ЛОНДОН ТӨРІНДЕГІ «ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ»

ЛОНДОН ТӨРІНДЕГІ «ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ»

ЛОНДОН ТӨРІНДЕГІ  «ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ»
ашық дереккөзі
– Дулат аға, «Өкпек жолаушыны» қойған режиссер кім? Ағылшын азаматы ма?  – Ағылшын режиссері болғанда, ең қы­зығын айтайын. Спектакльді қойған режиссер әрі театрдың директоры Юлдош Журабаев деген өзбек жігіті. Кейде «қазақпыз» деп мақтанамыз ғой. Ал бұл өзбек сол театрдың директоры, әрі режиссері. Спектакль ағылшын тілінде қойылса да, өзімнің жазған пьесам болғаннан кейін, қимыл-қозғалыстарынан ұғып отырдым. Ойынын ғана көресің. Халықаралық фестивальдерде де көбіне ойынын тамашалаймыз ғой. Маған спектакль өте түсінікті болды. – Спектакль жекеменшік театрда қойылды ма? – «Театр нации» деген болады ғой. Бұл да сол сияқты театр. Режиссері өте мықты адам екен. Ол бір ғана театрда жұмыс атқармайды. Одан бөлек, бірнеше ағылшын театрларында режиссер болып қызмет атқарады. Жастайынан Лондонда тәрбиеленген. Орысшасы да тәп-тәуір. Осының арқасында спектакль қазақы болып тұр. Тілшілер актрисадан: «Қазақ әйелінің ролін ойнау қиын тиген жоқ па? Осы спектакльде ауыр тигені не болды?» – деп сұраған екен. Сонда актриса: «Маған ең қиын болғаны, қойылымда бірге ойнаған жұбымның көзіне тура қарамағаным. Ағылшындарда ондай жоқ. «Көзге тура қарамау» деген бізде өтірік айтып тұрған сияқты көрінеді. Қазақ әйелі ер азаматтың бетіне тура қарап сөйлемейді екен. Әсіресе, бейтаныс адамның бетіне мүлдем қарамайды. Мен байқамай, көзіне тура қарап қоямын. Оған режиссерім ұрсады», – депті. – Спектакльдің аты қалай аталды?  – «Өкпек жолаушы» деп алынған. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр оны «Ескі үйдегі екі кездесу» деп қойған болатын. Жалпы, Санкт-Петербургтегі спектакльден көркемдігі өте жоғары болды. Актерлік ойыны ерекше. Режиссерлік шешім жоғары. Жуырда Өнер академиясына Санкт-Петербург театры келіп, осы спектакльді қоймақ. Оларды Өнер академиясы шақырып отыр. Академияда шеберлік класы деген өтеді. Соған Санкт-Петербург театрының режиссерлерін шақырған екен. Ол «Транзитный пассажир» спектаклін ала келейік деп, өтініш айтыпты. Сонымен олар ол спектакльді академияның студенттері алдында көрсетпек. – Салыстырмалы түрде, актер­лер­дің ойынында ерекшеліктер бар ма? Мәселен, қазақ актерлері мен ағылшын ак­терлерінің арасындағы ұқсастық не болмаса айырма қандай? Байқай алдыңыз ба? – Бір ғана спектакльмен ағылшын актерлерінің шеберлігін байқау мүмкін емес. Өзі пьесам бойынша айтар болсам, бәрібір қазаққа жетпейді. Өйткені ол қазақы танымға арналып жазылған дүние. Рухы қазақ. Бірақ олардың соншалықты тырысуы, соншалықты пьесаның мән-мағынасын жеткізуі, түсінуі, дауыс ырғақтары, шеберлігі көңілімнен шықты. Бұл спектакльде екі-ақ адам ойнайды. Ол көрерменді жалықтырып жіберуі де мүмкін. Соған режиссерлік шешімдер ойлап табуының өзі ерекше, әрі шынайы ойын болды. Актрисаның өзі «менің жүрегімнен шыққан тамаша туынды болды» деп сұхбат беріпті. Залда бізбен бірге спектакльді Парижден келген бір әйел қатар тамашалады. Орысша біледі екен. «Мына пьесаны міндетті түрде Парижде қою керек», – деп жатты. Осындай пікірлер өте көп айтылды. Біз бірінші күні ғана болдық. Бізден кейін бес күн бойы қойылды. Алғашқы күнгі қойылымға қазақтар көп келді. Олардың арасында студенттеріміз де бар. Лондондағы елшіміз де қойылымды тамашалады. Қалған күндерінің бәріне арнайы мамандар қатысыпты. «Әттеген-ай», – дестік. Мамандардың пікірлерін тыңдағанымызда ғой. Спектакль біткеннен кейін, сахнаға құттықтауға шықтым. Студенттердің сұрауы бойынша, қазақша сөйледім. Спектакльді өте жақсы бағалап жатыр. Бұдан кейін бұл спектакль халықаралық байқауларға қатысатын болады. – Бұл Лондонда қойылып отырған тұңғыш қазақ пьесасы ма? – Қазақстанда облыстық драма театрларының өзі қазақша пьеса қоймайтын болды қазір. Бұл – Орта Азия мемлекеттерінің арасында алғаш рет қойылып отырған спектакль. Кітаптар ағылшын тілінде басылып отырады. Ал спектакль қойылған емес. Өйткені театр көрерменге байланысты. Олар имидж­ге жұмыс істейді. Театрдың спектаклі ұнамай қойса, екінші рет алмай қояды. Ақша төлеп, кітап шығаруға болады. Ақша төлеп, спектакль қойдырта алмайсың. Ол үшін пьеса жақсы болуы қажет. – Құпия болмаса, пьесаңызға қанша қаламақы алдыңыз? – Оларда ең қызығы, қаламақыны бірден бермейді екен. Олардың қаламақы жүйесін біз түсіне алмайды екенбіз. Менің өзім бес-алты рет сұраған шығармын. Қанша түсіндіргенімен, онша ұға алмадым. – Олардың қаламақы жүйесі мүлдем бөлек пе сонда? – Мүлдем бөлек. Кітап шығару жүйесі бір бөлек ғылым. Олардың әрбір сатылық қозғалысы бөлек. Оларға біздің шыдамымыз жетпейді. Кәсіби маман ретінде де оны орындай алмайды екенбіз. Олар оған ерінбейді, жалықпайды. Не орта жолдан тастап кетпейді. Айтматов атындағы академияның басшысы Рахима Әбдуалиеваның еңбегіне қатты риза болдым. – Мәселен, сіздің кітабыңыз ағыл­шын тілінде шығып отыр. Бұл кітап неше данамен шықты және оның таралуы қалай жүзеге асырылады? – Бірінші кітап шыққанда, оның таралымы көрсетілмейді екен. Біздің екі мың дана немесе одан да көп дананы көрсетіп қойғанымызға олар күледі. Бұл кітап бес немесе он дана ғана болып шығуы мүмкін. – Демек, кітап сұранысқа ие болып жатса, оны көбейтуге болады деген сөз ғой? – Мәселен, менің кітабым шықты. Сол кітапқа байланысты Кембридж университетінде кездесу өтті. Лордтар палатасында кездесу өтті. Қазақстан болғасын, мені қабылдады. Қазақша қолтаңба жазып бердім. Бір-біріне кітап жөнінде ақпарат тарайды. Бүкіл Англия ақпаратты естуі керек. Кездесуге барғанда, адамның аздығын көріп ренжіп қалдым. Сөйтсем, олар маған: «Айтматов кездесуге келгенде, он сегіз-ақ адам болды», – дейді. Бұларда төрт жүз-бес жүз адам деген болмайды екен. Бастысы, Кембридж университетінде кітаптың тұсаукесері өтті деген ақпарат таралса болғаны. Сол ақпарат жетеді деп айтты. Кітаптың таралымын осылай жасайды екен. Бес-алты кездесу өткіздік. Осылар арқылы жүйелі түрде жұмыстар атқарылады. «Біз Айтматовқа алты жыл жұмыс істедік. Айтматов та келе салып, қаламақы сұраған», – дейді. Бұл күлкілі. Мұндай болмайды. Айтматовқа алты жыл бойы жұмыс істедік. Айтматовтың фамилиясын әрбір адамның құлағына жеткіздік. Пауло Коэльо келген кезде, біз оның аты-жөнін құлаққа сіңірдік қой. Одан кейін барып, оның шығармаларымен таныса бастадық. Лондонда да солай екен. Әуелі олар сенің аты-жөніңмен таныса бастайды. Содан кейін барып, таралым жиналады. Әркім тапсырыс бере бастайды. Кітап палатасы, университеттер тапсырыс береді. Кітап жәрмеңкесіне барады. Мен барғанда, кітап жәрмеңкесі өтіп кетіпті. Биылғы жылы біз үлгермей қалдық. Айтматов сегізінші жылы ғана миллионер болыпты. – «Өкпек жолаушыдан» бөлек, өзге пьесаларыңызды да ағылшын тіліне аудару жоспарда бар ма екен? – Бұл пьесам фестивальде жақсы орын алса, келешекте тағы бір пьесаларымды қоюды жоспарлап отыр екен. – Кітабыңыз таралымға шығып, тапсырыс алатын болса, бір кітаптың құны теңгеге шаққанда қанша болмақ? – Бұларда кітап онша қымбат емес екен. Бір кітаптың құны – 15-20 фунт. Ол теңгемен шаққанда бес мыңға дейін барады. Ол ағылшындар үшін онша қымбат ақша емес. Ал театрдың билеті масқара қымбат. Тіпті, менің балаларым билет сатып алып кірді. Әйелім екеуміз, елші мырза ғана тегін кірдік. Бұл дұрыс. Сонда ғана өнердің бағасы болады деп ойлаймын. Рухани өнердің бағасы жоғары болса, өнер адамдарының да бағасы көтерілер еді. – Билеттерге қанша уақыт бұрын тапсырыс беріледі? – Екі-үш ай бұрын билеттерді сатып алып қояды екен. – Лондондағы белді басылым беттерінде спектакль туралы ақпарат­тар шықты ма? – «Беріледі» деп айтылды. Оларда сайттар көбірек жұмыс істейді екен. Сол сайттардың алдыңғыларына ақпараттар шығып қойды. Әлеуметтік желілерде де беріп жатты. Негізінен, камералық театрлар жақсы екен. Аз ғана адаммен спектакльді тамашалау да бір ғанибет. Оларда үлкен-кіші театр деген ұғым жоқ. Театр ма – театр. Көрерменнің аз-көптігі де маңызды емес. Ең бастысы, спектакль көрерменнің деңгейінен шыға білсе болғаны. Әрі пьесаның өміршеңдігі маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, ағылшындар бізге қарағанда, көп нәрсені ұтатын сияқты. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС