ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ
ашық дереккөзі

БАЛА ДА ЕРМЕКСАЗ СИЯҚТЫ 

«Ұлыстың Ұлы күні құтты бол­сын, Ұзынсарының келуімен құт­тықтаймын». Балабақша табал­ды­ры­ғында кезіккен кішкентай балалар­дан осындай сөзді естігенде, абдырап қалдым. Сәл іркіліп қап, кішкентай қыздан ұзынсарының не екенін білетін-білмейтінін сұрадым. Бүлдіршін тақылдай жөнелді: «Апай бізге күн ұзарып, жер беті жылынатын көктем кезін «ұзынсары» дейді, – деп айтқан». 

Алматыдағы №46 бала­бақ­шада Наурыз мерекесіне орай ме­рекелік концерт болды. Той әже кей­пін­дегі 3 бүлдіршіннің төл жаңа жы­лымызбен құттықтап, шашу шашуы­мен басталды. Ұлыстың ұлы күнгі мерекелік көрініс арқылы хал­қымыздың көптеген салт-дәс­түрі, тәрбиеге қатысты жөн-жо­расы көрсетілді. Бүлдіршіндердің репертуарындағы халық әндерінің көптігі қайран қалдырды. Жаңа Жылды балаларымыз Аяз Атасыз елестете алмайтыны белгілі, мұны да тәрбиешілер тамаша ескеріпті. Мереке соңында Қызыр баба жас өрендерге батасын беріп, сыйлығын үлестірді. Тамаша көріністен кейін даярлық тобының тәрбиешілері Ғалия Құлжинова мен Әсиягүл Үмбетоваларды әңгімеге тарттым. Топта бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтар басшылыққа алынған екен. Балдырғандар ойын түрінде өтетін сабақтарда қоршаған орта туралы қазақы таным-түсінікпен танысады, қазақ аңыздары мен ертегілерінің желісінде түсірілген мультфильмдер көреді. Олар қатысатын театрландырылған қойылымдар қазақ ауыз әдебиетіндегі мысалдар мен аңыздардан құралған. Баланың қолынан шыққан ермексаздан жасалған дүниелерден ұлттық нақыштың көптігін көріп сүйсіндім. Бұдан соң балабақша меңгерушісі Рәзия Әбдікерімқызы: «Тәрбие басы ұлттық құндылықтарды танудан басталуы керек деп санаймыз. Сондықтан бүлдіршіндерге, ең алдымен қоршаған ортаның қазақша атау­лары мен олардың мән-мағынасын үйретеміз. Мысалы сіз ауладағы ағаштар мен өсімдіктердің қазақша атауы мен мағынасы туралы білесіз бе? Байқасаңыз, біздің балабақшадағы ағаш-гүлдердің бәрінің жанында қазақша атаулары жазулы тұр. Балаға дайын жауап беруден бұрын, бәрін көзбен көріп, қолмен ұстап үйретуге тырысамыз», – деді. 

 Мына сөздерден кейін ойға қалдым. Расында да, ұлттық тәрибе туралы көп айтқаннан көрі, оны күнделікті тәрбие, білім беруге осылай кірістіру қажет-ау. Ермексаз секілді илеуіңе оңай көнетін баланы ұлттық қалыпқа салу да өз қолымызда. Олай болса, бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды бағдар қып алған мамандардың ісі өзгелерге де үлгі болса деймін. 

Уәлихан Қанай

ҚАП-ҚАРА КӨЛІК МІНЕТІНДЕР КІМДЕР?


Кинода, әдеби шығар­ма­ларда ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері қап-қара, тере­зе­лері күңгірттенген көлік мінуге құмар. Мұны өзгелерден артық­шылығы деп бағалайды 

Біле білсек, сонау 1937-1938 қуғын-сүргін жылдары қан­шама ұлт зиялысын «халық жауы» деп танып, қап-қара кө­ліктерге тиеп алып кеткен екен. Қай көлікте кімнің бары белгісіз. Жақындарының соңынан телмірген жұрт лек-легімен ағылған қара көліктерді асқан бір жеккөрінішпен шығарып салған. Қара көлік адам баласының ұғымында қатыгездіктің, жауыздықтың белгісіндей әсер қалдырды. Сол кездегі ұрпақтың бойында қап-қара көлік көрсе, ерекше бір үрей мен қорқыныш пайда болатыны содан болса керек. Бір қызығы, бүгінгі мемлекеттік шенеуніктер мен лауазымды тұлғалар да терезесі күңгірттенген, көмірдей қара көлік мінгенді үлкен абырой санайды. 

Қалай десек те, мемлекеттік ше­неуніктер өзін көпшіліктен осы­лайша таса ұстағысы ке­леді. Олар да қоғамнан алшақ жүріп, әлдекімдердің көзіне түсуді қаламайтын сияқты. Ал, шын мәнінде шынайы өмірге неге қап-қара, терезесі күңгірттенген көліктің ішінен қарағысы келеді екен? Әрі-беріден соң сол лауазымды тұл­ғалар қара көлікті кеңестік им­перияның қандай пиғылда пай­да­ланғанын біле ме? Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады. «Ақ дегеніміз – алғыс, қара деге­німіз – қарғыс» дегенді де қазақ айтқан. Алайда, қарапайым халықтың қамын ойлауы тиіс мемлекеттік шенеуніктер қашан да қара көлікке мініп ап, бейне бір қара ниетті адамдай көрінуге құштар. Неге? 

Жәнібек Әшім