ЭКРАННЫҢ ІРІ СУРЕТКЕРІ

ЭКРАННЫҢ ІРІ СУРЕТКЕРІ

ЭКРАННЫҢ ІРІ СУРЕТКЕРІ
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында қырғыз топырағында әлемге әйгілі кинорежиссерлер шоғыры өсіп шықты. Солардың бірі – Болот Шамшиев еді. 1964 жылы Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген ол «деректі және ғылыми – көпшілік фильмдер режиссері» мамандығын алып шығады. Бұл кезең жас жігіттің бойында бұлқынған бұла күш пен кино жасауға деген құлшыныстың алаулап тұрған шағы еді. Осыған дейін Болот Фрунзе киностудиясында дыбыстаушы оператордың көмекшісі болып, экранда «Аптап» фильмінде Кемел атты жас тракторшының бейнесін сомдаған еді. Бұл алғашқы деректік фильмді жасау алдындағы үлкен тәжірибе мектебі болды. 1965 жылы ол өзінің дипломдық жұмысын «Манасшы» деп атап, тұңғыш деректі фильмін түсіреді. Мұнда режиссер көрерменді қырғыз халқының ұлы эпосы «Манаспен» және оны айтушылардың бірегейі – Саяқбай Каралаевпен таныстырады. Эпостың философиялық-эсте­ти­калық мәнін терең түсінген режиссер ха­лық тарихының парақтарындағы оқи­ғаларды Саяқбай Каралаевтың үні­мен жеткізеді. Камераның қоз­ғалысында да ерекшелік бар. Бірде камера дөңгелене қозғалып, ма­нас­шының болмысына, енді бірде тыңдаушының жүзі арқылы оның жан-дүниесіне үңіледі. Режиссер ғасырлар қатпарындағы тарихты, адамдар тарихын тірілтуге ұм­ты­лады. Халықтың әдет-ғұрпы, дәстүрі және құндылықтары Каралаевтың үнімен ғасырлар қойнауынан көрермендерге жетеді. «Фильмде Саяқбай Каралаевтың жырлауымен өткенге жан бітіп қана қоймай, манасшысының өз арман-тілегі, өкініші, болашаққа деген сенімі қатар өріледі. Сондықтан да манасшы поэзияның ұшқынын көрермендердің жан-дүниесіне жеткізіп қана қоймай, біздің фильмді де өзінің болмысымен, шуағымен жарқыратса екен – деп ойладық», – деген болатын Болот Шамшиев сол кезеңде. Расында Каралаев халыққа халықтың өзі жайлы эпос тілімен баяндап береді. Режиссерлік соқпақтағы алғашқы қадам Болот үшін сәтті басталады. «Манасшы» Батыс Германияның Оберхау­зен қаласында өткен қысқа метражды фильмдер байқауында бас жүлдені жеңіп алады. Бұл фильм жайлы өз ойын марқұм Шыңғыс Айтматов 1965 жылы Қырғыз кинематографистер Одағының VII Пленумында: «Екі бөлімнен тұратын бұл лентаның үлкен принципті мәні бар. Ол тек қана Шамшиевтің өткен ғасырлардағы оқиғаларды жеткізген тұлғаны шеберлікпен түсіріп, қырғыз халқының тарихын көркемдеп, энциклопедиялық тұрғыда манасшының жадын көрсетуінде ғана емес, бұл ретте Шамшиевтің көрерменге қырғыздың эпикалық мәдениетінің құдіретін сезуге мүмкіндік беруінде», – деп жеткізді. «Манасшыдан» соң кеңестік және әлемдік экранға қырғыздың деректік фильмдері, атап айтсақ: А.Видугиристің «Құмдағы қа­мал», «Вахта», Г.Дегальцевтің «Дүй­шен­нің көпірлері», Б.Абдылдаевтың «Почта», И.Герштейннің «Буме­ранг» туындылары шығады. Осыдан соң одақтық баспасөзде «қыр­ғыз кереметі», қырғыз деректік фи­льмдер мектебінің қалыптасуы, оның ерекшеліктері жайлы әңгіме кө­теріледі. Болот осыдан соң «Шопан» фи­л­ьм­ін түсіруді қолға алады. «Менің өмірде Рахматылы Сартбаевпен кездесуім «Шопан» фильмін тү­сі­руіме түрткі болды. Фильмде мен жер басып жүрген нағыз ардақты адамдар жайлы айтқым келді. Оның еңбегі ауыр. Өзі аз сөйлейді. Бірақ, азаматқа тән моральдық нормалар бойынша өмір сүреді», – деді режиссер кейіннен берген бір сұх­батында. Бұл фильм 1966 жылы Аш­ха­бадта өткен Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино­фес­тивалінде 1 дәрежелі дипломды, 1967 жылы Батыс Германияның Мангеим қаласында өткен халықаралық кинофес­тивальде екінші жүлдені жеңіп алды. Өзінің еңбек жолын кәсіби тұрғы­да жемісті бастаған режиссер, енді көр­кем суретті фильм түсіруді ойластыра бастайды. Ол бірден қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қараш – Қараш оқиғасы» шығармасын экрандауды қолға алады. Бұл туралы Камал Смаилов: «1965 жылдың жазында қырғыздың жас режиссері (оған дейін «Шопан» және «Манасшы» деген жақсы документті фильмдер түсіріп, белгілі болған) бізге келіп, «Қараш» бойынша екі студия бірігіп көркем суретті фильм жасайық деп ұсыныс айтты, – деп еске алады «Кино осылай туады» кітабында. Бүгінде халық жазушысы дәрежесіне көтерілген Әкім Тарази ол уақытта Мәскеуде Жоғарғы сценариялық курсты бітіріп, кинодраматург мамандығын алған болатын. Көп кешікпей Тарази мен Шамшиев бірігіп фильм сценариін жазуға кіріседі. «Қараш – Қараш оқиғасы» (орыс тілінде «Выстрел на перевале Караш») 1968 жылы экранға жолдама алады. Болот Шамшиев өзінің алғашқы көркем суретті фильмі арқылы Мұхтар Әуезовтің шығармасын жаңа қырынан көрсетті. Мұнда қазақ қоғамындағы феодалдық тартыстар, екіжүзділік, патшаның отаршылдық саясаты, ең бастысы Бақтығұлдың өрлігі, күрескерлігі, психологиясы жақсы ашылды. Фильмді өткен ғасырдың жетпісінші жылдардағы немесе бүгінгі көрермен көзімен қарасақ та, тарих бетінен орын алған оқиғалар көмескіленбейді. Бақтығұлдың жан-дүниесін бүгінгі көрермен де жақсы түсінеді. «Бақтығұлдың рөліне Сүйменқұл Чокморовтың шақырылуы сәтті болған. Оның түнерген жүзі, түксиген қабағы, от шашқан көздері, өмірдің өзі шынықтырып, ызаландырып, кектендірген адамның сан қырлы, мол мағыналы бейнесін көрсетеді. Бақтығұл осы деп сенесің. Оның қашып бара жатып тулаған тау өзенінен өтердегі қимыл әрекеті сол суық тау өзенінің өзінде түсірілген. Өзен суда тасқа тырнағын сыдыртып, шығуға жан – дәрмен жасайтын актердің өзі… Ал фильмнің финалында жол үстінде келе жатқан Жарасбайды ататын сәтте қорғанның тасасынан ұшып тұрып, айқай салып барып мылтығын кезенетіні, Жарасбайға қыранша қомданған түрімен көрініп тұрып ататыны дәл табылған. Бұл көрініс басты кейіпкер бейнесін көтеріп кетті», – деп жазды Камал Смаилов аталған кітабында. Отандық және әлемдік кинематографияда фильм үздік кинотуынды деп қабылданды. Адам әлеуметтік қақтығыстарға түскенде, психологиясын жан-жақты көрсетіп, фильм композициясының ретімен өрілуі, сюжет және тіл бояуының қанықтығы режиссердің кино тілінде тамаша туынды жасауына мүмкіндік берді. Бұл ретте Мұхаңның тамаша шығармасының экрандық ғүмырында жаңа сатыға көтерілгеніне сүйсінесің. 1972 жылы Болот Шамшиев өзінің екінші көркемсуретті «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» фильмін түсіреді. Фильмде бас кейіпкер Қарабалта арқылы өткен ғасырдың 20-жылдарында Қырғызстанда кеңес өкіметін орнату мәселесі қозғалады. Басты рөлге шақырылған Сүйменқұл Чокморов Қарабалтаның жан-дүниесін шебер көрсетеді. Түсірілімге қазақ актерлері Әмина Өмірзақова, Нұржұман Ықтымбаев т.б. тартылды. Қырғыз киноөнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан актрисалардың бірі – Сәбира Кумушалиева Шамшиев туралы: «Мен Болотты оның турашылдығы, әр адаммен тіл табыса білетін қасиеті, биік адамгершілігі үшін ұнатамын. Ол үлкенді қадірлеп, кішіге ілтипат білдіріп жүреді. Ол ешқашан ешнәрсені асығыс жасамайды. Ешқашан жұмысты орындаудың жеңіл жолын да іздеген емес. Әркез үлкен құлшыныспен, тер төгумен өзінің қойған мақсатына бет түзейді», – деп пікір білдірген. Әр режиссердің өзінің ұстанатын қағидасы, дағдысы болады. Түсірілім кезінде Шамшиев ешқашан күн тәр­ті­бін бұзбауға тырысты. Бір адамның жауап­сыздығы бүкіл ұжымның ісін кері тартатынын айтып отыратын. Енді тағы Сәбира еженің айтқанына құлақ түрейік: «Болоттың тағы бір ерекше қасиеті – әрбір актердің қабілет-қарымын, мүмкіншілігін болжайтындығы. Ол актерлердің бойындағы талантын жарқыратып ашуға епті. Суреткер ретінде қашанда жасандылықтан қашып, табиғилыққа ұмтылады. Егер актердің қарекеті ойы­нан шықпай жатса, оның ашылуына әлі мүмкіншілігі бар деп есептейді ол. Сондықтан түсірілім кезінде әрбір кадрды он шақты рет қайталап, актердің ашылуына жағдай туғызады. Түсіру сәтінде әрбір детальге үлкен мән береді. Ол өзгеден үйренуге, өзі де білгенін үйретуден жалыққан емес. Декорация құру, камераны тиімді жерге орналастыру, актерлердің киімдерін таңдау, гримдеу мәселесіне үлкен мән беріп, актерлерге, суретшілерге, операторларға, жарық түсірушілерге үнемі кеңес беріп отыратын. Толомуш Өкеев кейіпкерінің характерін ашуына актердің өзіне мүмкіндік берсе, Шамшиев актерлермен әр эпизодты жалықпай бірге ойнап шығады. Егер ол режиссер болмағанда, онда сөз жоқ шебер актер болатын еді», – деген еді актриса. «Қараш-Қараш оқиғасы» филь­м­ін­­де кедей жігіт Тайлақтың анасы болып ойнаған Сәбира апай бірнеше күн­ге созылған үзілістен кейін өзінің ки­мешегін таба алмай қалады. Шамшиевке мән-жайды жеткізіп, басқа кимешек киюге өтініш айтады. Сонда Болот тұнжырап: «Апа, біз қарапайым көрерменнің экрандағы оқиғаға сенуіне, кейіпкермен бірге тіршілік кешуіне атсалысуымыз қажет. Егер,бір эпизодта кейіпкер әртүрлі кимешекпен көрінсе, көрермен бізге деген сенімін жоғалтады», – деп жауап береді. Осылай режиссер алғашқы кимешек табылғанша түсіру жұмыстарын тоқтатып қояды. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов өз шығармаларын жазу барысында, олардың экранға көшетінін көз алдына елестетеді екен. Расында Айтматовтың шығармаларын көп­те­ген режиссерлер кино тіліне аудар­ды. Болот үшін Шыңғыс Айтматов оның идеалы әрі тәлімгері болды. «Менің жан-дүниемнің Айтматов қозғаған тақырыптармен рухани жақындығы бар деп есептеймін. Режиссер жазу­шының шығармасын бүтіндей өз бойы­нан өткізіп, жүрегімен сезінуі керек. Сонда ғана шығарма режиссердің, ал режиссер шығарманың мүмкіндігін ашып, жарқыратып көрсете алады. Сонда ғана сөзге оранған мән кадр­да қимылға көшеді», – дейді Болот. Шамшиев экранда кітаптағы кейіп­керді бітім-болмысымен, әлеу­мет­тік, қоғамдық мәселелермен қабыс­тырып беруге тырысады. «Мен Шыңғыс Айтматовтың шығар­маларын кең тыныстығы, ті­лінің шұрайлылығы, қырғыз халқы­ның өмірін эпикалық тұрғыда көрсеткені үшін ұнатамын. Туындылар әңгіме, хикая секілді шағын формада болса да, ондағы қозғалған тақырыптар біздің тіршілігімізді шынайы суреттеп, адам мінезін дәл беріп, философиялық талдаулар жасалады», – деген болатын режиссер. Сондықтан болар Болот Шамшиев Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме», «Байдамтал өзенінде», «Ерте ұшқан тырналар» туындыларын экранға сәтті шығарды. «Ақ кеме» фильмінде басты кейіпкердің бірі – бала роліне тартылған Нұрғазы Садығалиевтің актерлік талантының шынайы ашылуының кілті Шамшиевтің еңбегінде жатыр. «Осы кезге дейін фильмге түскен екі жылдай уақытты сағынышпен еске аламын. Сол кезде мен нағыз әдебиетпен ғана емес, өнерге шын берілген жандармен де танысып, биік адамгершілік мектебінен тәлім алдым», – деп пікір білдірді Нұрғазы фильм түсірілгеннен кейін арада он жылдай уақыт өтсе де «Советский экран» журналына берген сұхбатында. 1976 жылы «Ақ кеме» фильмі бүкіл­одақтық кинофестивальде Бас жүлдені, 1977 жылы КСРО мем­ле­кеттік сыйлығын иеленеді. Сол жылы Италияда өткен «Адамдар мен таулар» кинофестивалінде Гран-приді жеңіп алады. Әрине, режиссердің өнердегі жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджанов бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасы 1970 жылдардың басында жазылды. Пьесаның сәтті жазылғандығына оның көптеген мемлекеттердің театрларында сахналанып, табысты өткендігі дәләл. Бірақ, 1988 жылы «Фудзиямаға шығу» деген атпен түсірілген фильм солғындау шықты. Оның көптеген себептері болды. Фильмді түсіру үлкен қиын­дық­пен жүрді. Болот Шамшиев өнер жолында «Қазақфильм» киностудиясы­мен, қазақ актерлерімен тығыз шығармашылық байланыста болды. 1983 жылы түсірілген «Қас­қыр­лар апаны» фильмінде Кененбай Қожабеков басты кейіпкердің бірі Шәріп Бабахановтың бейнесін сомдады. Шамшиевтің 1985 жылы «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп түсірілген «Мергендер» фильмі экранға шықты. Мұнда қазақ халқының қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың майдандағы өмірі алға тартылады. Әлияның бейнесін қырғыз халқының талантты актрисаларының бірі Айтұрған Темирова сомдады. «Образға ену үшін ішкі дайындық өте қажет. Әлияның роліне түскенімде оның майданнан жазған хаттарын оқуыма, мылтық атуыма, жер бауырлап жылжуыма да тура келді. Әскери өмірдің қандай екенін көзбен көрдім. Бұл роль маған тигенде қызғанушылар тарапынан сыртымнан пыш-пыш әңгіме жүрді. Бірақ, бұл мені қайраттандыра түсті. Оның үстіне «рольге үлкен жауапкершілікпен қара, әйтпесе мақсатына жетпей, күллі Қазақстанға масқара боласың», – дейтін Шамшиев те», – деді бізбен әңгімесінде Айтұрған Темирова. 1990 жылы одақтың кино жүйесі күйреуге бет алғанда, Болот Шамшиев «Салам-Алик» атты жеке киностудия құрады. Осы кезде ол ұлттық ойын түрлерін дамытудың басы-қасында жүрді. 1995 жылы «Манас» эпосының 1000 жылдығы аталып өтілгенде осы мерекенің барысы жайлы ұрпақтар үшін құнды деректі фильм түсірді. Бұл оның 1965 жылы түсірген «Манасшы» деректі фильмінің XX ғасырдың аяғындағы заңды жалғасы болды. Бұл жерде ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі асылым бар: бірі – Манас, бірі – Мұхтар Әуезов», – деген сөзі еске түседі. 90-шы жылдары дипломатиялық жұмыстар атқарса да Шамшиев шығармашылықтан қалыс қалған жоқ. Ол бірнеше әдеби және зерттеу еңбектерін жариялады. 2008 жылдың қыркүйегінде Ыстықкөлдің жағасындағы «Рух Ордо» мәдениет орталығында I және II халықаралық Ыстықкөл кинофестивалі өтті. Бұл Қырғыз­­с­танның мәдени өміріндегі ірі жаңа­лықтардың бірі болды. «Қырғыз кинематографистері ондаған жылдар бойы Ыстықкөлдің жағасында кинофестиваль өткізуді аңсап келді. Біздің фестиваль Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің басын қосып, бірін-бірі рухани тұрғыда танып-білуіне мүмкіндік туғызып отыр. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және байқаушы елдерде 3,5 миллиард халық бар. Бұл әлемдегі ең көп көрермен. Біз кино көрсетудің жаңа мүмкіндігін ашуымыз қажет. XXI ғасыр адамзат байлығы болып саналатын білімді игеріп, пайдалану ғана емес, сонымен бірге өнер арқылы халықты рухани тұрғыда азықтандыруды талап етеді», – деген болатын Болот Шамшиев осы кинофестивальде. Бұл күндері атақты режиссер жас ұрпаққа кино өнерінің қыр-сырын меңгерту үшін дәріс беруде.

 Нұрлан Есенов,

 тарих ғылымдарының 

кандидаты

Тараз қаласы