ТҮРКІСТАНДА ЕГІЛГЕН ТАЛ

ТҮРКІСТАНДА ЕГІЛГЕН ТАЛ

ТҮРКІСТАНДА  ЕГІЛГЕН ТАЛ
ашық дереккөзі

Таяуда қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды топтастырған «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының мүшелері «Жасыл желек» көгалдандыру акциясын өткізді. Дана халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақылын бойына сіңірген, рухтары биік азаматтар аймақты көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Жаратқан берген он екі мүше түгел қызмет жасамаса да, көбіне соқталдай азаматтар атқара алмаған істерді жасап жатқан бұл азаматтар «ұрпаққа өнеге, қоғамға үлгі» десек, артық айтқандық емес. 

«Өңірімізді жасыл желекке айналдырайық!» деген ұранды ту еткен игі шараға қала азаматтары қолдау көрсетіп, қаланы көгалдандыру мақсатындағы акциясы жалпы қалалық сипат алды. 

Бүгінгі әрбір ізгі ісіміздің келер ұрпаққа өрнек екенін жадымызда сақтасақ, азаматтығымызға сын болмас еді. Тұтас түркінің атажұрты саналатын киелі Түркістанның топырақ суырып тұрғаны «түркістандықпын» деген әрбір азаматқа сын болуы тиіс. 

Көгалдандыру акциясын ұйымдастырушы, сауапты істің басы-қасында жүрген қайырымдылық қордың президенті Еркін Шалтан Керімбайұлын әңгімеге тартқан едік. Ол кісі: «Табиғатты қорғау, оған қамқор болып аялау бізге бабадан қалған мұра, ұрпақтық парызымыз. «Жақсылықтың үлкен кішісі болмайды» дейді халық даналығы. Құры секеңдеп, баянсыз жүрістің құлы болғанша, бір мезгіл тал еккенді жөн деп санап, жастарды жақсылыққа жұмылдырып жатқан түріміз бұл»,– деп жауап берді. 

Өз сөзінде Еркін мырза: «Істің басы-қасында жүргенім болмаса, қолдау көрсеткен азаматтар баршылық, оларға айтар алғысым зор. Алғашқыда тал көшеттерін сатып аламыз деп жоспарлағанбыз, алайда қала әкімі Б.Әшірбеков азаматтық танытып, жас шыбықтар алып берді. Айта берсек, көмек қолын созған азаматтарымыз жетіп артылады. Атын атап тізіп, түсін түстеуді олардың өздері қаламайды. Жалпы айтарым, Құдайға тәубә, Түркістанда Алаштың қамын ойлар азаматтарымыз бар», – дегенді айтты. 

Әрқашан Алаштың азаматтары аман болғай! Ал елді жұмылдырып, ынтымаққа үндеп жүрген «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының мүшелеріне жақсы тілектен басқа айтарымыз жоқ.

Арайлым Әубәкірова

Түркістан қаласы