Барлық су қоймалары бақылауға алынды
Барлық су қоймалары бақылауға алынды
Таяуда облыс әкімі Бауыржан Әбдішев Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысын өткізді. Жиында тасқын зардабының алдын алу және зардап шеккендерге жәрдем беру туралы мәселелер қарастырылды.
Аймақ басшысы тасқын зардаптарын алдын алу үшін 2014 жылға арналған іс-шаралар жоспары бар екенін еске салды. Аталған жоспарға сәйкес аудан әкімдеріне, гидротехникалық құрылыстардың жеке меншік иелеріне, ТЖ ұйымдарына нақты тапсырмалар берілгенін баса айтты. Бірақ атқарылған ауқымды шараларға қарамастан, тасқынның алдын алуға байланысты жайттар көңіл көншітерлік емес. Аталған мәселелер бойынша облыстық Төтенше жағдайлар комиссиясы төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары С.Ыдырысов баяндады.
С.Ыдырысовтың айтуынша, күннің күрт жылуына байланысты қоймадағы судың межесінен асып, былтырғы жылға қарағанда ені молайып кеткен. Приозерск, Балқаш, Сәтбаев, Жезқазған, Саран, Шахтинск, Қаражал қалаларында, Жаңаарқа, Ақтоғай және Ұлытау аудандарында қауіп жоқ. Дегенмен Бұқар жырау, Нұра, Шет, Қарқаралы, Абай аудандарында және Қарағанды қаласында жағдай бірқалыпты емес.
Бүгінгі таңға дейін облысымызда 19 төтенше жағдай тіркелген. Оның екеуінде плотина жарылып, 1-інде жарылу қаупі бар екені анықталған. 14 жағдайда тұрғын үйлер су астында қалған. Төтенше жағдайлардың алдын алу және хабарлау үшін 1145 адам, 216 бірлік техника жұмылдырылған. Атқарылып жатқан шаралар туралы Нұра-Сарысу бассейн инспекциясының басшысы Бақытнасыр Данбаев, «Казводхоз» директоры Гурам Соболев, «ҚазАвтоЖол»-дың Қарағанды бойынша филиалының директоры Қанат Шаймин нұсқаулар алды. Сонымен қатар қала және аудан әкімдеріне де бірқатар тапсырмалар берілді.
Отырыс соңында облыс әкімі жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажеттігіне тоқталды. «ТЖ-лардың алдын алу шаралары осымен аяқталды деп айту әлі ерте. Түрлі себептерге байланысты тасқынның қаупі болуы мүмкін екенін қаперде ұстауымыз керек», – деді аймақ басшысы
Көкпекті ауылында орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Таяуда 420 адам және 81 бірлік техника жұмылдырылды. 516 тонна қалдықтар шығарылып, 130 метр жол төсемесі қалпына келтірілді. Дамбаны бекіту бойынша жұмыстар жалғасуда. Байланыс және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары бойынша телефон байланысының 32 номері, әуе байланысы бойынша 1 мың метр, көшедегі 26 жарық бағаналары жаңартылып, қалпына келтірілді.
Түрлі меншік ұйымдары мен жеке кәсіпкерлер, жалпы жұртшылық ауыл тұрғындарына киім-кешек, азық-түлік, шаруашылық тауарлары түрінде қолдан келген көмектерін көрсетуде. Оларды қабылдап алу пункттері ашылды.
Елордасы Астана жұртшылығынан 20 тонна гуманитарлық көмек керуені келіп жетті. Естеріңізге сала кетейік, елордадан су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды облысының Көкпекті ауылы тұрғындарына 10 миллион теңгеден астам қаржының гуманитарлық жүгі жөнелтілген еді.
Сонымен қатар, зардап шеккендерге көмек-қолдау көрсету мақсатында жергілікті билік тарапынан арнайы есепшот ашылған болатын.
Барлық жұмыстар Қарағанды облысы әкімінің жеке бақылауында.
Индира Байсалбекова