ҰЛТТЫ ҚОРЛАҒАН КЕЛІНШЕК КІМ?

ҰЛТТЫ ҚОРЛАҒАН КЕЛІНШЕК КІМ?

ҰЛТТЫ ҚОРЛАҒАН  КЕЛІНШЕК КІМ?
ашық дереккөзі

 

Өзін өтірік таныстырған белгісіз әйел
заң алдында жауап береді. Қазаққа тіл тигізгені үшін, ұлттың ар-намысын
аяққа таптағаны үшін. ҚР Бас прокуратурасы қолға алған бұл қылмыстық іс
«асымызды ішіп, аяғымызды тебетін» басқаларға да сабақ болса, игі.  Ұлт
араздығын қоздыруға тырысқан, қазақтарды қорлаған, аузынан ақ ит кіріп,
көк ит шыққан әйел 1 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Әңгіме неден басталған еді? Үйіне Интернет орнатқысы келіп,
«Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерін шақырған бір әйел компанияның
орталығына хабарласады. Өзін біресе «жапон дипломаты Шимофуджидің
әйелімін», біресе «Шимофуджи мырзаның аудармашысымын» деп таныстырған ол
ұзақ уақыт бойы мамандардың кәсіби білігі төмен екенін айтып
шағымданады. Сосын қызды-қыздымен, қазақ ұлтына да тіл тигізеді. «У вас,
у казахов, совести нет!» деген сөзі былапытының бер жағы. Себебі оның
айтқан боқтық сөзін газет бетіне жазуға журналистік этика тыйым салады. 

Сөзінің басынан аяғына дейін қазақ халқын қорлаумен
болған әлгі әйелдің дөкірлігі мен астамшылығына ыза болған жұртшылық
Жапония елшілігіне хат жазып, хабарласып, наразылық білдірді. Елшілік
өкілдерінен ресми түрде жауап беруді, халық алдында кешірім сұрауды
талап етті. Алайда, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті
елшісінің кеңесшісі Кенитиро Сасамэ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы:
«Шимофуджи де, оның әйелі де Жапония елшілігінде жұмыс істемейді. Ол
әйел өтірік айтты», – деп мәлімдеме жасады. Осы оқиғаға орай, азаматтық
ұстанымын білдірген депутаттар қауымы да шу тудырып, тіпті, халықаралық
дауға ұласа жаздаған бұл келеңсіз жайт аяқсыз қалмауы тиістігін айтты.
Осылайша, көп ұзамай қорлыққа толы аудиожазба құзырлы органдардың
назарына ілікті. «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі София
Әнуарбекқызының айтуынша, әлгі қызға ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабына
(«Қорлау») сәйкес, қылмыстық іс қозғалған. Өйткені аталған телефон
әңгімесі әлеуметтік желілерге жарияланғаннан кейін ҚР Бас прокуратурасы
ҚР Ішкі істер министрлігіне мәселені тексеруге пәрмен берді. Көп ұзамай
қылмыстық іс Астана қалалық сотына тапсырылды. Қазақ ұлтын қорлағаны
және ұлттың ар-намысын аяққа таптағаны үшін «дипломаттың келіншегі» 100
орташа айлық көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін немесе 1 жылға дейін бас
бостандығынан айрылуы мүмкін (ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы бойынша).
Әзірге әлгі әйелдің кім екені жұмбақ күйінде қалып отыр. Бірақ
«ұзынқұлақтың» айтуынша, еліміздегі бірқатар басылым былтыр 27 жастағы
Дарья Портола деген әйелдің 69 жастағы Такеюки Шимофуджи деген жапонға
Астана қаласында тұрмысқа шыққанын, оған күйеу жігіттің кимоно
сыйлағанын жазыпты. Бұл оқиғаға Портоланың қаншалықты қатысы бар не
жоқтығын енді құзырлы органдар анықтайды. Ал Интернет арқылы қызу
пікірталас ұйымдастырған Қазақстан азаматтарының басым бөлігі әлгі
әйелге айыппұл салып, елден түре қууды талап етуде. Өкініштісі сол,
қазақты қорлайтындар саны соңғы кезде артып бара жатқан сияқты.
Ондайлардың қатарында ресейлік саясаткер Жириновский, Илонов пен ағылшын
сайқымазағы Саша Коуэн де бар. Бүкіл әлемге қазақтың абыройын айрандай
төгуге тырысып жүргендер де – солар. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ