АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІ

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІ

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІ
ашық дереккөзі

Өзбектердің телеарнасын көре-көре
бастары айналған қазақтың қарадомалақтары президентінің кім екенін ажырата
алмайтын халге жетіпті. Ал Жириновский сияқтылардың тәуелсіз Қазақстанға,
Қазаққа тісін қайрайтын қитұрқы әрекеттері мен мәлімдемелері жиілеген.
Ақпараттық кеңістіктегі бос кеңістікті толтыруға тырысқан өзбектер мен
орыстардың телеарналары, газет-журналдары Қазақстан халқына өз саясаты мен
мүддесін күштеп таңуға жанталасуда. 

  «Қазақстанның президенті – Ислам Каримов!»


01c09a03b79fcac00d35664f878f344a.jpg

Бұқаралық ақпарат құралдары – кез келген мемлекеттің
идеологиялық қаруы. Саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік тұрғыда аса маңызды
салалардың қатарында. Мемлекеттік тұтастық, ұлттық қауіпсіздікті қорғауда да
БАҚ-тың үлесі орасан зор. Өкініштісі сол, бүгінде ақпараттық кеңістікке
жатжұрттықтардың ықпалы басым. Мұның себебін әркім әртүрлі түсіндіреді: отандық
мамандардың кәсіби білігі төмен болғандықтан, шетелдіктермен бәсекеге түсе
алмайды-мыс, қаражат тапшылығы кедергі-міс, көрерменнің талғамын тап басу
қиын-мыс т.б. Егемен ел атанғалы бері көгілдір экраннан діні мен ділі, тілі мен
тарихы бөлектердің туындыларын тамашалауды әдетке айналдырғанбыз. Соңғы кездері
енді ақпараттық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шықты. Оған себеп, еліміздің
кейбір аймақтарында, әсіресе, оңтүстік пен солтүстік аймақта ақпараттық
кеңістікке көрші елдер – Ресей мен Өзбекстанның ықпалы зор. Оңтүстік аймақтағы
қандастар, атап айтқанда ОҚО-ның Сарыағаш, Қазығұрт пен Мақтарал аудандарының
тұрғындары бірнеше жылдан бері қазақстандық емес, өзбекстандық телеарналарды
көбірек көретіндіктеріне алаңдаушылық білдірген болатын. Оған себеп,
мемлекеттік телеарналардың хабар таратуға мүмкіндігі шектеулі көрінеді. Осыны
тиімді пайдалануға тырысқан өзбектердің УЗТВ-1, УзТВ-2, сондай-ақ, өзбектердің
«Яшлар», «Марказ ТВ», «Спорт Узбекистон», “Тошкент ТВ» сияқты басқа да
жекеменшік және жергілікті телеарналары мен радиоарналары ақпараттық бостықты
толтыруға құлшына кірісіпті. Әрі қазақ телеарналары түсіретін өнімдерге
қарағанда өзбектердің өнімдері әлдеқайда тартымды және қызық екен. Бұл елдің
ішкі қауіпсіздігіне қатер төндіретіні анық. Өйткені өзге елдің саясатын,
мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау қоғамдық пікірдің екіге жарылуына, халықтың
бірлік жолында ұйысуына кедергі. Ақпараттық кеңістікке байланысты жүргізілген
сауалнама барысында Сарыағаш ауданының Жамбыл мен Жаскешу ауылдарында тұратын
ағайындар: «Өзбек телеарналарының ықпалының күштілігі сонша, балаларымыз
Қазақстанның президенті Ислам Каримов деп ойлайды», – депті.

  Өкініштісі сол, мұндай сорақылықтан,
яғни, ақпараттық шабуылдан Ресеймен шектесетін солтүстік аймақтар да зиян
шегуде. Әсіресе, кремльдік, путиндік саясатты насихаттайтын, ресейлік көзқарас
пен ұстанымды ұлықтайтын газет-журналдар санында қисап жоқ. Сонымен қатар соңғы кездері қабельдік жүйе арқылы таратылатын телеарналардың жымысқы әрекеті
де жиі қылаң береді. Мәселен, жуырда «Россия24» телеарнасындағы Владимир
Жириновскийдің Қазақ елінің тұтастығына, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін
әрі шовинистік пиғылдағы мәлімдемесінен отандық қоғам қайраткерлері «Россия24»
арнасының Қазақстанда хабар таратуына  тиым салуды талап етті. Ресей Федерациясының Отан қорғау
күнінде Жириновский «Россия24» телеарнасы арқылы: «Орта Азияда ешқандай республика
болмайды! Ортаазиялық федералдық аймақ – бас қаласы Верный! Бүгінде оның атауы
басқаша, Алма-Ата – менің туған қалам. Бұл атауды Өзбекстан, Қырғызстан,
Тәжікстан, Түркмения, Қазақстан ойлап тапқан. Ортаазиялық федералдық аймақ!», –
деп ұрандатқан болатын. Ел арасына жік салатын, арандататын осы мәлімдемеден
кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Ресейдің сыртқы істер
министрлігіне Жириновскийдің атына нота дайындалғанын мәлімдеді. Ал қоғам
қайраткерлері оның Қазақстанға кіруіне тиым салуға, яғни, «персона нон-грата»
тізіміне енгізуді талап етті. Сол кезде ресейлік саясаткерлер мен қоғам
қайраткерлері «Жириновскийдің кесірінен Назарбаев пен Путин арасына сызат түсуі
мүмкін» деген болжам айтқан болатын. Бірақ Қазақстан, Қазақ десе, жыны қозатын
Жириновскийдің сандырағын жуып-шаюға тырысқан Ресейдің құзырлы органдары «екі
мемлекет арасындағы ежелгі достыққа, байланысқа ешкім кесірін тигізе алмайды»
деген уәж айтты, «депутаттың сөзін жұрт дұрыс түсінбей қалған шығар» деп
жақауратты.

  

«Өз өзіңе бекем бол, көршіңді ұры тұтпа»


90e57e916e938ba84f3e24c3775a3695.jpg

Шындығына келгенде, бар кінә – өзімізде. Анығы,
қазақстандық құзырлы органдарда. Бір емес, бірнеше рет Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне,
мемлекеттік тұтастығына қатер төндіретін әлемдік саясаттағы беделіне нұқсан
келтіретін әрекеттерге құзырлы органдар халықаралық тәжірибеде қалыптасқан
әдіс-тәсіл бойынша жауап беруде осалдық танытады. Әйтпесе, тәуелсіз
Қазақстанның тәуелсіз саясатына қайшы келетін дүниелерді заң жүзінде шектеп,
етек-жеңімізді қымтап отыруға ешкім кедергі келтіре алмасы анық. Бұл әлемдік
тәжірибеде бар нәрсе. Мәселен, КСРО кезінде теперіш көргендер тізіміндегі
Балтық жағалауы елдері бүгінде кеңестік империяның «тақ мұрагері» саналатын
Ресейдің саяси, психологиялық ықпалын әлсіретумен үздіксіз күресіп келеді.
Жуырда Латвияның Электронды ақпарат құралдарының Ұлттық кеңесі «Россия РТР»
телеарнасының жұмысына 3 айға тиым салды. Бір апталық хабарды саралаған арнайы
комиссия өкілдері Латвияның «БҰҚ туралы» заңына қайшы келетін бірнеше заң
бұзушылықты тауыпты. Оның ішінде, әскери насихат та бар екен. Яғни, Латвия
азаматтарына Ресейдің әскери күшін жарнамалап, үздіксіз үгіт-насихат жүргізген.
Бізде ОРТ-Еуразия атауымен, ал Латвияда Бірінші Балтық арнасының (ПБК) да
шекесі қызып тұрған жоқ. Бүгінде аталған арнаға «Мақсатты түрде Латвияға қарсы
саясат насихатталды және адамдарды адастыруға тырысты» деген айып тағылып,
әкімшілік іс қозғалыпты. Бұған дейін латыштар жеріндегі ресейлік «НТВ-Мир»
телеарнасы да 3 айға жабылған болатын. Себеп, аталған арна 1991 жылғы
Вильнюстегі оқиғаға арналған деректі фильм көрсетілген. Фильм латвиялықтар
арасындағы қызу пікірталас пен наразылыққа әкеп соққан көрінеді. Осы деректі
фильмді көрсеткені үшін жабылған «НТВ-Мир» телеарнасының кебін Латвия заңына
бағынғысы келмеген басқа арналар да киюі мүмкін. Осының арқасында Сеймдегі Адам
құқықтары мен қоғамдық істер туралы комиссия Латвиядағы ресейлік телеарналардың
ықпалынан туындаған түйткілдерді зерттеу үшін жұмыс тобы құрылғалы жатыр.
Депутаттардың бірі Дзинтарс Абикис: «Германияда ұлтшыл-социалдарды насихаттауға
тиым салынған, бірақ ресейлік телеарналарда біз сталинизмді барынша кең ауқымда
насихаттайтынын байқаймыз әрі олардың радикалдық бағыттағы әрекеті барған сайын
үдей түсуде. Бұл Сеймдегі сайлау қорытындысына кері әсер етуі мүмкін», – деп
наразылық танытты. Депутаттардың мұндай мәселе көтеруіне Латвия азаматтарының
ресейлік арналардағы дүниелердің мазмұны мен маңызына қарсылығы себеп болған
екен. Ал Шығыс Еуропа саясатын зерттеу орталығының басшысы Андис Кудорстың
пікірінше, Ресей сыртқы саясатын қалыптастыруда және тарихты бұрмалауда
бұқаралық ақпарат құралдарын барынша тиімді пайдалануға тырысады: «Первый
канал», «РТР-Планета», Мәскеу мэриясына қарасты «ТВ-Центр» телеарналары т.б.
тарататын хабарларда Латвияға, Еуропалық Одаққа деген өшпенділікті,
астамшылдықты анық байқауға болады. Мұндай әрекеттер әсіресе, карикатуралық
жолмен беріледі. Біз ресейлік телеарналарды бизнес-жоба ретінде ғана қарастыра
алмаймыз. Олар Ресейдің сыртқы саясатының маңызды бір бөлігі саналады».

  Ресейлік телеарналар – Кремльдің уысында


  

a931640782f646d0619c5eaac23e3344.jpg

Өзім дегенде өгіз қара күші бар Кремль
саясатын қолдайтын телеарналарды әлемге барынша кең ауқымда таратуға тырысса,
ішкі саясатында, керісінше, батыстық, яғни, Еуропалық Одақтың саясатын
жақтайтын телеарналарды, батыстық бағыттағы «Театр на Таганке», «Гоголь-центр»
сияқты басқа да театрлар мен кинотеатрларды жауып тастаған көрінеді. Құзырлы
органдар тарапынан тағылған айып: «зорлық-зомбылықты, қызтекелер мен
педофилияны, суицидті насихаттады». Жуырда Ресейде «америкалық мүдде мен
америкалық құндылықтарды насихаттайтын кинотуындыларды кинотеатрлардан
көрсетуге тиым салатын жаңа заң қабылданды. Содан бері РФ азаматтары тек
ресейлік туындыларды қанағат тұтуға мәжбүр. Талай жыл бойы Кремльдің ұр да жық
саясатынан шаршаған ресейлік дизайнерлер, архитекторлар мен суретшілер,
стильдік менеджерлер елді өзгертуге, Путиннің саясатына қарсы шығуға ұмтылғанда
олардың бірі түрмеге тоғытылған, біріне аса ірі көлемде айыппұл салынған,
психологиялық тұрғыда қысым жасалған. Осының салдарынан, олардың көпшілігі
Путинге қарсы күресуді тоқтатыпты. «Эхо Москва» радиосының тыңдармандары
арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың 70,8 пайызы еуропалық
құндылықтарды Ресей үшін аса зиян деген пікір айтыпты. Демек, Ресей тек өзінің
ғана мүддесін насихаттауға бейіл. Ал демократиялық құндылықтарды құлағына да
қыстырмайды. Мұны шетелдік БАҚ-та жиі қылаң беретін «ресейлік электрондық
ақпарат құралдарының 90 пайыздан астамы – Кремльдің ықпалында» деген
қорытындыдан байқауға болады. Тәуелсіздікті, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік
тұтастықты сақтау жолында идеологиялық қаруымыз – бұқаралық ақпарат құралдарын
тиімді пайдаланып, ақпараттық кеңістіктегі өзгенің мүддесін көздейтіндерге заң
жүзінде шектеу қою керек-ақ. Керісінше болған жағдайда, елдің ертеңіне қатер
төне бермек. 


Ерлан Асқарбеков, PR-маманы:

 

8292f1322c2a09e66e77739ad22d2fb8.jpg

– Мен медиа-нарықта 15 жылдық еңбек өтілі мен
тәжірибесі бар маман ретінде елдің ертеңіне алаңдаған ондаған отандаспен бірге
ресейлік, шетелдік телеарналарға тыйым салуға емес, хабар таратуын шектеуді
қолдап, ұсыныс білдірдім. Екіншіден, ресейлік барлық телеарналарды шектеуге
емес, Украинаға қарсы ақпараттық шабуыл жасап жатқан Ресейдің мемелкеттік
ақпараттық телеарналарына ғана. Олардың қатарында ОРТ, ОРТ-Еуразия,
РТР мен РТР24 арналары бар. Бұл телеарналарды кабельдік
операторлардың ең қымбат пакеттеріне аудару жеткілікті. Ал ОРТ-Еуразиядағы
кремльдік ақпараттар мен саяси ток-шоуларды қазақстандық телеөнімдермен
алмастырып, телеарнаның өзін қалдыру қажет. Басқа баламалар ақылға қонымсыз деп
есептеймін. Меніңше, кремльдік саясатты қолдайтын 4 телеарнамен бәсекеге түсуге
қабілетті антиресейлік бағыттағы 4 телеарнаны көрермендерге таңдау ретінде
ұсынуға болар еді. Алайда, мұндай қадам Ресейге деген достық пиғыл
ұстанбайтындай етіп көрсетері анық. Отандық телевидениені түбірімен реформалау
керек. Алайда, былтыр ақпан айында Марат Тәжиннің және қазан айында
Президенттің айтқан сынынан кейін қазақстандық телеарналар қандай нәтиже
шығарғанына қарап ой қорытсақ, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы түбегейлі
өзгеріс тек 20 жылдан кейін ғана өз нәтижесін бере бастайды. Сондықтан қазір
ұлттық қауіпсіздік талаптарының тұрғысынан әрекете ете отырып, кремльдік
үгіт-насихаттың Қазқстандағы аудиториясын тез арада шектеу қажет.


Антон Шин, «Азия» Халықаралық кабельдік
операторлар ассиоциациясының президенті:

940aff6fbacf6cf2a83b3a3f03885fae.jpg

– «Россия24» телеарнасы Жириновскийдің мәлімдемесі арқылы
шектен тым шығып кетті. Меніңше, соңғы кездері ұстанып отырған ақпараттық
саясатына сәйкес, «Россия24» телеарнасы қазақстандық көрерменге қызық емес. Өйткені  Украинадағы оқиғаға байланысты біржақты хабар
таратты, арна журналистері кремльдік саясатты насихаттаумен айналысты. Егер
құзырлы органдар тарапынан тиым салынса, экстремистік мәлімдеме кесірінен
телеарнаның хабар таратуын тоқтатамыз. Алайда, бұл көрерменге айтарлықтай зиян
тигізбейді. Себебі танымдық бағыттағы басқа арналар жетерлік. Менің жеке
пікірім, олардың контентін өте мұқият зерттеп отыру қажет. Экстремистік
материалдар жарияланған жағдайда жедел шара қолданған жөн. Тіпті, телеарналарды
жауып тастауға дейін баруға болады.

Арман
Сқабылұлы, тележурналист:

f43120ae70ad2ff5222fb5a4611c462d.jpg


Мен ұсыныстың дәл бұлай қойылуын түсінбеймін. Еуразиялық кеңістікте отырып,
Кеден Одағына мүше бола жүріп “Ресейлік арналарды жабу” жөнінде
ұсыныс тастау – абсурд мәселе. Ақпараттық қауіпсіздік бұлай жасалмайды. Алдымен
өз арналарымызды күшейткен жөн. Жасыратыны жоқ, қазір бізде Ресейден ескен
ақпараттар ағынына қарсы тұрар қауқар жоқ. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын
арна жабылды, бағдарламалар жойылды. Арналарда аталы сөз айтатын, халық ұйып тыңдайтын
тұлғалар да қалмады. “24 кз” арнасын ақпараттық қауіпсіздік үшін
күшейтіп жатыр деп  естідім. Айналайындар-ау, басқа арналардың
жаңалықтарын қайталайтын, әлемде болып жатқан оқиғаларға салиқалы пікір айта
алмайтын, кілең жас балалар мен қыздардан құралған арна қалай Ресейдің адуынды
ақпараттық шабуылына төтеп бере алады? Кремльдік саясатты
насихаттайтын Ресейлік арналар бізде қала береді. Ол анық мәселе. Сондықтан өз
түтініміз түзу ұшсын дейік. Өз арналарымыздың еңсесін түзейік. Жалтақ репортаждарға
жалпақшешей болып отыра берсек, ертең ресейлік үгіт-насихаттың құрбаны
болатынымыз анық.