ЖАЛҒАН... Бауыржан Бабажанұлы

ЖАЛҒАН... Бауыржан Бабажанұлы

ЖАЛҒАН... Бауыржан Бабажанұлы
ашық дереккөзі

Бауыржан Бабажанұлы

Кешеден бері көз алдымнан қаншама суреттер өтті. Қалай танысқанымыз, студенттік шақ, одан берідегі кез, телефонмен сағаттап сөйлесетін күндер…Соңғы екі-үш күнде үш рет сөйлесіппіз. Алдында бір телефондап таба алмағам. Кейін өзің соқтың: «Кеше мен саған звондаған жоқпын ба?..» Біраз сөйлестік. Кеше таңертең тағы телефоным шырылдады. Сен. «Қазақ әдебиетіне» шыққан өлеңдерімді мақтадың: «Сен мықтысың ей…». «Оны өзім де білем…». «Шын айтам, топтамаң әдемі екен». «Рахмет!» «Мен де мықтымын ғой деп ойлап едім…» — дедің де сөз аяғын жұтып қойдың. Сосын шүлен тарататын баяғы әдетіңе бастың: «Сен — ұлы ақынсың!». Жұрттың бәріне солай деуші едің ғой. Екеуміз жарыса күлдік. «45»- ің құтты болсын!» — дедің сосын. «Рахмет!». «45» — Мұқағалидың жасы ғой, білесің бе?». «Білем…». «Білсең, сол…». Тағы да біраз әңгіме айтып, күліп қоштастық. Сәлден кейін тағы звондадың. «Бауке, мен ғой…». «Иә». «Жай звондап тұрмын-ей, уақытыңды алмайын. Бәрі жақсы-ей. Дауай…». Талай әпенделігіңді көргем ғой, соның біріне баладым.Кейін естідім, Адалбекке де звондапсың: «Мен өлсем, жылайсың ба?» «Сиырдай өкіремін ғой…» — депті Адал. «Жақсы» — деп қоя салыпсың…Түстен кейін Маралтай телефон соқты: «Ай, Бауке, мықты бол, Әмірхан досымыздан айрылып қалған сияқтымыз…». «Өй, не деп тұрсың…». «Жаңа Мархаббат телефон соқты… Қазір үйіне келе жатырмын. Ешкімге хабарламай тұра тұршы, мүмкін…». Маралтай да сенгісі келмеді ғой деймін. Біраздан соң тағы телефондады. «Бәрі рас, Бауке… Мәйітханаға алып кетіп бара жатырмыз…». Кабинетті іштен жауып алып, өкіріп жыладым. Қазыбекке звондадым. Сәлден кейін әлеуметтік желілер шулап қоя берді. …Ей, Әмірхан… «Біз — «спартандықтармыз»! Бізге жауынгерлік рух керек! — дейтін сен едің ғой. «Мен өлермін ең ақырғы шайқаста!» — деген де сен. Ендеше, «майдан даласын» бірінші болып тастап кеткенің қалай, ит-ау… Әлде біздің ешқайсымыз сенімен әңгіме айтуға жарамай, зеріккесін Әділ досыңды іздеп кеттің бе екен?…Әділден тірідей, сенен… былай айрылып, біздің отырысымыз мынау, сиырдай өкіріп… …Кейде «қайнаға» деп «сызыла» қалғаныммен, құрдастығымызды пайдаланып, не болса, соны айта беруші ем. Алқын-жұлқын мінезіңмен бірнеше өлеңіме де «кіріп кеттің». Жарияланған сәтте телефондап, шешеден бір қайырып алғасын, сабаңа түсуші ең. Сосын қарқылдай күлетінсің. Телефон арқылы әдебиет туралы ойларыңды тыңдағанда жаным рахат табатын. Жаңа ғана Маралтай звондады. Қаралы көш Шымкентке енді жетіпті. Алда туған жерің — Шардара. Жігіттер, өзің бірде, әңгіме арасында, Марқаға: «Олай-бұлай боп кетсем, әкемнің қасына қойыңдар…» — деген аманатыңмен ауылға алып бара жатыр сүйегіңді… Алдың жарық болсын, бауырым…