Жаңалықтар

«Өлгендер қайтып келмейді»...

ашық дереккөзі

«Өлгендер қайтып келмейді»...

Бердібек Соқпақбаев. Көпшілік Бердібек Соқпақбаевтың есімі ауызға алынса, «Менің атым Қожаны» еске алады. Сөз жоқ, «Менің атым Қожа» классикалық шығарма. Повесть ғана емес, повестің желісінде түсірілген фильмі де қазақ киносының классикасы еді. Абдолла Қарсақбаевтай дара режиссер мен Соқпақбаевтай таланттың бірлескен жобасынан классикалық дүние тумауы мүмкін емес еді. Әрине, «атын айта бастаса, тілі таңдайына жабысып» қала беретін Қожаның кез келген баланың көңілінен шығуы мүмкін. Ал мен үшін «Балалық шаққа саяхат» пен «Өлгендер қайтып келмейдінің» орны бөлек. Соқпақбаев десе, ең алдымен, ойыма осы екі шығарма оралады. Неге екенін білмейміз, Соқпақ­баев шығармаларын оқыған сайын, әрбір кейіпкерінен қаламгердің өзін көргендей боламыз. «Менің атым Қожадағы» «Қара Қожа» да, «Жекпе-жектегі» Мұрат та, «Өлг­ендер қайтып келмейдідегі» Еркін де – жазушының нақ өзі. Ал «Балалық шаққа саяхат» – қалам­гердің өмірбаяны, «өмір мектебі». Жазушы шығармашылығын оқыған сайын, әрбір бала өзінің бейнесін табады. Қараңызшы, дәл тентек Қожадай баланы еліміздің кез келген түкпірінен кездестіруге болады. Болмаса, Мұрат сияқты чемпион болғысы келетіндер елімізден табылмауы мүмкін емес. Бала психологиясын дәл беруде қаламгердің шеберлігіне тәнті боласыз. Ал «Өлгендер қайтып кел­мейді» ше? Романды оқыған сайын, соғыс жылдарындағы азапты тағ­дыр иелерінің бейнесі еріксіз көз алдыңызға келеді. «Үйге бір қайыр­шы бала кіріп кетті!» Роман туралы ойлағанда, тұп-тура осы эпизод еске түсетіні несі екен. Соғыстан кейінгі арып-ашыққан ауыл. ФЗО-дан қашып, түрмеге түскен қашқын бала кейінірек қолына қалам ұстаған жазушыға айналуына дейінгі уақытта талай-талай қиындықты бастан өткереді. Бұл оқиғалардың бәрі соғыс кезіндегі әрбір ауылдан көрініс береді. Қаламгер шығармаларынан өзгелерге ұқсамайтын ащы сарказм, жеңіл юморды елемей қалу мүмкін емес.. Бұл Соқпақбаевқа ғана тән машық болуы мүмкін. Өйткені әрбір шығарманы оқыған сайын Бердібек Соқпақбаевтың мінез-құлқы, табиғи болмысы ашыла түсетіні айқын..

 

Отар елдегі әдебиеттің ышқынған даусы

 

Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Иірім» атты еңбегінде Бердібек Соқпақбаев туралы жазған мынадай естелігі бар. «Мен Бердібек Соқпақбаевты ерте таныдым. Тіпті өзін көрмей жатып білдім. Әрине, кітаптары арқылы. Кейін «Балдырған» журналы ашылып, екеуміз де сол журналға әдеби қызметкер болып орналастық. Бекең ол кезде Мәскеудегі Жоғары Әдеби курсты бітіріп, жақында ғана елге оралған. Жай ғана оралған жоқ. Жаңа бағыттағы жаңа жазушы, балалар әдебиетінің жалған бағыттағы жәдігөй әдебиет екенін түсініп келді. Республиканың республика емес, колония екенін ұғып келді. Сол жылдары Ташкентте Азия және Африка жазушыларының ха­лықаралық конференциясы өтті. Міне, осы конференцияға Нұрсұлтан Әлімқұлов деген ақын екеуі «Бізді арнайы шақырыңыздар! Біздің айтатын уәжіміз бар. Біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз…» деп телеграмма беріп, біздің саққұлақтарды біраз састырған. Ол заман үшін мұның өзі барып тұрған ерлік болатын. Жай ғана ерлік емес, көзсіз ерлік! Ол кәдімгі қан қақсаған сорлы әдебиеттің ышқына шыққан жан дауысы еді. Осыдан ширек ғасыр өткен соң Бердібек ағамыз ойда жоқта опат болды. Оны қала сыртындағы саяжайында асылып тұрған жерінде арқаннан суырып алды. Бұл, әрине, жұмбақ жағдай. Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасының қырық жылдық ұлы тойында ғой деймін, ұмыт­пасам, Балтық жағалауынан келген бір делегация жетекшісі өзінің құттықтау сөзінде небары екі-үш қазақ жазушысының атын атап өтті. Соның бірі – Мұхтар Әуезов болса, екіншісі – Бердібек Соқпақбаев еді. Міне, сол Бердібек Соқпақбаев­пен жаңадан ашылған «Балдырған» жур­налының редакциясында бірге отыр­дым. Көп сөйлестім, көп сыр­ластым. Ол өзі де жұмысқа келерде алдын ала келісіп алған болуы керек. Түске шейін сағат он бірлерде редакцияға соғып, екі-үштерде үйіне қайтып кететін. Айына бір рет қана шығатын балалар журналының көлемі тіптен шағын. Бекең небары үш-төрт-ақ әңгіме дайындайды. Түскен хаттарға жауап береді. Көбіне-көп редактор мен жауапты хатшы болмай, біз екеуміз ғана отырамыз. Кейде түскі тамаққа бірге барамыз… Содан бері қаншама жыл өтті. Бекең сол күйінде бүкіл болмысымен менің көз алдымда. Ол кісінің сағат он бірде ке­ле­тініне біз бәріміз үйреніп ал­ғанбыз. Бір жақсы қасиеті – есікті аш­қаннан Бекең күліп кіретін. Жал­пы ол жайдары адам болатын. Сол күлген, жымиған күйінде орын­ды­ғына жетіп отыратын. Содан кейін төсқалтасынан ақырын ғана тарағын алып, шашын тарайтын. Тарағын үрлеп-үрлеп, төсқалтасына қайта салатын. Содан кейін барып, тартпадағы қолжазбаларды суырып алып, алдына қоятын. Бір ғажабы – жазуы жазуға ұқ­самайтын. Барып тұрған электро­кар­диограмма! Ирек-ирек болып келе­ді де, шошаң етіп жоғары шы­ғады немесе күрт төмен түседі. Бас­қалар түгіл, кейде өзі танымайды. Машинистка апайдың келгенін күтеді. Бердібек ағамыздың жазуын сол кісі ғана ажыратып оқи алады. Ал ол кісі ауырып қалса немесе кешігіңкіреп қалса, Бекеңнің жағдайы жағдай емес. Жұмыс тоқтайды. «Өлгендер қайтып келмейді» ро­ма­нынан кейін Бекең біраз уақыт үнс­із қалды. Анда-санда жолыққанда жылы ұшырасып, құшақтап көрі­семіз. Мен ол кезде «Жұлдыз» жур­налына ауысып кеткенмін. Ол кісі де жұмысын тастап, еркін шығар­ма­шылыққа көшкен. – Беке, не жазып жүрсіз? – деп сұ­раймын. – Не жазушы ем? Түк те жазып жүргем жоқ. Менен маскүнемдер жақсы! Олар ең болмағанда бастарын жазады. Жазбайын демеймін, әрине! Жазғым-ақ келеді. Бірақ ақиқатты айттырмайды. Өтірікті жазғым келмейді! – дейді ол бір жағынан әзілдеп, бір жағынан мұңайып. – Жазушы болып жаратылғаннан кейін әйтеуір бірдеңе жазуымыз ке­рек қой! Жазушы жазбай жүре ала ма?! Жүре алады! Қиын! Бірақ амал жоқ! Бекеңнің бұл жауабына мен еш­қашан сенген емен. Әлі де сенбеймін. Құдай біледі, Бекең бір­деңе жазып жүрді. Бірақ Азия-Африка жазушыларының Ташкентте өткен конференциясынан кейін кәдімгідей қорқып қалды. Өйткені ол содан кейін КГБ қадағалауына тап болды. Оған ешқандай күдігім жоқ. Әйтсе де, қайталап айтам, ол бір мықты шығарма жазды. Ресей жазушылары жасырын жазған дүниелерін шетелдерге шығарып, жариялап жатты. Бекең оны жақсы біледі. Ондай мүмкіндікті ойламады дейсіз бе?! Ойлады, құдай біледі. Бастыруды мақсат етпесе, жазып бітіруді мақсат етті. Жаз күндерін көбіне-көп саяжайда өткізетін. Сол көлденең көзден аулақта тек арамшөп отап жатты дейсіз бе? Бірдеңе түртіп те жатқан шығар. Бірақ айналдырған жау алмай қоймайды деген. Бекеңнің, әсіресе қолжазбасының соңына түскен тыңшылар түбіне жетіп тынғанға ұқсайды. Егер менің осы болжамым рас болса, онда ол қолжазба құрыды! Бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін!.. Өмірінің соңғы күндерінде Бердібек ағамыз көп нәрседен түңіле бастаған-ды. Төніп қалған қара бұлтты қатты сезінген болу керек!»

 

Өзін жазған қаламгер

 

Бәшен апа Бердібек ағаның алғашқы жары. Соғыстан кейінгі жылдары Бердібек ағамен қол ұстасып, үлкен өмір жолына бірге қадам басты. Бұл 1948 жыл болатын. Кейінірек Бәшен апа мен ағаның өмір жолы екіге айрылып кете барды. Олардың ортақ перзенті Самал Бердібекқызы бүгінде әкесінің дүниелерін жинақтап, әке мұрасына иелік етіп жүр. Ол кісінің ағаға деген құрметі әлі күнге суыған емес. Бәшен апа Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Ауырып жүргеніне қарамастан, апа қаламгер туралы естелік айтып беруге қарсы болмады. Бәшен апамен әңгімеміз Бердібек аға төңірегінде өрбіді. – «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармалары сізбен бірге тұрған кездері жазылды ма? – Иә. «Он алты жасар чемпионды» да осында жазды. Кейін ол «Жекпе-жек» болып шықты. «Алыстағы ауылда» деген шығармасы да бірге тұрғанда жазылды. Алғашқы шыққан еңбегі «Бұлақ» деген кітабы. «Бұлақ» кітабындағы өлеңдерінің көбі бастауыш сынып оқушыларына арналып жазылған. Оқуға да жеңіл, жаттауға да ыңғайлы. «Бұлақ» кітабын қазір табу қиын. Кітаптарының көбін өзім сатып алған едім. Ары-бері көшіп жүріп, біразын жоғалтып алдым. – Бердібек Соқпақбаевты көбіне «балалар жазушысы» деп қабылдаймыз. «Өлгендер қайтып келмейдіні» оқысақ, тек балалар жазушысы деген атқа қимай қалатынымыз бар. – «Өлгендер қайтып келмейді» нағыз классикалық дүние. Ол жазып отырғанда, қасында отырамын. Сонда көп нәрсені ара-арасында менен сұрап қоятын. Ішінде кейбір кейіпкерлердің есімін сол күйінше ауыстырмай алған. «Өмірде бар адам ғой, аттарын неге бадырайтып жазып қоясың» деймін. Былай қарасаң, аса жағымсыз образ емес. – Аға шығармаларынан сіздің бейнеңізді табуға бола ма? – Гауһардың бейнесі – менің образым. Сол шығармасы дайын тұрған фильм. Өте жақсы жазылған. Үйден кеткеннен кейін бірнеше рет кешірім сұрап келген еді. Кешірім ете алмадым. Жазушы ғой. Жаны нәзік адам. Күйзеліп жүрген кезінде жазған болуы керек. Ол шығарма әуелде «Қайдасың, Гауһар?» деген атпен шыққан еді. Кейін басқа атпен шықты деп естідім. Шығарманы нақты көре алмадым. Мақтанып айтып отыр деп, біреулер ойлауы мүмкін. Мақтанды деп айта берсін. Біз туралы жазды деп ойлайтыным, Бөгенбай мен Фурманов көшесінің қиылысында тұрдық. Ол үй екі қабатты ескі үй болатын. Соғыс біткен жылы келдік қой Алматыға. Сол үйдің орнында «Гауһар» дүкені бар. Үйге келіп: «Мен сендер туралы кітап жазып жүрмін» деді. «Жаз. Жазсаң, шығармаң тарихта қалады. Атың қалады» дедім. Одан өзге ештеңе дегенім жоқ. «Жоғалған пышақтың сабы алтын» демей, өмірден кеткен соң, біз туралы кітап жазыпты деп айтқым да келмейді. Мен де тілші болып жұмыс істедім. Айналамда өңшең жас қыздар жұмыс істейді. Бір күні солардың біреуі жүгіріп келіпті. «Бәшен тәте, мына кітап сіз туралы ғой» дейді. «Мен туралы ешқандай жазушы кітап жазған жоқ» десем, мойындатып қоймайды. Онысы рас. – Ағамен алғаш танысқан кезіңіз есіңізде ме? – Педучилищеде оқып жүргенімде кездестік. Ол Қазақ педагогикалық институтында оқитын. Тіл-әдебиет факультетінде. 3-курста оқып жүргенінде бір топ студент біздің училищеге тәжірибеге келді. Сабақ жүргізетін. Училищенің соңғы курсында оқитын кезім. Сол жылы таныстық. Оқу бітірген жылы Нарынқолдан бір-ақ шықтым ғой. Бердібекті менен кетіп қалды деп кінә артудан да аулақпын. Оның бәрі тағдыр. – Қанша жыл бірге тұрдыңыздар? – Он үш жыл. Үш баламыз болды. Біреуі алты айлығында қайтыс болды. Тұңғышымыз еді. Нарынқолда тұратын кезіміз. Дәрігер шақырсақ, кешігіп келіп, құтқара алмадық. – Қуанышын қолына алып, мектептегі Зағипаға жүгіретіні туралы «Өлгендер қайтып келмейдісінен» оқыған едік. Тұңғыштарыңыз сол Қуаныш емес пе? – Жаялыққа орап алып келіпті. Сөйтіп, баланы суықтатып алдық. «Өзім өлтіріп алдым» деп өкінетін үнемі. Жолдастары атын Қуаныш деп қойған. Сол Зағипа менің шын атым. Ол кезде жаспыз. Қысқы демалыс. «Еміз» деп, жаялықпен ғана орап, мектепке алып келіпті. Мен ол кезде ауылда тұрамын. Жусанбаев Шәріп деген ағасы ауылда бас есепші болып жұмыс істейді екен. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін кезім еді. Мұғалім аз болатын ауылда. Тұзкөлде немере ағасының үйінде тұрдық. Өзі қайтадан оқуға кетті. Сол жылы қыста демалысқа келгенінде ғой, баланы мектепке көтеріп алып келгені. Бердібек оқуды бітіргеннен кейін, екеуміз қайтадан Алматыға кеттік. Тастақтан пәтер жалдап тұрдық. Алғашқы кездері пәтерден-пәтерге ауысып, көп тентіреп жүрдік. Қазір жазушыларымыздың көбі сол пәтерден пәтерге көшіп жүрген кездерін айтады ғой. Үй алғаннан кейін ағаң қонысын аударды. «Атқа мінгенде кетіп қалды» деп, қазақ айтады ғой. Ағаң да сөйтті. – Ағаның үйден кетуінің бір себебі болды ма? – Неге дейтіндей, ерекше себебі жоқ. Ішкен жоқ ол кезде. Кеткеніне елу жыл болып қалды. Қайтыс болғанының өзіне 22 жылға жуықтапты. Өмір деген өтіп жатыр. О дүниелік болған адамның сыртынан ғайбат айтуға болмайды. Ол бізді ешқашан жек көрген жоқ. Жанар үш жасында қайтыс болып кетті. Самалым ғана бар. Соныменен біздің тағдырымыз екіге айрылды. Бердібекті олай-бұлай деуден аулақпын. Мен оны түсінуге тырыстым. Ол қанша дегенмен шығармашылық адамы ғой. – Мінезі өте тік болған сияқты. Әрбір шығармаларынан ағаның мінезі байқалып тұрады. – Өте қатал болды. Бетке айта салады. Ел сияқты жылпос емес еді. Өзінің қарақан басын ойлаған емес. Сондықтан болар кітаптарының көбі кешігіп шықты. – «Өлгендер қайтып келмейді» романының шыққан жылы туралы талас көп. Шын мәнінде, алғаш бұл роман қай жылы баспаға берілді? – «Айтуға оңайда» өткенде бір жігіт 1964 жылы шықты деп айтып жатыр. 1964 жылы шыққан жоқ. 65-66 жылдары жазылды ол шығармасы. Одан кейін де үш жылдай басылмай жатты. 70-жылдары шықты ғой деймін. Нақты уақыты есімде жоқ. – Бердібек аға қанша ағайынды еді? – Үш ағайынды болды. «Балалық шақ­қа саяхатында» айтылған бала­лық шағы туралы. Соғыс кезі. Ауыл іші. Қиындықтар болды. «Әкем Ыдырыс өзінің қойын санай ал­майтын» деп жазады ғой өзі. Кейін сек­сен сегізінде қайтыс болды. Біз ерте кеттік қой ажырап. Туыстар әлі менімен қатысады. Бердібектің аға­сының балалары. Қайнағам қайтыс болып кеткен. Сол балалар: «Атам ертегіні керемет айтушы еді», – деп айтады. Біз үндемеген адамды ештеңе білмейтін шығар деп ойлаймыз ғой. Соны естігенде, «қап» деп, өкінгенім-ай. Атам болғаннан кейін, «не білесіз?» деп, әңгіме сұрай алмайсың. Ауылда өстім. Ауылдың тәрбиесін көріп өскеннен кейін, үлкенге қарап сөйлей алмаймыз. Үлкен ағасы Сатылған. Соғыстан қайтпады. Кенже інісі Тұрдыбек. Аналары өте сұлу әйел болған екен. Марқұм кіші інісі әкесіне тартқан. Үш жыл болды қайтыс болғанына. Әйелі менің қолымда қалды. Баласын да өзім босандырдым. Есімі – Мұрат. Мұраттың өзі қазір немерелі болыпты. – Бердібек аға өзге отбасын құрып кеткенін білдіңіз. Жүрегіңізде ол кісіге деген өкпе-реніш болды ма? – Ешқашан Бердібекке кек сақтаған емеспін. Қайтем, өмірді жек көру мүмкін емес. Біздің жағдайымыз да солай. Ол – жазушы. Мен оны түсінуге тырыстым. Әрине, реніш болады. Бір жолдастары: «Сендердің бір рет ренжіскендеріңді көрген жоқ едім. Қалай ажырап кеттіңдер?», – деп айтады. Рас, бізде айғай-шу болған емес. Сол еркіндіктің салдары болар. Үйде ақыл айтатын да үлкендер болмады. Өте тік болатын мінезі. Ешкімді тыңдай қоймаушы еді. Өз еркімен жүретін еді, марқұм. – Аға үйден кеткенде бүкіл қолжаз­басын, жазған-сызған­да­ры­ның бәрін өзімен бірге алып кетті ме? – Сол кезде қолжазбаларының неге сақталмағанын білмеймін?! Ылғи пәтерден-пәтерге көшіп жүрдік. Әрі жазғандарын қолжазба күйінде баспаға апарады. Ол кезде мен де кітаптар шығардым. Сол кітаптарымның бірде-біреуінің қолжазбасы жоқ. Баспаға бергенде қолжазба сол жерде қалады. Баспалардың архивінде қалады. Бердібектің де қолжазбаларының көбі баспаларда қалған сияқты. Кейін таба алмадық. – Өмірінің соңында шыққан кітаптарын сізге әкеліп бермеді ме? – «Өлгендер қайтып келмейді» атты бір ғана кітабы шықты. Оның өзі үйде жүргенде жазылды. – «Қайдасың, Гауһар» атты шығармасы ше? – Оны өзім кітап дүкенінен сатып алдым. – «Өмірінің соңғы күндері қиындықпен өтті» деп жатады. Тіпті, өлімінің өзін жұмбақ дейтіндер жоқ емес. – Оны дәлелдеу өте қиын. Өлімі жұм­бақ екені рас. Біз оны қайдан білейік? Өйткені бөлек тұрдық. Қызым әкесін шығарып салуға барды. – Ағаның шығармалары, жазған­да­рының бәрінің авторлық құқығы Самал апайға тиесілі ме? – Самал барып, әйелінен рұқса­тын алды. «Әкемнің кітаптарын жағ­дайым келгенше шығарамын, кітап­тары шықса, қаламақысын бөліп бе­ре­мін» деп, келісім жасаған екен. Әр адамның кемшілігі болады. Оның үстіне, Бердібектің балалық шағы өте ауыр өткенін білесіздер. Соғыс жылдарында өмір сүрді, оның үстіне жетім өсті. «Балалық шаққа саяхатында» бәрі жазылған. Сол шығармасында: «Шіркін, бәрі Қағазбай тәтемдей болса-шы» дейді. Қағазбай тәтем деп отырғаны, анасының бауыры. «Елдің бәрі менен өзің туралы ма деп сұрайды. Менің беретін жауабым дайын: бәрі де өзім туралы» дейді. Онысы рас. Бердібектің барлық шығармасында өзі тұрады. Бастан өткізген оқиғалары. Бірақ, Бердібек бала психологиясын жақсы біледі. Жоқшылықта өссе де, қазақтың құнарлы дүниесін бойға сіңіріп өскен, шұрайлы тілін меңгерген жан. Өте балажан еді. – Ақын-жазушылармен аралас­ты­ғы қалай болды? Жақын достары кімдер еді? – Ақын-жазушылармен көп араласты. Тұманбай, Қадыр сияқты ақындар қасында жүрді. Олардың көбінің Бердібектен жасы кіші еді. Марқұм Баққожаға рахмет. Көзі тірісінде Самалға айтып, әкесі туралы естеліктер жинатып еді. Кейін ол жинақ болып шықты. Қазір олардың көбісінің көзі кетіп қалды. Бірге жүрген, бірге араласқан ақын-жазушылардың өзі естелікке айналып кетті. – «Балалық шаққа саяхат» Бердібек ағаның өмірінен сыр шертетін туынды. Сол шығармада айтылатын сюжеттердің бәрі өмірде болған ба? – Толықтай өз өмірінен алынған. Тіпті, кейіпкерлердің есімдері де ауыспаған. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» сияқты дүние ғой. Әкесінің дүниелерін жинап, орысшаға аударып жүрген қызы Самал. «Менің атым Қожаны» орыс тіліне аударған да Самал. Самалым әкесінің атын шығарып жүр. Әкеден дарыған қасиет шығар деп ойлаймын.

 

«Ноқтаға басы сыймаған»…

 

Қоғамның кейбір келеңсіз жәйттерін шығармасына арқау еткен, тоталитарлық жүйеге шығармалары арқылы қарсылығын білдірген Бердібек Соқпақбаевтың көзі тірісінде кітаптарының бәрінің бірдей жолы бола қойған жоқ. Шығармаларының дені кедергілерге тап болды. Қолжазба күйінде баспаларда бірнеше жыл қатарынан жатып қалған кездері де болыпты. Кеңестік цензураның садағына іліккен шығармалардың дені кеңестік қоғамды әшкерелейтін дүниелер еді. Былай қарасаңыз, тентек Қожаның тірлігінде еш оғаштық жоқ. Бірақ барлығын да көзілдіріктің бер жағынан көргісі келетін қоғам үшін тентек баланың образын сомдау мүмкін емес еді. Бұл кеңестік идеологияның заңдылығына мүлдем қайшы келетін дүниелер болды. «Апа, үйге бір қайыршы бала кіріп кетті» дейтін Ғалияның сөзі оның жүрегіне шемен боп байланып қалды. Бұл эпизодты қоғамның сол кездегі ащы шындығын көрсетіп тұрған жоқ деп айта аламыз ба? Жетімдіктің азабын тартқан бала Бердібек есейіп ат жалын тартқан кезінде де қиындықтан алыстап кете алмады. Қоғамдағы кейбір жайттарға бей-жай қарай алмағандығының себебінен оның кітаптарының жолы ауыр болды. Оған оның турашыл мінезі де себепкер болса керек. Қалай десек те, Бердібек Соқпақбаев шығармаларының қай-қайсысы да оқырманын ойландырмай қоймайтын дүниелер. Қоғамның нағыз ащы шындығын көрсете білгенімен құнды. Қазақтың балалар жазушысы десе, ең алдымен Соқпақбаев есімі аталатыны да осының дәлелі. Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Бердібек Соқпақбаев балалар жазушысы ғана емес, нағыз классик жазушы» деп баға берген екен. Соқпақбаевтың әлі жазары көп еді. Бірақ қоғамның кейбір келеңсіздіктері оның жазуына мұрша бермеді. Өтірік жаза алмады. Шындықты айтқызбады. Уақытының көбі бос өткен сияқты. Әлде, ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, жазған-сызғандарының көбінен айрылып қалдық па екен?! «Ноқтаға басы сыймады» дейміз. Нағыз ноқтаға басы сыймаған жазушының бірі Бердібек аға сияқты көрінеді де тұрады бізге. Қаламгердің нағыз шынайы талантын көрсете алмауының да сыры осында. Ол көп жазуға тиіс еді. Қоғамы жаздырмады. Көп нәрсені айтқысы келіп еді. Қоғамы қарсылығын білдірді. Сол себепті де, оқырманына беремін деген дүниесін бере алмай кетті. Ал, жазып қалдырған дүниелерінің өзі нағыз классикалық дүниелер… Оны барша жұрт мойындайды деп ойлаймыз.