«Жедел жәрдем» — отандық жаңа телехикая

«Жедел жәрдем» — отандық жаңа телехикая

«Жедел жәрдем» —  отандық жаңа телехикая
ашық дереккөзі

«2014 жылдың 9 сәуірінен бастап, сағат 21.50-де «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында «Жедел жәрдем» атты отандық жаңа телехикая көрермендерге жол тартады», – деп хабарлады «Қазақстан» АҚ» республикалық телерадио кешенінің баспасөз хатшысы Танакөз Толқынқызы.

Телехикая – қазақстандық денсаулық сақтау саласының заманауи жетістіктері мен өз қамын ұмытып, өзгенің өмірі үшін арпалысатын дәрігерлердің күн сайынғы ерліктері туралы.

Оқиға желісі айықпас жүрек ақауынан алты жасар қызы операция үстелінде көз жұмған ерлі-зайыпты Ілиясовтардың ымыраға келмейтін күрделі қарым-қатынасы арқылы өрбиді. 

Олар басқа түскен ауыртпалықты бірге көтеруге қауқарсыздық танытады. Сол күйі олар өзекті өртеген өкініш, кінәлау сезімі, бір-біріне наразылық пен қыздарын құтқарып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істей алмаған шарасыздық ауыртпалығынан арыла алмайды… Сондықтан да Алма жүрек ақауынан зардап шеккен бөтен қыз баланы асырап алғысы келеді. Бұл ұсынысқа Ермек үзілді-кесілді қарсы болады. Ал, шынтуайтында, Ермек бұрынғы жарын баяғыша сүйеді, сондықтан да, қайғылы оқиғаның қайталанғанын қаламайды. Осындай шиыршық атқан күрделі сезім мен эмоция сыртқа шыққан сайын, көрермендердің көңіл толқынысын тудырып, оларды бей-жай қалдырмайды. Өткен өмірі, қайғысы ортақ ерлі-зайыптылар сан түрлі сынақтан өтеді. Бірақ, ақыр-соңында асырап алғысы келетін қыздың өмірін сақтап қалған олар, бір-бірін кешіре ала ма? Оқиғаның қалай өрбитінін білгіңіз келсе, «Қазақстан Ұлттық арнасынан 9 сәуірден бастап, сағат 21.50-де «Жедел жәрдем» телехикаясын тамашалаңыздар.


Ж.Баққондыұлы