ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – 1 ТРЛН. ТЕҢГЕ

ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – 1 ТРЛН. ТЕҢГЕ

ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – 1 ТРЛН. ТЕҢГЕ
ашық дереккөзі

Әрбір мемлекеттің саяси, экономикалық тұрақтылығының кепілі – әлеуметтік жағдайының жоғары болуы. Ол үшін мемлекеттерде орташа топты қалыптастыру керек. Ал орташа топтың өзегі – шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар. Елдің дамуына, өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне қомақты үлес қосатындар да – солар. Осы мақсатта Қазақстандағы 1 трлн. теңге отандық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бөлінгелі отыр. Тек осы орасан зор көлемдегі қаражаттың тиімді де мақсатты жұмсалғанын құзырлы органдар жіті қадағалауы тиіс.

ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген 1 трлн. теңгенің 500 млрд. теңгесі биыл жыл соңына дейін таратылып беріледі. Қалғаны 2015 жылдың еншісіне тиген. Оның ішінде, 100 млрд. теңге кәсіпкерлікті қолдауға жұмсалса, 250 млрд. теңге банк саласын сауықтыруға арналған. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық саясаттың 2014 жылға арналған бірінші кезектегі шаралары жол картасының 10 қадамы айқындалғанын мәлімдеген министр Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қазақстанның 2050 жылға дейін дамыған елдер 30-дығына кіру тұжырымдамасының негізгі ережелері, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған Жол картасының басты бағыттары туралы әңгімеледі. «Жол картасының» басты мақсаты – Қазақстан Рес­публикасында экономикалық өсу тұрақтылығын қамтамасыз ету», – деген Е.Досаев Мемлекет басшысының бастамасы бойынша экономиканың өсуін ынталандыру үшін 2014-2015 жылдарға арналған Ұлттық қордан 1 трлн. теңге бөлу қарастырылып жатқанын жеткізді. «Атап айтқанда, 2014 жылы бөлінетін қаржы көлемі 500 млрд. теңге (шағын және орта бизнесті қолдау үшін) көлемінде. Сондай-ақ, 100 млрд. теңге шағын және орта бизнесті несиелеуге бағытталса, 250 млрд. теңге банк секторын сауықтыру мақсатында жұмсалады. Қаражаттың бір бөлігі, анығында, 150 млрд. теңгесі «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы – 2» жобасын іске асыруға арналған», – деп мәлімдеген министр мырза еліміздегі жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі жол картасы үшін 2014 жылы 97,7 млрд. теңге бөлінетінін айтты. 

Еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуын қамтамасыз ету үшін ал­д­ымен азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету керек екені белгілі. Осы орайда, Жол картасын іске асыру 10 нақты қадамнан тұрады. Біріншіден, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді.

Ұлттық валюта бағамына жүргізілген түзетуден кейін, инфляциялық процестерді жоспарланған дәлізде ұстап тұру үшін инфляцияның өсуін тежейтін шаралар қабылданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуін тежеу үшін бөлшек сауда бағаларын белгілеу және тұрақтандыру қорлары ресурстарын пайдалану тетіктері қолданылмақ. Көмір, газ, мазут, дизель отыны сияқты өндірістік сипаттағы стратегиялық тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылданған. Екіншіден, экономикалық өсуді ынталандыру және экономиканың нақты секторына қолдау көрсету

Экономиканы әртараптандыру мен жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу аяқталады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін 150 млрд. теңге бөлінетін болады. 2014 жылғы 1 маусымға дейін Әлеуетті жобалар тізбесі қалыптастырылмақ. Қазақстандық өнімдерді Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Орталық Азия елдеріне жеткізуге арналған қолданыстағы экспорттық келісімшарттарды сақтау, жаңа келісімшарттар іздестіру және жасау бойынша жұмыс жүргізіледі. Үшіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Шағын және орта бизнес жобаларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету үшін қолжетімді болатын және ұзақ мерзімге 2014 жылы 100 млрд. теңге бөлінетін болады.

 Ағымдағы жылдың 15 сәуіріне дейін Үкімет Шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын Ұлттық қор қаражатынан қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдар жоспарын қабылдайтын болады.

2014 жылғы 20 сәуірге дейін «Бәйтерек» холдингі қаражатты екінші деңгейдегі банктерге орналастыруға кіріседі. Бөлінетін қаражаттың 50%-ы бұрын берілген кредиттерді қайта қаржыландыруға, 50%-ы жаңа жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады. Жаңа жобалар пулының кемінде 50%-ы тамақ өнеркәсібінің жобаларын нысаналы қаржыландыру үшін көзделіп отыр. 2014 жылғы 1 шілдеге дейін өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың қаражатын қайта бөлу және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің асыра орындалуы есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол құрылысы, әлеуметтік мақсаттағы объектілерді жөндеу және реконструкциялау саласындағы жергілікті жобаларды қаржыландыру ұлғайтылады екен. Төртіншіден, отандық агроөнеркәсіптік кешенін дамыту.

Биыл 15 сәуірге дейін екінші деңгейдегі банктерге жылдық 3%-ға дейін кредиттер беру мақсатында «ҚазАгро» ұлттық басқарушылық холдингі» АҚ қорландыру құнын субсидиялауды, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін кешенді сауықтыруға екінші деңгейдегі банктердің қатысуын көздейтін Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру қағидалары қабылданады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, екінші деңгейдегі банктермен, агрохолдингтермен бірлесіп, ағымдағы жылдың 15 сәуіріне дейін осы кәсіпорындарды сауықтыру жоспарларын дайындау үшін кредиторлардың бірлескен комитеттері құрылған еді. Ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін жалпы берешек сомасы 140 млрд. теңге 140 агроөнеркәсіптік кешен субъектісі агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын алмақ. Бесіншіден, қалыптасқан ахуалды ескере отырып, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды әртараптандыру және Қазақстанның транзиттік әлеуетін ұлғайту бойынша шаралар қабылданатын болады.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Ақтау теңіз портының өткізу қуаттарын кеңейту үшін 3 құрғақ жүк терминалының құрылысын бастау қамтамасыз етіледі. Биыл 1 шілдеге дейін Қазақстан Темір жолының 36,8 млрд. теңге сомасында өз қаражаты есебінен болжанатын қаржыландырумен және 38,4 млрд.теңге сомасында республикалық бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландырумен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында құрғақ порттың құрылысы басталатын болады.

2014 жылғы 1 желтоқсанға дейін Жезқазған-Бейнеу теміржол желісі бойынша қозғалыстың ашылуы жоспарлануда. Алтыншыдан, қаржы жүйесін дамыту және банк секторын сауықтыру қолға алынады. Банк секторын сауықтыру және қаржы жүйесін сапалы дамыту үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен бірлесіп мынадай шараларды іске асыру ұсынылып, еліміздегі жекеменшік банктерден «нашар активтерді» сатып алуды қаржылық қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордың 250 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражатынан Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жанындағы «Проблемалы несиелер қоры» акционерлік қоғамын капиталдандыру көзделіп отыр. Ол үшін үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін «Проблемалы несиелер қоры» акционерлік қоғамының жұмыс істеуі жөніндегі жаңа тұжырымдама қабылдау көзделуде. Сонымен қатар ішкі нарықты ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді қорландырумен қамтамасыз ету үшін Зейнетақы активтерін (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін) басқару жөніндегі тұжырымдама мен 2020 жылға дейін іске асырылуы тиіс іс-шаралар жоспары, Қаржы секторын 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылдануы тиіс. Жетіншіден, жекешелендірудің екінші кезеңі басталып, «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асыруға ден қойылады. 2014 жылғы сәуірде жекешелендіруге жататын квазимемлекеттік сектор ұйымдарының тізбесі айқындалатын болады. Тізбеге республикалық меншіктегі 32 ұйым, коммуналдық меншіктегі 586 объект және холдингтер құрылымына кіретін 191 ұйым алдын ала енгізіліпті.

 Ресми құжаттар дайындалып, қажетті нормативтік-құқықтық актілер заңдық тұрғыда күшіне енгеннен кейін құзырлы органдар 2014 жылғы мау­сымда квазимемлекеттік салаға қатысты ұйымдарды бәсекелес ортаға дайындау және беру процесіне кіріседі. Ең бастысы, жыл соңына дейін мемлекеттің меншігінде қалатын ұйымдардың бірыңғай ұйымдастырушылық-құқықтық нысандарын айқындайтын тәсілдер түзіледі.

Еліміздің, қарапайым халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруді мақсат ететін «Халықтық IPO» бағдарламасын іске асыру барысында «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының тобына кіретін компанияларды орта мерзімді кезеңге қор нарығына шығару кестесі айқындалып, биыл маусымнан бастап қор нарығына 2014 жылы «КЕГОК» акционерлік қоғамын, 2015 жылы «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамын, «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамын шығару жоспарлануда. Сегізіншіден, инвестициялардың жаңа толқынын тарту үшін 2014 жылғы 1 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Парламентіне Инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі заң жобасы енгізілмек. Ол үшін біріншіден, нысанды пайдалануға бергеннен кейін мемлекет тарапынан инвестициялық шығындардың 30 пайызға дейінгі өтемақысын өтеу; корпоративтік табыс салығын төлеуден босату; ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және мемлекеттік мекемелер тарапынан инвесторлардың тауарлары мен көрсететін қызметтеріне ұзақ мерзімді кепілдендірілген тапсырыс шараларымен, инвесторлармен келісімшарттардың жаңа форматын қалыптастыру қажет. Екіншіден, салық және экология салаларындағы заңнаманың, болжанатын ұзақ мерзімдік тарифтің 10 жылға «тұрақтылық» қағидатын;

үшіншіден, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестициялар комитеті базасында инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатын, инвестициялық омбудсмен институтын енгізу қолға алынады. Досаев тізбелеген міндеттердің тоғызыншысы, тарифтік саясатқа жаңа тәсілдерді қалыптастыру. Оның айтуынша, биыл табиғи монополиялар саласындағы 2020 жылға дейінгі тарифтік саясат жөніндегі бағдарлама қабылдануы керек. Осы мақсатта табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтерге қолданылу мерзімі 5 және одан астам шекті тарифтерді бекіту арқылы қысқа мерзімді реттеуден ұзақ мерзімді реттеуге өту міндеттеледі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысы бойынша тауар нарықтарын дамыту мақсатында ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін табиғи монополиялар субъектілеріне реттелетін қызмет көрсетулерге (тауарларға, жұмыстарға) оларды бәсекелес ортаға шығару тұрғысынан кешенді талдау жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленетін көрінеді.

Елбасының Үкіметке тапсырған оныншы міндеттемесі, экономиканың қосымша өсу көзі көлеңкелі экономиканың көлемін төмендету. Осы орайда, Е.Досаев: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін қаржы капиталын заңдастыру бойынша заңнама әзірленеді. Биыл 1 мамырға дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақша алуға шектеулер белгілеу бойынша ұсыныстар қабылданбақ», – деп мәлімдеді.

Министр тоқталған басты мәсе­лелер қатарында 2014 жылғы қыркүйекке дейін «қазіргі заманғы сау­да нысаны» ұғымы анықтамасының нақты критерийлерін айқындайтын, 2018 жылдан бастап осы критерийлерге сәйкес келмейтін сауда объектілерін пайдалануға тыйым салуды көздейтін заң жобасы да бар. Сауда объектілерінің қазіргі заманауи сауда форматына өтуін қолдау үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ