Мәскеуде «Байқоңыр» сөз болады

Мәскеуде «Байқоңыр» сөз болады

Мәскеуде «Байқоңыр» сөз болады
ашық дереккөзі

Ресей елу жылға жалға алған «Байқоңырдың» пайдасынан гөрі зияны көп біз үшін. Жалға алған ақыны РФ дұрыс төлемей отыр, қазақ даласына қайта-қайта құлайтын зымыран тасығыштар адамдар мен қоршаған ортаға орасан зор көлемде зардабын тигізуде. 

Үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде Үкімет басшысы Мәсімов ресейлік әріптесі Медведевпен кездесуге барады. Талқыға салынатын басты мәселе – «Байқоңыр» ғарыш айлағы. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың хабарлауынша, ғарыштық мәселелерге қатысты «Жол картасына» былтыр желтоқсан айында қол қойылыпты. «Аталған құжат бойынша жұмыс жүріп жатыр. 15 сәуір күні Кәрім Мәсімов Ресей премьері Медведевпен және Беларусь премьері Мясниковичпен кездесіп, «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалануға қатысты мәселелер талқыға салынады. Бұл мәселені біз көтерген едік. Ресей жағы ұсынысымызды қолдады. Сонымен қатар жалға алу ақысын қашан төлейді? деген сұрақ та осы «Жол картасының» шеңберінде шешіледі», – деп мәлімдеген Бақытжан Сағынтаев басқосуда «Протон-М» зымыран тасығышының құлауына байланысты Ресей тарапынан төленуі тиіс өтемақы да сөз болатынын жеткізді. 

Бүгінде қазақ қоғамында дау тудырған басты мәселелердің бірі – осы «Протон» зымыран тасығышының ұшырылуы. Қоғам белсенділері еліміздің түкпір-түкпірінде, сондай-ақ Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен консулдығының алдында бірнеше рет наразылық шарасын өткізіп, «Протонды» ұшыруға тыйым салуды талап етті. Бірақ оған «Роскосмос» пен Кремль құлақ асқан жоқ. Былтыр 2 шілдеде «Протон-М» зымыран тасығышының апатқа ұшырауы салдарынан 600 тонна жанар-жағар май төгілді. Оған ғарыш айлағындағы жауапты қызметкерлердің немқұрайдылығы мен жұмысына деген жауапкершіліктің жоқтығы себеп болған. Яғни, «Протон-М» зымыран тасығышын құрастыру барысында бұрыштық жылдамдыққа жауап беретін блок байқаусызда теріс орнатылған. Басқаша айтқанда, «плюс» полюсының орнына «минус» қойылған. Сырт қарағанда, көңілі далада жүретін баланың ойыны тәрізді. Бірақ осы өрескел қателік талай адамның тағдырын тәлкек етіп, қоршаған ортаға, табиғатқа орасан зор зиян келтірді. Өйткені көкке көтерілудің орнына, небары 18 секундтың ішінде жер құшқан зымыран тасығышындағы 600 тонна жанар-жағар май бұлт болып үйіріліп, соңында топыраққа сіңген. Бұл апатты Циалковский атындағы Ресей ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш: «Протонның» құлауын жалғызауыз сөзбен суреттесек, өте қорқынышты. Жүздеген тонна гептилдің Қазақстан аумағына құлауын осы елге жасалған химиялық шабуыл ретінде қарастыруға болады. Улы бұлтты Байқоңыр шеңберінен шықпайды деп үміттенейік. Бірақ бұлтты шекара сызығымен шектеудің әсте мүмкін еместігі белгілі», – деп бағалады. Қазақ даласы мен халыққа төнген қауіпке келсек, зымыран тасығышының құрамындағы гептил – тіршілік біткенге қатер төндіретін улы зат. Суда тез еріп кететін гептил бірнеше жыл бойы адам мен мал ағзасына аса қатерлі. Дәрігерлердің айтуынша, құрамында гептил бар суды ішкен не өнімді жеген адам қатерлі ісік ауруына ұшырайды екен. Ресейлік «Мос­ковский комсомолец» газетіне ақпарат берген сенімді дерек көзі зымыран тасығыштың мұндай өте қарапайым ақауы зауытта да, «Байқоңыр» ғарыш айлағында да орнатылмай тұрып көзге бірден байқалатынын айтыпты. Ал тағы бір дереккөз: «Зымыран ұшырылмай тұрғанда бақылау жұмыстары дұрыс жүргізілген жоқ. Ұшу алдында техникалық ахуалды терең талдаудан өткізуі тиіс мемлекеттік комиссия болмаған немесе тексеру жұмыстарын қағаз жүзінде «өткізе салған», – депті. 2013 жылдың 2 шілде күні құлаған зымыран тасығышының дауы әлі басылған жоқ, бірақ «Протон» одан кейін де бірнеше рет ұшырылды. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Протоннан» келген шығынды 13 млрд. теңгемен бағалаған. Бірақ бұл соманы ресейліктер төлей ме, әлде жоқ па, белгісіз. Өйткені кезінде сол «Протон-М» Жезқазған маңына құлағанда Қазақстан тарапы келген шығын көлемін 60,6 млн. долларға (7,327 млрд. теңге) бағалағанда, өтемақыны түгел төлеуге құлықсыз болған Ресей небары 2,4 млн. доллармен шектелген еді. Оның үстіне, зымыран тасығыштар Қазақстан жеріне бірнеше рет құласа да, адамдар мен қоршаған ортаға орасан зор көлемде зиян келтірсе де, Кремль мен «Роскосмостың» басшылары Қазақстан халқынан ресми түрде кешірім сұраған емес. Былтыр РФ-ның Алматыдағы консулдығына наразылық хатын тапсырған бір топ қазақ азаматының шағымы мен талап-арызын тыңдауды ресейлік дипломаттар қажет деп те таппады. «Ұзынқұлаққа» сенсек, өз жерінен ғарыш айлағын салып жатқан Ресейдің «Байқоңырды» 2050-ге дейін жалға алуының себебі, осы уақытқа дейін қоймаларда сақтаулы тұрған «Протондарды» көкке ұшыру арқылы пайдаға шаш-етектен кенелу болса керек. Ал бұл дегеніңіз өте қауіпті зат. Мәселен, АҚШ-та КСРО кезіндегі «СС-20» зымыран тасығышының баламасы саналатын «Протон-М» зымыран тасығышын қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына тигізетін зия­ны үшін «Шайтан» деп атап кеткен. Олардың «ядролық» қосындысы жоқ демесеңіз, сол баяғы ядролық гептилді зымырандар. Кезінде орыс ғалымы Сергей Королев ғарышты бейбіт жолмен игеру мақсатында гептилді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы болған. Сондықтан әскерилер арасында оны «тек дұшпанға қарсы соғыста пайдалану керек» деген ұғым қалыптасқан. Бейресми деректерге сүйенсек, бүгінде сол «шайтан» зымыран тасығыштардың жүздегені бар. Сақтау мерзімі 20-30 жылмен шектелсе де, олардың көпшілігінің мерзімі әлдеқашан біткен көрінеді. Кейде діттеген нысанаға жетпей жатып, құлайтындары да сондықтан. Ескірген «Протондардың» арқасында пайда табуды мақсат еткен ресейліктер оларды тек жерсеріктерін ұшырғанда ғана қолданады екен. Ал ғарышқа адам аттанарда басқа қауіпсіз зымыран тасығыштар іске қосылады. Есесіне, келтірген зияны мен залалы үшін төленуі тиіс өтемақыны беруге құлшынбайды.  

Бір кездері Қазақстанның ғарыш айлағын басқарған, қазір «Авиализинг» компаниясының бас директоры Сергей Сопов ресейлік БАҚ-қа берген сұхбаттарының бірінде «Байқоңырдан» айрылып қалғанына қынжылыпты. «1991 жылы бұрынғы кеңестік республикалардың «тәуелсіздік шеруінен» кейін «Байқоңыр» ғарыш айлағы орасан зор әлеуетке ие бүкіл инфрақұрылымымен Қазақстанның меншігіне өтті. Ол кезде нарықтық экономиканы құрумен бас қатырып жатқан Ресейдің ғарышты ойлауға мұршасы жоқ еді. Сәл кейінірек Ресей Федерациясына ғарыштық бағдарламалардың қажет екендігі белгілі болды. Ал Қазақстанға негізі керек емес еді. Ғарыш айлағы өте көп шығынды талап ететіндіктен Қазақстан үшін «Байқоңыр» проблема болды», – деген Сопов қаражатқа зәру Қазақстаннан «Байқоңырды» алу Ресейге оңайға соққанын айтады. Соның арқасында қазір Ресей шаш-етектен пайдаға кенеліп отыр. Оның пікірінше, егер Ресей «Байқоңырдан» бас тартса, Қазақстанмен әріптестікке, ынтымақтастыққа Еуропалық ғарыш агенттігі, Израиль, Оңтүстік Корея ұсыныс білдіруі әбден мүмкін. Әзірге «Байқоңырды» ресейліктерден кері қайтарып алу жағын қарастыру керек. Биыл қаңтарда «Қазғарыш» агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев: «Ақыры өз ғарыш айлағымыздың аумағына кіруге мүмкіндік алдық. Бұған дейінгі әңгімелер қысқа қайырылатын: «Болды, кіргізбейміз. Бұл құпия нысан». Ал ол жақта қандай құпия болуы мүмкін? Егер бір құпия жасырынса, ендігі анықталар еді ғой. Сондай-ақ, зымырандық технологияларды таратпау туралы режимді сақтау көлденең тартылатын. Алайда, бұл да жай сылтау еді», – деді. Демек, күнде таңертең Ресейдің әнұранын айтып, Ресейдің оқулықтарымен білім алып жүрген байқоңырлық қарадомалақтардың санасын ресейлік саясат енді улай алмайды. Бұл баяғыда-ақ қолға алынуы тиіс шара еді. Амал нешік. «Ештен кеш жақсы» деген сөзбен жұбатамыз өзімізді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ