АЗАЙЫП ҚАЛҒАН ЗЕЙНЕТАҚЫ САЛЫМДАРЫ

АЗАЙЫП ҚАЛҒАН ЗЕЙНЕТАҚЫ САЛЫМДАРЫ

АЗАЙЫП ҚАЛҒАН  ЗЕЙНЕТАҚЫ САЛЫМДАРЫ
ашық дереккөзі

 Бүгінде
барлық жинақтаушы зейнетақы қорларын біріктіру аяқталды. Енді 9 қордың
басы бір қазанда қайнап, салымшылардың қаражаты бір қоржында болады
деген сөз.Бірақ қосылу процесі барысында және оған дейін де есепшотын
тексерген салымшылар жылдар бойы жинаған жинағының азайып қалғанын
байқаған. Мәселенің анық-қанығын сұрастыра келгенде түрлі сылтаулар
айтылып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріккен соң жинақтардың
толық сомасы туралы ақпарат беріледі деп мәлімденген. 

Соңғы
жылдары салымшылардың зейнетақы қорындағы қаржысының кеміп қалғаны жиі
байқалды. Редакциямызға осы мәселені көтеріп, салымдарының жетіспей
қалғанын айтып шағымданғандар аз емес. Жуырда жоғалған немесе жасырынып
қалған қаражаттың қайда болғаны анықталды. БЖЗҚ басқарма директоры Жанар
Төлегенова зейнетақы салымының жалпы сомасы қалай шығарылатынын айтып
берді. «Барлық зейнетақы салымдары бұрынғы қорда тұрған күйінше
аударылады. Оған зейнетақы салымының инвестициялық табысы да қосылып
отыр. Бұл мәселенің қоғамда көптен бері пікірталас тудырғаны рас. Бірақ
мәселенің мән-жайы мынада. Халыққа қызмет көрсету орталықтары зейнетақы
салымдарын инвестициялық табыссыз көрсетіп келген. Сондықтан салымшылар
БЖЗҚ-да ғана толық сома бойынша мәлімет ала алады», – деді ол. Олай
болса өмір бойы жинаған салымының жартысын жоғалтып алғандар БЖЗҚ
орталығынан барлық мәліметтерді өз көзімен көре алады. 

Сондай-ақ
қорларды біріктіру жекелеген салымшылар шотына зиян келтірмей ме деген
сұрақ туындайды. Алайда барлық сома ортақ қорға аударылып, тиын-тебеніне
дейін жеткізілген екен. Бұл операцияларды білуге және әркім өз
жинағының өсуін бақылау үшін БЖЗҚ орталықтарынан логин мен пароль алып,
күнделікті интернет-сайттан бақылап отыруына мүмкіндік ашылған. Ал
зейнетақы салымдары бойынша қызмет көрсету әдеттегідей арнайы
орталықтарда жүзеге асырылады. Қазіргі таңда республика бойынша БЗЖҚ-ның
240 орталығы ашылған. Ал Алматы қаласында қордың 9 бөлімшесі бар.

Ақниет ОСПАНБАЙ