ФАРАБИ ОҚУЛАРЫ МЕН ФОРУМЫ ӨТТІ

ФАРАБИ ОҚУЛАРЫ МЕН ФОРУМЫ ӨТТІ

ФАРАБИ ОҚУЛАРЫ МЕН ФОРУМЫ ӨТТІ
ашық дереккөзі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде алғаш рет «Халықаралық Фараби оқулары» басталды. Осы айтулы шараның шеңберінде университеттің Философия және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен аталмыш университеттің 80-жылдығына арналған «Әбу Насыр әл-Фараби: 

дәуір сұхбаттастығы» атты І Халықаралық Фараби форумы өтті.

Жиынды ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М. Мұтанов ашып, І Халықаралық Фараби форумының мақсат-міндеттерін айқындап берді. Ол: «Бүгінгі таңда ұлттық университетте «AL-FARABI UNIVERSITY SMART CITY» атты өресі кең, болашағы кемел тұңғыш ғылыми-инновациялық жоба қолға алынып, іске қосылды. Әл-Фарабидің әмбебап рухани құндылықтар негізінде тұрған әлеуметтік идеал – «Қайырымды қала» идеясы осы жобаның маңызды рухани-адамгершілік бастау-бұлағы. Олай болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің 80 жылдық белесіне беделі биік білім мен ғылым ордасы ретінде келешекке бағыттылған әлемдік деңгейдегі университет моделін қалыптастыруды мақсат етеді», – деп іс-шараның маңыздылығын алға тартты. 

Жиынға академик  М.Жұрынов, халық ақыны О.Сүлейменов, Шығыстану институтының директоры Ә.Дербісәлі, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры З.Шаукенова, академик Ә.Нысанбаев, Улудаг университетінің Теология факультетінің деканы Яшар Айдынлы (Түркия), профессор,  Академиялық пальмалар орденінің лауреаты Альберт Фишлер (Франция) және т.б. қатысып, Шығыс және Батыс мәдениеті сұхбатындағы Әл-Фарабидің рухани мұрасы, философиялық және әлеуметтік-этикалық дүниетанымы,  ғылыми-жаратылыстанулық көзқарастарына қатысты сұрақтарды талқылады.

Сондай-ақ, ғылым, білім беру, қоғамдық-саяси, халықаралық қызметіндегі қосқан зор үлесі үшін академик  М.Жұрынов пен профессор Альберт Фишлер (Франция) «әл-Фараби» алтын медалін иеленсе, «ҚазҰУ – 80 жыл» мерейтойлық медалімен ақын О.Сүлейменов  марапатталды. 

Енді халықаралық Фараби оқулары шеңберінде Фараби форумы жыл сайын өткізілетін болады.

Тоты СЕРІКБАЙҚЫЗЫ, 

ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының 

докторанты, 

Нұрлыхан АЛЬДЖАНОВА, 

ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының 

аға оқытушысы