ТАРИХТАН СУЫРТПАҚТАП СЫР ТАРТҚАН...

ТАРИХТАН СУЫРТПАҚТАП СЫР ТАРТҚАН...

ТАРИХТАН СУЫРТПАҚТАП  СЫР ТАРТҚАН...
ашық дереккөзі

 «Ғалымның хаты өлмейді». Осы сөзге бір дәлел – XVI ғасырдың ғұлама перзенті Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиі» деуге болады. Ол – Орта Азия халықтарының XIV-XVI ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы құнды жәдігер, жер жүзі зерттеушілерін жалт қаратқан классикалық шығарма. Әлем өркениетінің алтын қорындағы озық туындының біз үшін басты құндылығы – қазақ тарихының, әдебиеті мен мәдениетінің бағзы түркілік дәуірмен һәм исламдық тарихи кезеңмен сабақтаса бейнеленуінде. Данышпан Мырза Хайдардың әдеби ғұмырнамалық сипатта жазылған бұл еңбегі қазақ ғылымында зерттеліп-сараланып жүр. Бірақ, әлі де болса жекелей түрде зерделенер тұстары аз емес.

«Тарих-и Рашиди» алғаш рет қазақ оқырмандарына қолжазба нұсқасынан тәржімаланып, 2003 жылы ұсынылды. Көркем де айшықты тілмен жазылған мемуарлық туынды көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, ғұлама ғалым Мырза Хайдардың өмірінен көптеген тағылымды мағлұмат береді. «Тарих-и Рашиди» немесе «Хақ жолындағылар тарихы» деп аталған бұл еңбек ғұламаның өзі айтқанындай үш түрлі себеппен жазылған. Әуелгі себебі, Тоғлық Темір ханның ислам дінін қабылдауына дәнекер болған маулана Аршададдиннің құрметіне, екіншіден, сол Тоғлық Темір хан мен бақытты моғол ұлысының құрметіне, соңғы себебі – моғол ханы Әбдірашид ханның құрметіне арналған. Ал кітаптың өзі екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Мұхаммед Хайдар Тоғлық Темір хан дәуірінен бастап, өзіне дейінгі тарихи шежірені қамтыса, екінші бөлімде қайшылыққа толы өз өмірін баяндайды. Бірінші бөлімдегі деректердің басым көпшілігін Әмір Темірдің жеке жазбагері болған Шарафаддин әл-Иәздидің «Зафарнамесіне» сүйене отырып жазған.

«Тарих-и Рашидиде» эпистолярлық, яки хат түріндегі жазбалар жиі ұшырасады. Бірақ хат туралы айтылғанымен, сөзбе-сөз келтірілмеген тұстар да жетерлік. Мәселен, мына үзінділер: 

«Ханзада Әбу-л-Мани Термизи және Шейх Әбу-л-Лайс Самарханди бұдан бұрынырақ хазіретке (Әмір Темірге) қарсы шығу жөнінде уәделескен болатын. Соған қарамастан олар Әмір Темір жағына шығуға ниет білдірді. Олардың бұрынғы уәдесінен хабардар біреу қолына қалам алып қағазға түсіріп хазіретке жіберді…» (1. 75 б).

«Хазірет ұйқысынан ояна келе бұл түстің оның көкейіндегідей болмайтынын сезді де, көңілі абыржып жеке хатшысы Құтлықты Санг Көлден хатпен жедел түрде хабар (баласы жөнінде) алып келуге шаптырды» (1. 85 б).

Осы деректер арқылы сол заманның өзінде хаттың рөлі өте маңызды болғанын аңғару қиын емес. Тіпті, бірінші мысалда хат арқылы билеушінің өміріне сыналап енген қауіптің беті ашылса, екінші мысалда хат – оның өлім аузында жатқан ұлы әмірзада Жаһангирдің жай-күйінен сенімді ақпар көзін беретін құрал. Әрине, «сәлем хаттың» бәрі бірдей эпистолярлық әдебиетке жатпасы белгілі. «Эпистолярлық әдебиет – хат түрінде жазылған көркем шығармалар… Антикалық дәуірде хат көркем шығарма құсап жазылатын. Эпикур, Цицерон, Сенека хаттары көркем дүниедей оқылған… Эпистолярлық әдебиетке кең мағынасында алғанда, жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың хаттары да жатады», – дейді әдебиеттанушы Айгүл Ісмақова. 

Ал Қазақ Совет энциклопедиясында: «Эпистолярлық әдебиет, эпистолография (грекше: жолдау, үндеу) – сан алуан хат түрінде жазылған шығарма. Эпистолярлық әдебиетке жеке адамдардың бір-біріне жазған, мәдени маңызы бар, әдеби мұраға айналған хаттары да жатады» деп түсінік береді. Функционалдық және құрылымдық белгілері бар кез-келген тексті эпистолярлық деп атайды. Бұл стиль жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытатын сөз мәнері. Әдетте, бұл салада зерттелуге тиісті материал кез келген адамның күнделікті тұрмысқа, үй ішіне, қара басына қатысты жайларды сөз еткен хаттары емес, белгілі қоғам қайраткерлерінің, қалам иелерінің, ғылым-білім өкілдерінің, көбінесе әлеуметтік, не өзге де мәні бар мазмұндағы хаттары болуға тиісті.

Олай болса, «Тарих-и Рашидиде» кездесетін хаттар да толыққанды эпистолярлық мұра екендігіне дау жоқ. Себебі, шығармада хат белгілі тұлғалардың атынан жазылады, бұл – бір. Екіншіден, жазылған хаттың тарихи маңызы бар, өзектілігі мен атқарар міндеті де айрықша. Мына үзінді-мысал осы ойымызға дәлел болмақ: «Хазірет Ишан (Қожа Насыреддин Ұбайдолла) ханды көрген соң, айналасындағы барлық патшаларға хат жолдап: «Жүніс хан деген моғолды көрдім, ондай патшаға қараған елдің адамын құл етуге болмайды. Бұл ел мұсылман!» деп жария еткен дегенін естіген едім. Содан кейін ешкім Мауараннаһр мен Хорасанда моғолды құл етіп алып сатқан емес, оған дейін моғолды кәпірлер сияқты сатып келген екен» 

Мұндағы Хазірет Ишан, яки Қожа Насыреддин Ұбайдолла Қ.А.Иассауи сынды сөзіне ел тоқтаған сопы, ғұлама кісі болған. Моғол жеріне барғанда ханы – Жүністен бастап, күллі моғолдың ислам дініне деген сана-сезімінің биіктігіне қайран қалады. Осы жерде хат арқылы кейіпкердің көңіл-күйі де ашылады, яғни хатта оның риза кейіпте екені сезіледі. Сол екі ауыз сөзімен-ақ моғолға көз алартқан талай патшалыққа тоқтау салады. Бұл Хазірет Ишанның үлкен беделге ие екендігінің сөзсіз көрінісі.

Мырза Хайдардың бабалары Моғолстан мемлекетінің басында тұрған белгілі бектер еді. Олар Моғолстан тағына бірнеше хан отырғызып, әміршілер тарапынан сол кездегі құсбегі (премьер-министр) іспетті биік лауазымды иеленген. ХІІІ ғасырда Шағатай тұсында-ақ хан әулеті оның бабаларына Маңлай Сүбе («Күнгей жақ») деп аталған осы күнгі Қашқарияны сыйға тартқан. 

ХV ғасырда болашақ ғалымның аттас бабасын (Мұхаммед Хайдар мырза) билікке таласқан немере інісі Әбу Бәкір Дулати зорлықпен Қашқариядан Орта Азияға кетуге мәжбүр етеді. Мұнда ғалымның әкесі Мұхаммед Хұсейін Жүніс ханның үшінші қызы Хуб Нигар ханымға үйленеді. Одан 1499 жылы Мырза Хайдар туылған. Ал Хуб Нигар ханымның әпкесі Құтлық Нигар ханым Әмір Темірдің шөбересі Омар Шейхпен тұрмыс құрған еді. Одан атақты ойшыл, патша Бабыр (1483-1530) туылған. Мырза Хайдар екеуі бөле болып келеді. 

Мырза Хайдардың атасы өзімен аттас екенін айттық. Ол Жүніс ханмен құда болған. «Тарих-и Рашидиде» екі құданың туыстық қарым-қатынасы, бірін-бірі қолдап отыратын қасиеттері сөз бола келе, араларына іріткі салушылардың кесірінен жауығып, қантөгіске барғандары да айтылады. Бірақ, ең соңында бейбіт мәмілеге келіп, екі құда қайта жарасады. 

«…Қазіргі патшалар мұндай жағдайда туыстық жақындығы Жүніс хан мен Мұхаммед Хайдар мырзадай болса да кінәлілерді аямай, дұшпаннан да жаман қатал жауыздықпен көзін жояр еді. Ал егер кінәлі адам Алланың шапағаты тиіп, жазасынан құтылып, «болған іс болды, енді» деп достық және туыстық жібін үзбейін деп хабаршы жіберіп хат жолдайтын болса, олар жауап та жаза қоймас…», – деп қорытады шығармагер.

Осы үзіндіден соң, хат жазудың сол уақыттағы мән-маңызы бізге жаңа бір қасиетін аша түседі. Яғни, ұлы адамдарға тән мәрт мінезбен кешірімге, мәмілеге келуде дәнекер етуші хаттың көтерер салмағы ауыр. Ал рухани таяз кісілердің ондай хаттарға жауап жазуға өресі жетпесі түсінікті.

Ғұлама ғалым шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ тағдыр тауқыметін тартты. Бір жарым, екіге толғанда анасы дүние салады. Дәл осы кезеңде шайбандық өзбектердің үстемдігі артып, Орта Азияның біраз жерлеріне билік етті. Олармен қырықпышақ болған Әмір Темір әулеті табанды қарсылық көрсете алмай, шарасыз Бабыр Кабулге кетеді. Мырза Хайдардың әкесі Мұхаммед Хұсейін де бас сауғалап жүріп, өзіне ажал құрығының таяп қалғанын сезіп, тоғыз жасар Хайдарды сенімді жерге жасырады. Ақыры өзі өзбектердің қолынан қаза табады. Мырза Хайдардың паналаған кісісі мау­лана Мұхаммед Қази болатын. Әкесі өліп, жүрегі құсаға толған бала Хайдарды маулана Бадахшандағы Мырза ханға жеткізеді. Мырза хан да Бабыр секілді Мырза Хайдардың бөле ағасы. Әкесі Сұлтан Махмұд мырза, анасы Жүніс ханның қызы Сұлтан Нигар ханым. Мырза хан Хайдарды құшақ жая қарсы алды. Алайда, «Көктем өткеннен кейін тирмах – маусым, шілде айының аяғында Бабыр патшадан Мырза ханға бұйрық жетті. Оның мазмұны мынадай еді: «(Менің анамның) сіңлісінің күйеуінің, яғни Мұхаммед Хұсейін мырзаның, баласы сенің жаныңда екен. Сенің аймағыңның маңайында өзбектер мен қашқарлықтардан үнемі қауіп төніп тұратындықтан, бұл жай мені алаңдатып отыр, енді оның сонда қалуы мүлде мүмкін емес. Сондықтан оны бізге жібергенің жөн». 

Келтірілген үзіндіден білгеніміздей патша бұйрығы хат жүзінде жазылған. Патша сөзінен патшаға тән айбар сезіледі. Қорқытып та, өтініп те сұрамайды. Түсіндіре сұрайды, сыпайы бұйырады. Сірә, бұл – оның әдеби характері болса керек. Әрине, Бабыр сөзі екі етілген жоқ…

Мырза Хайдар Кабулде, патшаның қасында жүргеніне үш-төрт жылдай болғанда, Жүніс ханның немересі Саид хан Бабырдан оны қайта-қайта өзіне сұрайды. Мырза Хайдардың да ханға ықыласы ауады. Ал Бабыр болса бөлесінің бұл әрекетіне ренжиді. Ренжіп тұрып рұқсатын береді. Бұл жайында Мырза Хайдардың өзі «Ақырында патша қамығып, ренжіп тұрып, маған рұқсатын берді. Патша көңіліне қарауға тиіс болсам да, балалық жасап оны аяқ асты еттім»,– деп жазады.

Бірақ Мырза Хайдардың Бабырдан кешірім сұрап хат жазғаны анық. Тек ол хат «Тарих-и Рашидиде» жоқ. Сөзімізге дәлел – Мұхаммед Заһираддин Бабырдың «Бабырнамасынан» үзінді: «Хұб Нигар ханымның баласы Хайдар мырза еді. Әкесін өзбектер өлтіргеннен кейін, ол үш-төрт жыл менің қасымда болды. Содан кейін рұқсат сұрап Қашқардағы ханға кетті. 

Алтын, күміс, қорғасын,

Нендей асыл болмасын,

Тартады өз тегіне.

Енді ол орнықты, байсалды азамат болып, жақсы жолға түсіпті деп естідім. Жазуға, сурет салуға машық, жебе жасауға, зергерлікке, садақ шыбығын июге қолының ебі бар. Он саусағынан өнер тамған жігіт. Ақындық дарыны да бар еді. Ол менен кешірім сұрап хат жазыпты, сөз саптауы тәп-тәуір».

«Тарих-и Рашидидегі» біраз деректер «Зафарнамеден» алынғанын айтып едік, жоғарыда. Кітап авторы әр тарау сайын мұны «Зафарнамеден үзінді» деп ескертіп те отырады. Авторға бұған қоса Бабыр патшаның «Бабырнамасы» да құнды дерек көзі болған. «Мырза Хайдар шығыс әдебиетінің дәстүрлі тәсілдерінің бірі – «тәзминді» (қазақшалап айтқанда «кепіл сөз» деп аталады) пайдаланған. Бұл тәсілде автор басқа бір ақынның өлең жолдарын, мақал-мәтел немесе ел ішіне кеңінен таралған қанатты сөздерді өз ойын айқындауға, әсерлілігін арттыруға әңгіме арасында келтіріп отырады» деп жазады дулатитанушы Ислам Жеменей. Осы пікірге байланысты, кітаптан мынадай көлемді үзінді келтірсек: «Қожа Насыраддин: «Сәл аялдай тұрыңдар» деп, бақтың екінші бір шетіне кетіп, біршама уақыттан кейін қайта оралды. Екі хат алып келіп Мауланаға берді. Оның бірі Маулананы (Мұхаммед Қазиді) Маулана Саъададдин Қашқаридың ұлы Қожа Қаланға тапсырған хат еді. Екіншісінде осы дәруіштік (сопылық) жолмен жүру ережесін жазып берген екен. Оның көшірмесі мынау: «Шынайы ғибадат етудің мәні жоғары мәртебелінің ұлылығын сезінуден адам жүрегінде мойынсұнушылықтың пайда болуында жатыр. Мұндай бақыттың пайда болуы махаббаттың пайда болуына байланысты, ал махаббаттың пайда болуы Алланың елшісі Мұхаммед Рәсулалланың жолын қууға байланысты. (Алла тағаланың оған рақымы жаусын, оған тыныштық берсін). Ал (Мұхаммедтің) жолын қуу үшін оның ережелерін білуі шарт. Ал оған діни білім алмай қол жеткізу мүмкін емес. Ол үшін ғалымдармен араласу, қарым-қатынас жасау қажеттігі туады. Сондықтан ғылымды күнкөрістің құралы ретінде пайдаланатын, оны жоғары дәрежеге қолданатын ғалымдардан аулақ болу керек. Егер тақуа ғұлама ғалым табылмаған жағдайда, амал жоқ әлгі ғалымдарды мақсатқа қол жеткізу үшін пайдалануға тура келеді. Ал зікір салып, билейтін, қолына түскен кез келген нәрсенің бірін алып, талғаусыз жейтін дәруіштерден сақ болған жөн. Суннит сеніміне нұқсан келтіретін мағрифат пен таухидты тыңдаудан қашық болған ләзім. Ақиқатты тану нұрының пайда болуы үшін Алланың елшісі Мұхаммедтің (Алланың оған сәлемі болсын!)ұстанған жолымен жүру қажет». Мұндағы Қожа Насыреддин де, маулана Мұхаммед Қази де жоғарыда аты аталған есімдер. Қожа Насыреддин Мұхаммед Қазидің ұстазы, ал Мұхаммед Қази Мырза Хайдардың ұстазы. «Маулана» сөзінің түпкі мәні ұстаз, тақуа дегенге саяды. Жалпы, үзіндідегі хат-уағыздан автордың өз ұстанымы жарқырай ашылған. Өзге біреудің хаты арқылы өзінің айтайын деген ой-пікірін беру тәсілі сәтті орындалып тұр. Хат мазмұны да өте терең, күрделі мәселені қаузайды. Бүгінгі түрлі ағымдағы секталар ұйымы сол дәуірдің де діни аһуалына зауал әкелгені даусыз. Мырза Хайдардың өмірі негізінен сондай дінсіздерге қарсы ғазауат жорығымен өткен. Сондықтан, «Тарих-и Рашидидің» шығарма ретіндегі бас­ты ерекшелігі – Мырза Хайдардың исламдық дүниетанымында жатыр. Екіншіден, Мырза Хайдар өз кейіпкерлерінің қадыр-қасиетін, ішкі психологиялық аһуалын бейнелеуде, тарихи оқиғалар мен саяси жағдайларға байланысты өз көзқарастарын танытар тұста Құран аяттарын басты өлшем ретінде алады. Исламдық тұрғыдан баға береді. Осы тұста зерттеуші В.Т.Поляковтың: «Мырза Хайдар әдебиетке Алла образы мен Ислам құндылықтарын енгізе отырып, әміршілердің әрбір қадамын шариғат пен имандылық талаптарына орай өлшестіре пайымдаған», – деген тұжырымының дәлдігіне көз жеткіземіз. 

«Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі хаттардың енді бір легі өлең, бәйіт, рубаи түрлерінде жазылып, жолданып отырған. Мысалы: «Төрт күннен кейін маған мүбәрак қолымен жазылған хат жіберді. Ол кезде Сакри асуынан өткен еді. Оның күй-жағдайы қауіптенгендей нашарламаған-ды, аман-есен Нубраға аялдады. Құрбан айтынан кейін жүріп кететін болды. Түркі тіліндегі рубаиын сол жерде жазды. Ол – шарапатты көңіл-күйінің жемісі болар. Ол былай:

Гүлзарыма кел менің таңмен бірге арайлы,

Гүлден емес, таңымнан бір шапағат тарайды.

Шын, шынайы көңілім – жай сөзге оны балама –

Сағынышты сәлемім жеткіз өкіл балама!

Ең соңғы жіберген хаты мен жолдауы осы еді…». Мұндағы кейіпкер – Саид хан. Тибет еліне ғазауат соғысына шығып, ол тұншықпа ауруына шалдығады, ханордасы Жаркентке қайтып бара жатып, жол үсті дерті меңдеп көз жұмады. Мырза Хайдарға жолдаған ақырғы хатында өзіне өлім сағатының таяп қалғанын алдын-ала білгендей, әсіресе «Сағынышты сәлемім жеткіз өкіл балама!» деген жолы тұспалымызды шындыққа жалғайды. Бұл кезде Саид ханның ұлы Әбдірашид мұрагер ретінде Қашқарда тақта отырған. Ол Мырза Хайдармен етбауыры араласқан адамдар еді. Тіпті «Тарих-и Рашидидің» жазылуына себепті болған үш құрметті тұлғаның бірі де – сол Әбдірашид хан екенін айтқанбыз. Хан билігінде олардың рухани татулығына қызғанышпен қарайтын Мырза Әлі Тағай есімді уәзір болды. Саид хан жолда өз ажалынан қаза тапқанда Мырза Әлі Тағай қасында еді. Осы қаралы жағдай оны сұрқия ойға тіреп, ойын хатқа түсіреді. «Ол хатта ханды өсек еткен қисынсыз жалған өтірік, бос әңгімелерді ханның ақтық демі алдындағы өсиеті деп атап көрсетілген. Хан былай айтқан болып шыққан: «Тибет хазауат жорығына баруға мен ниет еткен емеспін. Осыған итермелеген Сейіт Мұхаммед Мырза мен Мырза Хайдар болатын. Егер оларды өлтірмесе өз ұлым Әбдірашидке мен ешқашан риза емеспін. Олардың өлімі – бұл менің кегімнің қайтқаны болмақ. Сондықтан олар тірі тұрғанда сенің тақта отыруың мүмкін емес».

Хаттың, хатпен ақпар берудің сол уақытта адам санасына билік жүргізетіні соншалық, Мырза Әлі Тағай сынды пасық ниетті жандарға нәтиже де әкелген. Хаттағы Сейіт Мұхаммед Мырза кітап авторына немере аға, яки әкесі Мұхаммед Хұсейіннің туған інісі болып келеді. Ол да хан билігіне өте адал еді. Бірақ онысы опа бермей, есіл кетті. Әбдірашид хан өз қолымен оның басын шапты. Бұл жағдай қиырда жүрген Мырза Хайдарға жай түскендей әсер етті. Ол Рашид ханға деген ашу-ызасы, қайғы-шерін хат арқылы өлеңмен жеткізді:

Сен біздерді ұмыттың, соны есіңе салайын,

Мұң мұжыған кездері қуантпадың, ағайын.

Арқамызда біздердің таққа отырып алғасын,

Көре алмадық біз сенен әділеттің жалғасын

Ей, шаһ, сенің ауылыңнан кете бардым қаңғырып,

Біз өзара бөліскен антты сенде қалдырып.

Мен бәрінен құтылдым, саған кінә қойдым да,

Ант қалады әдетте, бұзған адам мойнында!

Жүрегімді күйдіріп, жалындаған өрт өтті,

Опа, мейір, уағда – барлығын сен тәрк еттің.

Сөз де бөлек, әрине, ділің бөлек болғасын,

Алла менің ісімді, әділдікті қолдасын!

Әдебиеттануда «хат өлең» термині арнау өлеңнің бір түріне жататыны, қазақ өмірінде өлеңмен хат жазысу ертеден орын алатыны айтылады. Мырза Хайдардың Рашид ханға арнаған хат өлеңдері автордың қайғылы тағдырын ашып көрсету жағынан да, бүкпесіз айтар ойының мазмұнын түйіндеп беру жағынан да айрықша. Жоғарыда жазылғандай, Әбдірашид пен Мырза Хайдар қатты сыйлас кісілер еді. Мырза Хайдар Бабырдан кетіп, Саид ханның ордасына барған уақыттан бастап Әбдірашидпен көп жылдар бойы дос болды. Ақыры екеуі өмір бақи айнымас адал достыққа серт байласқан. Серт – Құдай сөзі. Мырза Хайдар хат өлеңінде сол бұзылған серт туралы да айта келіп, «Ант қалады әдетте, бұзған адам мойнында!» – дейді. Сөз сүйектен өтетіні анық болса, хат өлеңнің әсіресе, осы жолында ханды тірі өлікке теңеген астарды аңғару қиын емес. Оның үстіне Мырза Хайдар мұны өлеңмен жеткізген. Бұл жерде өлең сөздің жай қара сөзден ұрымтал тиетінін де байқауға болады.

Хат жазу, хатты өлеңмен жазу, хат арқылы бұйрық, жарлық жеткізу дейсіз бе, жалпы хаттың қызметі сол заманда өте маңызды болғандығын «Тарих-и Рашидиді» парақтаған сайын біле түсесіз. «Тарих-и Рашиди» парсы тілінде жазылған. Парсы тілі сол замандағы білім тілі болып есептелген. Әйтпесе, моғол ішінде түркі жазуынан басқа – ортақ, қоғамдық қолданыстағы жазу түрлері болғандығын да айтып қалады. Мырза Хайдар: «Сол заманда нәсх және нәстәлик секілді жазу түрлері кеңінен таралады. Мұндай құбылыс бұрын ешқашан болған емес. Әлгі нәсх және нәстәлик жазу түрін ойлап тапқан Әмір Әлі Тебризи. Ол Әмір Темір заманында өмір сүрген», – дейді. Мырза Хайдар Саид ханның өзіне жеке мінездеме берер тұста, оның ерекше ақын болмысты екенін және сол нәстәлик жазуына өте шебер екенін баса айтады. Мұның бәрі де хаттың аясынан алыс тұрмайтыны аян. Яғни хаттың сол заманғы маңызын салмақтай түсуге мейлінше жеткілікті айғақ. 

 Мырза Хайдар өмір сүрген орта ғасырлар – жаугершілік, соғыс көрінісіндегі көшпелі өмір болғандықтан, хаттың маңызы артпай болмас та еді. Негізгі жаңалық берер ақпарат көзі де сол хат арқылы ғана болды: «Рамазан айының басында 916 (1510 ж. желтоқсанның басы) жылы Кабулға Мырза ханнан хат алып бір адам жетті. …ол хатта мынадай хабар жазылған еді: «Шаһ Исмаил Ирактан келіп, Мервте Шаһибек ханмен соғысып, оны жеңіпті. Шаһибек ханның өлі-тірісі жайындағы хабар анық емес. Сол шайқаста аман қалған барлық өзбек Аму суынан өтіп құтылған. Құндызда Әмір Урус дурман болған екен, ол қашыпты. Жиырма мыңға жуық моғол өзбектен бөлініп, Мервтен Құндызға келген. Мен Құндызға кеттім. Егер (Бабыр) патша тізгінін Құндыз жаққа суыт бұратын болса, онда мен сіздерге қосылар едім. Жақын арада сіздің мұралық иелігіңіз өзіңізге тиетіндігіне сенім анық».

 Енді осы хатта айтылған Шаһ Исмаил мен Шахибек ханның соғысар алдындағы бір-біріне жолдаған хаттарын келтірелік. Ол жерде хаттың рөлі мүлде басқаша, екі тақталас пен бақталастың бейне бір поэтикалық дуэлі десе болғандай. «Шаһ Исмаил Шаһибек ханға бағалы сыйлықтарымен жаушы жіберіп, әрі хат жолдады. Онда былай деп жазған: «Бұдан бұрын ешқандай екі жақтың да көңіліне қастандық тудыратындай алауыздық тозаңы қонған емес. Егер бір жақ әкелер салған жолды ұстар болса, онда бұл жақ перзенттік жолдан аттап кетпейді».

 «(Шаһ Исмаилдың) елшісі хан ордасынан аттанарда (Шаһибек хан)оған мынадай хат беріп жіберді: «Дұрысы, әркім өз әкесінің жолын ұстанып, шешесінің ізінен жүруді тастау керек. Өйткені Ұзын Хасан өз қызын, ал (Ұзын) Хасанның ұлы Сұлтан Жақып өз қарындасын сенің әкеңе берген күні, ол заманның патшалары әулетінен шыққанымен жат жұрттық болды. Сен, шешең жағынан, егер де уақыт ананың мен сияқты сұлтанның баласы сұлтан дүниеге келмеген болса патшалыққа үміткер бола алар едің, мәтелде айтылғандай, «әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демей ме. Егер сен әкеңнің кәсібін ұмытсаң, онда мен мынамен оны есіңе түсірейін»,– деп, бір асатаяқ пен қайыршының дорбасын хатқа қосып жіберген.

 Ал Шаһ Исмаилдың жауабы: «Егер әр перзентке әкесінің ісін істеу ләзім болса, онда барлық (адам) Адам атаның перзенттері болғандықтан олар пайғамбарлық іспен айналысуға тиіс болар еді. Егер патшалық міндетті түрде мұраға беріліп отырса, онда Пишдадидтерден Кийанидтерге өтпес еді. Шыңғыстың өзіне патшалық қалайша келіп, ал сен өзіңе қайдан жетіп еді?»

Ол Шаһибек ханның сыйлығына жауап ретінде ұршық пен оның құралын жіберді де, былай деді: «Сенің хатыңда жазған нәрселерді мен де соны өзіңе айтамын: «Патшалық келінін кім кеудесіне қысса…» Енді мен сенімен күресуге белді бекем будым және аяғымды шапшаң шайқас үзеңгісіне салдым. Егер сен маған қарсы шықсаң, онда бір-бірімізге қоятын талабымыз шайқас даласында шешілетін болады. Егер қояр талабың жоқ болса, онда мен жіберген жұмысты орында да отыр» ( 1. 272 б ). 

Осылай деп қаһарланған Шаһ Исмаил өзбек билеушісі Шаһибекті тас-талқан етті. Онсыз да сырттай тіс қайрасқан екі жақтың бір-бірінің сағын сындыру мақсатында жазысқан хаттары еді. Ашу-ызаның қытығына тиіп, нәтижесінде эмоционалдық тұрғыда адамның ішкі, шынайы сыры қағаз бетіне төгілді. Хаттың бір құдіреті осы болса керек. Ал оны нақты шындықты бұлтартпай көрсетер құжатқа неге жатқызбасқа?! 

Жалпы, Мырза Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде хат пен хабар алысқан оқиғалар, жағдайлар, мәселелер өте көп. Біріншіден, бұл нақты тарихи дерек. Екіншіден, әдеби ғұмырнамалық еңбектің стиль, жанр, мазмұн жағынан өзгелерден оқшау тұрғандығының бір тұздығы. Яғни, хат арқылы ақтарылмас сыр, ашылмас құпия болмайды әрі айтылған ойдың шындық болуы үшін де хаттық куә аса қажет. Бұл ойымызға әдебиеттанушы З.Қабдоловтың «Деталь – затты шындықтың бір қыры арқылы бар сырын тұтас, түгел және бірден, шапшаң танытатын нақты штрих» деген тұжырымын түйін еткіміз келеді.

Ғұлама бабамыздың осы «Тарих-и Рашиди» атты құнды жәдігері әр қазақтың үйінің төрінде тұрса деген ойға қалдық. Сонда ғана ол ұрпақтан-ұрпаққа сіңісті болар ма еді. Ал, Мырза Хайдар – қазақ баласы аса біліп өсуге тиісті қазақ тарихшысы! Шериаздан Елеукенов айтқандай, «Қазақстан тарихына қатысты жәйларды солтүстікте Қадырғали Жалайри баяндап берсе, оңтүстікте және бір маңызды беттерін Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде төгілтіп жазып берді. 

Бұл еңбекті эпистолярлық жанр ерекшелігі тұрғысынан зерттеу-саралау мұнымен шектелмейді. Әзірге шығармадан хат туралы деректердің басты, негізгі дегендерін ғана іріктеп алып, қал-қадірімізше талқыға салып көрдік. Ғасырларды көктей өтіп жеткен ғалымның осынау ғажайып мұрасы, бізге, әлі талай тылсым сырын ашары анық…

Еркебұлан КЕНЕХАНОВ,

 М.Әуезов атындағы 

ОҚМУ, Филология факультетінің 

1-курс магистранты