«Қалың малсыз қыз болмайды»

Дәстүрлі қазақ қоғамында құдаласу дәстүрі «қалың малсыз» шешілмеген, әрі қалың мал беру ертеден қалыптасқан дәстүр.  Құда түсуге барар алдында әулет ақсақалдары жиналып «мәжіліс» немесе «мәслихат» құрып, өзара ақылдасып, құдалыққа кімдер баратынын шешкен. Құдаласу шешімі қабылданған соң ұлдың әкесі қыз әкесінің ауылына қызды айттыруға «жаушы» жіберген. Жаушының  міндеті – қыз әкесін көндіріп, келісімін алып, қызға құда түсуге келер күнді белгілеп қайту, әдетте жаушыға өз ағайындарының ішінен жөн-жосықты білгіш, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға жүйрік адамды таңдайды. 

«Қорқыт Ата кітабы» баянында Бай Бурабек ұлы Бәрікке Бану Шешекті айттыруға Қорқыт Атаны жіберген, себебі Бану Шешектің ағасы Дели Қаршар қарындасын айттыра келген жаушының бәрін өлтірген екен. Жаушы бұйымтайын тұспалдап, «сізде лашын бар екен, бізде сұңқар бар екен»,– деп бастап, «қарғыбау» деп аталатын кәде-сыйын береді, өзі «шеге шапан» деп аталатын кәде, яғни ат мініп немесе шапан киіп қайтады. Қыз әкесі құда түсуге келісімін берсе, кәдесін беріп жатып, «киіт киіп, сойыс жеп, құда түсіп қайтсын», – дейді, содан кейін ұл әкесі 3-тен 9 адамға дейін ағайындарын алып құда түсуге барады. 

Құдалардың келе жатқанынан хабар алған қыз әкесі ауыл сыртына үй тігіп, қонақтарды алдымен сол үйге түсірген. Ертесіне құдалар айттырылып отырған қыз әкесінің үйіне шақырылады. Құдаларды қарсы алу «құда тартыс» ойынымен жалғасады. Құда тартыста әйелдердің құдаларға киіз сәукеле кигізіп, беттеріне балшық, үстеріне ұннан жасалған быламық жаққан күйінде сүйрелеп, осы күйінде өгізге отырғызған, құданың бірін киіз немесе кілемге жатқызып, орап тастаған кездері, құданың аяғынан арқан байлап, оны керегеге керген кездері де кездескен. Ойынның шартында әйелдердің әзіліне құдалар қарсы шықпауы керек. Әйелдер әуресінен құдалар сыйлық беру арқылы ғана құтылған. Құда тартысып, көңіл көтеріп алған соң құдалар үйге, дастарқан басына шақырылған, құдалар қыз әкесіне, сол әулеттің үлкеніне, ағайындарына шапандар, жібек маталар алып келіп, киіт, кәде тарту еткен. Кәденің көлемі де келген құданың мырзалығына, көңіліне байланысты әртүрлі болған. Құдаларға құйрық-бауыр асату арқылы құдалық бекітілген. Қалың мал көлеміне келісуді «неке келісімі» дейді және ол келісім осы дастарқан басындағы талқылауда шешілген. 

Қалың мал келісімін батамен бекітеді. Кей отбасында бата жасауға молда шақырылған. Қалыңмал көлеміне келісіп, құдаласу мәселесін шешуге келген құдалар құрметіне қыз әкесі бәйге беріп, сайыс ұйымдастырып, той жасайды. Келесі күні қыз әкесі құдаларды түйе, жылқы мінгізіп, киіт кигізіп шығарып салған. Киіттің кәделісін бауыздау құдаға кигізген, қалғандарының үлесі үй иесінің шешіміне қарай берілген. 

Қалың малдың көлемі қай дәуірде болмасын, күйеу жігіт әкесінің әлеуметтік жағдайына байланысты болды. Зерттеушілер қалың мал төлеудің көлемін үш категорияға, байлар арасында, орта ауқаттылар арасында, кедейлер арасында деп бөлген. Қалың малдың көлемі құдалардың әлеуметтік статусына, жағдайына қарай шешіліп отырған. «Қалың мал» айттырылатын қалыңдық үшін қыз әкесіне берілетін сый. «Қалың мал» деген сөз «көп мал» деген мағына берсе керек. Қорқыт Атаның заманында Дели Қаршар қарындасы Бану Шешекті Бәрікке беру үшін қалың малына мың бура, мың айғыр, мың қошқар сұраған екен. Қалыңмал қара мал, бас жақсы, жанама жақсы, той мал, ілу, сүт ақы деген бөліктерден тұрды. Қ.Қостанаевтың жазып алуы бойынша, бай қазақтардың қалың малының қара мал бөлігі – 47 басты құрады, яғни бас жақсы – 9 түйе, 8 құлынды бие – 16 бас мал, 3 жасар құнан-құнажын – 8 бас, 2 жасар 7 бас тай, жеке ту бие – 1 бас; жанама жақсы – 1 жылқы немесе 1 түйе, 1 жылқы; аяқ жақсы – 1 түйе, 1 жылқы, 1 ірі қара және мылтық. Орта тұрмысты адамдың қалың мал көлемі 27 – ден 37 бас малға дейін қамтылды. Кедейлер арасында қалың мал «баламалы қалың мал», «дөңгелек қалың мал» деп аталып, шама-шарқына қарай 7-ден 9 бас малды құрады, кейде кедей отбасында екі жақтың келісімі бойынша бір-біріне сый-кәде бермей екі жасты батамен қосқан. Кей жағдайда жылқы, түйе орнын қой ауыстырып, 1 бас жылқы немесе 1 бас түйе 6-8 қойға тең болған (1894 ж.). И.И. Ибрагимов бойынша, қалың мал көлемі ақсүйектер арасында – 57, байлар арасында – 37, орташалар арасында – 27, кедейлер арасында – 17 бас малды құраған (1872 ж.). М.Лавров бойынша, байлар арасында қалың мал 57-77 бас жылқы болған (1902 ж.). Г.Загряжский, П.Е. Маковецкий де ең төмен қалың малдың 17 бас болғанын айтады. Г.Заг­ряжскийдің бақылауынша Сыр-Арал өңірінде бай қазақтардың қалың малы 47 бастан 100 басқа дейін (900-1000 рубльден 5000 рубльге дейін) барған (1886-1889 ж.). Сыр қазақтарының қалың мал мөлшерінің көлемі солтүстік-батыс қазақтарының қалың мал мөлшерінен онша айырмашылығы болмаған.

Н.И. Гродековтың Перовск уезінің биі Мекебай Сұлтанбаевтан жазып алған дерегіне сүйенсек, Перовск уезі қазақтары арасында қалың мал қара мал, бас жақсы, сүт ақы, той мал, ілуден тұрған. Қара мал қалың малдың негізгі бөлігі, бұны қалыңдықтың құны десе де болады. Қара малды құрайтын қырық жетінің құрамында жанама жақсы, жеке ту бие, жылқы, қалың түйе болды. Бас жақсыға малмен қатар киіттер де енді. Осылайша, қалың малдың көлемі ауқаттылар, орташа ауқаттылар, кедейлер арасында әр түрлі болып, айырмашылықтары мал басынан көрінді. Мысалы, қара мал ауқаттылар арасында – 60 саулық, 60 тоқты, орта ауқаттыларда – 40 саулық, 40 тоқты, кедейлер арасында – 30 саулық; бас жақсы ауқаттыларда – 60 тұсақ, орташаларда – 40 тұсақ, кедейлерде 1 түйе, 1 жылқыны құраған; той малға ауқаттылар – 100 қой, ілуге 10 түйе, 20-30 жылқы берсе, орташалар осыған пара-пар немесе одан азырақ берген. 

Қалың малдың құнын ақшалай беруді «домалақ қалың мал» деп атаған. 1880 жылдары Перовск уезінде қара мал көлеміндегі 60 саулық пен 60 тоқты 500 рубльға тең болған. Дегенменде, Сыр бойы қазақтарының қалың мал көлемінде үш категория бойынша да Сырдария облысының басқа уездерімен салыстырғанда айырмашылық болды. Әулиеата уезінің ауқатты қазақтары арасында қара мал – 8 құлынды бие, 12 бойдақ қой немесе 80 саулық, 40 бойдақ қойдан; бас жақсы 5 – 12 түйеден; аяқ жақсы – 3 түйеден; той мал 9 – 20 жылқыдан тұрған. Ал, Шымкент уезі ауқатты қазақтары арасында 47-ні құраған қалың мал көлемінде 8 құлынды бие, оның төртеуін 60 қой ауыстыра алған; 2-4 жасар 12 бойдақ жылқы, оның алтауын 30 қой ауыстыра алған; қалған 6 жылқыны ту ат, жас ат, жанама ат, жеке ту бие, желі төбе түйе құраған. Сондай-ақ, бұған қосымша үй жыртыс, көкпар, бәйгеге тігілетін жүлделер алып келген (Н.И. Гродеков, 1889 ж.).

Ә.Диваевтың Шымкент уезінен жазып алған дерегі бойынша, қалың малдың ең жоғарғы бөлгі 8 құлынды бие, 13 жылқы, 9 түйеден тұрған, қыз әкесі құда түсуге келген құдаларына 100 қой көлемінде сый береді, ұлдың әкесі «бата аяқ» құдасына бір түйе, бір жылқы жібереді, оны алып барған адамдарға қыздың әкесі ат беріп, шапан жауып қайтарады (1900 ж.). Сонан соң ұлдың әкесі құдасын үйіне шақырып, қалың малдың алғашқы үштен екі бөлігін беріп және де құдалыққа мал алғалы барғандарға түйе, ат-шапан жауып қайтарады. 

Торғай өңірінде қалың мал көлемі байлар арасында – 100-150 бас малды, орташа дәулеттілер арасында – 75-100 бас малды, кедейлер арасында баламалы қалың мал – 20-40 бас малды, дөңгелек қалың мал – 10 бас малды құрады (Л. Баллюзек, 1871 ж.). Ф.Лазаревский Орынбор қазақтарының айтуы бойынша: «Ең жоғарғы қалың мал алты жиырма болып есептеледі. Қазақтар жиырманы не 60 қойға немесе 16 ірі қараға немесе 2 түйе мен 2 жылқыға немесе 4 түйеге теңестіреді… Алғашқы екі жиырма жоғарыда көрсетілген мал түрімен есептеледі, үшінші жиырма түйе, жылқы, өгіз бен мылтықтан тұрады, төртіншісі біріншісімен бірдей, оған қосымша жақсы ат пен жас және кәрі екі бие беріледі, бесіншісі төртіншісімен бірдей, оған сауыт қосылады. Барлық алты жиырманы, шамамен, 400 руб., күміс деп есептеуге болады. Бұл қалыңдық үшін ең жоғарғы төлем. Ең төменгі төлемнің мөлшері ½ немесе ¼ жиырма: шамамен 30-15 күміс руб.», – деген мәліметті жазып алған (1862 ж.). 

Орынбор өлкесінің батыс жағы мен орта бөлігінде, Торғай облысында қара малға байлар арасында – 47-50 бас жылқы; орта дәулеттілер арасында уақ малдарын қосқанда – 37 бас; жанама жақсыға – жеке ту бие, тұсақ; ілуге – 10 түйе немесе 30 дан 80 жылқы, той малға 20-дан 70 жылқы; сүт ақыға – 1-ден 7 түйеге дейін берілген. 

«Азиатская Россия» жинағының авторлары: «Перовск уезінде бай қазақтың қалың малы 500 рубль, 3 түйе, 2 жылқы, 1 құлынды бие, 100 қой той мал ретінде той атқаруға, жасау ақысына берілген, ертеде қалың мал көлеміне «жасау ақысы» еніп, жаңа киіз үй жасатуға 10 түйе, ішкі жабдықтарына 20-30 жылқыға дейін берген, қалың малдың ең төмені 27 бас малдан тұрған», – дейді (1914 ж.). Бұл жинақтың авторлары «жасау ақысы» деп көрсеткен қалың мал бөлігін «ілу» ретінде қабылдау керек. Ал, П.Е.Маковецкий бойынша ілуге түйе, жамбы, кілем, мата берілген. Қалың мал көлеміндегі 1 жылқыны 6 қой ауыстырған. 

Қалың мал көлемі мен құрамы уақыт өткен сайын, заманына сай өзгеріске еніп отырған. Ертеректе бас жақсы «ең құнды, ең жақсы» деген сөзді білдірген. Бұған күнделікті тұрмыста төрт зат кіреді. Яғни, мерген мылтық; жаугершілікте жаныңды сақтайтын сауыт; бәйгеге салатын жүйрік ат; тұрмысқа қажетті күші мол түйе. Бұл төрт заттың әрқайсысының құны – 5 ірі малға пара-пар, яғни аталмыш құнды заттары жоқ адам орнына жиырма ірі мал берген. Кейін келе, шамамен ХІХ ғасырдың ортасында бас жақсының мәні өзгеріп, аталған төрт заттың орнына тұрмысқа қажетті керекті дүниелер немесе мал, не ақша берілген. Мысалы, Торғай уезінде бас жақсыға 3-12-дейін жылқы немесе 100-300-ге дейін, тіпті 600-1000-ға дейін күміс ақша берген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» 500 жылқы болған. 300 жылқы – қара малы, 100 жылқы үйге кіргізер, 100 жылқы той малына кетіпті», – деген.

Ы.Алтынсарин бас жақсыны қалың малдан бөлек келісіп, оны күйеу жігіт қалыңдықтың сәукелесіне арнап берген, бай қазақ бас жақсыға 500-600 сом, орта дәулеттілер 200-300 сом берген, – деп түсіндірген (1870 ж.). Сондай-ақ, күйеу жігіт қалың мал үстіне 2 түйеден тұратын жігіт түйе немесе қалың түйе деп аталатын кәде берген, оны қалыңдықтың ата-анасы қыздың сәнді көйлегі үшін алған. Әйел үстіне әйел болып түсетін қалыңдықтың қалың малы әдеттегіден артық төленетін болған. 

Жоғарыда келтірілген мәліметтер қалың мал көлемінің аймақтық ерекшелігі болғанын, әрі көшпелі мал шаруашылығы басым болған өңірде қалың мал көлемі де жоғары болғандығын дәлелдейді. Қалың малдың саны қалыңдық әкесінің атақ, даңқы, мансап, лауазымына да байланысты шешілді. Ал, мал дәулеті шағын құдалар өзара келісіп, шама-шарқылары келгенше ғана азын-аулақ мал, яғни дөңгелек қалың төлеп, кит кәдесін алмасқан немесе мүлдем бұл кәдені орындамаған. «Бай мен бай құда болса – арасында жорға жүреді, кедеймен кедей құда болса арасында дорба жүреді» деген сөз осыны аңғартады. 

Құдаласқаннан соң бірнеше күннен соң күйеу жігіттің әкесі қыз ауылына «шақырушы» жібереді. Шақырушыдан хабар алған қыз әкесі, өз ағайындары арасынан таңдап алған құдалармен уәделескен қалың мал мен киіттің бір бөлігін алып кетуге жігіт ауылына келеді. Құдалардың бұл келуі де «құда түсер» деп аталады. Қыз жақтан келетін құдалар саны күйеу жігіт жақтан келген құдалар санынан аспаған, тіпті әдеттегіден бір-екі адамға кем болған. Күйеу жігіт ауылында да құдаларды қарсы алу қалыңдық ауылындағы құдаларды қарсы алу тәртібімен жүреді, құдалардың келу құрметіне ойын-сауық ұйымдастырылып, құда түсер ойынымен жалғасқан. Келесі күні «қалың малдың» бір бөлігін беру, яғни «мал беру» рәсімі жасалады. Құдалар қой алса, қойшыға шапан немесе бірнеше аршын матадан тұратын «тұсақ бау», жылқы алса, жылқышыға «құрық бау» деп аталған шапан мен жейдеден тұратын сыйлық берген. Құдалар аттанар уақытта күйеу жігіттің әкесі ұлын ертіп келіп «күйеу көрімдік» алған. Байлар арасында бұл көрімдік 1 жылқыға тең болған. 

Қалың малдың алғашқы бөлігі берілген соң ғана күйеу жігіт ұрын келу құқығына ие болған. Күйеу жігіт алғаш ұрын келгенде қалың малдың «ілу» деген бөлігін әкелген, яғни алғашқы құда түскеннен кейін күйеудің ата-анасы күйеуді қымбат кәделерімен қалыңдығына аттандырған. Ілу берудің де аймақтық ерекшелігі болды, ілу беру күйеу жігіттің ұрын келіп тұруына кепіл деуге де болады. Торғай өңірінде ілудің көлемі қара мал көлемінен кем болмаған. Бай күйеу жігіт ілуге 40 – 50 жылқы, 30 дан 80 жылқыға дейін берген. Ілумен бірге жібек, шұға, шыт сияқты маталар беріп, оны әйелдерге үлестірген. 

«…Қонаға қызға келмек боп,

Бес жүз елу жылқыны,

Қалың малға бермек боп,

Айттырып Жібекті алмақ боп, 

Екі жүздей елшіге,

Төлеген қайтып барады…» 

(Қыз Жібек жырынан)

Қалың мал беруді әулет мүшелері бірігіп көтеріп, аға, жезделері әлі келгенше қалың малға өз үлестерін қосқан. Қалың малға ағайын-туыстардың өз үлесін қосуы қазір де жалғасын тауып отырған дәстүр.

Қалың малдың толық төленіп болуы әдетте 1-3 жылға, кей жағдайда бірнеше жылға созылған. Қалың мал толық беріліп болған соң қыз әкесі қызды ұзату тойының мерзімін белгілейді. Молда некеқияр рәсімінде куәлер арқылы қыз әкесінен «қалың малы толық берілді ме, неке қиюға кедергі жоқ па?», – деп сұрайды. Берілген қалың малға қалыңдықтың ата-анасы жасауын, той қамын дайындаған. Қалың мал көлеміне жасаудың сай болуын әулет үлкендері бақылаған. Қалың мал көлеміне сай жасауға отау үй ішкі жиһаздарымен, ішкі жабдығымен, күмістелген ер-тоқымды жылқылар, жасау артатын түйелер, қайын жұртына әртүрлі сыйлықтар, ішіктер, шапандар, маталар енген. Ы.Алтынсарин бір байдың қызының жасауына 300 сомдық отау үй, төсеніштерімен, көрпе-төсегімен, жасау артатын 25 түйе, жібектен, жәй матадан тігілген 125 шапан, 50 кілем, мауытымен тысталған 25 ішік, 100 сомдық ер-тұрман, қызы мінетін 2 жорға, 400 сомдық аяқ-табақтар мен шаруашылық бұйымдар бергенін айтып кеткен. Қалың малды «жасау ақысы» деп қабылдаған. 

«Қыз Жібек» жырындағы: 

«…Сексен нарды толтырып 

                     жасау артып,

бес жетім, алтын отау берді 

                               дейді,

тоғыз жорға ат жабдықтап  

                      Жібек үшін,

қайын енесі қасына ерді 

                          дейді…»

«…Сексен түйе үстінде, 

Алтынды жағдан орнаған…»

«Манас» жырындағы: 

«…Патшайы мен қамқалы,

Басқа дүние қаншалы,

Арукенің жасауын,

Тасығандар шаршады…»

– деген жолдар қалың мал мен жасаудың теңдігін дәлелдейді. 

Қалың мал беру реті мен тәртібі қазақтың әдеттік құқықтық заңында («Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Жеті жарғы») бекітілген. Құдаласу келісімін бұзу «бата бұзу» деп аталған. Әдеттік құқық бойынша «бата бұзуға» кінәлі болған жақ жауапқа тартылған, некенің тұрақты болуын қадағаланған. 

Қалыңдық күйеу жігіт ұрын келгеннен соң өлген жағдайда, қалың малының бір бөлігі төленген соң өлген жағдайда немесе әйелі өлген жағдайда орнына оның сіңілісін алатын болса, балдыз қалың мал қосып берген. Балдыз қалың мал түйе бастаған тоғыздан тұрған, яғни үш түйе, үш жылқы, үш ірі қара мал. Балдыз қалың мал құданың жағдайына қарай кейде 1-2 түйемен шешілген. Балдыз қалың малды ел арасында «олқы қалың мал» деп атау да кездеседі. Өлген қалыңдықтың орнына беретін басқа қызы болмаса, қыз әкесі қалың малын қайтарған. Егер қалыңдық күйеу жігіттің «ұрын келу» рәсімі атқарылмай тұрып өлсе, онда келісілген қалың мал үстіне балдыз қалың мал төлемеген. Балдыз әлі кәмелетке жетпеген болса, қыз әкесі күйеу жігіттің күте тұруын сұрайды, күйеу күтпеймін десе, онда берілген қалың малдың екі бөлігі қайтарылып, бір бөлігі қыз әкесінде қалады. Балдызды күйеу жігіт алғысы келмесе күйеу жақтың келісімімен, оның кіші інісіне шығуына болады. Егер күйеу жігіт балдызды алмаймын деп, оның үстіне балдыз шығатын күйеу жігіттің інісі болмаса, онда күйеу жақ қалың малды қайтарып алу құқығынан айырылған. Күйеу жаққа беретін балдыз болмаған жағдайда қыз жақ 1 құлынды биеден басқасын толық қайтарады. Егер қалыңдық той алдында қалың малы толық төленген соң өлсе, орнына беретін басқа қызы болмаса, онда қалың мал жасау ретінде қайтарылған. Күйеу жігіт өлсе де осы тәртіп сақталынған, әмеңгерлікпен қалыңдық күйеу жігіттің басқа бауырына ұзатылған. Егер қалыңдықтың ата-анасы күйеудің басқа бауырына қызын бермесе, онда қалың малды толық қайтарған. 

«Қыз Жібек» жырының бір нұсқасында Қыз Жібекті Төлеген өлгеннен соң қалмақтың ханы, батыры Қорен айттырады. Қоренге қосылғысы келмеген Қыз Жібек: 

«…Әуелі бас қосқаным 

                   жағалбайлы,

Жылқысын көптігінен баға 

                        алмайды,

Төлегеннің өлгені рас болса, 

Жесірін іздеп келіп неге 

               алмайды…», 

– деп әмеңгерлік салтымен жағал­байлы жақтан бір қайнысының жесірін даулап келуін күтеді. Сөйтіп, Сансызбайға қосылып, балалы-шағалы болады. 

Қалың малы толық беріліп, қалыңдықтың ата-анасы белгілі себептермен (қалыңдық отбасында қайғылы оқиға болуы, т.б.) қыз жасауын дайындап үлгірмесе, оларға жасау дайындауға, ал күйеуге күтуге уақыт берілген, егер күйеу күтпеймін десе, онда қалыңдығын жасаусыз алған. Құдалар арасындағы талап ету арызын мәселе ушыққан жағдайда билер қарап, оларды туыстық негізде татуластырған. 

Әдеттік құқық бойынша, егер қалыңдық жетім болса, әкесінің ағайындарының иелігіне берілген, ал ағайындары қалың мал көлеміне сай қызға жасау беруге міндетті болған. 

Қалың малы толық төленіп, бірақ қыз әкесі әр түрлі сылтаумен қыздың ұзатылу мерзімін соза берген жағдайда, өз қалыңдығын алып қашқан жағдайлар кездескен, күйеу жігіт өзінің айыттырылған қалыңдығын алып қашса, оған айып салынбаған. Біреудің айттырылған қалыңдығын алып қашу қазақ жерінің қай өңірінде болса да өте сирек кездескен жайт. 

Күйеу жағын қыз алып қашуға әр түрлі жағдайлар мәжбүрлеген. Мысалы, қыз әкесі құдасына не күйеу баласына көңілі толмай немесе өзіне пайдалы басқа бір адаммен құдандалы болғысы келіп, «қызым әлі жас» деген сияқты, әр түрлі себеп-сылтаулармен алғашқы уәделескен құдасына қыздың ұзатылу уақытын соза береді, тіпті бата бұзғысы келеді. Қыз әкесінің мұндай жат ойын сезген жігіт жақ араға бірнеше рет кісі салып, алдарынан өткен соң қызды алып қашу шарасын ұйымдастырады. Қыз әкесі құдаларының кедейлігін менсінбей, байлығына, мансабына қызығып, шалға бергісі келетін жайттар да болған, кейде оңды-солын таныған қыз қарсылығын білдіріп, алғашқы атастырылған жігітімен қашып кетуге тырысқан. Қалың малы жартылай төленіп қойған күйеу жігіт жағы мүмкіндігі болса, ретін тауып қызды ұрлап кетуге де тырысқан. Ал, егер қызды еріксіз алып қашса, жігіт қалыңдығын өз ауылына тікелей апармай, басқа жерде бой тасалай тұрған. Әдеттік құқық бойынша жігіт жағы қызды алып қашқаны үшін, уәделескен қалың малдың үстіне қосымша қалың мал төлеген. Ал, егер қалыңдығын алып қашарда қыз әкесінің алдынан уәделескен құдалары бірнеше рет өтсе, қалың малы төленген болса, күйеу жігіттің айыбы ат-тоннан (бір жылқы, бір шапанмен төленетін айып) аспаған. Ал, мұндай ескерту болмаса, оның үстіне қыз төркені әлді жер болса айып мөлшері бір тоғыздан үш тоғызға (түйе бастаған тоғыз – 3 түйе, 3 жылқы, 3 ірі қара мал; ат бастаған тоғыз – 3 ат, 3 ірі қара, 3 қой; өгіз бастаған тоғыз – 3 ірі қара, 6 қой немесе бір өгіз, 8 қой; тоқал тоғыз – тоғызды бастайтын түйе, жылқы, ірі қара алынып тасталады да 8 қой беріледі) дейін барған. 

Біреудің айттырылған қа­лыңдығын алып қашу мәселесін шешу үшін үш жақ сөзге келіп, билер алдына баратындай жағдай болса, алып қашқан жігіт жағы даудың қандай ауыр түрі болсын көтерген, айыптарын мойындаған. Мұндайда бітім шартына жесір иесінің талабы ескерілген. Күйеу алып қашқан қалыңдықты өзіне қалдырып, ал оның бұрынғы айыттырылған күйеуіне қалың малын қайтарып, айып ретінде қалың малсыз бір қыз немесе қыз орнына қалың мал берген. Қыз әкесі қызының бата бұзғысы келетінінен хабардар болса, онда қыз әкесі де жазаға тартылып, бұрынғы күйеу жаққа айып төлеген. Ал, қыз әкесі айыпты болмаған жағдайда, онда қыз әкесіне алып қашқан жігіт айып төлеген. Ал, басы бос, айттырылмаған қыз әкесінің келісімінсіз (батасыз) сүйген жігітімен қашып кетсе, онда күйеу жігіт қыз әкесіне қалың малмен бірге айып төлеген.

Біреудің әйелін, әйелдің өз еркімен алып қашса да, әйелдің күйеуіне қалың мал немесе қалың малсыз қыз берген («Жеті жарғы» заңы бойынша біреудің некелі әйелін оның келісімінсіз алып қашқан адам өлім жазасына кесілген, ол өз жазасын құн төлеумен ауыстыра алған). 

Қыз өз еркімен сүйген жігітімен қашып кетсе, жігіт «мен сіздің бір балаңызбын» деп қыз әкесі алдына «тарту тартып», сый-сияпат әкеліп, кешірім сұрап келген, бірақ бұл сыйлық оны қалың мал міндетінен босатпаған. Тіпті мұндай жағдайда қалың мал көлемі екі есеге дейін өскен. 

Өзінің айттырылған, қалың малы берілген қалыңдығын алып қашудан бата бұзылмаған, заңдылық некеге саналған. Дегенменде, біреудің айттырып қойған, қалың малы төленген қалыңдығын алып қашу әрекеті де сирек болса да кездесіп тұрған. Балаларды жас кезінде ата-аналары бір-бірімен құдандалы болуға уәделесіп, аттастырады, бірақ аттастырған күйеу жігіттің уақыт өткен соң әртүрлі келеңсіз қасиеттері білініп, қыз ойынан шықпауы мүмкін. Мұндайда қыз өз сүйгенімен қашып кетуге тырысқан. Мұндай жағдай орын алғанда да намысы келген жесір иесі тіпті алып қашқан жігіт ауылын барымталап, шауып, жесірін тартып әкетуге, тіпті сол ауылдың басқа қыздарын да қоса әкетуге дейін барған. Ақыры дауға ұласқан мұндай істерге билер араласып, кейде билер бір-бірін сүйген екі жасты қорғамай, керісінше даугер жаққа жесірін ұстап берген. «Еңлік-Кебек» оқиғасында Еңлік найман тайпасының ішіндегі матай руының айттырған жесірі. Ерке өскен сұлу Еңлік болашақ күйеуін менсінбей жүргенде Тобықты елінің батыры Кебекпен танысып, ақыры оған ғашық болып, сонымен қашып кетеді. Матай руының ру басылары қол жинап, тобықты елін шауып кету қаупін туғызғанда тобықты жағы Кебекке ара түсе алмайды, ақырында екі ғашық қазаға ұшырайды. 

Байырғы қазақ қоғамында қалың мал екі жастың некесінің берік болуын қамтамасыз ететін материалдық кепілдік болған. Қалыңмал бізге кеңестің қоғам түсіндіріп бергендей «қыз сату» емес, қалың мал қыз әкесінің үйінде қалмаған, күйеу жігіт үйіне жасау болып қайтқан, жасау көлемі қалың мал көлемінен асып түспесе, кем түспеген, қыз жасауы екі жастың отбасылық қажеттерін қамтамасыз еткен. Қазақ халқы «қалың малсыз қыз болмайды, кәдесіз күйеу болмайды», – деп қалың мал беру рәсімі арқылы, қалың малдың жігіт ауылына жасау болып қайтуы арқылы, қалың малдың негізгі бөліктерін алу сәттерінің барлығын кәде беру арқылы рәсімдеп, құдалар арасындағы туыстық қарым-қатынасты реттеп, бекітіп отырған. 

Тарихи дәуірлердегі жаугерші­лік, 1930-1950 жылдардағы қу­ғын-сүргін, ашаршылық, соғыс, соғыстан кейінгі жылдары «теңін тапса тегін бер» деп екі жасты ата-аналары, ағайын-туғандары алыс-беріссіз батамен қосқан. Кеңестік дәуірдің орнауына орай қалың малға тыйым салынды, бұл сол кезеңде қызды бата беріп, қолдан ұзату дәстүрін алшақтатты. Қазіргі кезеңде қалың малдың мәні толық өзгеріске енген, құдалар арасындағы кәделік сый-сияпатпен ауысқан.

Тәттігүл Картаева, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры міндетін атқарушы, 

тарих ғылымдарының 

кандидаты

Back to top button