Жаңа орталықтағы жаңа өнім

Жаңа орталықтағы жаңа өнім

Жаңа орталықтағы жаңа өнім
ашық дереккөзі

Елімізде ғылым жолына талпынған жастарға жағдай жан-жақты жасалуда. Олар үшін білім мен ғылымды тәжірибеде ұштастыруға үлкен мүмкіндік туды. Бүгінде Қазақстандағы аграрлық ғылым саласына еңбегі сіңген ғалымның бірі Әбдіманап Оспановтың мұрындық болуымен Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ашылған Қайта өңдеу технологиясы ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы қыз-қыз қайнауда. 

Жаңа инновациялық техно­ло­гияның арқасында өмірге келген өнімдерін паш еткен Азық-тү­лік өнімдері технологиясы және тағам қауіпсіздігі кафедрасы магис­трант­тарының қуанышында шек жоқ. Себебі, олардың бұл еңбегіне Малай­зияда дәріс берген оқытушылар да жоғары баға беріпті. Айталық, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы және тағам қауіпсіздігі факультетінің 2-курс магистранты Саламат Миргиясованың жаңалығы – қара бидай ұнынан қатпарлы нан пісіру. «Қара бидайдан әлі күнге ешкім қатпарлы нан жасамапты. Неге десеңіз, қара бидайдан қатпарлы нан жасау өте қиын. Құрамында қара бидай, ақ бидай, маргарин майы, су және тұз бар. Мұның денсаулыққа пайдасы зор, құндылығы жоғары. Сондықтан да бұл жұмысым малайлықтарды да ерекше таңқалдырды. Бір қызығы, онда қара бидай жоқ екен. Жақында патентке құжат тапсырайын деп жатырмыз. Тіпті, одан кейін өнімді сатсақ та болады», – дейді. Ал осы факультеттің 2-курс магистранты Жазира Махатаева коллагенді шикізатты пайдалану арқылы құс етінен дайындалған «Appetite» өнімін ұсынды. «Болашақта шетелге шығамын деген оймен осылай атадым. Бұл құстың терісі арқылы жасалған өнім. Әсіресе балалар үшін таптырмайтын тағам. Құрамындағы «В» тобының дәрумендері жүйке жүйесін жақсартып, иммунитетті көтереді», – дейді ғылымға бет бұрған магистрант. Бұдан бөлек зертхана көрмесінде ұсынылған өнімдердің қатарында қарақат қосып байытылған құрт, «Ақнар» және «Бәйшешек» йогурты мен кілегейлі балмұздақ та көптің көңілінен шықты. Жас мамандарға жан-жақты білім беруге күш-жігерін жұмсап жүрген Азық-түлік өнімдері технологиясы және тағам қауіпсіздігі кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Әсия Демеуханқызы: «Университетте Қайта өңдеу технология­сы ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы бәрімізге қуаныш сыйлауда. Бұл жерде үш зертхана бар. Біріншісі – астық және оның өнімдерінің технологиясы мен сапасы, екінші – нан-тоқаш өнімдерінің технологиясы, үшінші – экструзионды өнімдер алу технологиясы. Орталық замануи құралдармен жабдықталған. Негізгі қаражат көзі кафедраның профессоры, Қазақстан жаратылыстану ғылым академиясының академигі Әбдіманап Оспановтың ғылыми жобасы арқасында келді. Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруға байланысты жариялаған байқауында Әбдіманап Әубәкірұлы үш жылға 60 млн. теңге грант жеңіп алды. Сол қаражаттың 20 млн. теңгесіне зертханалық құралдар сатып алынды. Тағам өнеркәсібіне мамандар дайындау үшін ең алдымен база керек. Бұрын тағам өнеркәсібіндегі, әсіресе қайта өңдеу өндірісінің технологиясы саласындағы мамандарды Ресей мемлекеті дайындайтын. Бұл дегеніміз – астықты, қызылшаны, көкөністі өңдеу деген сөз. Біз тек шикізатты сатамыз. Ал оны қайта өңдейтін мамандар жоқтың қасы еді. Шикізатқа қарағанда, өңделген өнімді сату үш-төрт есе пайда әкеледі. Қазіргі кезде шағын және орта кәсіпкерлік 4 пайыз ғана. Мемлекет бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізуді жоспарлауда» – деді. 

Бұған дейін 85 жылдық тарихы бар оқу орны тек шикізат өндіретін мамандарды ғана дайындап келді. Олар зоотехниктер, ветеринарлар, ауыл шаруашылығы агрономдары. Жаңа заманға сай әлем елдері сияқты шикізатты өңдеп, табыс табатын мамандар дайындау күн тәртібіндегі мәселе. Соған байланысты азық-түлік өнімдері, сүт, ет, қоғамдық тамақтану, қайта өңдеу технологтарын, сондай-ақ дайын өнімді стандарттап және сертификаттап нарыққа шығаратын мамандарға деген тапшылықты жою басты міндет. Қазақ ұлттық аграрлық университетінен ашылған Қайта өңдеу технологиясы ғылыми-зерттеу орталығы жетекшілері мен мамандары бұл жауапкершілікті толық атқаратындығына сенім артып отыр. 

Динара Мыңжасарқызы