Л.И. Мирзоян расында кінәлі ме?

1933-1938 жылдар аралығында Қазақстанда өлкелік партия комитетінің хатшысы болып Левон Исаевич Мирзоян басқарды. Ол ашаршылықтан әбден еңсесі түскен елдің есін жинау үшін оларға несиеге мал бергізді. «Малсыз отбасы болмасын» деген ұран көтерді. «Байы, әлден, мал өсір» деді. Орталық Комитетке айтып жүріп сырттан астық жеткізді. Еңсесін көтерген, қисайған шаңырағын түзеген, халықтың шын жанашыры болған тамаша іскер, қайратты, шебер ұйымдастырушыны ел-жұрт құрметтеп, зор сүйіспеншілікпен «Мырзажан» деп атап кеткен. Жан түршігерлік алапат ашаршылықтан адам айтқысыз азап шеккен жүздеген мың адамды ажал құштырмай, аман алып қалу – естен кетпес жақсылық, зор қамқорлық.

Мирзоян сондай-ақ ұлттық өнер мен дәстүрді, ұлттық рухты, тілді де көтерді. Оның қамқоршысы, жанашыры болды. Қазақ зиялыларын басшы қызметке көбірек тағайындады. Мұның бәрін ол Тұрар Рысқұлов және басқалармен ақылдаса отырып істеді. Мирзоян басшылық еткен тұста Қазақстан мәдениеті қарыштап дамыды. Мирзоянның белсене атсалысуымен 1934 жылы ҚазМУ ашылды. 1936 жылы Қазақстан Ресей Федерациясы құрамынан бөлініп, жеке одақтас республикаға айналды. Өкінішке қарай, 1938 жылы Левон Исаевичтің өзі де репрессияға ұшырап, 1955 жылы ақталды. Білетіндердің айтуынша, оған қойылған айыптың бірі «қазақ ұлтшылдығы» болған көрінеді. 

Соңғы айларда ұзақ уақыт жағымды жағымен дәріптеліп келген Л.И.Мирзоянның шынайы бет-бейнесі әшкереленіп, оның атындағы көшелер аты өзгертілсін деген сарындағы басылымдарды оқып, іштей күйзеліп, осы мақаланы жазбасқа әбдім қалмады. «Ғаламтор желісінен алынған тарихи құжатта отызыншы жылғы антикеңестік элементтердің көзін жою бойынша тапсырылған бірінші категориямен 8 мың адамды, екінші категориямен 8 мың адамды репрессиялау туралы тапсырманың толығымен орындалғанын, одан бөлек диверсиялық, шпиондық элементтері бар топтарды жою барысында берілген лимиттен 1600 адамның артығымен ұсталғаны туралы ақпар берген Қазақстан КП(б) ОК-нің хатшысы Л.И.Мирзоянның «Мәскеуге, БКП (б) ОК-не, Сталин жолдасқа» жолдаған шифровкасының көшірмесі жарияланған» дегенді олар тілге тиек етеді.

Бұған қатысты айтарымыз, бұлайша есеп беру Орталық комитеттің арнайы нұсқауымен орындалып отыр. Ондай нұсқауды жауапсыз қалдыру түгілі, сәл-пәл кешіктіруге де болмайтын. Ондай жағдайда республика басшысы жауапқа тартылып, аса қатаң жазаға ұшырар еді. КСРО құрамындағы барлық одақтас, автономиялы республика басшылары түгелдей осындай есеп берді. Ешқайсысы шет қалмады. Олардың бәрі де орталықтың нұсқауын толықтай орындадық деп есеп беруге тиіс болды. Орталық комитетке берген есептің мәтінін де Мирзоян өзі қиыстырған жоқ. Оны атқарушы органдағы адамдар жинақтап, даярлап берді. Сталиндік сыңаржақ саясаттың қанды шеңгеліне іліккен репрессия құрбандары, ұлтымыздың бетке ұстарларын, қаймағын сыпырып әкеткен қызыл қырғын – Мирзоянның еркінен тыс болған қасірет. КСРО көлемінде жүргізілген тоталитарлық жүйенің қатыгездігі жазықсыз жәбірленушілерге ара түсуге ешқандай мүмкіндік бермеді. Ол ешкімге жала жауып ұстап берген емес. Мирзоянды көрген, қарауында қызмет атқарғандар сол үшін де оны құрмет тұтқан. Керісінше, ара-тұра аса сақтықпен байқап, қайсыбір өзі жақсы білетіндер жайлы сәл-пәл оң пікір білдіруі Мирзоянға зиянын тигізіп, «қазақ ұлтшылы» атандырған сыңайлы. Ал өз қандастарымыз ше? «Кешегі қызылдар ұйымдастырған қасап қырғында саясат желінің алдына түсіп, бірін-бірі көрсетіп, қаймақтарымызды сыпырып алып, шетінен тізіп,  отарлаушылардың қолына жарыса ұстап бергендердің де өзгелер емес екенін бұл күнде архив деректері айғақтап жатқан жоқ па», – деп жазыпты бір автор. Олардың аты-жөнін атап көрсетпей, бәріне уақыт кінәлі деп келдік. Құлдық санадан, сондай-ақ қызғаныш пен көре алмаушылықтан арылмаудың кесепаты туралы Елбасымыз бір сөзінде көп жәбір көрушінің өз қандастарымыздың сұқ саусағымен көрсетіліп, «әшкерелегені» жайында айтқан еді.

Мақалада айтылғандай, өкінішке қарай, А.И. Микоян көшесінің аты да өзгертіліпті. Ол – отаршылардан зардап шеккен ұлттардың шынайы жанашыры болған тарихи тұлға. 1959 жылғы халық санағында қазақтар республика халқының 30 пайызы ғана болып, азшылыққа айналып, өз ата қонысының тағы да біраз бөлігінен айрылып қалу қаупі туды. Хрущев тың өлкесін Ресейге қосу амалын іздеп, саяси бюроға ұсыныс жасағанда халқымыздың абзал да ардагер азаматы, қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов «республиканың астықты бес облысын Ресейге қосу – қазақты қорлау, намысын жер ету, қалыптасқан шаруашылық – экономикалық қарым-қатынасты біржолата құрту деген сөз. Халықтың тамырына балта шабумен бірдей. Мен тың өлкесін Ресейге бермек тұрмақ, мәселенің күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын», – деп отты сөздерімен оның бетін қайтарған еді. Білетіндердің айтуынша, осы бір аса жауапты да қиын сәтте А.И. Микоян: «Никита Сергеевич, мұнда ойланарлық жәйт жоқ емес. Асығыстық жасамай, мәселенің шешімін кейінге қалдырғанымыз жөн секілді» – деп, Хрущевке басу айтып, Ж.Тәшеновке қолдау білдіріп, көмек қолын созғанына қалай риза болмасқа.

Қорыта айтқанда,  ұлты өзге деп, елімізге өлшеусіз еңбегі сіңген тарихи тұлғаны сынықтан сылтау іздеп жөн-жосықсыз кінә артуға даяр тұратынымыз жөн емес. Қандай да болса өзекті мәселені жан-жақты ойластырып, істің себеп-салдарын өз мәнінде аша түсіп, зердені қанағаттандыратындай түбегейлі шешімге қол жеткізсек,  қанеки.

Сейдін Бизақов, 

этнограф  ғалым

Back to top button