«Балаусаның» үздіктері

«Балаусаның» үздіктері

«Балаусаның» үздіктері
ашық дереккөзі

«Бала тілі – бал». Балдан тәтті балақанға арнап, бала тілінде сый ұсыну шығармашылық адамдарына оңай соқпасы анық. Әсіресе, ол екі жас пен сегіз жас арасындағы бүлдіршіндер болса, тіптен қиын. Алайда, баланың тілінде сөйлету де шеберлікті талап етеді. Баланың санасына ұғынықты, жеңіл оқылатын шығармалар азайып барады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Қазақмыс» Тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы мектеп жасына дейінгі балаларға арнап, қазақ тіліндегі үздік әдеби шығармалардың «Балауса» бәйгесін жариялап келеді.

Бұл бәйге осыдан екі жыл бұ­рын Халықаралық балалар кітабы кү­нінде, яғни 2012 жылдың 2 сәуірінде алғаш рет өткізілген еді. Екі жылдан бері «Балауса» бәйгесі дәстүрге еніп барады. Аталмыш бәйгенің мақсаты да айқын – балалар әдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық әдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар азамат болып өсуіне ықпал ету. 

Яғни, балалар ұғымына сай­ жазылатын шығармаларға қой­ы­ла­тын талап та бір – туған елге, жерге деген махаббатын ояту, отан­сүйгіштікті санасына сіңіру. Үміткерлердің шығармалары биылғы жылдың 15 ақпанына дейін қабылданған болатын. Байқаудың ережелері мен шарттары да қазақ тілінде шығатын республикалық және аймақтық баспасөз беттерінде жарық көрген. Биылғы бәйгеге қатысушылардың құрамында елімізге танымал жазушыларымыз да, әуесқой авторлар да бар. Биылғы байқауға 195 автордан шығарма келіп түсіпті. Ұзын саны 220-дан астам шығарма әділқазылардың сараптауына түсті.

Әділқазылар алқасының төра­ға­сы, танымал балалар жазушысы Ескен Елубай ағамыздың пікіріне сүйенсек, шығармалар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. «Бәйге жұмыстарының санымен бірге сапасы да жоғарылап келеді. Биылғы байқауға танымал қалам­герлерімізбен бірге, студенттер де, мектеп оқушылары да қатысты. Бұл «Балауса» байқауының таны­мал­дығы артып келе жатқандығының айқын көрінісі. Әділқазылар алқасы күндіз-түні тынбай еңбек етті. 220 шығарманың арасынан үздіктерін ғана таңдап алуға тырысты. Әділқазылар алқасының атынан бәйгеге қатысқан барлық қаламгерлерге алғыс білдіріп, бәйге жеңімпаздарын құттықтағым келеді», – деді балалар жазушысы. 

Бәйге жеңімпаздарын мара­пат­тау рәсімі Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемле­кет­тік академиялық балалар мен жас­өс­пірімдер театрында өтті. Әнмен өріліп, жырмен көмкерілген кеш­те үздіктерге сый-сияпаттар та­быс етілді. 

Жеңімпаздарды марапаттауға «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Бас директоры Бақтияр Қрық­пы­шев мырза арнайы келіпті. Бақ­тияр мырза құттықтау рәсімінде: «Қазақмыс әлеуметтік және қайы­рымдылық жобаларды қолдауға бағытталған белсенді қызметімен қатар, еліміздің мәдени мұрасы мен қазақ тілін қолдауға, оны ілгері­летуге белсенді түрде атсалы­сып келеді. Бұл бастамалар Қазақ­мыс Тобының корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі бағдарламасында көрініс тауып отыр. «Балауса» әлеуметтік мәні зор бағдарламалардың бірі. Бұл бәйге көпшіліктің балалар әдебиетіне деген ерекше қызығушылығын артырып, ұлттық мәдениетті дамытуға, келешек ұрпақты тәрбиелеуге қомақты үлесін қосады деген сенімдемін. Бұл байқауға қаламгерлердің, студенттердің, жоғары оқу орындары оқытушыларының және жалпы шығармашылық адамдарының ерекше талпынысының оянуы осынау игілікті дәстүрді жалғас­ты­руымызға себеп болды», – деді. 

Сонымен, биылғы «Балау­са­ның» үздік­тері кімдер?

«Балауса» бәйгесінде үшінші орын­ды өлеңдер топтамасымен Сүлеймен Баязитов, «Ғаламат түн» атты әңгімесімен Заря Жұманова, өлеңдер топтамасымен Алмат Исаділов иеленді. Ал екінші орынға «Мәмілегер» әңгімесімен Бекболат Әдетов пен өлеңдер топтамасымен ақын Бауыржан Жақып ие болды. «Біз де бала болғанбыз» әңгімесімен бірінші орынды Тұрдақынбай Жексенбай жеңіп алса, бас жүлде ақын Тілеуғазы Бейсембекке бұйырды. Ақшалай сыйлықты иемденген жеңімпаздардың шы­ғар­малары алдағы уақыттарда респуб­ли­калық басылым беттерінде жарық көрмек. 

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ