Жаңалықтар

ЛАВРЕНТИЙ БЕРИЯНЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

ашық дереккөзі

ЛАВРЕНТИЙ БЕРИЯНЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

  ХХ ғасырдың басында Кеңестер Одағы тарих сахнасынан орын алып, жетпіс жылдай өмір сүрді. Осынау жылдар бедерінде Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетіп, ең қуатты қару – атомды игерген. Тоталитарлық жүйеге негізделген үкімет басында революцияны орнатқандар отырды. Солардың бірі – Лаврентий Павлович Берия. Кеңес өкіметінің қайта құру жылдары Грузин киностудиясы Берияға қатысы бар «Покояние» атты фильмді жарыққа шығарған. Қазір Берия туралы тарихшылар арасында жазылып жатқан екі жақты пікірлер аз емес. Бірі «жазалаушы» деп айыптаса, бірі 1937-1938 жылдар зобалаңына ұшырағандарды «ақтаушы» дейді. Алайда екі жақ та Кеңестер Одағының қорғаныс саласын ұйымдастырудағы еңбегін жоққа шығара алмайды. Берияның Қазақстанға да қатысы бар. Алғашқы атом жарылысын Семей полигонында жасаған болатын. Қалай айтқанда да, тағдыры күрделі жан туралы мақаланы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Кеңестер Одағы партия-мемлекет басшыларының бірі Лаврентий Берия 1899 жылы 29 наурызда Абхазиядағы Мерхеули елді мекенінде өмірге келген. Ол Сухумидегі бастауыш училищені үздік бітіріп, Бакудегі механика-техникалық училищеден 1919 жылы құрылысшы-архитектор мамандығын алып шығады. Содан кейін Баку политехникалық институтының екі курсын бітірген. Белгілі грузин революционері А.И. Микоянның әйелі А.Г. Геуркова Нами Микоян оның балалық шағын есіне алып: «Лаврентий күнкөрісін тігіншілікпен тауып жүрген анасының қолында өсті. Ол қашанда, қай ортада жүрсе де, бірінші болуға құштар еді. Алайда оның өмірге әдемілік сезімі мен жақсы талғамы қашаннан бері пайда болды?!», – деп таңданысын білдіріп отыратын. 

Лаврентий училищеде оқып жүріп-ақ Нобелдің мұнай компаниясында өндірістік тәжірибеден өту кезінде саяси істерге белсене қатыса бастады. 1917 жылы большевиктер партиясына қосылды. Сол жылдың маусым-желтоқсан айларында гидротехникалық отряд құрамындағы техника маманы ретінде Румыния майданында болып, Әзірбайжанға қайта оралады да, Баку кеңес жұмысшы-депутаттар секретариатына қызметке қабылданады. 1918 жылдың орта тұсында қаланы түрік әскерлері жаулап алған кезде ол Бакуде қалып, «Каспий жолдастығы Ақ қаласы» зауытында кеңсе қызметкері жұмысын атқарды. Бұрын Әзірбайжан өкіметін басқарған, кейін астыртын күреске көшкен «Мусават» партиясының құпия тапсырмаларын орындаған. 1919 жылы күзде Әзірбайжан республикасы қауіпсіздік комитеті жанындағы барлау қызметіне жұмысқа ауысады. Өкінішке қарай, оның өмірінің осы бір кезеңі көптеген өсек-аяңға толы. Ол Әзірбайжан ұлтшылдарымен бірге жұмыс істей жүріп, ағылшындардың тыңшысы болған деген қаңқу сөз де бар. Алайда өмірбаяндық анкетасында Берия буржуазиялық көтерілісшілер барлаушысы болғанын жасырмаған. 1933 жылы Г.К. Орджоникидзеге жазған хатында: «Партияның тапсырмасымен «Мусаваттың» барлаушысы болғанын, бұл мәселе 1920 жылы Әзірбайжан Коммунистік париясы большевиктері Орталық Комитетінде қаралып, оң шешім қабылданған», – деп жазған. Мұны кейін комитеттің мүшелері Мирза Гусейнов пен Касум Измайлов өздерінің арнайы мәлімдемелерімен дәлелдесе керек. 

Сол жылы сәуір айында Кавказ өлкелік партия комитетінің өкілі ретінде Грузия меньшевиктеріне жасырын жұмысқа жіберілді. Ол Тбилисиге барған бойда-ақ тұтқындалып, үш күннің ішінде Грузиядан кету жөнінде қолхат алып босатқан. Сонда да ол Лакербай деген лақап фамилиямен РСФСР өкілетті елшілігінде жұмыс істейді. Сол кездегі елшіліктің төрағасы С.М. Киров еді. Алайда 1920 жылы мамырда тағы да тұтқындалып, Кутаисидің түрмесіне жабылды да, көп ұзамай Әзірбайжанға жіберілді. Ал тамыз айында Әзірбайжан большевиктері Коммунистік партиясы Орталық комитетінде іс басқарушы қызметін атқарады.

Лаврентий Берия 1921 жылы сәуірде Әзірбайжан төтенше комитетінде құпия-оперативтік бөлімі бастығының орынбасары, сол жылдың мамырында бастығы болып, Әзірбайжан Төтенше комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған. 1922 жылы қарашада Грузин төтенше комитетінің құпия-оперативтік бөлімінің бастығы қызметін қолға алды. Ал 1926 жылы наурызда Кавказ өңірі Кеңестік федеративтік социалистік республикалары ОГПУ төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылаған. Содан кейін Кавказ өңірі ГПУ төрағасының орынбасары, сол жылдың желтоқсанында Грузия социалистік республикасы ГПУ төрағасы болды. 1927 жылдың сәуірінде Грузин республикасының Ішкі істер министрі қызметін қоса атқарды. 

Никита Сергеевич Хрущев: «Берия уақытты өзіне өте тиімді пайдалана білді. Ол Грузияның бірінші чекисті болу үшін сол кездегі ГПУ басшысы С.Ф.Реденсті ішімдікке тойғызып, мас күйінде көшеге қалдырып кеткен. Реденс Сталиннің әйелінің туған сіңлісінің күйеуі болатын. Оны милиция мас күйінде бөлімге жеткізген. Содан үлкен айқай-шу шыққан еді. Ақырында Реденс Мәскеуге шақырылды. Ал Берия 1931 жылы сәуірде Кавказ өңірі ГПУ төрағасы қызметіне тағайындалған. Кавказ өңірі чекистерінің ірі іс-қимылдарының бәрі Берияның санкциясы және тікелей жетекшілігі бойынша жүргізілді», – деген. Сол жылдың қазан айында Кавказ өлкелік партия комитетінің екінші, 1932 жылдың қазанында кавказдық большевиктердің жетекшісі М.Орахелашвилидің қолдауымен бірінші хатшы қызметіне сайланған. Бірінші басшы өлкенің өндірісі мен ауыл шаруашылығын көтеруде аянбай еңбек етті. Өлке жеріне шәй, жүзім,  жалпы жеміс-жидекті жаппай отырғызып, аз жылдарда мол өнім алуға қол жеткізді. Бұл өнімдерді сырттан келетін астық, ет, тағы басқаларға айырбас жасатты. Ирригациялық жұмыстарды жолға қойды. Қалаларда тамақ, жеңіл өнеркәсіптерін дамытып, машина жасау, құрылыс өндіріс орындарын жандандырды. Баку мұнай кәсіпшілігін қайта күрделі жөндеуден өткізіп, өндіріс аумағын барынша ұлғайтты. Тбилисиде қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлер құрылыстарын да кең көлемде жүргізді. Қара теңіз жағалауындағы демалыс орындарын қайта жөнге келтірген. Ол 1933 жылы «Кавказ өңіріндегі большевиктер партиясы ұйымының тарихы мәселелері туралы» баяндама жасады. Онда Кавказ өңірі большевиктерінің революциялық тарихы әрқалай бұрмалаумен көрсетілді. Дегенмен ондағы Сталиннің ролін аса жоғары етіп көрсеткен. Баяндама Сталинге ұнағаны соншалық, баспаханадан көп тиражбен кітапша етіп шығартып, елдегі барлық партиялық ағарту жүйелеріне оқып үйренуге ұсынған. Сталин Абхазия мен Сочиге демалуға келген сайын Берия жанынан табылып, етене жақындай түсті. Ол көсемге берілгендігін 1933 жылы күзде Сталин екеуі Рица өзенінде катермен серуендеп жүрген кезде жағалаудағы қорғаушылар катердегілердің кімдер екенін ажыратпай жатып, мылтықтан оқ атқан кезде Берия жанындағы Сталинді тез еңкейтіп қорғап қалуымен көрсетті.

Берия отызыншы жылдардың бел ортасынан ауған кезде Кавказ өңірінің интеллигенция өкілдері мен партия және кеңес аппаратының қызметкерлерін жаппай қуғын-сүргінге ұшыратуға жетекшілік еткен. Тұтқынға алынғандарды жеке өзі тергегені және азаппен ұрып-соққаны туралы мәліметтер бар. Солардың бірі белгілі грузин композиторы әрі дирижеры Е.С.Микеладзенің құлақтарын тесіп, өз қолымен әбден қинап азаптаған. 

1938 жылы тамызда КСРО Ішкі істер халық комиссарының бірінші орынбасары, Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. Ал қараша айында КСРО Ішкі істер комиссары Н.И. Ежовтың орнына тағайындалысымен, барлық жазалау істерін қайта қарауды өз қолына алған. КСРО НКВД кадрларын тазалаудан бастады. Олардың 7 мыңнан астамы қызметтерінен босатылып, босаған орындарға өзінің Кавказ өңірінде сенімді қызметтестері болған В.Н. Меркулов, В.Г. Деканозов, Б.З. Кобулов, Л.Ф. Цанов, С.С. Мамулов секілділерді жайғастырған. Қараша айында «НКВД органдарындағы тергеу жұмыстарының кемшіліктері туралы» мәселе қарап, нәтижесінде Одақ көлемінде етек алып кеткен қуғын-сүргінге ұшырағандар санын күрт кемітті. Берия 1939 жылы наурызда Б(б) КП ОК Саяси бюросына мүше болып қабылданды. Дегенмен аса қауіпті саяси қылмыскерлерді жазалау жүріп жатты. Бірақ  Ежовтың жазықты-жазықсыздарды репрессияға ұшырату қарқынымен салыстырғанда мүлдем баяу жүргізілді. 

Берия 1939 жылы қарашада қылмыстық-процессуалды нормаларды сақтауды талап еткен «НКВД орган­дарындағы тергеу жұмыстары жөнінде» бұйрық шығарды. Сол бұйрықтан соң жүз мыңдай адамның ісін қайта қаратып, «негізсіз сотталған» деген шешім шығарды. Бірақ Сталиннің қолдауымен құрылған КСРО НКВД жанындағы сотсыз үкім шығаратын Ерекше кеңес құқығын сақтап, тергеушілерге әлі де «халық жауларын» анықтауда азаптау құқын арнайы бекітіп берді. Ресей Федерациясының бұрынғы мұрағат қызметкері профессор Р.Г. Пихоя: «Бұл Сталиннің өз беделін көтеру үшін Ежовқа қарсы жасаған ойыны болатын. Берия мұнда шешуші роль атқарған жоқ», – десе, публицист А.П. Паршев: «Репрессияны тоқтату жөнінде Берия бастама жасаған», – дейді. Берияның қарсыластары 1939-1940 жылдары Белоруссия мен Украинаның батыс облыстарын және Балтық жағалауы елдерінен жаппай депортация жүргізіп, Смоленск маңындағы Қатында тұтқынға түскен поляк офицерлерін атқызған деп айыптауда. Осыған байланысты Польша үкіметі Ресейге күні бүгінге дейін кінәрат тағуда. 

1941 жылы ақпанда КСРО НКВД Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер комиссариаты болып екіге бөлінді. Берия Ішкі істер бөлімі комиссары және өзен флоттарында түсті металлдар, орман және мұнай өнеркәсібін қадағалайтын КСРО СНК төрағасының орынбасары қызметін қоса атқарды. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде, 1943-1944 жылдары шешен, ингуш, қарашай, балкар, қалмақ, қырым татарлары, грек, түрік месхеттерді, күрдтерді, басқа да ұлттарды өз жерлерінен еріксіз қоныс аударту шараларына басшылық жасады. 

Сталин 1943 жылдың 1 ақпанында В.М. Молотов жетекшілік еткен атом бомбасын жасау жөніндегі Мемлекеттік қорғаныс комитетінің шешіміне қол қойды. Алайда ол КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1944 жылы 3 желтоқсандағы В.Курча­тов зертханасына байланысты шығар­ған қаулысына орай Берияға «Уран өндірісін дамытуды бақылуды» тапсырды. Мұны соғыс кезінде жүзеге асыру өте қиын шаруа еді. 1945 жылы шілдеде Америка алғашқы атом сынағын Аламогордо маңындағы полигонда жасаған соң КСРО-ға өзінің атом қаруын жасауды жеделдету қажет болды. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысы негізінде 1945 жылы 20 тамызда арнайы комитет құрылған. Комитет төрағасы болып Л. Берия сайланды. Мүшелері Г.М. Маленков, Н.А. Вознесенский, Б.Л. Ванников, А.П. Завенягин, И.В. Курчатов, В.А. Махнев, М.Г. Первухин болды. Кейінірек бұл КСРО Министрлер Кеңесі жанынан Арнаулы комитет болып қайта құрылды. Берия аса қажетті барлау ақпараттарын жинау мен ұйымдастыру жұмыстарына тікелей басшылық жасауды өз қолына алды. Ағымдағы жылдың 3 наурызында Арнаулы комитетке қорғаныс саласындағы басқа да жұмыстарға басшылық жасау сеніп тапсырылды. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1943 жылы 30 қыркүйектегі жарлығымен «Соғыс кезіндегі қиын жағдайда қару-жарақ пен оқ-дәрі өндірісін дамытудағы еңбегі үшін» Берияға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1944 жылы Мемлекеттік қорғаныс комитетіне мүше болғандықтан, қару-жарақ пен оқ-дәрі шығару жауапкершілігі тапсырылды. 

1944 жылы желтоқсанда Мемлекет­тік қорғаныс комитеті Берияға уран өндіруді дамытуды бақылау жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл міндетті ол мүлтіксіз орындады. 1945 жылы 9 шілдеде Лаврентий Берияға Кеңестер Одағының маршалы атағы берілді. Ал желтоқсанда КСРО Ішкі істер халық комиссары қызметінен босатылды. Ол осыған дейін негізгі уақытын атом бомбасын жасатуға жұмсаған. 1946 жылы наурызда ВКП(б) ОК мүше болып сайланды. Кеңес әскери-өнеркәсіп комплексі мен атом бағдарламасын жүзеге асыру барысында ол тағы да аса зор ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білді. Бұл салада жоғарының кез келген тапсырмасын дер кезінде бұлжытпай орындаған. Атом өндірісінің басшысы Е.П. Славский: «Берия ғылыми және инженерлік жұмыстарды түсіне бермейтін. Сондықтан ол мамандардың пікіріне әрдайым құлақ асып отырды. Тапсырмаларды орындаудағы ұйымдастыруда, адамдарды іске жұмылдыруда, ол қолындағы үлкен билікті барынша пайдаланды. Солай жоғарының шешімдерін мүлтіксіз жүзеге асырды», – деп еске алады. Иә, ол көптеген қорғаныс пен уран өңдеу нысандарын салуға ГУЛАГ түрмелеріндегі миллиондаған тұтқындардың еңбегін аянбай пайдаланды. Оның бастамасымен «Еврейлердің фашистерге қарсы» комитеті құрылды. Сол жылы 29 мамырда ақын Сергей Есениннің жарық көрген әрбір кітабына 50 пайыз қаламақы қойылып, қаражатты анасы Татьяна Федоровна мен әйелі Софьяға берілуін тиісті министрліктен талап етті. Сонымен бірге екеуіне бір ай мерзім ішінде ыңғайлы пәтер беруді Мәскеу қалалық атқару комитетіне қатаң түрде тапсырған. 

1949 жылы 29 тамызда Семей полигонында атом бомбасы сынақтан өткізілді. Берия жетекшілік еткен топ бункерден қара жерді солқ еткізген жойқын жарылысты бақылап тұрды. Олардың әрқайсысы «жарылыс бола ма, болмай қала ма?» деген күдікті ойда болатын. Жарылыс болып, қара дауыл көтерілген кезде Берия өзін ұстай алмай бункердің есігін ашып жіберіп, қою қара түтіннің аспанға саңырауқұлақтанып көтеріліп бара жатқанына бір сәт қызыға қарап қалды. Сол сәтте жас ғалым Юлий Харитон енді кешіксе толқынның жойқын соққысына тап болатынын біліп, қас-қағым сәтте оны ішке кіргізіп, есікті жауып үлгерді. Берияның сол күнгі қуанышын көз көргендер айтып жеткізе алмады. Осы сынақ үшін Берияға КСРО-ның құрметті азаматы атағы берілді. Көп ұзамай-ақ «Атом қуатын игерудегі өндірісті ұйымдастыруда және атом қаруын ойдағыдай сынақтан өткізгені үшін» Сталиндік сыйлық алды. 

1951-1952 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Грузин компартиясы ұйымы басшыларына қарсы «Мегрель ісін» көтереді. Негізінен бұл акцияға Берияның жанама қатысы болғандықтан соған қарсы бағытталған еді. Берияның шыққан тегі мегрель. Төлқұжатындағы «ұлты» деген бағанға жорта «грузин» деп жазып жіберген. Сталин басшылығының соңғы жылдарында Берия саяси репрессияға ұшырағандарды Ежов секілді соңдарына түсіп, бақылауға алған жоқ. Соның ішінде «Еврейлердің фашистерге қарсы» комитеті мен «Дәрігерлер ісі» де бар. ОК-гі қарсыластарының Берияға тұзақ құру ісі әлі де жетіле қоймаған еді. Ол әлі де жоғала қоймаған беделі мен ықпалының арқасында КОКП XIX сьездінен кейін ОК кеңейтілген Президиумы құрамына енді. 

1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін Берия саяси тұлға ретінде екінші планға шығарыла бастады. Ол сонда да КСРО Министрлер Кеңесінің бірінші орынбасары және КСРО Ішкі істер министрі қызметтеріне тағайындалды. Жазалаушы органға басшы болып келісімен-ақ министрліктің ішкі құрылымына реформа жасауды қолға алды. А.И.Микоян кейін сол кезді есіне алып: «Қызыл алаңда Сталинді соңғы ақтық сапарға шығарып салып тұрып, Берия сөз сөйледі. Ол өз сөзінде конституцияда қаралған әр азаматқа еркіндік пен құқық беру қағидаларын ұстанатынын айтты. Бұл жәй ғана шешеннің сөзі емес, Ішкі істер министрінің сөзі. Мен оған «Бұл сөзің алдағы уақытта іске асырудың жоспары болуы керек. Енді сен оны орындауыңа тура келеді», – дегенімде ол: «Мен орындаймын да», – деп жауап берді», – деп еске алады.

Берияның бастамасымен ГУЛАГ Әділет министрлігінің қарамағына беріліп, паспорттық тәртіптің қатаң жүйесін жұмсартып, тұтқындардың көпшілігіне кешірім жариялап, репрессия құрбандарын ақтауды бастап та кетті. Осы орайда 1940 жылдардың екінші жартысы мен елуінші жылдың басындағы істер қайта қаралатын болды. Оның бекіткен жобасында тұтқындағы қартаң әрі ауру адамдар, 18 жасқа дейінгі кәмелеттік жасқа толмағандар, жүкті әйелдер, балалары он жасқа толмаған әйелдер, 5 жыл мерзімге сотталған 100 мыңдай жанды бостандыққа шығару жобасы қаралған. Ол ГУЛАГ-тағы 2,5 миллион тұтқынның 220 мыңы аса қауіпті мемлекеттік қылмыскер деп, оларға кешірім берілмейтінін, сондай-ақ революцияға қарсы қылмыстары үшін және социалистік меншікті аса ірі көлемде тонағандарға, қасақана кісі өлтіргендерге де ешқандай кешірім берілмейтінін өзі жасаған жобада ашып көрсеткен. Ол осылай бірқатар ымыраға келу шарттарын жүзеге асырды. 1953 жылы 9 мамырда Жеңіс құрметіне амнистия жариялап, тұтқындардың қылмыстық істерін қайта қаратудың нәтижесінде 1,2 миллион адамды кесімді мерзімінен бұрын бостандыққа шығартты. Тұтқындарды қинап, тергеу жұмыстарын жүргізуді тоқтатып, социалистік заңдылықтарды сақтау жөнінде құпия бұйрық берген. Бірқатар үлкен саяси қылмыстар қысқартылып, кейбірі қайта қаралған. «Дәрігерлер ісі» жабылып, тұтқындалғандар бостандыққа шығарылды. Айыпкерлерге қарсы қолданылған «тергеудің заңсыз тәсілдері» туралы алғаш рет үлкен мінберден ашық айтты. «Ленинград ісі» мен «Мегрельдік іске» қатыстылар ақталынып, қамаудағылар босатылды. Қырқыншы жылдардың соңы мен елуінші жылдардың басында сотталған жоғары шенді офицерлер еркіндікке шығарылып, шендерін қайтаруға ықпал еткен. Солардың арасында авиация маршалы А.А. Новиков, артиллерия маршалы Н.Д. Яковлев тағы басқалар да бар. 400 мың адамның тергеудегі істері жабылды.

Ішкі және сыртқы саясатта Берия ұсынған бірқатар жобалар жүзеге асты. Ішкі саясатта әскери қажеттілікке жұмсалатын қаражат шығынын мейлінше қысқарту, қымбат құрылыстарды біраз уақытқа тоқтату жөнінде үлкен жоғары басшылыққа ұсыныстар жасады. Бірақ ұсыныстары түгелімен қабылданған жоқ. Ұлттық кадрлардың ролдерін көтеру жөніндегі саясатын жүзеге асыру үшін республикалардың ОК-не арнайы құжаттар жіберген. Сол құжаттарда орыстандыру саясатының дұрыс еместігі және заңсыз репрессияны тоқтату жөнінде ұсыныстар айтылған. Көшелерді көзі тірі көсемдердің портреттік суреттерімен әспеттемеуге және мереке күндері салтанатты шеруде алып жүрмеуді де мәселе етіп қойды. Әр ұлт республикасының өздерінің ұлттық символикасы мен наградалары (медалдар, ордендер) болулары керектігін де назардан тыс қалдырмаған. 

Ол сыртқы саясатта екі Корея арасында ұтымды келіссөз жүргізу арқылы бейбіт жағдайға қол жеткізді. Социализмді өз қалауларынша құрғысы келген Югославиямен қарым-қатынасты жақсарту үшін бірнеше рет әрекеттер жасаған. Жаңа соғыс өртін болдырмау үшін Батыс пен Шығыс Германияны біріктіру мәселесін қарауды және Мәскеудің басқа да социалистік елдердегі бақылау тәртібін жұмсартуды көздеген ұсыныстар да жасады. Шығыста таласқа түскен Куриль аралдарын Жапонияға қайтару мәселесін де көтерді. Капиталитік елдердегі кеңестік барлау жұмыстарында жүргендердің санын күрт қысқарту қажеттігін айтты. Берияның бұл белсенділігі және оның ел іші мен шет елдерде беделінің артуы КОКП ОК Президиумының мүшелерін сескендіріп тастады. Олар Берияны құпия түрде биліктен шеттетіп тастау жөнінде өзара астыртын келісім жүргізді.

Сталиннің өліміне Берияның қатысы бар деген жорамал ел ішінде айтылып жүрді. Тіптен Сталин әл үстінде жатқанда оның бұйрығымен дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген деген сөз де шығып жатты. Құжаттық материалдар мен куәгерлердің түсініктеріне қарағанда, бұл жорамал шындықпен жанаспайды. Сталиннің қазасын басқа біреулердің қолдан ұйымдастырғаны анық. Берия 1953 жылы 9 наурызда Сталинді жерлеу кезінде қайғылы митингіде сөз сөйледі. Бұл кезде ол Г.М. Маленков басқарған жаңа кеңес үкіметі құрамына Ішкі істер министрі болып енген еді. 

Бұл кезде жоғары партия басшы­лы­ғында Берияны қолдаушылар бол­мады. Сондықтан да оның саяси ықпалы өте төмендеп кетті. Кеңестер Одағының бірінші басшылығына талас күресі Молотов, Хрущев, Берия және Булганин арасында жүрді. Хрущевқа аса қауіпті Берия еді. Себебі бұрынғы жіберген саяси қателіктерін ол жақсы білетін. Қалайда Бериядан құтылмай, өзіне жол ашылмайтынын білген ол барлық қитұрқы әрекеттерге барды. Н.С. Хрущевтің бастамасымен ОК Президумының мүшелері «Берия мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалып жатыр, «Декабрьшілер» операсының премьерасында Президиум мүшелерін тұтқындамақшы» деген жалған хабар таратқан. 

Берияны тұтқындау жөнінде КСРО ОК Президиумының екі рет жасырын мәжілісі өтті. Маленковтың көмекшісі Д.Сухановтың айтуына қарағанда, мәселенің бірінші қаралымында өзара келіспеушілік орын алған. Берияны тұтқындауға Маленков, Первухин және Сабуров қолын көтерген. Ал Хрущев пен Булганин және Микоян сақтық жасап, қалыс қалған. Ворошилов, Каганович және Молотов қарсы дауыс берген. Оның үстіне Молотов партияның, үкіметтің бірінші басшыларының бірін ордерсіз тұтқындау депутаттық құқық нормаларын бұзу былай тұрсын, партиялық және кеңестік заңдылықтарды бұзу болып табылатынын ескертеді. Екінші мәжіліс 1953 жылдың 26 маусымында өтті. Бұл жолы да олар екі жақ болып тартысып, әрі-сәрі күй кешіп жатқанда Хрущев алдын ала ұйымдастырып қойған мәжіліс залына маршал Жуков бастаған қарулы әскерилер тобы кіріп келеді. Сол кезде Хрущев мәселені қайта дауысқа салады. Қарсы дауыс берсе Берияның сыбайласы болып қалудан жасқанған олар бәрі бірдей Берияны тұтқындауға қолдарын көтерген. Хрущев осы бір қиын сәтті өзінің естеліктер кітабында былай деп жазыпты. «Біз әуелгіде Берияны тұтқындауды Москаленко бастаған бес генералға тапсырмақшы болдық. Олар өздерімен бірге қаруларын алып келіп, Кремльге Бульганин кіргізуі тиіс еді. Мәжіліс қарсаңында Москаленконың тобына маршал Жуков қосылды. Жуковқа оның сыртқы саясаттағы іс-әрекеттері ұнамаса керек. Топқа тағы біраз адамдар қолдау көрсеткен. Кабинетке оннан астам қарулы әскерилер кіріп келді. Маленков маршал Жуковқа бұрылып: «КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы ретінде сізге Берияны тұтқындауды ұсынамын», – деді ақырын сөйлеп. Жуков: «Қолыңды көтер!» деп Берияға бұйрық берді. Москаленко және басқалар Берия әлдеқандай арандатуға барып қала ма деп қаруларын оңтайлай берген. Ал Берия терезе алдында жатқан портфеліне қарай ұмтылды. Мен портфелінде қаруы бар шығар деп оның қолынан ұстай алдым. Сөйтсек оның порфелінде де, қалталарында да қаруы жоқ екен». 

Маршал Г.К. Жуков бастаған әске­ри­лер Берияны тұтқындап, Кремльден алып шығып, әуелі «Алешенскі казар­масында», содан соң, 27 маусымда Мәскеу округі ПВО штаб-бункеріне әкеп қамаған. Сол күні КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен Берия бүкіл атақтары мен наградаларынан айырылды. Берия бункерде жатып ОК-те өзімен қызметтес болған Хрушевтың, Булганиннің, Молотовтың аттарына бірнеше хат жолдаған. Хаттардың бәрі СОКП ОК 1953 жылы 26 маусым мен 2 шілде аралығында өткен пленумына дейін жазылғаны соңына қойған даталарынан көрініп тұр. Ол хаттарында: «Қымбатты жолдастар, міне бес күннен бері тұтқында жатырмын. Ешкім де тергеу жұмыстарын жүргізген жоқ. Олар мені тергеусіз де, сотсыз да жоқ ете алады. Сіздердің бәріңізден өтінерім, бұған жол бермеңіздер. Тез араласуларыңызды сұраймын. Кеш қалуларыңыз әбден мүмкін. Бұлардың ойсыз іске бармауын телефон арқылы ескертсеңіздер екен…», «Жер асты бункерге отырғызып қойдыңдар. Мұнда ешкім де келген жоқ, менен ешкім де жөн сұраған жоқ. Неге бұлай істейсіздер?», «Қымбатты жолдастар, істі талқыға салмай сотсыз осылай шешу жалғыз және дұрыс жол деп ойлайсыздар ма? Өзіңіздің жолдасыңызды әрі ОК мүшесін осы жер асты жайында ата салмақшысыздар ма? Мен сіздердің бәріңізден өтінемін…», «Сіздер тергеу жұмыстарын жүргізуді мақұл көрсеңіздер, менен барлық айыптардың алынып тасталатынына сіздерді сендіремін. Бұл не деген асығыстық және бұларыңыз күмәнді ғой», «Жолдас Маленков және жолдас Хрущев, қасарыспауларыңызды өтіне­мін. Жолдастарыңызды ақтасаңыздар сіздерге жаман бола ма?», «Сіздерден тағы да жалынып өтінемін. Іске араласып, ескі кінәсіз достарыңызға арашаға түсіп, орға жықпаңыздар. Сіздердің Лаврентий Берияңыз». Алайда ол хатты қанша жалынып жазса да, олардан қайыр болмады. Оның тағдыры алдын-ала шешіліп қойылған еді. 

Шілде айында КОПК ОК шұғыл түрде пленум шақырып, Берия КОПК ОК құрамынан шығарылды. Сондай-ақ, «Кеңес халқы мен коммунистік партияның жауы» ретінде партия қатарынан да шығарылды. Бұл жөніндегі хабар ақпарат құралдарына кешірек беріліп, қоғамда үлкен пікірталастар туындаған. Берияның содан кейінгі тағдыры әрқалай айтылуда. 

Берия жоғары биліктен шеттетілген соң, сол жылы 12 тамызда кеңестік сутегі бомбасына сынақ жасалынды. 1953 жылы 23 желтоқсанда маршал И.С.Конев төрағалық еткен істі қарау барысында Берияның қайраткерлік істеріне мүлдем келмейтін жалалар жабылды. Оны «Ұлыбританияның шпионы», «Кеңестік жұмысшы-шаруа құрылысын құлатуға әрекет­тенген», «Капитализмді қайта әкеліп, буржуазиялық билікті қалыбына келтірумен айналысқан» деп бұрмаланған айыптар тағылды. Көпшілікке ауызекі тарап кеткен ондаған, жүздеген әйелдерді зорлады деген қылмысы дәлелденген жоқ. Тек «қылмыстық істе» бірнеше жыл бойына көңілдесі болған Дроздова деген азаматша тергеушілердің қысымымен зорлады деп жазған жалғыз арыз бар. Дроздова Бериядан бір қызды өмірге әкелген. Сол кезге дейін Мәскеу орталығында Берияның есебінен пәтер жалдап тұрып жатқан еді. КСРО Жоғары Соты Берияға ең ауыр ату жазасына үкім шығарды. Үкім сол күні орындалған. Ал Берияны өз қолымен атқан генерал-майор П.Ф. Батицкий желтоқсан айында генерал-полковник шенін алды. Арада шамалы уақыт өткен соң оған Кеңестер Одағының маршалы, сонымен бірге Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді. Хрущев оны осылай жоғары бағалады.

Ұлы Серго Берия өзінің әкесі туралы 1994 жылы жарық көрген «Менің әкем – Лаврентий Берия» атты естелік кітабында оның КОКП ОК Президиум мәжілісінде тұтқындалмағанын, Мәскеудегі өзінің дербес үйінде арнайы әскерлермен қақтығыста қайтыс болғанын жазған. Кітапта Лаврентий Берия демократиялық реформалар жағындағы жан екенін айта келіп, репрессияға тек әкесі ғана емес, сол кездегі жоғары басшылықтағылардың бәрі жауапты екенін алға тартады. Берияның ең жақын қызметтесі болып, бірге атылған жолдасының ұлы Всеволод Меркулов: «Мен Сергомен жақсы таныспын. Ол менің көз алдымда өсіп, жұмыс істей бастаған еді. Оның кітабын оқып шықтым. Көп бөлігі өтірікке құралған», – дейді. Ал Рой Медведев: «Мен Серго Берияны білетінмін. Ол сол кездегі әкесіне қатысты құжаттарын іздестіріп, жинаумен болды. Әкесі туралы қоғамдық пікірді қалайда өзгертіп, жақсартқысы келді», – деп жазды.

Берияның өз үйінде атылғанын генерал П.Н. Бургасов та естелігінде расқа шығарады. «Лаврентий Берияны тұтқындауға қатысты оқиғаға куәгер ретінде айтарым мынау. 1953 жылы маусым айында оны өз үйінде айуандықпен атып өлтіргені анық. Сол күні Серго Берия сағат түскі 3 шамасында Борис Львович Ванниковқа суыт келіп, екеуі кабинеттен тез шығып кетті. Ванников кешкісін келген соң мен кабинетіне кірдім. Өң-басы сынық, тіптен қарауытып кеткен. Сосын маған қадала қарап тұрды да Серго екеуі Берияның Никитинскі көшесіндегі үйіне барғанын, үйдің әйнектері сынғанын, қоршау шарбақтың сыртында бірнеше әскери машиналар тұрғанын, аулада қарулы солдаттар жүргенін, солдаттардың бірі оларға осыдан жарты сағат бұрын үйден біреудің беті жабылған денесін зембілмен алып шығып, жабық машинаға салып жібергенін айтқанын сыбырлай сөйлеп жеткізді». Демек мұны да жоққа шығаруға болмайды. Берияны қайда жерледі? Күні бүгінге дейін оны ешкім де білмейді.

Арнайы құжаттарға зер салсақ, Берия 1953 жылдың желтоқсан айына дейін өмір сүрген. Берияның ісі партиялық насихаттың күшімен әділетсіз жазаланғандардың бәріне кінәлі етіп, қоғамдық пікірді мүлдем басқа жаққа бұрып жіберді. Солай ол халық санасына жазықсыздарды жазалаушы жендеттің символы ретінде орнығып қалды. Бірақ көптеген тарихшылар бұл тұжырымға күмәнмен қарауда. Мысалы, Берия Ішкі істер министрі жылдары өлім жазасына кесілгендер Ежов жылдарындағы репрессияның 1 пайызын да құрамайды, сондай-ақ Ежов кезінде ақталғандар болған емес. Тарихшылар Берия кезеңіндегі сот қателіктерінің саны басқа елдердің сот қателіктерінен әлдеқайда кем деп отыр. 

Ірі мемлекет қайраткері Юрий Владимирович Андропов: «Берияға қарсы Хрущев болмаған істі болды деп, жала жаптырған. Уақыты келген кезде Берия жөнінде нағыз шындық айтылады. Оның қызметтесі Сталин жөнінде де пікірім сондай. Әлі әлем халықтары Сталиннің атын құрметпен атайтын болады. Сондай күннің туатынына өз басым кәміл сенемін», – деп, оның ісін қайта қаратып, ақтау да ойында болған. Бірақ өмірі жетпеді. 

Ал Лаврентий Берия туралы пікірталас әлі де жүріп жатыр. 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ