің үкімет тізгінін қайта алуын “Будулайдың оралуымен” теңестірген саясаттанушы Досым Сатпаев: “Қазақстандағы премьер мен Үкіметтің ауысуы біраздан бері шешімін таппай келе жатқан проблемалардың мұраға қалуынан. Әрбір жаңа премьер мен жаңа үкімет сол ескі проблемаларды құдды алғаш рет туындап тұрғандай, шешуге құлшына ұмтылады. Бұл үздіксіз айнала беретін карусель”, – деп қынжылады. 

  Тағы бр саясаттанушы Ерлан Қарин Үкіметтің ауысы “Стратегия-2050” бағдарламасын жүзеге асыруға дем беру үшін қажет болды дейді: “Меніңше, Ахметовтің үкіметі аталған стратегияны  ойдағыдай іске асыра алмады. Үкіметтің ауысуы, бірінші кезекте, осы стратегияға ерекше қарқын беруге қатысты”. Саясаттанушының пікірінше, Ахметов пен оның командасы Елбасының халыққа Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыратын нақты жоспар құра алмаған. Яғни, Ахметов тізгінін ұстаған Үкіметтің саяси, экономикалық және технологиялық мүмкіндіктері бола тұра, Елбасының аса маңызды екі Жолдауы – “Стратегия-2050” мен “Мәңгілік ел” мен Мемлекет басшысының міндеттерін орындайтын жоспарын назардан тыс қалдырған: “Ахметов Үкіметінің үлесіне президенттік стратегияның негізгі құжаттары тиді. Бірақ ол қолынан келмеді. Президенттік стратегияға жауап ретінде Тұжырымдама, жоспар түзілуі тиіс еді. Мысалы, Мәсімовтің Үкіметі 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде дағдарысқа қарсы шаралардың жаңа бағдарламасын дайындады. Ахметовтің Үкіметі де дәл осылай өзінің жоспарын, өзінің тұжырымдамасын түзуі керек еді. Меніңше, Мәсімов ең алдымен президенттік стратегияны іске асырудың жоспарын жасап, құрылымдап, ұйымдастыру шараларын әзірлейді. Бұл бірнеше жоспарға өлінуі мүмкін–экономикалық жоспары бөлек, әлеуметтік саладағысы бөлек”.

  “Ахметов қарым-қабілетін толық көрсете алмады”

Ерлан Қарин айтқан пікірге оның әріптесі Айдос Сарым да қосылады: “Серік Ахметовтің тұлғасы қазіргі шенеуніктік стандарттарға сәйкес келмеді. Мен әп дегеннен-ақ оған кабинеттің ескі қожайыны үстелдің, сейф пен шкафтардың кілттерін өзімен бірге ала кеткен сияқты жағдайда әрекет ететінін айтқанмын. Серік Ахметов шектеулі мүмкіндіктер жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Оның алдында екі жол тұрған: қайта қайта ескі қожайынға өтініш айту немесе өзіне басқа кілт жасатып алу. Сірә, ол осы екі ортадағы жолды таңдады: барлығын жайлап, мүмкіндігі келгенше өзгертуді ойлаған шығар. Ол басқаларға ұқсамады. Үкіметтің барлық жұмыс топтарын өзі өткізді. Барлық түйткілдің себеп, салдарына жете қанығуға құлшынды. Табиғатына келсек, көлеңкеде көзге түспегенді қалайды, жарнама жасағанды, жарияға жар салғанды ұнатпайды. Сондықтан оның ел есінде несімен есте қалатынын айту қиын. Девальвациямен бе? Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорымен ба? Тым тұйық болғаны соншалық, оның нені жақсы көретіні, не істегенді ұнататыны түсініксіз. Премьер ретінде ол аса ірі саяси тұлғаға айнала алмады, өзінің қарым-қабілетін толық көрсетпеді. Бірауыз сөзбен түйіндесек, техникалық премьер”. Сонымен, Министрлер кабинетін басқаруға қайта келген Мәсімовтің басқа премьерлерге қарағанда, мүмкінігі мол: таныстарының ауқымы кең (кәсіпкерлер, саясаткерлер, тіпті, шетелдік құрылымдардың көпшілігімен жақсы қарым-қатынаста). Бір кездері қолын кеудесіне қойып тұрып, “Мен сізге қызмет етем” деп Елбасыға берген анты бар. Яғни, билікпен, Елбасымен тіл табысудың, жағудың жолын да жақсы біледі ол.

  Сонымен, Үкімет ауысты. Бізді қынжылтатыны сол, билік басына келетіндер, Үкімет құрамы үнемі тұрақсыз. Жиі ауысады. Ауысқанда да, жаңа есімдер емес, көпшілікке бұрыннан таныс шенеуніктер. Олар өздері басқаратын саланы қаншалықты жақсы меңгерген? Мемлекеттік тұтастық, ұлттық қауіпсіздік, елдің экономикалық-әлеуметтік даму мәселесінде қаншалықты кәсіби білгір? Бір кездері Ұлттық қауіпсіздік комитетін гинеколог-дәрігер басқарған да кездер болған Қазақстанда. Экс-премьер Серік Ахметов күні кеше ғана Қорғаныс саласына кетті. Оның басты мамандығы – инженер-металлург. Кәсіби білігіне шүбәміз жоқ. Қандай іс атқаратынын уақыт көрсетеді. Бірақ біздің шенеуніктер неге әмбебап? Айналдырған оншақты адам бірінің орнын бірі басады. Беліне байлауға бекінген шоқпарын көтере ала ма, жоқ па? деген сауалды ешкім қоймайды: “жоғарғы жақ” әрдайым өз білгенін істейді. Ал қарапайым халықтың арасында “байтал түгіл бас қайғы” дейтіндері көп. Олар елдегі саяси өзгеріс, биліктегі ауыс-күйіс мәселесіне назар аударуға құлықсыз. Бізді алаңдататыны, “әмбебап” Үкіметтің Елбасы тарапынан ұсынылған көптеген игі бастаманы іске асыруға қауқары жетпейтіні немесе немқұрайды қарайтыны. Бұл еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі. Демек, билік басына, лауазымды қызметтерге көзі ашық, көкірегі ояу жастарды көптеп тартатын кез әлдеқашан жетті.

  Жаңа Үкіметтің құрамы 

Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына сәйкес мыналар:

Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев–Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары;

Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары;

Әсет Өрентайұлы  Исекешев – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі;

Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы  министрі;

Асылжан Сарыбайұлы Мамытбеков – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі;

Берік Мәжитұлы Имашев – Қазақстан Республикасының Әділет министрі;

Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі;

Салидат Зекенқызы Қайырбекова – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі;

Тамара Босымбекқызы Дүйсенова – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі;

Нұрлан  Жамбылұлы  Қаппаров –Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі;

Арыстанбек Мұхамедиұлы – Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі;

Ұзақбай Сүлейменұлы Қарабалин – Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі;

Болат Бидахметұлы Жәмішев – Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі;

Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов –Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі;

Владимир Карпович Божко – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі;

Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымов –Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;

Ерболат Асқарбекұлы Досаев – Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі;

Жанар Сейдахметқызы Айтжанова – Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция істері министрі;

Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев – Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесі болып тағайындалсын.

Қазақстан Республикасының Президенті 

Н.Назарбаев