ҚҰЗДАН ҚҰЛАҒАН РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫ

ҚҰЗДАН ҚҰЛАҒАН РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫ

ҚҰЗДАН ҚҰЛАҒАН РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫ
ашық дереккөзі
Еуропа Ресейге экономикалық санкция жариялағаны аян. Кейбіреулер Ресейге енгізілген санкцияның Қазақстан экономикасына еш әсері жоқ деп жүр. Бірақ екі ел арасындағы сауда-саттық пен қаржы айналымын ескерсек, рубльдің курсы, тарифтер мен басқа да салаларға әсер етпей қоймайтыны анық. Ішкі нарықта рубльмен ғана жұмыс істейміз, доллардан бас тартамыз деген Ресей үкіметі Кедендік одақ, Еуразиялық интеграция аясын кеңейтуді жедел қолға алатыны да белгілі. Шетел валютасынан бас тартуға кіріскен Ресейдің Қазақстан экономикасына ықпалы қаншалықты болмақ? Нұрлан Жазылбеков,  Мәжіліс депутаты:  480d832bc9a8d4016b0a83145575441d.jpg – Қазақстан экономикасына бәлендей бір кедергі болмайды. Өйткені ТМД елдерінің арасында сауда-саттық бойынша белгілі бір  қалыптасқан келісімшарттар бар. Ресейдің қаражатын басқаруына қатысымыз жоқ, тәуелділік жоқ. Ресейге  қарсы санкциялар жарияланып жатса, Кедендік одақ аясындағы сауда-саттық бойынша қиындықтар болуы мүмкін, әрине. Себебі тауардың басым бөлігі Ресей арқылы келетіні белгілі. Сол сияқты Еуропа тауарларының басым көпшілігі де Ресей арқылы жеткізіледі. Қазірдің өзінде еліміз импортты азайтып жатыр. Жалпы, бұл шаралар еліміздің Дүниежүзілік Сауда ұйымына мүше болуын тездететін сияқты. Ресей экономикасы жуырда құлдырауы мүмкін деген пікірлер жоқ емес, әрине. Бірақ бүкіл Еуропа Ресейдің газымен жан бағып отыр. Қазір Еуропа елдерінің жағдайы бұрынғыдай емес, гүлденген уақыты бітті. Еуроодақтағы мемлекеттердің көпшілігі дағдарысты күйде, экономикасы ілініп-салынып әрең тұр. Ресейдің газы болмаса, еуропалықтар АҚШ-тан газ тасимыз дейді. Оның шығыны көп қой. Сондықтан Ресейдің күш көрсететіні түсінікті де. Ресейге экономикалық санкциялар жария­лап, экономикасын әлсіретеміз деген мемлекеттер болса, онда өз жағдайларын да қиындатып алатыны сөзсіз. Қазіргі таңда Ресей доллардан құтыламыз деген мақсат қойды. Жалғыз Ресей емес, әлем мемлекеттері, оның ішінде алыптар Жапония, Қытай да доллармен есеп айырысуды қысқартуда. Ерболат Мұхамеджан, Экономика, бизнес және әлеуметтік ғылымдардың Жоғарғы мектебінің  аға оқытушысы, экономист-сарапшы:   51cbcb92129a4cb063dabc98d6203414.jpg – Бірінші кезекте біз Ресейге кез келген жағдайда кепілдік бергенбіз. Кепілдіктің нәтижесі ретінде, саяси мәселелерде Ресеймен бірге болатынымызды дәлелдеп бердік. Ресей бізге экономикалық тұрғыдан ұтылса да, ең бастысы, саяси шешімдер кезінде Ресеймен бір болуымызды талап етеді. Соңғы шешімдер соның дәлелі. Ресейдің Қазақстан экономикасына ықпалы бұрынғыдай қала береді. Бұрынғыдай дегенім, мына сандар: 1) 2011-2013 жылдары Кедендік Одақ мемлекеттеріне экспортымыз 7,1 млрд. доллардан 5,8 млрд. долларға кеміген. Ал импорт 15,9 млрд. доллардан 18,3 млрд. долларға өскен. 2) Кедендік Одақ елдері біздің тауарды өз нарығына кіргізбей отыр. Ресейге экспорт 2011 жылы 6,9 млрд. болса, 2013 жылы 5,8 млрд. доллар болған. 2011 жылы Беларусь 104 млн., 2013 жылы 57,1 млн. доллардың тауарын Қазақстаннан алды. Кедендік одаққа кіргенде 170 млн. халқы бар нарыққа шығамыз деп айтылды. Нәтиже жоқ. Ол аз болса, әлемде алкоголь көп ішілетін елге біз 1,5 млн. долларға арақ-шарап жіберсек, олар бізге 48 млн. долларға ішімдік та­уарларын жіберіпті. Бұл факт. Яғни осы сандар өзгергенде ғана Ресейдің экономикалық бағыттағы ықпалы азайды деп айта аламыз. Ал ендігі кезекте мәселеде ортақ валюта туралы іс-әрекеттер басталуы мүмкін. Яғни Ресей толығымен доллардан бас тартып, рубльмен есеп айрысатын болса, біз өз мұнайымызды Ресейге рубльге сатуымызға тура келеді. Ал мұнайды Ресей рубліне сатқан соң, рубльге не сатып аласыз? Әрине, тек қана Ресей тауарларын сатып аласыз. Енді осы мәселелердің бірнеше шешімі бар. Сұрақ сыртқы саясатқа да қатысты болғандықтан, бұл мәселеге қатысты ірі сыртқы ойыншыларға яғни шет елге емес, өзіміздің ішкі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына сүйену керек деп білеміз. Біз өзіміздің мемлекет пен өзіміздің ұлтқа сүйенуіміз қажет. АҚШ, Қытай, Ресей мен Еуропа сияқты ірі әлемдік ойыншылардың түрлі қызығушылықтарын өзіміздің ұлттық мүдделерімізді қорғау үшін пайдалануға тиістіміз. Олжас Құдайбергенов,  экономист:  a2adaa2a02fae1973f1088e08419d964.jpg – Ресейге қойыл­ған санкциялар қатал емес және эконо­микаға қатысы жоқ. Сондықтан Қазақ­станға ешқандай әсері болмайды деп ойлаймын. Бірақ таяу уақытта Ресейдің экономикасы төмендейді.  Әрине, ол санкциялардан емес, ішкі себептерге байланысты құлдырау болады. Марат Толыбаев, сарапшы:  e39bcc9c10acef1fbf4591a81732de95.jpg – Америка және Еуропа жағынан Ресейге қарсы жасалған экономикалық санкциялар Қазақстанға ешқандай ықпалын тигізбейді дегенге мен келіспеймін. Қазақстан, Беларусь және Ресей ортақ Кедендік одақ құрамында. Яғни Ресеймен сауда-саттықты тоқтатамын немесе қысқартамын деген мемлекеттердің әрекеті жалпы үш елге де қарсы әрекет болып шығады. Ресейдің тауарлары шет елдерге экспортталмаса, әрине, Қазақстан мен Беларусь жаққа жол тартады. Сол тауарлардың құны өседі. Бұл біздегі тарифтердің төмендеуіне әкеп соқтырады. Бір жағынан қазақстандық тұтынушыларға пайдалы сияқты. Бірақ бағалардың төмендеуі жергілікті өндірушілерге зиян келтіретіні айқын. Басқа жағынан алғанда, керісінше Кедендік одаққа импортталатын тауарлар Еуропадан келе алмаса, олардың бағалары күрт өсіп кететіні де шындық. Бұл ахуал­ тұтынушылар мүддесіне зиянын тигізеді. Ресей қаржысы басқа елдерге ауса,  Ресей экономикасының деңгейін күрт төмендетеді. Олай болса, Ресей зауыттары Қазақстаннан сатып алатын шикізат көлемін қысқартатын болады. Ол біздің экономикаға кері әсер ететіні сөзсіз. Экономиканың басқа салаларында да келелі мәселелер көбейеді. Бірақ дәл қандай санкциялардың болатыны әлі белгісіз. Талғат Әбдіжаппаров,  «Қазтұтынубақылау» одағының төрағасы:  0a88ea9504f37e259084061aa6a5566f.jpg – Батыс тарапынан Ресейге жарияланған санкциялардың бізге ықпал ететіні сөзсіз. Биыл ол еш қиындық тудырмайды. Ең ауыр кезең 2015, 2016, 2017 жылдарға тұспа-тұс келеді. Неге дейсіз ғой? Барак Обама Иранның мұнай экспортына жариялаған эмбаргосын алып тастауы мүмкін, өйткені олар эмбаргоны алса, ядролық қарудан бас тартамыз деп талап қойды.  Сондай-ақ жақында Барак Обама араб елдерімен, әсіресе ОПЕК елдерімен келісіп қайтты. Не мәселе айтылды, қандай келісімшарт жасалды – ол әзірге құпия болып тұр. Онда әлемдік нарықтағы мұнайдың көлемі артады. Ол мұнай бағасының төмендеуіне алып келеді. Ал бұл жағдай Ресейге қарағанда Қазақстанды титықтатуы мүмкін. Ресейде мұнайдың бір тоннасының баж салығы – 360 долларды құрайды. Ал бізде бар-жоғы 80 доллар, 4 есе төмен. Бұл өнімді бөліп алу келісімшарты бойынша инвесторлар бекіткен баға. Сондай-ақ елімізде өндірілетін мұнайдың 50 пайызы Қытайға экспортталатыны белгілі. Ал тағы бір ауқымды бөлігі АҚШ-қа жөнелтіледі. Бұдан шығатын қорытынды Ресейдің тұтынушылары біздікінен көп, сәйкесінше баж салығын да болашақта берік ұстап отырады. Ресейде әлеуметтік саясат та жақсы дамыған. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі де, ең төменгі жалақы мен зейнетақы да Қазақстаннан екі есе жоғары. Егер мұнай бағасы күрт төмендеп кетсе, біз дағдарып қаламыз. Ондай жағдайда салмақ әлеуметтік төлемдерге түседі. Мемлекеттік қызметкерлер мен зейнеткерлерге ауыр тиеді. 2017 жылға дейін қазынадан қомақты шығын шығайын деп тұр. Алдымызда 2017 жылға жоспарланған ЭКСПО, универсиада. Бұл халықаралық маңызы бар шараға 3 миллиард доллардай қаражат жұмсалмақшы. Қазақстанның ең үлкен сауда-саттық жасайтын елі – Ресей. Біз курсымызды Ресейдің Центробанкіне қарап бекітеміз. Қазірдің өзінде рубльдің долларға тәуелділігін азайтып бағуда. Алдағы жылдары Ресей доллар курсының құбылуы үшін арнайы шаралар қабылдауы мүмкін. Сондай-ақ рубль күрт өсіп, күрт төмендеп тұратын болады. Бұл халықаралық төлемдер көлеміне де ықпалын тигізбей қоймайды. Оның теңге курсына да ықпалы болады, ал Ұлттық банктің жұмысын болжау мүмкін емес. Егер Ресей батысқа қырғиқабақ қатынасын тоқтатпаса қысым бізге жасалады. Қалай? Кедендік одақ көлемінде Ресейге 100 пайызға тәуелді боламыз. Сол кезде менің болжамым бойынша, Ресей Қазақстандағы мұнай өндіретін инвесторлар мен шетелдерге баж салығын көбейт деген талап қойып, қысым жасай бастайды.

Дайындаған 

Ақниет ОСПАНБАЙ