ИСЛАМ ДІНІ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІ

ИСЛАМ ДІНІ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІ

ИСЛАМ ДІНІ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІ
ашық дереккөзі
Мұсылман әлемі – шексіз әлем. Ал ислам діні – ғаламшарға тамырын терең жайған көшбасшы діннің бірі. Христиан дінінің де әлемде алатын орны ерекше. Иудаизм болса, осы аталған монотеистік үш діннің ішіндегі ең алғашқысы, бірақ ол дінді ұстанатындардың саны 16 миллион ғана. Исламның да, Христиан дінінің де, Иудаизмнің де арғы тегі бір. Себебі монотеистік үш діннің  түп-тамыры Ибрагим пайғамбардан бастау алады. Тарихқа үңілсек, пайғамбарлардың арғы тегі  Ибрагим пайғамбарға келіп тіреледі. Мұхаммед пайғамбар Ибрагим пайғамбардың үлкен ұлы Ысмайылдың ұрпақтарынан тараса, Мұса мен Иса  пайғамбарлар Ибрагим пайғамбардың кіші ұлы Исаактан тараған. Мұсылман әлемінің киелі қаласы Меккенің негізін қалаған да Ибрагим пайғамбар. Меккедегі миллиондаған мұсылмандар сы­йынатын Қағбаны да о баста Ибрагим пайғамбар мен Ысмайыл тұрғызған. Бірақ, өкінішке қарай, бұл күнде аталмыш шындықты мойындағысы келмейтіндер де баршылық. Сондықтан да болар, Батыс әлемінің оңшыл саясаткерлері әлгі діндердің арасындағы ортақ құндылықтарға баса назар аударудан гөрі олардың айырмашылықтарына көбірек басымдық беріп, Ислам дінін кемсітіп, мұсылмандарды шеттетуге дайын тұрады. Ол ол ма, тіпті Исламды әлемнің ең ықпалды діндерінің бірі деп танудың орнына оған қасақана кеселді идеология деп айдар тағады немесе оны экстремизм, терроризм немесе фундаментализмнің ұйтқысы деп, адамзатты Исламға қарсы бағыттауға және аталмыш діндердің арасына от жағып, оларды ұстанатын халықтарды бір-бірімен қақтығыстыруға тырысатындар да жетіп артылады. Ислам мен мұсылмандарға деген мұндай жаңсақ көзқарас Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің арасында да орын алып отырғаны жасырын емес. Мысалы, Интернет арқылы Мұхаммед пайғамбарды келемеждейтін карикатура тарату, мұсылмандардың киелі кітабы Құранды өртеу немесе мұсылмандарды шеттету үшін Норвегияда орын алған террористік жарылыстар мен қанды қырғын жоғарыдағы теріс пиғылдың іс жүзіндегі көріністері. Ал мұсылмандар тарапынан әлгіндей айуандыққа барып, өзге діндегілердің киелі кітаптарын өртеу немесе пайғамбарларға күйе жағу, оларды даттау еш уақытта болған емес. Ал шындап келгенде, Ислам мен мұсылман әлемінің ұстанымы терроризммен де, экстремизммен де, фундаментализммен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұсылмандардың киелі кітабы Құранда жамандықты уағыздайтын сүре немесе аят атымен кездеспейді. Керісінше, Мұхаммед пайғамбар арқылы Алладан жеткен әділеттікке шақыратын төмендегідей нақылдар бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар екені күмән тудырмайды. Мысалы, “Басқаларды мүсіркемеген адамды Құдай мүсіркемейді”, “Өзі тоя ішіп-жеп, көршісі аш жүрген пенде Құдайдың құлы емес”, “Басқаны ұрып жыққан мықты емес, ашуын ақылына жеңдірген адам мықты” немесе Құранның 60-сүресінің 8-аятындағы: “Алла дініңе қарсы соғыс ашпаған, баспанаңнан айырмаған адамдарға қайырымды болуға тыйым салмайды. Алла әділетті пенделерді сүйеді” деген мәнді сөздер Ислам дінінің нағыз толерантты дін екенінің нақты дәлелі. Құранда Иса пайғамбарға да үлкен құрмет көрсетілген. Сосын Мұхаммед пайғамбар өзінен бұрынғы пайғамбарлардың бәрін де сыйлаған, олар туралы ғайбат сөз айтпаған. Ең бастысы, Алладан Құран түскеннен бері он төрт ғасырдан астам уақыт өтсе де, киелі кітаптағы 114 сүре мен 6346 аяттың бір әрпі де өзгеріске ұшыраған емес. Олар еш уақытта бұрмаланған да емес. Бұл күнде Ислам әлемінің 57 мемлекеті бір тудың астына біріккен. Бұл туды Ислам Ынты­мақтастық Ұйымы берік ұстап келеді және әлемдік қауіпсіздік, бейбітшілік, ынтымақтастық және өркениетаралық үнқатысуды дамыту үшін аталмыш ұйымының мәні мен қажеттілігі күннен-күнге артып отыр. Бүгінгі таңда Ислам әлемі үлкен қиындықтарға тап болуда. Африканың солтүстігінде, Таяу Шығыс елдерінде орын алып отырған қақтығыстар мен соғыстар ешкімді бей-жай қалдырмайды. Сондықтан дәл қазір ислам қауымдастығына бұрынғыдан бетер жаңғыру керек, озық ғылыми-техникалық жаңалықтар мен білімге қарай пәрменді бет бұру ауадай қажет. Бұл мақсаттар мен мүдделерді іске асыруға мұсылман мемлекеттерінің мүмкіндіктері жеткілікті, себебі Ислам әлемінің жиынтық экономикалық потенциалы ұшан-теңіз. Ендеше, әлгі мүмкіндіктерді шегіне жеткізе пайдалана отырып, Ислам әлемі иық тірестіре күш біріктірсе, экономикалық қарым-қатынастарды күшейтіп, өзара көмектің ең тиімді механизмдерін іске қосса, дамудың жаңаша жолына түсетіні сөзсіз. Сондықтан Ислам әлеміне үлкен реформа керек. Ол реформа басталып та кетті. Оның бір сипаты мынадан байқалады. 2011 жылдан бастап мұсылман мемлекеттерінің келешек мақсат-мүдделеріне сәйкес, бұрынғы Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) болып қайта құрылды. Бұл тарихи шешім бұрынғы Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің бас қосқан жиналысына төрағалық еткен Президент Назарбаевтың бастамасымен Астанада қабылданды. Сол жиында Елбасы ИЫҰ-ның ең басты қағидасы ретінде сауда-саттықты жандандыратын инвестициялық, технологиялық, әлеуметтік және ғылым-білім салаларын қамтитын пәрменді бағдарламалар қабылдап, оларды бірлесе отырып іске асыруға жол сілтеді. Сонымен қатар Президент Назарбаев Ислам әлемін кері тартып отырған негізгі факторларды да айшықтап атап өтті. Мәселен, бүгінгі таңда Ұйымға мүше елдердің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) көлемі тоғыз жарым мың АҚШ долларын құраса, бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде жиырма төрт мыңға теңелетінін алға тартты. Ұйымға мүше елдердің даму үдерісінде де айтарлықтай айырмашылық бар екеніне назар аударып, жан басына шаққанда ЖІӨ-нің ең дамыған мұсылман елдері мен дамуы кенжелеп қалған мұсылман мемлекеттеріндегі айырмашылық 100 есеге жететініне назар аударды. Дәл қазір ИЫҰ елдері әлемнің энергетикалық байлығының 70 пайызын иемденіп отырса да, ол елдерге әлемнің ЖІӨ-нің 7,5 проценті және әлемдік тауар айналымының 11% ғана тиесілі екенін батырып айтты. Бұл кемшіліктердің Ұйымға үлкен сын екенін әрі мұндай жағдайдан құтылу үшін Ислам мемлекеттерінің әрқайсысы белсенділік танытып, бәсекеге төтеп бере алатын жеке қабілетін күшейтпесе болмайтынын шегелей келіп, осылардың негізінде ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер өздерінің экономикалық дамуының бірлескен стратегиясын жасақтауы керектігіне баса назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің назарын Астанада өткен жетінші Әлемдік ислам экономикалық форумында жасаған өз ұсыныстарына аударды. Өйткені әлгі форумда Елбасының бас­тамалары үлкен қолдау тапқан болатын. Өзекті де нақты бастама ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Ислам әлемінің ең дамыған 10 мем­лекетінің басын біріктіріп, ислам үнқа­тысу алаңын ашу керектігіне министрлердің назарын қайта аударды. Айтса айтқандай-ақ, бүгінгі таңда Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ең дамыған ондығымен бүкіл әлем есептеседі. Өйткені, әлгі ондық күллі ИЫҰ мемлекеттерінің жиынтық өнімінің 80 пайызын өндіреді. Әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне төніп тұрған қатерлерді ескере отырып, Елбасы ИЫҰ аясында өзара азық-түлік көмегін қамтамасыз ететін БҰҰ-дағы ФАО (Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы) секілді аймақтық қор жүйесін қалыптастыру мәселесін де көтерді. Қазақстанның азық-түлік экспорттаудағы әлеуетін ескере отырып, ондай ұйымның штаб-пәтерін біздің елде орналастыруға да Қазақстан әзір екенін алға тартты. Әлемге төніп тұрған энергетикалық қауіп-қатер де Елбасының назарынан тыс қалған жоқ. Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағамдауы бойынша, 2030 жылға дейін энергетикалық ресурстарды өндіру мен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін 17 триллион АҚШ доллары керек болады екен. Осы мәліметтерді негізге ала отырып, Елбасы біздің елде “Болашақ энергиясы” деген тақырып аясында Әлемдік “ЭКСПО – 2017” көрмесін ұйымдастыру туралы бастама көтеріп отырғанын және ол бастаманың ИЫҰ тарапынан қолдау табатынына сенімді екенін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесінде жасаған өз баяндамасында Ислам әлемін реформалаудың жол картасын да жан-жақты айқындап берді. Президент ұсынған мына ұсыныстар жоғарыда айтылғандардың бұлтартпас дәлелдері деуге әбден лайық. Біріншіден, мұсылман мемле­кеттерінің алдында тұрған мәселелердің шешімін сол мем­лекеттердің өздері айқындауы керек. Екіншіден, Ислам әлемі дамудың шикізаттық векторынан шығып, индустриалдық инновациялық деңгейге көтерілуі керек. Үшіншіден, ИЫҰ шеңберінде ұсақ және орта бизнесті қолдайтын озық жүйе қалыптастыру қажет. Ол үшін Ислам даму банкінің аясында ұсақ және орта бизнесті қолдайтын арнайы қор құрылуы керек. Қаржыландырудың исламдық үрдісі мен құралдарын Ислам әлеміне кеңінен енгізу қажет. Төртіншіден, ИЫҰ аясында энергетика саласы бойынша технологиялық және инвестициялық әріптестіктің бірлескен жоспарын жасап, Халықаралық инновациялық орталық құру қажет. Бесіншіден, исламдық банк жүйесінің қызметіне басымдық беру үшін арнайы халықаралық конференция ұйымдастырып, Алматы қаласын исламдық қаржы орталығы ретінде дамыту керек. Алтыншыдан, Ислам әлемі өзінің басымдығы болып саналатын демографиялық потенциалын тұрақты экономикалық дамудың ең маңызды тетігі деп қарауы қажет. Жетіншіден, халықаралық сарапшы­лардың болжамына қарағанда, 2030 жылдары мұсылмандардың саны 2,2 миллиардқа жетіп, әлем халқының төрттен бірін құрайтын болады. Демек, соншама халықты білім-ғылыммен қамтамасыз ету үшін білім мен ғылым денгейін көтеріп, жаңа идеялар тудыратын, сөйтіп, ислам өркениетінің жаң­ғыруы мен қайта өрлеуін қам­тамасыз ететін интеллектуалдық элита тәрбиелеу қажет. Бұған Ислам әлемінің әлеуеті жететініне ешбір күмән болмауға тиісті. Себебі орта ғасырларда Ислам әлемі адамзат өркениетіне математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салаларында үлкен жаңалықтар ашып, адамзат өркениетіне, оның ішінде Батыс өркениетіне де өз үлесін еселеп қосқан болатын. Бағдад, Кордова, Толедо, Александрия қалалары ол замандарда бүкіл әлемнің интеллектуалдық орталықтары болатын. Сегізіншіден, ИЫҰ-ны реформалау мен жаңғырту аясында оның институттары мен органдарының тиімділігін арттыру қажет. Ол үшін Ұйым терең сараптамалық жұмыстардың негізінде алдын-ала жоспарлар мен зерттеулер жасай алатын арнайы Институт немесе Орталық ашуға тиісті. Тоғызыншыдан, соңғы жылдарда Ауғанстанда өндірілетін героин мен есірткі тасымалдау он есеге өсіп кетті. Ал Ұйым болса, есірткімен күрес жүргізуде өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отыр. Сондықтан Ұйым аясында Ауғанстанға көмек беруді үйлестіріп отыратын арнайы жұмыс тобын құру қажет. Оныншыдан, бүгінгі таңда Ислам мен Ислам әлеміне ғаламторда жасалатын жала мен қысымға төтеп беру үшін әрі Исламның толерантты әрі бейбіт дін екенін бүкіл әлемге паш етіп отыратын е-ISLAM интернет ресурсын қалыптастыру қажеттігін күн тәртібіне қою керек. ИЫҰ елдерінің сыртқы істер министрлерінің кеңесіне басшылық еткен Президент Назарбаев Ұйымды реформалауға бағытталған жоғарыда белгіленген іс-шаралармен қатар Ислам әлемінің намысын қайрайтын кейбір ащы шындықтардың да бетін ашып, келешекте олардан тиісті қорытынды шығаруға жетелейтін мына бір мәнді де астарлы сұрақтарды көлденең тартты: “Бүгінгі таңда Ислам мемлекеттері соншалықты мол табиғи, адами әрі қаржы ресурстарына ие бола отырып, неліктен әлемдік даму көшінің соңында келеді? Ислам әлемінің университеттері әлемдік жоғарғы білім саласында неліктен басқаларға үлгі көрсете алмай отыр? Соңғы 20 жыл ішінде мұсылман елдерінде табиғаттану және техникалық ғылымдар саласында бірде-бір әлемдік мәні бар жаңалықтың ашылмау себебі неліктен? Бұл олқылықтар көзге ұрып тұр. Сондықтан оларды байқамау мүмкін емес”,– дей келіп, өзі төтесінен қойған әлгі сұрақтардың жауабы ретінде: “Бәлкім, озық идеялардың пісіп жетілуі және әлемдік мәні бар ғылыми жаңалықтардың ашылуы үшін ақша мен табиғи байлықтардың мол болуынан гөрі, ең алдымен, интеллектуалдық орта мен қоғамдық-саяси климат қалыптастыру керек шығар,”– деген түйінді уәжді де көлденең тартты. Ислам әлемінің сыртқы істер министрлері Астанада өткен Кеңестен үлкен сабақ алып қайтты деуге толық негіз бар. Егер Кеңесте ұсынылған Ислам әлемін реформалаудың жан-жақты ойластырылған тетіктері басшылыққа алынып, кезең-кезеңімен іске қосылатын болса, мұсылман мемлекеттерінің инновациялық әрі тұрақты дамудың сара жолына түсетініне ешбір күмән жоқ. Бұған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Себебі төмендегі деректер пікіріміздің дұрыстығына толық көз жеткізеді. Мәселен, қазіргі ғылым мен технологияның тез дамып келе жатқанының ең негізгі себебін білгісі келген кез келген көзі ашық адам бұл құбылыстың сырын ислам өркениетінен табатыны сөзсіз. Себебі ислам өркениеті о бастан-ақ ғылымның көптеген бағыттарының дамуына тікелей ықпал еткен. Сосын әлемге небір айтулы ғалымдарды сыйлаған да осы осы өркениет. Мәселен, аэронавтика саласының техникалық сөздігіне көз жүгірткен кез келген ғалым онда сипатталған жұлдыз атауларының 60 пайызының араб тіліне тән екенін бірден аңғарады. Тіпті көп заман бойы мұсылман ғалымдарының еңбектері алғашқы ғылыми бағыттардың бастау көздері ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар олар Еуропадағы қайта жаңғыру дәуірі мен Еуропа университеттерінің оқу бағдарламаларына да негіз болғаны тарихтан белгілі. Орта ғасыр түнегінен арылып, қайта жаңғыруға серпін алған Еуропа ең алдымен мұсылман ғылымы мен өнеріне және әдебиетіне қарыздар. Оның үстіне Индия, Қытай және ежелгі Түркия ғалымдарының ғылыми еңбектерін зерттеп, оларды тәржімелеп, бір жүйеге түсірген де мұсылман ғалымдары. Сондықтан да көп ғылымды Шығыс Еуропа мұсылман өркениеті арқылы қабылдаған болатын. Тіпті орта ғасырда аспан денелерінің координаттарын анықтайтын “астролябия” сияқты астрономиялық құралды ойлап тапқан да мұсылман өркениеті болатын. 760-850-жылдар аралығында өмір сүрген Абу Абдуллах Мұхаммад ибн Мұса аль-Хорезми ғылымның алгебра, арифметика, геометрия және тригонометрия бағыттары бойынша еңбектер мен оқулықтар жазған ұлы математик болған. Ал Рейхан Мұхаммад ибн Ахмад аль-Буруни орта ғасырдың 973-1048 жылдары өмір сүрген энциклопедист-ғалым болған. Оның ғылыми еңбектері математика, астрономия, физика, ботаника, география, жалпы геология, минерология, этнография, тарих және хронология салаларын қамтыған. Бұл ғалым Жердің өз осімен қатар Күнді де айналып отыратынын Галилейден алты ғасыр бұрын ашқан болатын. Еуропаны ауылшаруашылық өнімдерінің түр-түрімен алғаш таныстырған да мұсылман әлемі болатын. Мәселен, 8-ғасырда Испанияда күрішті, гранат ағашын, жидек пальмасын, жібек құртын және мақтаны өсірген де мұсылмандар болатын. Суармалы жерлерге егін егіп, каналдар тартуды да алғаш рет қолға алған арабтар. Қағазды бірінші болып пайдаланып, астрономиялық обсерваториялар мен алғашқы кітапханаларды ашқан да солар. Өкінішке қарай, біздер өмір сү­ріп отырған жаһандану заманында, негізінен, ақпарат құралдарының кесі­рінен қоғамдық санада ислам өркениетін тым артта қалған, кертартпа, білім мен ғылымнан жұрдай, надан, ғылым мен техникадан, прогрес­тен мүлде аулақ, діни фанатизм, экстремизм және фундаментализм ошағына айналған құбыжық өркениет етіп көрсету белең алып отыр. Бұл үрдіс, әсіресе, 2001 жылғы 11 қыркүйекте орын алған Нью-Иорктегі Бүкіләлемдік сауда ұйы­мының қос ғимаратының жарылуын “аль-Каидамен тамырлас мұсылман экстремистері жасаған қылмыс” деген ақпараттан кейін мүлде өршіп кетті. Соның салдарынан батыс әлемінің мұсылмандарға деген көзқарасы күрт өзгерді. Мұсылмандарды шеттету мен кемсіту, олардың мектептері мен мешіттерін өртеп кету, қиратып тас­тау, мұсылмандарды сабап немесе атып кету, ия болмаса мұсылмандардың діни бостандығына шек қою, мұсылман бейіттерін бүлдіріп кету жиілей бастады. Мұндай қылмыстар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге де тән. Мәселен, мұсылман дінінің әлемнің ең ірі діндерінің бірі екенін мойындамай, оны аса қатерлі діни идеология деп, шындықпен мүлде жанаспайтын теріс пікірлер қалыптастырып, оларды батыстың ақпарат құралдары арқылы тарату белең алды. Кейбір мұсылман мемлекеттеріне Аль-Каида­мен байланысы бар деген желеумен экономикалық қысым көрсету, соғыс ашып басып алу немесе оларға қисынсыз тиісу жиілеп кетті. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің кейбірінде мешітке рұқсат берілсе де, мұнара салуға ты­йым салу немесе мұсылман әйелдеріне мұсылман дәстүріне сәйкес киінуіне, ия болмаса білім алуына, жұмысқа тұруына, баспана алуына шектеу қою бой көрсетіп отыр. Алайда, бұл құбылыстарға қарсы күрес жүргізіп, мұсылмандардың құқығының бұзылмауын қадағалайтын халықаралық ұйымдар да жоқ емес. Мәселен, Варшавада орналасқан ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясы немесе Human Rights First сияқты институттардың жұмыстары айтуға тұрарлық. Мұндай институттар Біріккен ұлттар ұйымының аясында да жұмыс істейді. Аталмыш институттар тек мұсылмандардың ғана құқығын қорғамайды, олар сонымен қатар антисемитизммен де күрес жүргізіп, христиан немесе басқа діндегілердің де құқықтарының бұзылмауын қоса қадағалайды. Солай бола тұрғанмен, мұсылмандарды шеттету мен кемсітушілікті немесе ксенофобияны толық ауыздықтауға немесе тоқтатуға жоғарыда аталған институттардың шамасы жете бермейді. Сондықтан мәдениетаралық, дінаралық және өркениетаралық диалогтарға арналған Қазақстанда Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өтіп тұратын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді тұрақты халықаралық форумдардың жүйелі түрде жүргізілуі өте құптарлық шара. Өйткені ондай форумдардың мінбелеріне көтерілетін шешендердің бәрі дерлік халықаралық аренада абырой-атағы биік, қоғам және мемлекет қайраткерлері. Олар дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогқа, ксенофобия мен адам баласын шеттету мен кемсітуге бағытталған күресті күшейте түсуге, нәсілшілдікті жоюға, дінаралық айырмашылықтардан гөрі олардың арасындағы ортақ құндылықтарды дәріптеуге шақырады. Бұл тұрғыдан алғанда, көзі тірі кезінде Қазақстанда болып қайтқан Ватиканның басшысы, Иоан Павел Екіншінің мына бір сөздері ойға оралады. Ол өзінің естеліктерінің бірінде: “Діндердің арасындағы айырмашылықтарға таңғалудың орнына олардың арасындағы керемет ұқсастықтарға таңданған жөн,”– деген өсиет қалдырған екен. Шындығында да, мұсылмандардың киелі кітабы Құранға немесе хрис­тиандар мен иудейлердің киелі кітаптарына көз салған адам мұ­сыл­ман дінінің Ибрагим (Авраам) пайғамбардан басталатынына және арабтардың арғы тегі әлгі пайғамбардың үлкен ұлы Исмаилден, ал еврей халқының тегі Исаактан, яғни Ибрагим пайғамбардың екінші ұлынан тарайтынына бірден көз жеткізеді. Сосын бұл екі халықты жақындататын  басқа да құндылықтар бар емес пе? Мәселен, тіл жағынан келгенде, араб тілі хамит тобына жатса, еврей тілі алдыңғыға туыстас семит тобына жатады. Бірі “сәлем” деп амандасса, екіншісі “шолом” деп амандасады. Түр-сипаттары да ұқсас. Екеуі де солдан оңға қарай жазады. Екеуі де адал ас ішеді. Екеуі де ұлдарын сүндеттетейді. Бірақ осылардың бәріне қарамастан екеуінің басы бір қазанға симай келеді. Мұның басты себебі әкелері бір болғанымен, Исмаил мен Исаактың бір анадан тумағандығында жатыр. Екінші үлкен себеп Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың бәрі де еврей халқынан болған. Тек соңғы пайғамбар – Мұхаммед қана араб тегінен. Бар болғаны осы ғана. Демек, екі халықты бөліп тұрған айырмашылықтардан гөрі оларды жақындастыратын ортақ құндылықтар басым тұр. Ендеше, осы құндылықтар жиірек дәріптелсе, көп нәрсе түзелер еді. Сосын ислам діні мен басқа діндердің араларындағы қайшылықтарды жоюдың және бір мүмкіндігі бар. Бұл ұлы мемлекеттердің басшылары мен саясаткерлерінің құзырында жатқан мәмілегершілік шеберлік дер едім. Мұның бір жақсы үлгісін Америка Құрама Штаттарының президенті Барак Обама көрсетті. Ол өзінің 2009 жылғы 4 маусымда Египетке жасаған ресми сапары кезінде Каир қаласындағы мың жылдан аса тарихы бар Аль-Азхар университетінде лекция оқып, бүкіл мұсылман әлеміне үндеу салды. Президенттің бұл үндеуі мұсылман өркениетінің алдында батыс өркениетінің қарыздар екенін бүкіл әлемге паш етті. Сонымен қатар Обаманың бұл сөзі қиуы кетіп бара жатқан батыс пен шығысты татуластыруға, жақындастыруға жол ашатын көпір секілді әсер қалдырды. Бұл халқымыздың “Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады” немесе “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген аталы сөздерінің жайдан-жай айтылмағанын және олардың еш уақытта да мәнін жоғалтпайтын асыл мұра екенін дәлелдеп тұрғандай. Шындығында да, мұсылман әлемі Барак Обаманың Каирдегі сөзін жылы қабылдап, бір сәтке болса да батысқа риза болып қалды. Бұл ризашылық Обаманың көп ұзамай Нобель сыйлығының иегері болуына да себепші болды. Бұдан шығатын қорытынды мынау болмақ. Жылы сөйлеп, тыңдаушысын өзіне тарта білген шешен саясаткерлерді кім де болса сыйлайды және бағалайды. Сосын “Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды” демекші, мұндай салиқалы сөздер бүкіл әлемді бір демде шарлап кетеді. Демек, ел мен елді, мәдениет пен мәдениетті, өркениет пен өркениетті, дін мен дінді татулыққа шақыруда әлемнің көшбасшы саясаткерлерінің атқаратын ролі мен жауапкершілігі ерекше болмақ. Өйткені абырой-атағы биік ел басшылары мен атақты саясаткерлердің шынайы да жүрек тебірентер сөздері ең алдымен тыңдаушының санасына сәуле түсіріп, ойын қозғайды. Ал ойы мен санасы түзелсе, кез-келген азамат пен бүкіл адамзаттың іс-әрекеті түзеледі. Міне, осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, қазір ЕҚЫҰ-ның іс басында жүрген төрағасы – Қазақстанның ұйымға мүше мемлекеттерге көрсететін үлгісі мол. Бұған “Сырт көз сыншы келеді” демекші, аталмыш Ұйымның іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде АҚШ-тағы мұсылман қауымының жағдайымен танысып, сондағы үкіметтік емес мұсылман ұйымдарының уәждерін АҚШ Конгресінің ғимаратында отырған Хельсинки комиссиясына баяндағанда көзім анық жетті. Әлгі елде орын алып отырған мұсылмандарды кемсіту мен шеттетудің нақты мысалдарын моншаққа тізгендей етіп, ағылшын тілінде баяндап едім, құрамының басым көпшілігі конгресмендерден тұратын әлгі Комиссияның мүшелері құлақ түріп тыңдады. Жарыссөз соңында Комиссия мүшелері сұрақ қойып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегілердің құқықтарының сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көп ұлтты және көп конфессиялы Қазақстандағы ауызбіршілік пен татулықтың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат қылық екенін және олай етуге Атазаңымыз – Конституцияның жол бермейтінін шегелеп айттым. Сөз соңында Комиссия төрағасы ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыдан, Қазақстанның басқаларға үлгі мемлекет екенін жасырмады. Іссапардан қайтқан соң АҚШ пен Канада мұсылмандарының жай-күйі туралы Ұйымның Венадағы Тұрақты Кеңесіне баяндадым.

Әділ Ахметов,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері