АЛМАТЫ АРМАН ҚАЛАҒА АЙНАЛА МА?

АЛМАТЫ АРМАН ҚАЛАҒА АЙНАЛА МА?

АЛМАТЫ АРМАН ҚАЛАҒА АЙНАЛА МА?
ашық дереккөзі

 

Алматыдағы тұрғындар санын
шектеуге құлшынған Ахметжан Есімовтің көздегені не? Онсыз да қалаға тұрақты
тіркеле алмай, тұрақты жұмыс таба алмай сенделген ағайынның басына тағы да бұлт
үйірілмей ме? Жұмыссыздық пен шарасыздықтан титықтаған қандастар, әсіресе,
ауылдағы ағайын Алматы сияқты мегаполиске орнығуға ұмтылады. Жергілікті билік
одан да Алматыға сырттан ағылатын шетелдік мигранттарды шектеуге күш салғаны
абзал.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қала халқының
санын шектеу мақсатында шаралар ұйымдастыруды ұсынды. Оның айтуынша, Алматы
маңынан бірнеше контрмагнит қалыптастыру қажет. Яғни, адамдардың тұруына және
жұмыс істеуіне мүмкіндік қарастырылған аса қуатты өндірістік және әлеуметтік
инфрақұрылымдары бар орталықтар салынады. «Аталған орталықтардың басты мақсаты
– қалаға қарай ағылатындарды қайтадан сыртқа бағыттау», – деп мәлімдеген
Ахметжан Есімов еліміздегі ең ірі қаланы және оның аумағын дамытуға, табиғатын
қорғауға қатысты стратегияны түзу керектігін ескертті.

Отырыс барысында жиылғандарға: «Мәселені жан-жақты
зерттеп, Үкіметке қала сәулеті мен құрылысына байланысты кешенді схемасын
аймақты басқарудың тиімді тәсілдеріне қатысты ұсыныс айтамыз», – деген қала
әкімі қарамағындағыларға ҚР Аймақтық даму министрлігімен бірге жоспарды келісті
және бекітілген жоспарды жүзеге асырудың қаржылық көлемін анықтауды тапсырды.

Еліміздегі аймақтардың, әсіресе, Алматы сияқты
мегаполистің дамығаны жақсы, әрине. Бірақ әкім көтерген «тұрғындар санын шектеу»
деген мәселенің астарында Кеңестер Одағының кезінде қаладан түре қуылған,
тіпті, кіруіне мүмкіндік берілмеген Алматыға қазақтың қоныс аударуын, жұмыс
істеуін қиындатпай ма? Бүгінде Алматыға тіркелудің әлегімен жүргендер көп. Әрі тіркелмеген
ағайынның тұрақты жұмыс табуы, емделуі мен өмір сүруі қиын екені жасырын емес.
Ауылдардағы әлеуметтік ахуалдың төмендігі, жұмыссыздықтың белең алғаны да
белгілі. Ендеше қазақтың өсіп-өнуін, жағдайының түзелуін қамтамасыз етуге
орталық және жергілікті билік шынымен мүдделілік танытса, Алматы, Астана сияқты
өндірісі дамыған, жұмысқа тұру және нәпақа табу оңайлау (салыстырмалы түрде)
аймақтарға орнығуына жағдай жасағаны жөн. Тағы бір маңызды жайт, бүгінде
Алматыға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстаннан ағылатын заңсыз
мигранттар көп. Қала әкімі одан да құзырлы орган өкілдерімен бірігіп, сол заңсыз
миграцияны ауыздықтаса игі.


  Нәзия Жоямергенқызы