АЛТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ АСҚАҚ РУХЫ

АЛТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ АСҚАҚ РУХЫ

АЛТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ АСҚАҚ РУХЫ
ашық дереккөзі
Өзге этникалық ортада өмір сүріп жатқан қазақтардың ұлттық мәдениетін сақтау қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі санатында. Бұл өз ұлттық ерекшілігімізді, түп-тамырымыздың тереңдігін ұғынып, жоғалғанымызды жаңғыртып, өрістеуіміздің жаңа көкжиектерін ашуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Саны аз болса да (19 мың адам), ата-баба мұрасын жадында сақтап қалған қазақтар Ресей Федерациясының Алтай республикасында қоныстанған. Қазақстан ғалымдары – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория мамандары аталмыш өңірге музыкатанушылық саладағы экспедицияға алғаш рет 1967 жылы Болат Сарыбаевтың жетекшілігімен шыққан (одан кейінгі экспедициялар – 1968, 1969, 1971, 1973 және 1983 жж.). Сол экспедицияның нәтижесінде Таулы Алтай қазақтарының аспаптық және ән мәдениетіне байланысты айтарлықтай материал жиналған-ды. Одан бері 45 жыл өткен екен. «Шет ел қазақтарының фольклоры, әдебиеті және өнері» ғылыми-зерттеу жобасы аясында (2012-2014 жж.) М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары 2012 жылы Алтай Рес­публикасына ғылыми экспедиция­мен барып келген болатын. Бұл – Қазақстанның өткені мен тарихын Тәуелсіз ел ұғымы тарапынан жаңаша көзқараспен бағамдаудағы ұмтылыстардың қатарындағы шара. Бұл өңірге, әсіресе Моңғолияның Баян-Өлгий аймағымен шекаралас – Қош-ағаш ауданына айрықша көңіл бөлінді. Республика аймағындағы 19 мың қазақтың – 12 мыңы осы ауданда тұрақтаған. Сол себепті өзге аудандарға қарағанда қазақтардың тығыз орналасқан аймағы болып отыр. Өңірге келген бойда Қош-ағаш ауданы әкімінің орынбасары Е.Бегеновпен және «Қазақ» Таулы Алтай қоғамының ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Қобдаевпен кездесу өтті. Әңгіме барысында бұл территорияға қазақтардың көшіп келу кезеңі анықталып, ұлттық мәдениет пен дәстүрлердің сақталу көріністері, олардың заманауи жағдайы мен болмысы айқындалды. Нақтырақ айтқанда, музыка саласы бойынша Қош-ағаш ауданының өзінде – Балалар өнер мектебі, оның барлық ауылдарында домбыра үйірмелері, «Жаңа ауыл» ауылында «Әжелер» ансамблі және ауданда «Керуен» тобы қызмет етеді. Аймаққа жасалған экспедиция барысында елеулі оқиғалардың бірі – «Керуен» этнофольклорлық тобының музыканттарымен кездесу болды. Осы топ мүшелері Алтай республикасының Еңбек сіңірген әртістері ретінде қазақ музыкасын сақтау, насихаттау жолында 15 жыл бойы қызмет етуде. Олардың шығармашылығының атап өтер ерекшелігі – халық әндерін көнетүркі үлгісіне сай көмеймен айту нақышында десек те болады. Қазақтың көне батырлық рухы көрініс тапқан «Керуен» тобының шығармашылығы музыканың осындай бағытына сүйіспеншілікпен қарайтын қазақстандық қауымға да кеңінен танымал. Бұл көбіне ғаламтор ресурстарындағы патриоттық және музыкалық сайттарында жарияланатын аудио-видеотаспалардың арқасында таратылып жүр. Жас ұрпақ осы композицияларды тыңдап, көшіріп алып, түсініктеме жазу бөлімдерінде масаттана пікір жазады. Сонымен, Қош-ағашта болған сапарда «Керуеннің» музыканттарымен жеке сұхбат алуға мүмкіндік туып, олардан топтың құрылу тарихы мен шығармашылық ерекшеліктері, сонымен қатар өлкенің де музыкалық мәдениетінің өзгеше қасиеттері жөнінде сөз қозғаған болатынбыз. – Жанайдар мырза, «Керуен» тобы жөнінде, оның құрамы, музыканттары, құрылу идеясы туралы айтып өтсеңіз… – Мен – топтың жетекшісімін, атым Жанайдар Нұрсалиев, серіктесім – Еркін Әжімқанов. Біз «Керуен» деген топ боламыз. Топ болғалы биыл, міне 15 жыл болды. Біліміміз – жоғарғы музыкалық. Мен өзім Алматы консерваториясының домбыра класын 1997 жылы Орынбай Дүйсенов деген кісіден бітіргенмін. Содан осында қайтып келіп, Еркінмен бірге топ құрып, содан әнші болдым. Еркін Әжімқанов Барнауылдағы Өнер институтын тәмамдаған. Негізі осы  Шүйдің әндерін ертеде ешкім іздеп, жинамаған, зерттемеген. Олар, тіпті, жоғала бастаған деп айтуға да болады. Біз соларға аса назар бөліп, қайтыс болып кеткен үлкен кісілерден біразын алып үлгердік. Солардың арасында «Алтай әндері» деп аталатын нұсқалар да бар. Бірақ бұл Қытайдың Алтайы ма, Моңғолияның Алтайы ма, белгісіз… Әйтеуір «Алтай әндері» дейді. Біз біраз ән үлгілерін жинадық. Соның ішінде үш-төртеуін еш жерден естіген емеспіз. Сол себепті, өз тарапымыздан оны таратушы десек те болады… Біздің шығармашылығымыздағы ұстанатын негізгі бағытымыз – халық әндері, ал ерекшелігіміз – осы халық әндерін көмеймен айту элементтерін қосып орындау (орысша айтқанда – гортанное пение). Оған себеп болған – арғы тегіміз түркі болғандықтан. Ал халықтың бұған деген көзқарасы әртүрлі. Қазақстанда да концерттерге қатысып тұрамыз. Сонда да бірі «дұрыс» дейді, бірі «бізде бұндай болмаған, бұрыс» дейді, адамдардың түсінігі әр түрлі. Негізі Қазақстанның өзінде де мұндай ұжымдар аз емес. Мысалы, «Тұран» тобы да шамандық элементтерді қосып айтып жүр. Бұны да жалпытүріктік дәстүр деп айтуға болады. – Репертуарларыңызда қандай әндер көп орындалады? – Қазақ композиторлары көмеймен айтатын әндер жаза бермейді ғой. Шындап келгенде, өлең сөзін жазу мәселесі де біраз қиындықтар туғызады. Дегенмен осы жерде белгілі Амангелді Қобдаев, Тілеубек Аққожанов деген ақын ағаларымыз бар, сол кісілердің жазған сөздеріне ән шығарамыз. Сонымен қатар, жоғарыда аталған Шүй әндерінің де біздің репертуарымыздағы орны ерекше. Өзіміздің жеке альбом боп шыққан бірнеше CD-леріміз де бар. Мысалы, оларға енген «Егіз елдің салтын-ай» деген жергілікті ұлты орыс В.Хохолков деген музыканттың әуеніне жазылған, біздің авторлық «Ата-тегім – көктүрік», «Көшпенділер», «Батыр қазақ» деген туындылар  бар. Сондай-ақ, Қытайда тұратын қазақ азаматы Мағауия ағамыздың «Әне шам да, міне шам» әні өзінше бояуы бар туынды. «Мәтерей, сабаз-ай» атты халық әні Алтайдың Жазатор деген жерінен Сентябрь есімді ақсақалдан жазылып алынған. Тегінде, қазақ әндерінде «угай-ай», «игигай» дегендей қайырма сөздер  болады ғой, бұл да сондай мағынасы жоқ қайырма сөз болу керек деп ойлаймыз өзімізше. Бұл қайырма сөздер біздің әндерімізде баршылық. Альбомға енген Бәйзінің әні де – осы, біздің өлкенің туындысы. Бәйзі деген ақын 1937 ж. репрессияға ұшырап, түрмеде отырғанда жас қызына арнап жазған екен. Әнді осы аймақтағы Фатима Күтібайқызы деген қазақ тілі пәнінің мұғалімінен жазып алдық. Енді бір Далабай батырдың жау тұсында жазған әні бар. Ол жауға шыққан кезінде, өзінің жол-жөнекей болған жерлерінің әрқайсысында бір-бір шумақтан жазып жүрген екен. Бұл жайт мәтін жолдарында көрініс тапқан. – Осы Алтай республикасынан басқа қандай жерлерде өнер көрсетіп жүрсіздер? – Бізді Қазақстанға да шақырып тұрады. Мысалы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жиындарына, «Ән мен әнші» жобасына, шет ел қазақтарының концерттеріне шақырылып тұрамыз. Бірақ өкінішпен айта кететін жайт, біздің  өңір адамдарының концертке барып, ән тыңдап қайту мәдениеті төмендеу. Бұл жерде қазақтың саны аз ғой, статистика бойынша 15 мың адам. Оның бәріне бір әнді айта беру мүмкін емес. Сондықтан біз орыс, алтай халықтарына да қазақ музыкасын таныстыруға тырысамыз. Мысалы, олар шақырған кештерде орыс, казак әндерімен қатар, өзіміздің қазақи әндерді де айтамыз. Олар сүйіспеншілікпен тыңдалып, қошеметтеліп жатады. Он бес жылдық шығармашылық жолымызда Ресейдің үлкен қалаларында – Мәскеу, Новосибирск, Барнауыл, шетелдерде – Өлгейде, Қытайда, Австрия, Швейцарияда өнер көрсеттік. Ресейдегі концерттерде Ф.Киркоров, О.Газманов сияқты беделді әртістермен, «А-студио» тобымен бір сахнада өнер көрсетеміз. Алсудың өзінің де, оның анасының да туған күнінде ән айту үшін Башқұртстанға да шақырылдық. Бірақ Қазақстанға көбірек шығуды армандаймыз. Республиканың мәдениетін көтеру жолында азды-көпті еңбек етіп жүргендіктен, «еңбегі сіңген артист» деген атағымыз да бар. Бір-екі ән болса да, өз келбетіміз болғандығын қалаймыз. Сол жолда шамамыз келгенше тер төгуге тырысудамыз. – Әндеріңіздің стильдік, интона­ция­лық қандай ерекшеліктерін атай аласыздар? – Біздің ойымызша, біздің жақтың әндері басқа жақтағы қазақ әндерінен өзіндік мәнерімен ерекшеленеді. Сырттан біздің шығармашылығымызды тыңдаған қауым: «Не қазақ емес, не алтай емес…», – деп те жатады. Бұл да бір өзгешелікті дәлелдейтін болар… Демек, бұл әндерде бір жергілікті колорит, басқаша айтқанда реңк бар. Біз қазақстандық авторлардың стилін қайталамауға тырысамыз. Себебі, ол жақта композитор да көп, ән де көп, орындаушылар да бізге қарағанда әлдейқайда көп, әрі олар біршама дамыған деңгейде. Сонымен қатар, біз орыс елінің жерінде тұрғандықтан, орыстар да көп шақырады. Оларға біз орыс тілді әндерді де домбыраның сүйемелдеуімен айтып береміз. Оның үстіне Еркін баянда ойнайды, дуэтпен сүйемелдеу жасаймыз. Өзіміз аранжировка жасап, әйгілі классикалық шығармаларды да орындай береміз.  – Топтың құрылу тарихын айтып берсеңіз? – Біз 1996 жылы құрылғанда тобымызда төрт адам едік. Еркін екеумізден басқа, тағы 2 қыз бала болды. Ол кезде «Бүрлер» деп аталдық. Сол кезде 1996 жылы Мәскеуге, 2000 жылы сол құраммен Австрияға, Швейцарияға арнайы шақыртумен барып, альбом шығардық. Одан қайтқан соң, қыздар жеке өмірімен байланыс­ты топтан кетіп, біз Еркін екеуміз жолымызды жалғастырдық. Ол кезде қазіргідей шығармашылығымыз кеңінен өріс алмаған болатын, тек ел арасында кең тараған халық әндерін айтумен шұғылдандық. Қазіргі кезде біздің бағытымызды этнофольклорлық деп атауға болатын шығар, оның ішінде көне түркі стилін қолданамыз. Сонымен қатар, қазір біз толысқан, өзіміздің аз да болса тарихымыз бар, өз бағытымыз, стиліміз қалыптасқан топпыз. Егер де Қазақстанда әртүрлі түркі музыкасының фестивальдері боп жатса, бізді соған шақырып жатса, қуана-қуана қатысатын едік. Себебі біздің бағытымыз – негізінен көне түркі мәдениетінің модификацияланған бір қыры деп айтуға болатын шығар. Өйткені біз қазақ әндерін орындау­да көптеген түркі халықтарында сақталған, Қазақстанның да кейбір аймақтарында әлі күнге дейін кездесіп жүрген көмекеймен айту тәсілін қолданамыз. Дайындаған  Зульфия Қасымова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының ғылыми қызметкері,  өнертану кандидаты