«АЛТЫН ҚЫРАН» АЗАМАТТЫҚ ТАНЫТТЫ

«АЛТЫН ҚЫРАН» АЗАМАТТЫҚ ТАНЫТТЫ

«АЛТЫН ҚЫРАН» АЗАМАТТЫҚ ТАНЫТТЫ
ашық дереккөзі

Наурыз айында Ұлттық академиялық кітапханада «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының демеушілігімен жарық көрген жеті кітаптың тұсаукесері өткен болатын. Бұл жолы шыққан кітаптар сериясының арасында төрт поэзиялық, бір прозалық, бір публицистикалық жинақтар және сатиралық сурет-альбом бар. 

Қолымызға тиген жаңа жеті кітаптың да сырты көз тартарлық. Ел-жұрт мойындаған «Фолиант» баспасының туындылары екен. Жаңа жеті кітап авторлары арасында түрлі халықаралық, республикалық бай­қаулардың жүлдегерлері, «Шабыт» фестивалінің лауреаттары мен­ әдеби сыйлықтардың иегерлері бар. «Алтын қыран» Атырау мен Алтай, Алатау мен Арқа арасын қосқандай болды. Ендеше, біздің сапарымыз Атырау желісінен бастау алсын.

Халықаралық «Шабыт» фес­ти­­валінің лауреаты Әлия Дәулет­бае­ваның жыр жинағы «сол бір Сәуле» деп аталады. Бұл кітаптың алғысөзін жазу мар­құм Фариза Оңғарсынованың енші­сіне бұйырыпты. «Әлияны мен оқушы кезінен танимын. Алғаш М. Мөңкеұлының 150 жылдық мерей­тойын­да көріп, келешегінен үміт кет­кен едім. Ол жақсы ақын болып қалып­тасты. Өлеңдері тегеурінді ыр­ғағымен, терең мазмұнымен, отансүйгіштік рухымен ерекшеленеді. Құнарлы тіл, өзіндік көркем оймен тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүр… Әлияның жыр жинағы көп­ші­лік сүйіп оқыр кітаптардың біріне айна­ларына сенемін» деп толғанған екен Фариза апамыз ақын сіңлісінің жи­нағы жайлы. Ақиқаты да осы. Әлия өзі туған Батысын да, еліміздің Шығыс өлкесін де сүйеді екен. Сол сезімін өз өлеңдеріне сыйдыра білген. 

«Сезімдер маусымы» деп аталатын кітап­тың туындыгері – ақын Жанар Әбсадық. Кітаптың аннотациясына көз жүгірткенімізден соң, бұл жинаққа ақын 17-20 жас аралығында, студент шағында жазған өлеңдерін енгізгенін көріп, «бәсе» дедік. Жанар жазған жырларын жариялауға асықпаған екен. Ішіндегі өлеңдерінен де жас адамның орнықпаған психологиясы – үміт пен күдіктің қатар арбасып жатқаны байқалады. Жанар өлеңдері ту­ралы белгілі ақын, филология ғалымдарының докторы Бауыржан Жақып жинақтың алғысөзінде былай деген екен: «Жанар өлеңдерінің үш өзгешелігін баса айтқым келеді. Біріншіден, Жанар жырлары – таңғы шықтай мөлдір сезімнің моншақтары. Екіншіден, оның өлеңдерінде басқа ешкімге ұқсамайтын бір сыр, бір мұң қабаттасып келетін мұңды әуен бар. Үшіншіден, өлең техникасын жетік меңгерген әрі бұрын қалыптасқан архитектоника мен қалыптан шығып, өз жүрегінің дүрсілін өлеңге айналдыра білетін қасиеті». Бауыржан ағамыздың осы пікіріне біз де тоқтаймыз.

Кейінгі жылдары елімізде әуе апат­тары жиі орын алып, талай шаңы­раққа орны толмас қайғы әкел­ген еді. Мақамды жырларымен ерекшеленетін Мақпал Жұмабай мен қарағандылық ақын Қуаныш Медеубаевты тақырыптас өлеңдерді жазуға осы жайт итермелеген секілді. Ол өлеңдер «Қара жәшік» аталады. Алайда, Мақпал қара жәшікті өзінің ғана құпияларын сақтар сырсандыққа теңесе, Қуаныштың қара жәшігінің ауқымы кең, айтар философиялық ойы да зілмауыр. 

Жалпы, ойлылық пен нәзік лиризм Қуаныш шығармашылығының қос қанаты екен. «Алтын қыран» шы­ғар­ған «Қара жәшік» жинағында оның қанаттары қатар қағылып, әлемдік поэзия үлгілері мен дәстүрлі қазақ поэзиясы қабысып жатады. Орыс поэзиясының падишасы Марина Цветаеваны ерекше тұлға көретін Қуаныш мектеп көрген ақын екендігі аңғарылады.

25 жастың о жақ, бұ жағындағы ақын жігіт ақын-жазушы аға-апа­ла­рының назарына ерте іліккен. Оған «Жусан қыз» жинағына жазылған жеті адамның пікірі куә. Азаматтың шығар­машылығы туралы Фариза Оңғарсыновадан бастап, Талғат Ешенұлына дейін сөз айтыпты. Марқұм Фариза апамыз Азаматтың 2012 жылы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын алғанын, оны «Шабыт» фестивалінде бас жүлде алған уақытта танығанын тіліне тиек етіп, оның осы атақтарға ешкімге жалпақтамай-жағынбай қол жеткізгенін айтса, Роллан Сейсенбаев Азаматтың білімінің терең­ді­гіне тоқталған. Жәркен Бөдеш ақын­дық машығына тәнті болған.Тыныш­тықбек Әбдікәкімов қазақ поэзиясындағы құбылысқа балаған. Қазыбек Иса болса, Азаматтың ерекше қолтаңбасының айқындығын атап өткен. Маралтай Райымбекұлы «Азамат – ұлт поэзиясын болашаққа жеткізер алаугер» деген. Ал, Талғат Ешенұлы Азаматтың өлең жа­зу­дағы еркіндігі мен еркелігін, өлеңдері этномистикалық сарынға негізделгенін айтқан.

«Алтын қыран» шығарған кітап­тар­дың арасында бір прозалық жинақ кездеседі. Ол – Бейбіт Сарыбайдың «Мейірімі». Оның есіміне оқырмандар бірқатар БАҚ арқылы қанық болғаннан кейін және бұдан бұрын да бірнеше кітабы шыққан соң Бейбітті таныстырып жатудың қажеті жоқ.

Бірнеше әңгіме мен хикаяттардан тұратын «Мейірім» кітабының аты затына сай. Яғни, әр шығармадан жылылықтың лебі еседі. Әсіресе, белгілі жазушы Баққожа Мұқайды сипаттайтын «Қамқоршы» эссесі оқыған адамды жылы сезімдерге бөлейді. Одан басқа кітапта балалық шақ естеліктері, адам мен қоғам, адам мен табиғат арасындағы қатынас құнарлы тілмен суреттеледі. 

Қазіргі заманда журналистика әдебиеттен озып кетті. Рас, жазушы айтатын сөзді, көбінесе журналистер айтып жүр. Журналист Думан Анаштың «Әулет» кітабы соның жарқын куәсі. Кітап «Шыңғыстау шырайы», «Алаш ардақтылары», «Жоқшы», «Нәубет» секілді төрт та­рау­дан тұрады. Алғашқы тарау Абай еліне, ондағы бар қазақ үшін киелі орындарға және Абай мен Мұхтар тұл­ғаларына арналған. Екінші та­рауда ұлт үшін өлшеусіз еңбек атқа­рып кеткен «Алаш» партиясы ту­ралы баяндалады. Оның жалғасы іспет­тес «Жоқшы» тарауында Алаш ардақ­тыларының мұралары туралы сөз етіледі. Ал, соңғы тарауда ХХ ғасырдың отызыншы жылдары ұлт басына төнген қасірет – ашаршылық әшкереленеді. 

Ұлтымызда «Бір сөзбен адам өл­тіруге болады» деген сөз бар. Тек сөзбен ғана емес, бір суретпен де адамды жаһаннамға жіберуге болады. Сондай жауынгер жанр – карикатура. Оның өзі бірнеше тақырыптарға бөлінеді. «Жас Алаш» газетінің қызметкері, халықаралық жарыстардың жүлдегері, карика­ту­рашы Ғалым Смағұлұлы соның ішін­де саяси, әлеуметтік және тұрмыстық та­қырыптарда жемісті еңбектеніп жүр. 

Суретшілер одағының мүшесі, публицист Жеңіс Кәкенұлы осы сурет-альбомның алғысөзінде: «Карикатура – комментаридi керек қылмайтын, санаңа заматында-ақ сақпанның тасындай сақ ете қалатын адуын жанр. Жұмекен ағаның «жапырақтың алақанына ұйыған, тамшы жайлы салсам деп бiр биiк ән» дейтiнiндей, сұрапыл ойды тамшыдай суреттiң бойына сыйғызып жiберу карикатурашылардың маңдайына ғана бiтер бақыт» дейді. «Суретшiнiң алғашқы штрихтарынан, ептеп, әйгiлi карикатурашы И.Кийконың әсерi бiлiнетiн. Ғалымның көп ұзамай жүгiн теңдеп, көшiн түзеп алғанын көз көрдi. Бабына келгенiн де сездiк. Қолтаңбасын да тапты. Сүйсiндiрерi сол, қолтаңбасынан алқоңырдай қазақы лептiң соғып тұратыны. Қарындашының өзегiнен, құтысының сиясынан шыққан қай дүниесiнде әбден сартап болып, өнер сiңген қазақы алақанның жылуы бiлiнедi». 

Сонымен «Алтын қыран» халық­ара­лық қайырымдылық қорының пре­зиденті Исламбек Салжанов осы жеті кітапты шығарып, тағы да азаматтығын танытты. Алдындағы алты кітапты айтпағанда, былтыр абыз жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарын ағылшын тіліне аудартып, олардың Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларында тұсауы кесілуіне жағдай жасады. Жаны – мәрт, жүрегі – жомарт азаматтың ұлт әдебиеті үшін атқарған істері өзге кәсіпкерлерге де үлгі болса екен дейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ