Жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТ САЯХАТШЫ БОЛУЫ КЕРЕК

ашық дереккөзі

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТ САЯХАТШЫ БОЛУЫ КЕРЕК

Бүгінде жастардың білім алуына барлық жол ашылған. Отандық оқу орындары да, шетелдік оқу орындары да білімге құштар жастарға есігін айқара ашқан.Бұл жөнінде АҚШ-тың Огайо университеті Е.Скриппс атындағы Журналистика мектебінің профессоры, Халықаралық журналистика институтының директоры, Юсуф Калианго мырзаның айтары аз емес.

– Калианго мырза, ең алдымен әң­гімеміздің өзіңіз қызмет ететін Огайо университеті Е.Скриппс атын­дағы Журналистика мектебі, Халықаралық журналистика инс­ти­туты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жур­на­листика факультетінің білім беру бағытындағы ерекшеліктері мен ұқсастықтарынан бастасақ. Е.Скриппс атындағы Журналис­тика мектебі Америкадағы жоғары рей­тингілі оқу орындарының ал­ғашқы бестігіне кіретіні мәлім. Осы оқу орны және ҚазҰУ-нің жур­налистика факультетінің ака­демиялық ұстанымы мен оқу бағ­дар­ламасында ұқсастықтар бар деп ойлайсыз ба?

– Ең алдымен, екі елдің сіз атап өткен журналистика мектептерінің негізгі қызметі, мақсаты мен міндеті ұқсас, яғни оларға ортақ мақсат – білімді, кәсіби біліктілігі жоғары, қоғамға пайдасы мол маман даярлау екені айқын. Ал Халықаралық журналистика институты мен журналистика факультетінің айырмашылығы бар. Сіздерде студенттерді ең алдымен отандық медиаиндустрияның маманы ретінде дайындауға назар аудару қажет. Огайо универ­си­тетінде Халықаралық журналис­тика бағдарламасы бойынша әлемдік ақпарат құралдарына қыз­мет ете алатын халықаралық журналистерді дайындайды. Осы тақырыпқа қатысты ғылыми жобаларды жүзеге асырады және студенттер журналистика саласындағы әлемнің әр түкпіріндегі журналистермен әріптестік байланыс орнатады. Мысалы, биылдың өзінде Халықаралық журналистика институтының қаржылай қолдауымен 8 студент өз қалаулары бойынша шет мемлекеттерде, соның ішінде Африка, Таяу Шығыс, Еуропа елдерінде 3-4 ай іссапармен шетелдік тілші ретінде қызмет атқаруда. Бұл шәкірттеріміздің болашақтағы халықаралық журналист мамандығына жасаған алғашқы қадамы деп ойлаймын. Сонымен қатар, олардың шетелдердегі тілшілік қызметі туралы үнемі ақпарат алып отырамыз және олар дайындаған аудио, бейне ақпараттар, баспасөз материалдары Халықаралық журналистика институтының арнайы вебсайтында тұрақты жарияланып отырады. 

– Сіздерде түлектердің жұмыс­қа орналасу мәселесі қалай шеші­леді? 

– Студенттер оқу барысында кәсіби білік­тілігін жан-жақты жетілдіреді. Сондықтан оқу үдерісі барысында жинақтаған теориялық және тәжірибелік білім сапасы тез жұмыс табуға көмектеседі. Жалпы біздегі оқу бағдарламасында студенттердің кәсіби біліктілігін тәжірибе ба­ры­­сында шыңдау көзделген. Мәселен, студенттер Southeast Ohio журналында, қоғамдастықтың ATHENSi.com вебсайтында және басқа да студенттерге арналған жинақтар мен бағдарламаларда тәжірибе жинақтайды. Көптеген студенттеріміз The Post газетінде, The Athens News атты күнделікті тәуелсіз басылымда, журналистика мектебін бітірген түлектердің WOUB News веб сайтында журналист, әрі редактор міндетін атқарса, университеттік қоғамдық бағдарлама арналарының қызметіне белсене араласады. Сонымен қатар, студенттер жергілікті газеттер мен университеттік баспаларда жұмыс істейді. Мұндай өндірістік тәжірибелер Огайо университеті студенттеріне оқуды бітіргеннен кейін өз кәсібі бойынша тез жұмыс табуға жасалған мүмкіндік деп ойлаймын. 

– Жастарды мамандыққа баулуда БАҚ-тың ұсынатын тиімді жобалары бар ма? 

– Әрине, осы мәселе төңірегінде Огайо университеті Е.Скриппс атындағы журналистика мектебінің өзіндік тың бағдарламасы бар. Бұл жоба жұмыс берушілердің қаржылай қолдауымен ұйымдастырылатын конкурсқа негізделеді. Конкурстың басты мақсаты тың идеяларды ақпарат құралдарының жұмысын жақсартуда пайдалану және кәсіби біліктілігі жоғары маманды дайындау, олардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау. Осы жобаның талабы бойынша кез келген ақпарат құралының басшысы студенттерге арнап конкурс жариялайды. Ең үздік идея ұсынған студент қомақты қаржылай қолдауға ие болып, болашақта сол идеясын жүзеге асырады. Бұл журналистика мектебінің түлектерін жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік болса, жұмыс берушілер үшін жас маманды жұмысқа тартуда маңызы зор. 

Бүгінгі таңда ғаламдық үде­ріс­терге сәйкес журналистік білім бе­рудің «жаңа-модельдері» пайда бо­луда. 

Меніңше, ҚазҰУ-дің журналис­тика факультеті студенттеріне кәсіби біліктілігін шыңдауға жоғары талап қоюы қажет. Себебі олар теориялық білімді дәрістерден үйренері сөзсіз, алайда тәжірибемен ұштастыру одан да маңызды. Огайо университеті Е.Скриппс атындағы Жур­налистика мектебіндегі әр­бір дәріс тәжірибемен бірге жүргі­зі­леді. Журналистика мектебі өз сту­дент­терінен дәріс барысында алған білім­дерін коммерциялық медиа компанияларда тәжірибеден өту барысында көрсетуін, тың идеяларын жүзеге асыруын талап етеді. Біздің студенттер өндірістік тәжірибеден ұлттық және халықаралық медиа ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарының кез-келген саласында өтеді. 

–  Калианго мырза, Сіз осыған дейін елуге жуық елде болып, 9 жылға жуық әлемге танымал CNN телеарнасында қызмет атқардыңыз. Халықаралық журналист болудың ерекшелігі неде, студенттерге қандай кеңес бересіз? 

–  Ең алдымен халықаралық жур­на­лист болғысы келетін студент әлем­нің ерекшелігі неде деген сауал­ға жауап іздеп, оған ерекше қызы­ғушылық танытуы тиіс. Сондай-ақ әртүрлі ұлттардың өзін­дік мәдени, тарихи қалыптасуы, дамуымен жете танысуға тырысуы керек. Халықаралық журналист саяхатшы болуға және өзіне бей­мәлім мәдениетпен танысуға іш­тей дайындығы зор болу керек. Сонымен қатар, мысалы сіздердің студент­теріңіз үшін орыс тілінен басқа ағылшын, араб, мандарин немесе испан тілдерін үйренуі тиіс. Кәсіби біліктілігі жоғары халықаралық журналист болу үшін халықаралық тақырыпқа қатысты материалдарды көп оқып, жаза білуі және әрдайым маңызды жаңалықтар туралы хабардар болуы шарт. 

Сондай-ақ студенттердің өзде­рін кәсіби тұрғыдан жетілдіріп, халық­аралық және үкіметтік емес медиа ұйымдарға мүше болуы да маңызды. Мәселен, АҚШ-та студенттер мүше бола алатын Халықаралық Баспасөз Клубы, Ғаламдық журналистік зерттеу желісі, Соғыс және Бейбітшілік Институты және Халықаралық Журналистік Зерттеу Консорциумы, т.б. ұйымдар бар. Олар студенттердің кәсіби тұрғыдан қажетті кеңестер алуына жәрдемдеседі. 

– Соңғы жылдары біздің уни­вер­ситетіміз еліміздегі ғылыми зерт­теу орталықтарының бірі­не айналуда. Әлемге танымал еуропалық, амери­калық ғ­ылыми журналдарға біздің ға­лым­дарымыз еңбектерін қалай жария­лай алады? 

– Әрине, ғылыми-зерттеу униве­р­си­тетіне толығымен көшудің және ғылыми әлеуетті жетілдірудің бірнеше жолдары бар. Менің ойымша, журналистика және бұқаралық коммуникация саласы бойынша сандық зерттеу әдістерін пайдалану медианың мазмұнын талдау үшін ең оңай әдіс және үлкен мүмкіндік. Сол арқылы сапаны жақсартуға болады. Алайда, эмпирикалық ғылыми зерттеулердің басым көпшілігі эксперименттік дизайнға немесе сауалнама дизайнына тікелей байланысты. Нақты мысал келтірер болсақ, мен өзім ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде екі апта көлемінде эмпирикалық статистикалық және зерттеу-дизайны әдісінен дәріс бердім. Дәріске қатысушы магистранттарға SPSS бағдарламасына деректерді енгізу және оны қалай қолдану, сауалнама нәтижелерін қалай қорытындылау мәселесіне кеңінен тоқталып, медиа мен коммуникацияны зерттеуге сауалнама құралдарын тиімді пайдалану жолын теориялық және тәжірибелік тұрғыда үйретуге тырыстым. Қорытындыларын болашақта АҚШ-тағы жоғары импакт факторлы журналға жариялау үшін ғылыми мақала ретінде дайындауда. Сондықтан ғылыми-зерттеу университетіне толығымен көшу үшін ғалымдар жастарды сапалық зерттеу әдістерімен қатар, сандық зерттеу әдістерін үйретуге тырысқаны жөн. Себебі, қазіргі ғылым әлемінде өзекті тақырыптарды қамтитын зерттеу еңбектерінің пайдаланатын ғылыми әдістері сандық зерттеуге негізделген. Әрине, мұнда тағы бір ерекше назар аударатын жағдай бар. Жас ғалымдарға халықаралық стандарттарға сай келетін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін дұрыс бағыт-бағдар беру қажеттілігін атап өткім келеді. Себебі, ҚазҰУ студенттері өте еңбекқор, алғыр, білімді және кәсіби біліктілігі жоғары екеніне осы екі апта көлеміндегі дәріс барысында көзім жетті. Мәселен, мен америкалық студенттеріммен екі ай көлемінде жүргізген зерттеуімді ҚазҰУ журналистика факультетінде оқитын магистранттар небары екі апта көлемінде аяқтады. Осыдан келіп шығатын тұжырым, сіздердің елдеріңіздің жастары өте білімді және болашақтарынан үлкен үміт күттіреді. Сондықтан мен Қазақстан – білімді жастарымен мақтануы тиіс деп нық сеніммен айта аламын. 

– Бұл сіздің Қазақстанға екінші сапарыңыз. Әлемнің көптеген білім ошақтарында болдыңыз, еліміздің жастары мен білім деңгейі туралы не айтасыз? 

– Әрине, менің халықаралық журналист болуым әлемді тануға үлкен мүмкіндік берді. Өзіңіз айтып отырғандай әр түрлі елге іссапармен барар алдында сол ел туралы жан-жақты ақпарат іздейсің. Қазақстан Орта Азиядағы ең гүлденіп, дамып келе жатқан, болашақ әлеуеті мол мемлекет. Алайда, осындай керемет ел АҚШ-тың өзінде керемет танымал десем өтірік айтқан болармын. Сондықтан, Қазақстанға келу барысында мен осы елдің көптеген Еуропа елдерімен ұқсастығын байқадым. Расын айтқанда, сіздердің елдеріңіз Еуропадағы елдерден де көркем, жастары білімді, халқы қарапайым, әрдайым көмектесуге даяр тұратыны мені таңқалдырды. Осы сапар барысында Астанада болдым және болашақ қаласы екеніне көзім жетті. Айрықша атап өтетін бір жайт – білімді жастарға әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндіктің берілуі. Сонымен қатар, Астанаға сапар барысында Медиаорталықта болып, оның техникалық жабдықталуы, архитектурасы жағынан әлемге танымал CNN корпорациясымен ұқсас екенін байқадым. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан 

Қарлыға Нақысбекқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика 

факультетінің доценті