ӨЗ ҮЙІНЕ ҰРЛЫҚҚА ТҮСКЕН КІСІДЕН НЕ АЙЫРМАМЫЗ БАР?

ӨЗ ҮЙІНЕ ҰРЛЫҚҚА ТҮСКЕН КІСІДЕН НЕ АЙЫРМАМЫЗ БАР?

ӨЗ ҮЙІНЕ ҰРЛЫҚҚА ТҮСКЕН КІСІДЕН  НЕ АЙЫРМАМЫЗ БАР?
ашық дереккөзі

Ұлттық экономиканың тірегі шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері деген сөз жалаң ұран емес. Дамыған экономикасы бар елдердің дені ауқымы шағын, саны басым кәсіпкерліктің арқасында шаруасын түзеп алған. «Кәсіпкер ұлтқа» айналу идеясы әлемде тосын жаңалық емес. Сәуір айының басынан жыл соңына дейін мемлекет шағын және орта бизнесті тексеруге кезекті мораторий жариялады. Оның жемісі не болмақ? Ұлттық кәсіпкерліктің бүгінгі «бас ауруы» не? Қазақ кәсіпкерлері өзгеге қашан өнеге болмақ?

Осы сұрақтарды тәжірибелі кәсіпкер, Қазақстандық софтверлік компаниялар қауымдастығының президенті Азаматхан Әміртаевқа қойған едік.

– Өткен аптадан бастап елімізде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге кезекті мораторий жарияланды. Елбасы бұдан былай кәсіпкерлерді тексерудің жалпы мәні өзгеретінін де ескертті. Сіздіңше, осы мораторийден қандай нәтиже күтуге болады?

– Кәсіпкерлерді тексеруге моратоий жариялаудың белгілі бір деңгейде жағымды әсері болары сөзсіз. Әйтсе де, бұл мораторий мерзімінің шектеулі екенін, яғни 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін ғана жарияланғанын ескеру керек. Ендеше, тексеріс қайта басталған кезде қазіргі механизмдер қалай өзгереді, мемлекеттік органдар Президенттің заңнамалық актілерді өзгерту туралы тапсырмасын қалай орындайды – мәселе сонда. 

– Тексерістер туралы айтқанда, сыбайлас жемқорлық тақырыбын айналып өту мүмкін емес. Бірінсіз бірін елестету қиын сияқты. Жемқорлық отандық кәсіпкерлерге қаншалықты тұсау?

– Қазақша айтқанда, бұл салада қазір «шаш ал десе, бас алатын» жағдай қалыптасты. Мысалы, шенеуніктер тексерісті 40 пайызға азайттық деп ақпар береді. Шын мәнінде, шағын және орта кәсіпкерлікті тексерудің өзі бизнеске айналғалы қашан. Кәсіпкерлерді тексеріс түрі неге көп? Оның екі себебі бар. Біріншісі, кәсіпкерлердің бәрі бірдей өз құқығын толық білмейді. Қандай іспен айналысса да, әйтеуір бір шикілік шығып қалып жатыр. Сол шикіліктердің кесірінен тексерістен қорқып, олқылықтардың орнын тиын-тебенмен жамап-жасқап әуре болады. Екінші себеп – жаңа айтқанымдай, тексеріс үлкен бизнес көзі болып отыр. Долбарлап айтқанда, мемлекеттік сатып алу саласында 1 триллион теңге көлеңкелі «айналымда» жүр. Біздің қоғамда кей адамдардың тексеруші мемлекеттік органдарға тұрмысын түзеу үшін жұмысқа тұратыны жасырын жайт емес. Бұл салада кем дегенде 1 миллион адам күн көріп жүр. Осыдан он жыл бұрын мемлекеттік сатып алу байқауына қатысқандар алынған қаржының 10-15 пайызын «бармақ басты, көз қысты» жұмсайтын болса, қазір оның көлемі 20-25 пайызға жетті. Тендерге қатысқанның бәрінің басынан өтетін жайт бұл. Парақорларды ұстап жатыр, қамап жатыр – бірақ одан сыбайлас жемқорлық азаятын емес. Сондықтан әлде де кешенді түрде ойластырылған ауқымды жұмыс істеу керек. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, Еуропа, Америкада бұл мәселе қалай шешілген, осыған назар аудару керек сияқты. Тіпті, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапурдың сыбайлас жемқорлықпен күреске қарсы бағытталған заңдарын алып қарасақ та жеткілікті еді. 

– Қазір мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің көп түрі электронды нұсқаға өтті. Лицензия, рұқсаттарды онлайн арқылы алуға болады. Онлайн-қызметтер «бармақ басты, көз қысты» қағидасын жоюға сеп бола ала ма? 

– Бір ғана мысал, бизнеске қатысты лицензияның жүздеген түрі бар, соның бәрін онлайн арқылы алуға мүмкіндік бар ма – мәселе сонда. Әрине, мемлекеттік сатып алуды электронды нұсқаға көшіру түптің түбінде жемқорлықты азайтуға алып келеді. Ақпараттық технологиялар арқылы бұл сала біртіндеп ашық жағдайда жұмыс істеу тәсіліне көше бастады, оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ оның толық тиімділігін көру үшін уақыт керек. Ал қазір электронды сатып алу жүйесі іске қосылғанымен, оны кім басқарып отыр? Онда қандай ақпараттық технология­лар пайдаланылған? Бұл мәселелер анық емес. Мысалы, онлайн желі кейде дұрыс жұмыс істемей, кейде тіпті қосылмай қалады. Ақыр аяғы, мемлекеттік сатып алу байқауының қорытындысы оны ұйымдастырушы мемлекеттік органның қолында. 

– Өзіңіздің электронды қызмет түрлерін пайдалану тәжірибеңізден не айтасыз?

– Әрине, электронды қызмет көрсету жүйесін біз жиі пайданаламыз. 

– Нақты қандай кемшіліктері бар?

– Біріншіден, бұл жүйенің ақпа­рат­тық қауіпсіздігі өте осал. Екіншіден, ол жүйенің өз ішінен қалай басқарылып отырғаны құпия. Желіні іске қосуда қандай технологиялар пайдаланылғанына көп нәрсе байланысты. Мысалы, кезінде электронды сатып алу жүйесін жекеменшік компания жасаған болатын. Кейін оны «Электронды коммерция орталығы» атты мекеме алды да, өздері игеріп, өздері басқарып отыр. 

– Кәсіпкерлер өз құқығын толық білмейді деп айтып қалдыңыз. Соңғы кездегі тағы бір жаңалық – бизнес-омбудсмен институтын құру қолға алынбақшы. Бұл құрылым жергілікті кәсіпкерлер құқығын қорғаумен айналысады. Сонда қазір кәсіпкерлер құқығы қалай қорғалып жүр?

– Мұндай институт өте қажет. Бірақ мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық аймақ-аймақтардағы мыңдаған кәсіпкерлерге жете ме деген мәселе күмәнді. Тексерістерден көз ашпайтындардың дені мемле­кет­тік сатып алумен жұмыс істей­тін кәсіпорындар. Әдетте, ауыл шаруа­шылығы саласындағы шағын қожалықтарды аз тексереді. Сондықтан бұл салада әлі талай нәрсені ашық айтып, талай жұмыс істеу керек. 

– Президент Н.Назарбаев Гаагада өткен конференцияда Украинадағы жағдайға қатысты пікір айтып, оның экономикалық ахуалына алаңдайтынын білдірді. Шын мәнінде, Ресейге экономикалық санкциялар жарияланса, Кеден одағы елдерінің тауар айналымына әсер етпей ме? Мұндай жағдайда біздің кәсіпкерлердің жағдайы нешік болмақ?

– Президент «Ресейге жасалған санкциялар Қазақстан экономикасына әсер етпейді» деп ашық айтты. Ұлттық экономикамыз тек Ресеймен емес, Еуропа, Қытай, АҚШ-пен, Азия елдерімен де тығыз байланыс­ты. Меніңше, мұнайдың бағасы күрт түсіп кеткен жағдайда оның салдарын сезінуіміз мүмкін. Бірақ отандық кәсіпкерлерге төнген анау айтқандай қауіп жоқ деп ойлаймын. 

– Кеден одағының құрылғанына да үш жыл болып қалды. Яғни, белгілі бір қорытынды жасайтындай уақыт өтті. Отандық кәсіпкерлер үшін Кеден одағының пайдасы көп пе, әлде зияны басым ба?

– Кедендік одақтың жергілікті нарыққа айтарлықтай әсері болды. Ең әуелі, Кедендік одақ отандық кәсіпкерлердің әлеуетін көтеруге жақсы ықпал етті деп ойлаймын. Жергілікті кәсіпкерлер бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге үйренді. Мысалы, мен өзім басқаратын компанияларда маркетинг, менеджмент жүйесін толық өзгертуді қолға алдым. Қазір қазақстандық өндірісті дамытуға көп көңіл бөліп жатырмыз. Сондықтан отандық кәсіпкерлік жылдан-жылға шыңдалып келеді деп ойлаймын.

– Бізде кәсіпкерлердің саны жыл сайын артып келе жатқан сияқты. Бірақ олардың көбі өз қамын өзі күйттеп, өз жыртығын өзі жамап жүргендер. «Кәсіпкер ұлтқа» («Қазақстан-2050» стратегиясының межелерінің бірі – Г.О.) айналу үшін мемлекет тарапынан не істеліп жатыр? 

– Шындығын айтқанда, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау үшін көптеген игі бастамалар қолға алынған. Ол жеңілдетілген несиелер болсын, тексерулерге мораторий жариялау болсын – осыған ұқсас талай шаруалар атқарылып жатыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлер біліктілігін артыру, олардың жұмысының тиімділігін арттыру шараларын толық қолдаймыз. Бірақ жемқорлықтың кесірінен мемлекеттің қамқорлығы ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлерге жетпей қалып жатады. Жергілікті менталитеттің кесірінен көбіне мемлекеттік несиені туыс-туғанына беру, таныс жағалаудан әлі арыла алмай келеміз. Басқа елде жүрген жоқпыз, өз алдымызға тәуелсіз мемлекет бола тұра, өз байлығымызды талан-таражға салуымыз ақылға сыймайтын іс. Өз үйіне ұрлыққа түскен адам сияқтымыз біз. Президент айтып жатыр, жарлық шығып жатыр, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр, бірақ оның бәрін орындауға келгенде жергілікті әкімшіліктер тарапынан түрлі кедергілер пайда болады. Ал егер мемлекет тарапынан қолға алынған бастамалардың бәрі түгел қалтқысыз жүзеге асар болса, онда ұлттық кәсіпкерлік баяғыда-ақ жайқалып өсіп-өнер еді. Мысалы, көрші Ресейдегі әріптестеріміз біздегі жеңілдіктер мен мемлекеттік қамқорлықтар жайын естігенде, таң қалады, бізге тамсанады. Бірақ мемлекеттік жеңілдіктер де, қаржылық қолдау да шын кәсіпкерлерге жетпей жатқанын жасыра алмаймыз. Оларға мемлекеттік шенеуніктердің айналасына топтасқан белгілі бір адамдар ғана ие болады. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдаумен қатар, адал кәсіп етіп, арам ақшадан бойды аулақ ұстауды әдет еткен қоғамдық сана қалыптастыруға да күш салуымыз керек-ақ.

– Өткен аптада Алматыға амери­ка­лық кәсіпкер Брайан Трейси келіп, қазақ кәсіпкерлеріне дәріс оқып кетті. Мұхиттың ар жағындағы елден келген бизнесмен менталитеті бөлек жұртқа пайдалы кеңес бере алды ма?

– Брайан Трейсидің Алматыда өткен екі күндік семинарына арнайы барып қатыстым. Шамамен 500 кәсіпкер жиналды. Өз тәжірибемнен айтсам, пайдалы ақпарат, қажетті білім, өнеге алдым дей аламын. Ол кәсіпкерлік ойлау жүйесін дұрыс қалыптастыруға көп көңіл бөледі. Мысалы, кез келген кәсіппен айналысу үшін маркетингтік зерттеу жүргізу керек дейді. Оның төрт түрлі тірегі бар: біріншісі, арнайы мамандану. Ол – сататын тауар не қызмет түрін анық білу. Екіншісі, дифференциация. Сіз сататын тауардың басқалардан не артықшылығы, не айырмашылығы бар? Бәсекелестің тауарынан нақты үш артықшылығын білуіңіз керек. Үшіншіден, сегментация. Ол – тауарыңызды саудалайтын нарықты зерттеу. Төртінші, концентрация. Жаңағы үш мәселені анықтап, біліп алған соң, өз тауарыңызды сатумен ғана айналысу керек, бар қажыр-қайратты соған ғана арнау керек. Кез келген кәсіпте, әр істе өз мақсатыңызды анық, нақты білуіңіз керек. Жұмысты қиындатудың қажеті жоқ дейді Трейси. Бұдан басқа да көп кеңестер айтылды. Меніңше, жергілікті кәсіпкерлерге пайдасы көп оқу болды деп ойлаймын. Семинарға қатысқан біраз таныс кәсіпкерлер өз бизнесін басқару жүйесін Трейси айтқан тәсіл бойынша құрып жатыр. Ол «осы семинардан кейін сіздер өз бизнестеріңіздің пайдасын екі есе көбейтесіздер» дейді. Тіпті, «егер олай болмаса, осы семинарға жұмсалған ақшаңызды қайтарып беремін» дейді. Мұндай уәде беру үшін кәсіпкер өзіне нық сенімді болу керек қой.

– Кәсіпкерлік саласында өзге жұртты біз үйрететіндей жағдайға қашан жетеміз деп ойлайсыз?

– Бүгінгі таңда қазақта басқаны үйрететіндей кәсіпкер жігіттер баршылық. Олар белгілі бір ортада өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып жүр. Бірақ олардың көбі тексерістен қорқады. Өйткені тексерушілердің қай тұстан келіп, қандай кемшілік табарын білмейді. Мысалы, Қытайда тексеріс түрі он есе аз екен. Сондықтан жөн-жосықсыз тексерісті азайту керек. Егер тексерістер түрі азайса, ұлттық кәсіпкерлік саны он есе, тіпті жиырма есе көбейер еді, одан соң олар өз тәжірибесімен халықпен бөліседі, әрқайсысы өз алдына мектеп қалыптастырады. 

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш ОМАР

Астана