«Әдемі-ай» жаңа кәдесыйлар ұсынды

«Әдемі-ай» жаңа кәдесыйлар ұсынды

«Әдемі-ай» жаңа кәдесыйлар ұсынды
ашық дереккөзі

Бүгінде «Әдемі-ай plus» компаниясы кәдесыйлық өнімдері арқылы елімізге ғана емес, әлем халқына танымал. Тіпті, өзіндік брендке айналған көздің жауын аларлық әшекей заттарды шетелдік қонақтардың «Қазақстаннан естелік» ретінде сатып алып жатқанын талай көрдік. 

«Әдемі-Ай» компаниясы соңғы 13 жыл бойы халқымыздың құнды мұраларын заманауи үлгіде жаңғыртып, ұлтымыздың салт-дәстүріне сай жасалған кәдесыйларды халыққа ұсынып келеді. Айта кету керек, 2011 жылы компания директоры, Қазақстан республикасының Мәдениет қайраткері, өнертанушы, коллекционер Бахаргүл Төлегенқызы мыңнан астам жәдігері қойылған «Әдемі-Ай» өнер мұражайын ашқан болатын. Осы мұражайда сақталған көне жәдігерлер жаңа заманға сай қайта жаңғыртылып, жаңа кәдесыйлармен қатарын толықтыруда. 

«Әдемі-ай» компаниясы биылғы жылда шығармашылық жұмыстарға басымдық бере отырып, жаңа өнімдерінің қатарын көбейтті. Қазақ елінің тарихынан сыр шертіп, бүгінгі келбетін бейнелейтін «Асатаяқ», «Өңіржиек» сынды кәдесыйлар мен өзге де әшекейлер, жібектен жасалған тоқыма бұйымдар, былғары бизнес аксессуарлар да көрмеге көрік беріп тұр. Дәл осындай 500-ге тарта жәдігер Астанада ашылған «Әдемі-ай» өнер үйіне де қойылған. Бүгінде кәдесыйлар шығарумен әйгілі болған компания Аманжол Найманбай, Сәкен Нарынов, Ахметжан Халиолла, Тілеуберді Бинашев сынды белгілі суретшілермен тығыз байланыс орнатқан. Әдемі дизайн үлгілері мен тың идея­лар осы суретшілердің ой-қиялының еңбегі арқылы дүниеге келеді. 

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, «Ұлт жауһарлары» атты жаңа кәдесыйлар топтамасы таныстырылған көрмеге Алматы қаласы әкімі жанындағы «Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі гендерлік комиссия» мүшелері, қоғам қайраткерлері, әншілер қатысып, бағасын берді. 

Динара Дүрмән