Седат СОЛАҚОҒҰЛЫ, Түркиядағы Қазақ қоғамы домбыра үйірмесінің мұғалімі: ТҮРКИЯДА ДОМБЫРА «МОДАҒА» АЙНАЛДЫ
Седат СОЛАҚОҒҰЛЫ, Түркиядағы Қазақ қоғамы домбыра үйірмесінің мұғалімі: ТҮРКИЯДА ДОМБЫРА «МОДАҒА» АЙНАЛДЫ
Түркия көшелерінде келе жатып домбыра туралы ән естісеңіз қайран қалмаңыз. Өйткені домбыра әні – түрік еліндегі басты партияның ұраны болды. Нақтырақ айтсақ, ноғай әншісі Арсыланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әні. Ноғай тілі мен қазақ тілінде айырмашылық жоққа тән емес пе? Түркиядағы қазақтар Арсыланбектің орындауындағы әнді қайта-қайта тыңдаудан еш жалығар емес. Ал түрікше аударылған нұсқасын түбі бір түркі ағайындарымыз саяси науқан тұсында елдік пен туысқандықтың насихат құралына айналдырған болатын.
– Седат мырза, өзіңіз Стамбұлда тусаңыз да, тегіңіз румыниялық татар ұлтынан екен. Қазақ домбырасына әуестігіңіз қайдан пайда болды?
– Әуелде нағашы апам домбыра туралы жиі айтатын. Ол кезде домбыраны мүлде көрмеген кезім еді. 1995 жылы Стамбұлдың қазақтар тығыз орналасқан Зейтінбұрны ауданында домбырамен алғаш таныстым. Содан бастап, бұл аспапқа қызығушылығым артты. 2003-2008 жылдары Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінде домбыра аспабы бойынша білім алдым. Кейін Түркияда тұңғыш рет домбыра аспабы турасында магистрлік диссертация қорғап шықтым. Қазақтың аспабын түрік ағайындарымызға алғаш рет ғылыми тұрғыда таныстырдық десек те болады.
– Оқудан соң қайда қызмет еттіңіз?
– Ақиқатын айту керек, домбыра аспабы бойынша жұмыс таппай, Стамбұлдан 150 шақырым жерде орналасқан Саһария шаһарында саксофоншы ретінде жұмысқа тұрдым. Негізгі жұмыс сонда. Рас 5 жыл бұрын Зейтінбұрны ауданындағы Шығыс Түркістан ұйымында бір жыл көлемінде балаларға домбыра үйреткен кезім болды.
– Сіздің Қазақ қоғамындағы үйірмеңіздің ашылғанына қанша уақыт болды?
– Бір ай бұрын Түркия премьер-министрі Тайып Ердоғанның «Ақ партиясы» Арсыланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» атты әнін ноғайшадан түрікшеге аударып, партиялық ұранға айналдырды. Соның арқасында домбыра Түрік елінде әбден әйгілі болды. Мұндағы жұрттың бәрі әнді жатқа айта бастады. Сөйтіп, Қазақ қоғамында да домбыра үйірмесі ашылды.
– Қазір қанша бала үйірмеге қатысады? Аптасына қанша рет дәріс өткізесіз?
– Осы күні үйірмемізде аптасына бір рет, яғни әрбір сенбінің кешкі мезгілінде 65 қазақ баласы дәріс алады.
– Аптасына бір рет қана дәріс өткізу домбыраны шебер игеруге аздық етпей ме?
– Жөн айтасыз. Бір аптада бір рет қана дәріс өту – домбыраның құлағында ойнайтындай дәрежеге жетуге қол жеткізеді деп айта алмаймыз. Сол үшін кейде жексенбі күні де қосымша дәріс беретін кезіміз болады. Бірақ, балалардың мектептегі сабақтары өте ауыр. Шаршап-шалдығып жүреді. Оларды қалай мәжбүрлеп оқытамыз? Дәрісте мүлгіп отыратындары да ара-тұра ұшырасады. Бәлкім, балалар жазғы демалысқа шыққан кезде домбыра сабақтарының күнін арттыратын шығармыз. Оның үстіне, жазда Стамбұлға Еуропадағы қазақ балалары да көп келеді.
– Сіздер домбыра жетіспеушілігін бастан кешіп жатыр деп естіп едік. Мәселе әлі шешілмеді ме?
– Тәлімгерлердің тең жарымына жуығына домбыра жетпейді. Олар домбыраның босауын күтіп, бір сағаттай ауыз бөлмеде отыруға мәжбүр. Домбырадан өзге әртүрлі оқу-құралдарына мұқтажбыз. «Қазақтың мың күйі», «Қазақтың мың әні» тәрізді құнды аудио материалдарым болса ғой деп армандаймын. Өзім Қазақстандағы музыка мектептерінде кеңінен қолданылатын «Домбыра үйрену мектебі» атты оқулық бойынша дәріс өткіземін. Мектеп сабағынан шаршап жүрген балаларға бірнәрсе жаздыру да оңай шаруа емес. Оқушылардың әрбіріне үлестіріп, келесі аптаға дейін дайындап әкелетін тапсырмасын беретін музыкалық оқулықтар болса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Рахмет!
Әңгімелескен Арман Әубәкір