ӨМІРДІ ӨЗІНДЕЙ ШЫН СҮЙГЕН…

Адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде-ақ алдағы ғұмыры пешенесіне жазылып қояды екен. Соған сай әркімнің өзіне тиесілі несібесі бар. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген тәмсіл осыдан шықса керек. Әрине, бұл – тағдыр. Тағы да тіршілік иесі өз тағдырына өзі қарсы шыға алмайды. Ал, бұл – заңдылық. 

Өмір – сүре білген адамға өте қымбат. Ондағы әрбір мезгіл, уақыт, тіпті сырғып аққан минуттар да бағалы. Кейде күйбең тірлікпен жанымыздағы жақсы адамдардың қадір-қасиетін ұғынып, жанына терең үңіле бермейтініміз өкінішті. Күндердің бір күнінде қапияда айрылып қалсақ ше? Өкініштің өзегі сонда күйдірмей ме? Ал өмірдің жаңа белесіне қадам басып, бақытты сәттердің куәгеріне айналуы тиіс өрімдей жастың құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнуіне қалайша жаныңыз ауырмайды?

Қабырғалы қаламгер Сәбит Досанов­тың басына түскен қайғы естіген жұртты есеңгіретіп тастағаны мәлім. «Бауыр еті – баласынан» ойда жоқта көз жазып қалу кез келген ата-анаға оңай тимесі анық. Жүрекке қанжардай қадалғаны сол, жазушының сүйікті ұлы Данияр өзінің үйлену тойында, көпшіліктің қарсы алдында небәрі 21 жасында өмірден өткен. Ал қуанышқа арналған кең дастарқанның соңы азаға айналса, өмірдің өткіншілігін өзіңіз-ақ елестете беріңіз. Қайран ана мен әкенің қарс айрылған жүрегі! Ағайын-туыстың аңыраған дауысы… Мұндайды досың түгіл, жауыңа да тілемес едің. Бірақ «жазмыштан – озмыш жоқ», демекші, амал бар ма, жазушы кеше ғана құлындай ойнақтаған ұлын қара жер қойнына тапсырамын деп ойлады ма?..

Иә, өмірде аза бойыңды қаза ететіні де осындай оқыс жағдай. Бәрінен де баласын жоқтаған ата-ана өмірден баз кешіп кететіндей көрінеді. Жатса да, тұрса да баласының түр-тұлғасы, сөйлеген сөзі, мойныңа асылып, құшақтаған кезі көз алдыңда көлбеңдейді. Кейде пәнилік болған жақыныңмен іштей мұңдасасың, сырласасың. Бұл да болса, мұздаған жүрегіңді жылытады, жібітеді. «Қайғы бөліссе азаяды» деген емес пе? Жазушы Сәбит Досанов пен жары Құралай Аққошқарованың құрастыруымен «Өмір сүру оңай ма?..», «Жизнь долга, если она пол­на» деген атпен «Арда» бас­па­сынан естелік кітап жарық көрді. Қаламгер бұл кітапқа баласы Данияр дүниеден өткеннен кейінгі уақытта қолына қалам алдырған жазбаларын енгізген. Сол қазалы күннен бері іштегі шерін күнделікке түсіріп, ұлының рухымен сырласуы қайғыны аз да болса жеңілдетсе керек. Алғашқы парағынан-ақ көңіл айтулар мен Данияр Сәбитұлы туралы естеліктерге көз жүгіртесіз. Бала Данияр, жігіт Даниярдың бет-бейнесінен өмірге деген құштарлық, ата-анаға деген махаббат, жақындарына деген мейірім, достарына деген адалдықты анық аңғарасыз. 

«Ол өзгенің қайғысын өз қайғы­сындай қабылдайтын аса сезімтал да, бауыр­мал жан еді…», «Ұлтжанды болып өсіп келе жатқан, жарқын жүзді, жалындаған жігіттің өмірі қысқа болғаны қандай өкінішті…», «Аспандағы күн сәулесі барлық жерге мол шуағын төгіп тұр. Бауырым Данияр, сен де сондай едің… Алла тағала саған бәрін үйіп-төгіп беріп еді…». Ал әкесінің баласына жазған «О дүниеге хат» деп аталатын сырласу хатында: «…Жансырым, имандай шыным, сенің жүрегің соқпаған өмір мен үшін тоқтаған сол бір қарғыс атқыр қаралы күні – 2013 жылан жылы, тамыз айының он жетінші жұлдызында өлгім келді. … Сен кеткесін бар бақытым кетті. Жайнаған өмір көрдей суық, табыттай ауыр қара түнекке айналды. Сенен айрылу анаң екеуміздің өмірімізді күрт өзгертіп, мүлдем басқа бағытқа бұрып жіберді. Сен барда бәрі керек еді және өзіміз үшін емес, ең алдымен сен үшін, сенің ештеңеден, ешкімнен кем болмай еркін өмір сүруің үшін керек еді. Сен кеткесін бізге ештеңе де, тіпті ең қымбат деген өмірдің өзі де керек болмай қалды. Өзіңнен айрылған біз бейбақ бүгін өлуге дайынбыз. Қара жамылып, қан құсып отырған бізді жіпсіз байлап тұрған Сенің алдыңдағы парызды өтеу орайындағы бірер жұмыс қана. Олар: 

1. Сенің ұйықтап жатқан мәң­гі­лік мекеніңе ескерткіш белгі қою. 2. Өзіңнен адасып қалғалы өзіңе құдайдың құтты күні хат жа­зып жүрмін ғой. Өлеңмен өрілген ол хаттарда кім келіп, бізді қалай жұбатқанын, елде қандай жаңа­лық болғанын баяндап, есеп беріп жүрмін өзіңе. Сосын сенің анаң да өзің жайлы күнделік жазып жүр. Алдағы жылы сол хат пен күнделікті кітап етіп шығарып, елге таратсам деп едім. 3. Өзің жайлы Даниярым – Да­на­шым, оқыған адамның жүре­гін шымырлататын, алдамшы өмір жайлы роман жазып жатыр­мын. Құдай қуат берсе, сенің өмірден озғаныңа бір жыл то­луына орай берілетін асқа дейін бітірмек ойым бар. 4. «Өмір сүру оңай ма?..», «Жиз­нь долга, если она полна» деген атпен өзің жайлы бір мұ­қабада екі кітап шығармақ ойым бар… 5. Даниярым, құлыным! Се­нің өмірің қысқа, хакім Абайдың сөзімен айтқанда: 

Ғылым оқып білгенше, 

Тыным, тыныштық таппаған.

Дүние кезіп көргенше,

Рахат іздеп жатпаған, –  қы­зулы, тынымсыз, мағыналы, маз­мұнды, мәнді өмір болды ғой. Сол өміріңді көрсететін деректі кино шығару ойда бар…». 

Жазушы Сәбит Досанов сол бір өмірдің қаралы таңбасындай болған 2013 жылдың 17 тамызынан бері баласына арнап отыздан астам хат жазыпты. Әр хатта Даниярға есеп береді. Бес күндік жалған өмірдің Даниярсыз мәнсіз, мағынасыз өтіп жатқанын баяндайды. 

Әкенің баласы мен адамның баласы жайлы хакім Абайдың сөзі мен «Құйрықты жұлдыз секілді, туды да көп тұрмады. Көрген, білген өкінді, мін тағар жан болмады», – деген жыр жолдарын ойға оралтқан, жас та болса ақылға бай дана, өмірі ғана емес, ажалы да аңызға айналған «түнгі боздақ жұлдыздай» бозбала жайлы әңгіме өрбіткен «Өмір сүру оңай ма…» кітабы оқыған жанға өмір жайлы ой салады.

 Өмірге келу – парыз, кету – міндет. Бірақ өлімнің де өкініштісі бар. Адамдық пендәуи оймен кәрі кетіп, жас қалса екен дейсің кейде. Алайда, мейірімсіз ажал тым асығыс кеп, қаншама жасты арамыздан жұлып әкетіп жатыр. Сағымдай сусымалы дүниеде адам өмірі қас-қағым сәт екенін еріксіз мойындамасқа лажың жоқ. Ендігіде қолдан келетіні – жұбату, қайғыға ортақтасу, сабырға шақыру ғана. 

Динара Мыңжасарқызы

Back to top button