Жаңалықтар

ҚАЛА ДА ЖЫЛАП ТҰРДЫ...

ашық дереккөзі

ҚАЛА ДА ЖЫЛАП ТҰРДЫ...

Сәуірдің әдемі бір кеші аяқ астынан жүзін кірбің шалған арудай лезде түнеріп сала берді. Таңертеңгі жайма-шуақ қалпы өзгерген. Аспан тұтастай қара қошқылданып, күлгін бұлттар жылжып, сол түнерген күнді паналап көшіп барады. Бұл, енді, әсем қаламыз Алматының құбылмалы ауа райы! Дегенмен, концертке жиналған халық сырттағы бұл көріністі елең етпейтіндей. Әлдебіреулердің жан толқынысы жанарының айналасында тұнып қалған мөлдір тамшыларға айналып, үзіліп түспей кірпіктеріне ұялап қалғандай ма, қалай?!

Қаламыздағы Қазақ мемлекеттік циркінің төрт бұрышы да толып отыр. Бүгін – қазақтың талантты, дарынды бір қызын еске алуға арналған кеш. Бұл – әлемнің ең үздік иллюзионистерінің алғашқы ондығына енген, қазақтан шыққан тұңғыш трансформациялық магия шебері, журналист-иллюзионист Алтынай Байтоқанованы еске алуға өнердегі және журналистика саласындағы достары ұйымдастырған өнер кеші еді. 

Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген Алтынай қазақ өнеріне осы бір жаңа жанрды енгізуге өзінің бүкіл қарым-қабілетін жұмсағанын, тіпті қыршын ғұмырын да сарп еткенін осы бір еске алу кешінен ұққандай болдық. Ұққандай емес, мойындадық. Өнердің осы бір жұмбаққа толы тылсым түрін жанына серік ету үшін Орталық циркке ең төменгі жұмыс қолынан бастап әкімшілік қызметке дейін арланбай-намыстанбай қызмет атқарғанын жанында жақын жүрген құрбылары болмаса былайғы жұрт біле бермейтін де болар. Сөйтіп жүріп, 2001 жылы «Алтынай-шоу» театрын ашып, Швейцария, Грекия, Италия, Польша, Түркия, Франция, Қытай мемлекеттерінде қазақ мәдениеті мен өнерінің биік деңгейін көрсетіп жүрді. Әсіресе, Қытайдың Ханчжоу қаласында 17 елдің иллюзионистері қатысқан халықаралық фестивальде бас жүлдені жеңіп алуы қаршадай қазақ қызының қабілетін аша түскендей еді.

«Ән айтсаң жаныңды жеп айта­сың» дегенді айтқан данышпан халық, өнердің қай саласы болса­ да жаныңды жеп, санаңды сарп еткізетін еңбекті қажет ете­тінін меңзеген болар. Алтынай да осы бір өте талантты, желдей жүйрік ақыл-ойды қажетсінетін жұмбақ әлемнің қызығымен жүріп, өзінің денсаулығына көңіл бөлуді ұмытқандай еді. Осы бір жарыстар мен табыстар оның денсаулығына әсер етпей қоймады. Біртіндеп дендеген дерт осындай үл­кен өнер иесін арамыздан алып кетті…

Бақтияр Қожа мен Алтын Махан­бетова жүргізген еске алу кешіне Роза Қуанышқызынан бастап сахналас, өнердегі құрбылары қатысты. Әсіресе, Лұқпан Жолдас­тың орындаған «Алтынай» әні тыңдармандардың жүрегіне, көңіл-күйіне дөп тиіп жатса, «Сәт» тобының жігіттері дайындап келген «Аққан жұлдыз» әніне түсірілген бейнебаян жұртшылықтың көкейіндегі мұңды қозғап, көздеріне жас алдырды. 

Концерттен шыққанда да Алма­ты әлі егіліп тұр екен. Осы бір жабыр­қаған халықтың көңіл күйі мен сырттағы қара түнек болып тұрған Алматы түні көкіректе жылт еткен жақсы бір ойды да арқалатқан. Алтынай бастаған осы бір өнердің жалғасы үзілмейтіні, өмірінің мәні мен мағынасына айналған сиқыр әлемінің жалғасын туған сіңлісі Ләззат Байтоқанованың жал­ғастыратыны көңілге демеу бол­ғандай. Сахнадағы Ләззаттың жүріс-тұрысы, қимыл әрекеті мен жанарының жарқылына дейін Алтынайды елестеткендей болды. Жұмбақ әлемнің жұлдызы биік болғай деп, «Алтынай-шоу» театрының жас ханшайымы Ләззат Байтоқановаға іштей сәт­тілік тіледік… 

 Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ