ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ

ҚАЗАҚТЫҢ  ҚАЙСАР  ҚЫЗЫ
ашық дереккөзі

Ол туралы Өскеменде әңгіме көп.

Шіркін, қазақтың әр қызы осындай болса ғой.

– Бұл Майраны қыз боп туды демесең, он еркекке татыр азамат емес пе?

«Үміттің» атын Еуропа асырып, Америкаға жеткізген кім? Майра!

– Өй, өзі де Майра десе Майра ғой! – деген сияқты сөзді ол жерде екінің бірінің аузынан естисің.

Ау, сонда бұл Майра не бітіріп қойыпты? Жұрттың аузында жүретіндей не тындырыпты? Жауап көп. Тыңдай беріңіз.

…Бәрі де 80-жылдардағы мына оқиғадан басталғандай.

Ол кезде Майраның КазПИ-дің мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы мен педагогикасы факультетінде сырттай оқып, «іштей» Өскемендегі «Арман» балабақшасында тәрбиеші болып жүрген кезі еді. Бірде Қорғасын-мырыш комбинаты Ертістің сол жағалауындағы «Күленовка» деп аталып кеткен Металлург кентінде жаңа балабақшаның құрылысын бастап, оның меңгерушілігіне конкурс жариялаған. Он сегіз үміткердің арасынан оған жалғыз Майра өтті. Бірақ өтуін өткенмен артынша оны комбинат директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Кустов шақырады.

– Өзі сондай дөрекі адам еді, – дейді Майра сол кезді есіне алып. – Мен есіктен кірер-кірместен:

– Қалай, мына қызметіңді алып жүре аласың ба? – деді төтесінен.

– Сіз қалай ойлайсыз?

– Сенің шамаң келмейді. Сондықтан осы бастан арызыңды бер. Менің жиырма жылдық меңгерушілік стажбен жүрген адамдарым бар, мекеме басқару

саған ойыншық емес.

Есіктен үнсіз шығып кеткен Майраның артынша қатты ызасы келген. «Мен неге кетуім керек, өзгелерден менің қай жерім кем?» деп өзін-өзі қайрай түсіп келе жатқан Майра біраз жерге барған соң кілт кері бұрылды. «Тәуекел, тонымды шешіп алмас» деп тіке комбинат директоры Ахат Күленовке бір-ақ тартты. «Қайда барасың, ол кісіге кіруге болмайды» деген хатшы қыздың сөзіне қараған жоқ, директордың кабинетіне кіріп барды.

– Бұл не деген бассыздық, сіз кім боласыз? – деп жазып отырған қағазынан басын көтерген Ахат Сәлемхатұлы бұған түнере қарады. Майра бір сәт абдырап

қалғанымен шешінген судан тайынбас дегендей:

– Мен жаңа балабақшаның меңгеру­ші­сімін… Маған Кустов… Жұмыстан шық дей­ді… Мен шықпаймын! – деп кесімді шешімін тіке айтқан.

Тәжірибелі директор Майраны­ отыр­ғы­зып, жөнін сұрап, мән-жайға қанықты. Оның қазақ тілінен берген ашық сабағына қатысқандығын айтып, Майраны енді есіне түсірді. Сосын директор Кустовты шақырып алып, «Өзі ынта білдіріп, істеймін деп отырған адамға тиіспеңдер» деді. Одан соң басқармадағы инженер-техник қызметкерлерді жинап алып: «мен осы кісінің кандидатурасын қолдаймын. Тәжірибесі болмаса, көмектесіп жүріңдер» деп Майраны кабинетінен қанаттандырып, жаңа жұмысқа құлшындырып шығарды.

Жаңа балабақшаның қабырғасы қалана бастаған кезде меңгеруші оған қажетті мебель қарастыра бастады. Ол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласы түрмелерінің балалар жиһазын шығаратын біріне жіберген адамы ештеңе тындыра алмай қайтып келді. Комбинат техникалық жабдықтау бөлімінің бастығымен ақылдаса келе Майра Новосибирскіге аттанған… 

Метросы бар мұндай үлкен қалаға бі­рін­ші келуі. Жұмыс бабындағы алғашқы іс­сапары да осы болатын. «Новосибирск» қонақ үйінің үш кісілік бір бөлмесіне орналасты. Тарақаны өріп жүрген нашарлау бөлме екен. Ертеңінде шілденің шіліңгір ыстығында жаяулай жүріп «Новосибирскмебель» фабрикасына келді. Техникалық жабдықтау бөлімінің бастығына жолықты. Ол ат-тонын ала қашып, маңына жолатпады.

– Сіздердің бізге қандай қатыстарыңыз бар.­ Біз «Росхозторг», сіздер «Казхозторгсыздар». Тіпті шақырусыз неге келесіздер? Өзіміз бұрынғы заказчиктерді жабдықтай ал­май жатқанда біз сіздерге неге жиһаз бе­ру­іміз керек?

Айтып тұрғанының барлығы жөн сияқты. Майра оның сөзіне айтар уәж таба алмай, далаға қайта шықты. Текке келгеніне іші қыж-қыж қайнады. Күн шыжып тұр. Жүруге қолайсыздау болған соң биік өкшелі туфлиін шешіп, иығына асып алды. Қою қос бұрымды қолаң шашына, ыстық күнге албырап келе жатқан әдемі қараторы жүзіне, қыпша белді былқылдата көтеріп келе жатқан тоқ балтырлы оқтай түзу аяқтарына сұқтана қарағандар оның иығына асып алған туфлиіне қарап мырс ете қалады. Майра маңайындағыларды көріп келе жатқан жоқ, ойы мүлде басқа: «Мен неге келдім, енді түк бітірмей қалай қайтам?» Осы ой санасын екі-үш рет осқылап өткенде Майра бір оқыс шешімге келгендей кілт бұрылды. Қайтып келді. Күзетшілер жібермеді:

– Сіз кімге келдіңіз?

– Директорға.

– Ол сізді шақырып па еді?..

– Жоқ, бірақ менің кіруім керек…

Ақыры Майра қабылдау бөлмесіне кірді. Хатшы қыз мысқылдай күлді.

– Ол сізді қабылдамайды…

– Жоқ, сіз тек Қазақстаннан бір қыз келіп тұр деп айтыңызшы. 

Хатшы қыз осы сөзді селектор арқылы айтқан соң арғы жақтан «кірсін» деген да­уыс естілген.

Сәл ғана үзілістен соң «кірсін» деді.

– Комбинат директоры Евгений Эммануилович Шваб деген елулердегі, сыпайы, қарапайым адам екен. Сәлемдесіп, Майраға бір түрлі жымия қарап, орындыққа отыруын өтінді. Сонда ғана иығында асулы жүрген туфлиіне көзі түсіп, қатты ұялған.

– Сіздердің балабақшаларыңыздың бізге қандай қатысы бар? – деді ол күле отырып. – Сонда сіздерге қанша жиһаз қажет?

– Менің 14 тобым бар.

– Сізді мұнда кім жіберді?

Осында жиһаз бар деген соң, өзім келдім… 

Ал кеп күлсін әлгі кісі.

– Еш көмек жасай алмаймын.

– Неге жасай алмайсыз, сонда мен құр қол қалай қайтамын?!

Майраның түсінбей отырғаны – осындай үлкен фабрика директорының бір кішкентай балабақшаға жиһаз бере алмаймын деуі. Жиһаз бөлудің өз тәртібі мен ережесі барлығын, Омск пен Томск балабақшаларының жыл бойы кезекте тұрғанын ол кезде Майра қайдан білсін… Әдейі істеп отыр, я болмаса мазақ етіп отыр дейін десе өзінің өңі өте жылы. 

Шваб тағы бір күліп алды да, алдындағы түймені басып, хатшы қызды шақырып:

– Валюша, мына қонағымыздың батылдығы үшін, әдемілігі үшін біз «кепілдеме хат» жазып берейік, – деді. Сосын Майраның қай қонақүйге, қалай орналасқанын сұрады. «Ой, сұмдық, тарақандар қаптап жүр» деп шынын айтқан болатын. Осы мезетте:

– Түс болып қалды ғой, – деп директордың кабинетіне орынбасары кірді.

– Мен қалай қайтам? – деді Майра жұлып ал­ғандай. Екі бастық та қонағына бұрылды. Шваб жымиды, орынбасары одырая қарады:

– Қалай келдіңіз, солай қайтасыз?

– Мен келген жолымды ұмытып қалдым, одан соң менің Өскеменге ұшуым керек қой…

– Оған біздің қатысымыз қанша?

– Сізге түкке тұрмайды ғой, кнопканы бір бассаңыз, билетті өздері әкеп бермей ме?

Екі бастық біріне-бірі қарап бастарын шайқасты. Содан соң Шваб: 

– Қымбаттым, сенің атың кім? – деп сұрады.

– Майра Баймұхановна.

– Демек, Майра. Мен сізді Машенька деп атауыма бола ма?

– Тіпті Дашенька десеңіз де мейліңіз. – Мынау қыр қызының қайсарлығы мен табандылығы екі бастықты да бір сергітіп тастағандай.

– Онда, Машенька, сен төменге түсіп, мені күте түр, – деді Шваб. – Бірақ туфлиіңді ұмытып кетпегін…

Ана екеуіне қосылып осы жолы Майра да сыңғырлай күлді…

Жұтынып тұрған қара «Волга». Рульде – директордың өзі. 

– Қазір қонақ үйге барғанда, сізге басқа бөлме береді, кезекші қарсы алады. Орналасып алған соң, мен сізді әйеліммен таныстырайын, – деп Шваб әңгімелеп келеді. Майра оның бірін түсінсе, бірін түсінбейді. «Қонақ үйге бұл кісінің қандай қатысы бар? Әйелімен неменеге таныстырмақ?! – деп ойлайды.

Қонақүйдің дәлізінде мұны кезекші қарсы алды.

– Сіз не, шағымданып үлгердіңіз бе? 

Мен ешкімге шағым айтқам жоқ… 

Кезекші Майраны үш бөлмелі, ванна мен туалеті, тоңазытқышы мен телевизоры, телефоны бар жалтырап тұрған люкс номерге ертіп келді.

– Енді осында жатасыз, – деді. 

Майра шалқасынан түсе жаздады, мұндай номерді өмірінде бірінші рет көріп тұр.

– Сіз қашан түстенесіз?

Майра әлі осында тұрған кезекшіге таңырқай қарады. «Онда шаруасы қанша?»

– Оны мен өзім білем.

– Жоқ, сізге түскі асқа тапсырыс беріліп қойған…

Мұның барлығын Майра кейінірек түсінді ғой. Евгений Эммануилович Шваб – КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Одаққа мәлім, беделді адам екен, ал мына қонақ үй – сол жиһаз фабрикасының қонақ үйі көрінеді. Барлығының құрдай жорғалап жүргендігі – Швабтың бір звоногы болса керек.

Майра бөлмесінен Өскеменге, Күленовке телефон шалды.

– Сен ол жақта неғып жүрсің? Ол се­нің жұмысың емес қой, – деп ашу­лан­­ған Ахат Сәлемхатұлының селектор­ ар­қы­лы техникалық жабдықтау бөлі­мі­нің бастығына «Сен Бейсеқанованы қай­да­ жібергенсің?», деп айғай салып

жат­­­қанын Майра естіп тұр. Әсіресе директордың соң­ғы сөзі көңіліне келіп қалғандай болды да:

– Ахат Сәлемхатович, сіз айғайламаңызшы, мен, міне, кепілдік хат алып қойдым. Егер қараша айында Томскідегі балабақша пай­да­лануға берілмесе, онда соларға деген жиһазды бізге босатпақ болды…

Кезекші телефон шалып, «сізге келіп тұр» деді. Шықса – Евгений Эммануилович екен. Машинамен үйіне апарды.

– Жоғары шығыңыз, жаңа ғана Женя сіз туралы айтып еді, – деп әйелі құрақ ұшты. Сосын күйеуіне қарап: 

–  Сенің меңгерушілерің де жұмыстарын осылай істесе ғой, – деп Майраның мерейін көтеріп тастады.

Сол алғашқы іссапары сәтті болды Майраның. Ең оңдысы – Шваб Мәскеудегі өз министрлерінің төте телефонын беріп, ақыл айтты:

– Егер қатынас хаттарыңа сол кісінің бұрыштамасын соққызып маған әкеліп берсең, мен сол күннің ертеңінде сендерге қажетті жиһаздың барлығын жіберемін. Алайда, мен айтты деме. Ал ол кісіге кіру өте қиын. Бірақ сенің қолыңнан келетін сияқты, – деп күліп қоштасты.

Өскеменге келген соң мән-жайды Күленовке айтты. Ол Мәскеу жайлы селқостау тыңдап, министр қабылдай қояр ма екен, дегенмен барсаң барып қайт деп рұхсатын беріп, ондағы Түсті металлургия министрлігінің қонақүйіне телефон соққызып қойды. 

Майраның Мәскеуге де алғаш келуі. Орман өнеркәсібі министрлігін табуын тапты-ау, бірақ маңына жолатпады. Бірінші күні кіре алмады. Екінші күні Шваб берген тіке байланыс телефонының көмегі тиді. Министрмен тікелей сөйлесіп, тек қана қабылдауын, басқа жағдайының барлығын көзбе-көз түсіндіретінін айтып жалынды.

Жуан, зор дауыс арғы жағынан «келіңіз» деді. Бүкіл күзетті де, хатшыларды да мазалап жүріп Майра министрлікке үш рет кірді. Соңғы кіргенде министр оған 

– Сенің осынша табандылығың үшін, мен саған қол қойып берейін. Бірақ сен дәл маған неге келдің және неліктен тек Новосибирскіні сұрап отырсың, соны түсіндірші, – деп таңданысын жасыра алмады.

Шваб айтпа деген, оны «сатуға» болмайды. Айтпайын десе мына «жиһаздың құдайы» қол қоймайын деп отыр. Ақыры Майра тәуекел деп, министрге:

– Осы арадан Новосибирскіге телефон шалуға бола ма? – деді.

– Ах, он, гад такой!.. – Министр Майраны кімнің жіберіп отырғанын бірден ұғып, телефонды өзі алды да:

– Әй, Жень, мынадай сұлу бикешті сен қайдан тауып алып жүрсің? – деп ескі досына бірден қалжыңдай сөйлесті.

Арғы жағынан лекіте күліп алған Швабтың қоңыр дауысы Майраға естіліп тұр:

– Сен оның қадалған жерінен қан алатын табандылығын көрдің ғой, ондай адамға қалайша көмектеспессің…

Екеуі біраз әңгімелесіп, телефонды қойып жатып:

– Швабтан келдім деп бірден айтпайсың ба, – деп өңі жылып, Майраға ықыластана қарады. – Жарайсың, умница! – деп қосып қойды. Майраның апарған хатына қолын қойып, өзінің визиткасын беріп: – Проблемаң болса, қысылмай телефон соқ, – деп жылы шыраймен шығарып салды…

Өскеменге келді. Күленов таң-тамаша, сенер-сенбесін білмейді. Басқарма мүшелерін түгел кабинетіне жинап алды.

– Көрдіңдер ме, жұмысты істеген соң осылай істеу керек, – деп қысқа да тұжырымды лездеме өткізді. Майраның тіке қарап отырғанын көрсе де Кустов сезбегендей сыңай танытып, бұған көз салмады.

Сонымен қолында алтынға балаған хаты бар Майра енді Новосибирскіге ескі таныс­тай еркін барды. Швабтардың үйінде болып, жиһаз фабрикасының біраз балабақшаларын аралап, олардың жұмыстарымен танысып, өзіне қажетті жиһаздың барлығын алып қайтты. Алдымен Майра арқылы, кейінірек техникалық жабдықтау бөлімдері өзара танысып, бүкіл Қорғасын-мырыш комбинатының жиһаздары Новосибирскіден алынатын болды. 

* * *

1990 жылғы 23-наурызда «Меруерт» балабақшасының ашылу салтанаты өткізілді. Қыстай құрылыс басында жүріп суық тигізіп алған Майраны ол мерекеге ауруханада жатқан жерінен алып келіп, лентасын қиғызып, қайтадан апарып салды. 1991 жылдан бастап осы балабақша «Балбөбек» бағдарламасын жүзеге асыратын республика Ғылым академиясының Ы. Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының эксперименттік алаңына айналды. Жаңа жұмысқа қызыға кіріскен Майра күні-түні бақшадан шықпауға дайын еді және жан-жаққа іссапары да көбейді. 1993 жылы балабақшаға Сара Алпысқызы келіп, аралап, әңгімелесіп, жасалып жатқан жұмыстарын көріп, өте риза болып қайтқан болатын. Ал сол эксперименттік бағдарламаны қорғайтын Майра 1995 жылы тағы да қатты ауырып Алматыдағы онкология институтына түсті. Операциядан операция жасатып, 11 рет пышақтан өтті. Бір күні палатасына «Балбөбек» бағдарламасының жетекшісі – институт директоры, академик, профессор Нұрахметов келді.

– Айналайын, Майра, сенің жағдайыңды көріп отырмыз. Зорлық жоқ, бірақ сен түсінеді ғой деп келдім. Егер сен осы жолы ғылыми кеңесте «Балбөбекті» қорғап шықпасаң, он ғалымның бес жылдық эксперименті желге ұшып, зая кеткелі тұр.

Амал жоқ, біраз материалдарын қайта қарап, ойларын жинақтап, Алтынсарин атындағы институттың акт залында зал толы ғалымдар арасында Майра «Балбөбек» бағдарламасын абыроймен қорғап шықты.

Осыдан соң Сара Алпысқызы шақыртып, «Тәжірибең, білімің бар, балабақшаңды көрдім, енді сен өз облысыңда балалар қорын аш» деп әңгімесін айтып, ақыл берді.

Сонымен Майра «Балбөбек» қорында істей жүріп, өздерінің балабақшаларының негізінде «Үміт» балалар үйін ашудың жобасын да әзірлей бастады.

1996 жылғы 13-қыркүйек күні жаңа типті балалар үйінің ресми ашылу салтанатына Сара Алпысқызы Назарбаева келіп қатысып, Майраға, оның ұжымына сәттілік тілеп, «Үміттің» тұсауын кесті.

* * *

Үш қабатты балалар үйі ғимаратының іші де, сырты да көрікті, үлкен талғаммен безендірілген, жинақы, ұқыпты екен. Дәл сол күні демалыс күні болғандықтан, әр жанұя өз үйлерін жинап, жуып, көрпе-жастығын қағып-сілкіп жатыр. Қателескен жоқпыз, мұнда жас ерекшеліктеріне қарай бес-сегіз, он-он екі баладан жанұялық құрамдарға топтастырылған. Мұндай жанұялар саны – сегіз, әр үйдің өз «папасы», «мамасы» бар, Әл-Фараби, Абылай хан, Әлия Молдағұлова сияқты белгілі адамдар атымен аталатын көшелерде әр үйдің тұрақты мекенжайы бар. Кенже Шәріпқызы, Дина Орынбасарқызы, Сәуле Аханқызы, Дина Баталқызы, Галина Шеханцова, Құралай Әбілханқызы сияқты «мамаларын» бүлдіршіндер өз аналарындай жақсы көреді. Балалар мұнда үш жасынан бастап қазақ, орыс тілдерін оқып үйрене бастайды. Жетінші класқа дейін осында тұрып оқитын екі жүзден аса балалар үшін мұнда әркімнің әуестігіне орай он төрт түрлі үйірме жұмыс істейді. Қазақ топтарындағы орыс балалары осында жиі өткізіліп тұратын «Көңілділер мен тапқыштар клубы», «Жігіт сұлтаны», «Үміт» аруы» сияқты сайыстарда қазақтың өзін жаңылдырады. Вероника Батенькова қазақтың халық әні «Құмған алғанын» шырқағанда әсіресе «әжелері» қалай риза болатынын көрсеңіз, көңілдері босап, көздеріне жас алады.

Қалалық, облыстық, республикалық бай­қауларда жеңімпаз атанған үміттік өнер­паз­дар таяу және алыс шетелдерге­ де шығып тұрады. Балалар үйлері мен

мек­теп-интернаттар өнерпаздарының респуб­ли­калық «Таңшолпан» фестиваліне қатысқан Әлмира Көпеева, Катя Панкратова, Настя Дмитриевалар жеңімпаз атанып, компьютер, музыкалық орталық, фотоаппарат, аттары жазылған қолсағаттар алып, үйлеріне олжалы оралды. Осы өнерпаздар Санкт-Петербургтен де жеңімпаздар тәжімен оралды. Ал, «Үміттің» XXI ғасыр лидері» сайысының жеңімпазы Станислав Жуков үшін «Тұранәлем» банкі өздерінде валюталық есепшот ашып, оған алғашқы 100 АҚШ долларын салып қойды. Үміттіктер бірде тәжірибе алмасу, бірде өнерлерін паш ету мақсатымен Қытайда, Ресейде, Германияда, Болгарияда, Францияда, Америкада болып қайтты.

Францияға Қадиша Ильясова мен Настя Мальцеваны Майраның өзі апарған. Жиырмасыншы рет өтіп отырған халықаралық карнавал тарихында мұнда жетім балалар бірінші рет келіпті. Осындай сүйкімді балаларды ата-аналарының тастап кеткендеріне ешкімнің сенгісі келмеді.

Жазғы демалыс уақыттарында үміттіктер әр жерде демалады. Үш жыл жаз қатарынан Үржар ауданында, бір жылы Қарағандыда, бір жылы Алматыдағы «Бөбек» қорының демалыс үйінде, Лениногорда демалды.

– Әрине, жеке демалыс лагері болғанға не жетсін, – дейді «Үміттің» директоры, – бірақ оның барлығын қаржы билейді. Егер бізге белгіленген ақшаны бөліп отырса, ешкімге жалынбас едік. Мәселен, жылына бізге 46 миллион теңге қажет десек, соның жартысынан сәл астамы ғана бөлінеді. Былтыр 15 миллион теңге ғана бөлінді, содан соң көрінгенге алақан жайып жүресің. Әйтеуір тамаққа деген 8 миллион қаржы уақтылы беріліп тұрады.

 * * *

Бірде «Үміт» балалар үйінің тәрбие­лену­шілері Алматыда өткен «Таңшолпан» өнер байқауында жүлдегер атанғанда, соның барлығын көріп, тамашалаған шетелдік бір қонақпен танысқан. Ол – дүние жүзінің көптеген елдерінде өз өкілдіктері бар, әлемнің әр қиырындағы жетім балаларға қол ұшын беру мақсатында 1991 жылы АҚШ-тағы Орегон штатының Портленд қаласында құрылған «Орфекс Оверсиз» («Теңіздің арғы бетіндегі жетімдер») агенттігінің Алматыдағы өкілдігінің қызметкері екен. Қай салада болсын шетелдіктердің көкейге қонымды бір тәсілі – жұмысыңның деңгейін сырттай бақылау көрінеді. Олар да біраз уақыт еліміздегі біраз балалар үйінің жұмыстарын сырттай зерттеп жүреді екен, енді үміттіктердің өздерін, өнерлерін көзбен көріп, ризалықтарын білдіріп отыр. Содан көп өтпей-ақ Өскемендегі «Үмітке» сонау Американың батысындағы Портленд қаласынан «Достар аясында» атты бағдарлама бойынша бір ай демалып қайтуға арнайы шақыру келді. Директордың күпті көңілі орнығып, ұжымы мен балалар қатты қуанды. Өзі үшін бұл тек қана демалыс емес, қыруар жұмыс, тәжірибе үйрену болатындығын алдын-ала ойластырған Майра ең алдымен баратын алты баланы іріктеп, қазақша, орысша, ағылшынша үлкен концерттік бағдарлама дайындатқызды. Балалар үйінің ең басты мұқтаждықтарын жіпке тізіп, қағазға түсірді. Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Өскемен жайлы, қазақтың өнері мен салт-дәстүрлері туралы кітаптар, деректер, бейнетаспалар жинақтап біраз шаруалар атқарды. Сонымен Алматы әуежайынан алғаш рет алты баланы бастап алыс сапарға аттанды.

АҚШ пен Қазақстан арасындағы он төрт сағаттық уақыт айырмасы және мұхит үстінен он жеті сағат ұшып шаршап барған бұларды Портленд әуежайында ескі таныстарындай, қадірлі қонақтарындай шұрқыраса қарсы алу бүкіл жол қиындығын ұмыттырып, жадыратып жіберді. Алматының қысынан Портлендтің мамыражай жазына топ ете қалды.

Балалардың алған әсерін, әрине, сөзбен айтып жеткізу қиын, ертегілер еліндегідей бір айлары бір күнгідей өте шықты. Ал, Майраның өзі мектептерді аралады, діни орындарға барды, ата-аналармен кездесулерге қатысты, ақпарат құралдарына сұхбаттар берді. Ең бір есте қаларлығы және нәтижелі жұмысы – агенттік директоры Джори Кинкейд ханыммен үш жарым сағатқа созылған кездесуі болды. Джоридің өзі тастанды, жетім, өзге отбасының тәрбиесінде өскендіктен осыдан он жыл бұрын осы ұйымды құрыпты. Күйеуі діни адам екен. Өздерінен туған төрт балаларына қоса әр елден әкеліп тағы бес баланы тәрбиелеп отыр. Және ешқандай күтушісіз, балалардың барлығын әке-шешелерінің өздері тәрбиелеуде. «Жүректен туғандар» атты өзінің ғибраты мол кітабында өзі жайлы да, жетімдерге деген мейірім-шапағат туралы да жан-жақты шебер баяндаған.

Майра сол кездесуде өзінің осы жақтан даярлап апарған отыз сегіз сұрақ-мәселелерінің барлығын шешіп алды. Бұрын келген жетекшілердей дүкен араламай, жұмысын бірінші орынға қоя білген іскер, өткір, белсенді директордың өзі де, үш тілде бірдей сайрап тұрған балалар да американдықтарға қатты ұнаса керек, Джори оларды өз үйінде қонақ етіп, күтті. Үміттіктерге жасаған сыйлықтарының бір бөлігін – 650 килограмм жүкті Майра өзімен бірге ала келді. Балалар үшін тағы бір қуаныш – енді әредік-әредік үміттіктер тобы Портлендтегі «Жанұялық ошаққа» – жаңа достарына барып, бір-бір айдан демалып тұратын болды. Бұл да осы кездесуде шешімін тапқан мәселе. Ең негізгісі – біздің елден бір тиын шығын шықпайды, барлығын «Орфекс Оверсиздің» өзі көтеріп алады.

Міне, «ҚР білім беру ісінің үздігі», ҚР халықтары ассамблеясының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, біздің Майра осындай жан!

Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ

Өскемен қаласы