Жаңалықтар

Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі: «Біздің Тәуелсіздіктен асқан құндылығымыз жоқ"

ашық дереккөзі

Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі: «Біздің Тәуелсіздіктен асқан құндылығымыз жоқ"

Орыстілді ақпарат құралдары қазақ тілінде айтылған кейбір ақпараттарды дұры аудармауды немесе әкім-қаралардың мәлімдемелерін бұрмиалап жеткізуді әдетке айналдырып алған секілді. Осыдан біраз уақыт бұрын Иманғали Тасмағамбетовтің сөзі бұрмалауға ұшыраған еді. Бұл жолғы нысанаға Павлодар облыының әкімі Қанат Бозымбаев ілінген сияқты. Кешеден бері ақпарат құралдарында Қанат Бозымбаевтың қазақ ұлтынан өзге ұлт өкілдері арасынан білікті мамандар іздеп жатқаны жайында бүкіл ғаламтор шулап кеткен еді. Осы айғайға біз де аттан қосқанымыз рас. Алайда, осы жиында қара көрсеткен, әкімнің барлық әңгімесін бастан аяқ тыңдаған жергілікті журналистердің бірі бізге хабарласып, орыстілді журналистердің әкімнің сөзін мүлдем бұрмалап жеткізгендігін айтты. Мәселе  залдан бір орыстілді журналистің “Неге облыс активінде қазақтар көп?” деген қитұрқы сауалынан басталғандығын айтады. Назарларыңызға сол журналистің пікірін ұсынып отырмыз.

Алыпқашпаның ақиқаты осы!

Павлодар облысының әкімі Қанат Алдабергенұлы өңірде қызмет атқара бастағанына 100 күн толуына орай өңір журналистерінің басын қосып, бейресми кездесу өткізген болатын. Жүздесу барысында түрлі тақырыптарға емен-жарқын әңгіме өрбіп, қалам иелерінің көкейлеріндегі сауалдарына кеңінен жауап беріп отырды аймақ басшысы. “Мен ешкімнің қолын қақпаймын. Сөз бостандығын сүйемін. Барлығының ашық болғаны жақсы.Сын болсын, шынайы сыни мақалалар көбірек жазылуы керек” деді бір сөзінде Қанат Бозымбаев. Десе де, осынау шағын жүздесу жайлы жазғанның жөні осы екен деп неше түрлі әңгіме ақпарат құралдарында гулеп кетті. «Бозымбаев лауазымды қызметтердегі қазақтардың санын қысқартпақ», «Орыс басшылардың үлесі артпақ» деген сарында жаңа әкімді қаралау мен сөгуге толы мақалалардан көз сүріндеді. Негізінен жауапты мемлекеттік қызметкерлерді атқаруға өресі жететін сапалы мамандардың аздығы туралы айтқан Қанат Алдабергенұлы мамандарға қоятын үш талабы бар екендігін баса айтқан болатын «оның біріншісі өз ісін жетік білуі, екіншісі әр ісін жүрекпен атқаратын патриот болуы, үшіншісі «қолының таза» болуы, яғни парақор болмауы». Дәл осы орайда журналистер тарпынан мамандардың мемлекеттік тілді білуіне байланысты сауал жолданды. Осыған жауап бере отырып, «Мемлекеттік тілді білмесе қорқатын ештеңе жоқ, үйретеміз. Адамдар 5-6 тілден үйреніп жатыр. Тілді білмеу әркімнің өзіне ұят. Мен айтқан жоғарыдағы үш талапқа сай болса, өзге ұлт өкілдерінен де мамандарды жауапты қызметтерге қояр едім» деді Қ. Бозымбаев. Бұл жерде ұлтына немесе өзге де белгісіне қарамайтындығын, шынайы іскерлігіне мән беретінлігін айтқан әкімнің сөзі қазаққа қарсы айтылған ұрандай боп тарағаны қынжылтады. Еліміздің Оңтүстік өңірлеріндегідей емес ұлтаралық мәселе өткірлеу келетін Солтүстік өңірлерде тұрақтылық пен тұтастықтың мәні зор екендігі сөзсіз. Сондықтан түйткілдің тігісін жатқыза сөйлеген Қанат Бозымбаев жайлы алыпқашпа әңгіме таратудың саналы адам үшін негізі жоқ. Қайта аталмыш жүздесуде белгілі ақын Арман Қанидың Павлодар қаласына Тәуелсіздікке арналған монумент керектігі жайлы ұсынысын ерекше қолдағандығын сүйіншілегеніміз жөн еді. Қаламгердің: «Осы уақытқа дейінгі Павлодардың үші бірдей әкіміне осы ұсынысымды айтқан едім. Енді төртінші ретте сізден осыған мән беруіңізді сұраймын» деген сауалына «Біздің Тәуелсіздіктен асқан құндылығымыз жоқ. Сондықтан мұндай монумент керек. Әрине, бүгін ертең болмаса да келер жылдардан қолға аламыз» деп жауап берді Павлодар облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаев. Мәселенің мәніне бойламай «қара күйе» жағуға асықпаған абзал, ағайын! Қанат Бозымбаев жақыным да, жуығым да емес, ақтаған-жақтаған жайым жоқ, ақиқат осы!

Жарқынбек АМАНТАЙ