Жаңалықтар

ХАКІМДІ ТОЛЫҚ ТАНУ оңай ма екен?!

ашық дереккөзі

ХАКІМДІ ТОЛЫҚ ТАНУ оңай ма екен?!

Әрине, мен ақын да әдебиетші де емеспін. Сондықтан да Абай шығармашылығының өнерлі қырына, ақындық болмысына тереңдеп бара алмаймын. Мен – ғалыммын, руханияттық танымнан шеттеу, жаратылыстану ғылымының өкілімін. Менің ғылымдағы пір тұтарым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Жастық кезде сол кісідей геологиямен айналысуды армандаған сәттер болған. Бірақ өмір басқаша шешімін тапты. Оған еш өкінбеймін. Сондықтан да жаратылыстанушы болсам да ұлы Абайдағы ғылым мен танымға көз салуды мақсат тұттым.

Оның басты себебі – ұзақ жылдар бойы жоғары мектепте білім беру мен ғылым саласында еңбек етіп келе жатуым, жастар тәрбиесінде, оларды ғылымға баулуда біраз тәжірибе жинақтауым. Жастық кезеңде Абайды оқыдық, білдік, тани алдық деп мақтана алмаймын. Есейгенде көп болмаса да, біршама тануға тырыстық. 

Шынын айтсам, менің Абайға шынайы қызығып, шын тануым оның «Қара сөздері» орысшаға аударылып шыққаннан кейін бас­талды. Мен Абаймен алдымен орысша таныс­тым. Иә, солай. Бұл кеңестік кезеңдегі қазақ жастарының тағдырына уақыт салған таңба ғой. Ол шындықтан қашып құтыла алмаймыз. Абай қарасөздерін оқу арқылы мен оның поэ­зиясына бардым. Орысшадан қазақшаға ауыстым. Абай даналығына берілгенім сонша, орысша-қазақшаны салыстыра, салғастыра оқитын күйге түстім. Абай менің қазақшамды дамытты, таным-білігімді өзге арнаға қарай бет бұрғызды. Әсіресе, тәуелсіздік алған тұстан бергі 20 жылдан астам уақыт мен Абайға үнемі қайырылып, қазақшасына бой ұрып, оның ғылым-білім жайлы ой танымын жан-жақты танып-білуге үнемі ұмтылыс жасадым десе болады. Сондағы ойға түйгенімді қағаз бетіне түсіруді парызға санадым.

XIX ғасыр мен XX ғасырдың тоғысында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген Абай, ұлы өркениеттің биігіне көтерілер жол біреу ғана, ол ғылым мен білім жолы деп білді. Замананың даму жолын, өмір тіршіліктің кемшін тұстарын Абайдай көре білген, ғұламалықпен тани алған жан кемде-кем. Абай даналығының мәйегі осында жатса керек. Сондықтан да, XIX ғасыр соңындағы Абай тұлғалық болмысының қазақ ұлттық өркениетіндегі орыны – ұлы құбылыс. 

Абайға ғалым, оқымысты болып қалыптасқан тұстан бастап қарау қажет болғандықтан ғана қарамай, байыпты көңіл аударған сәттен бастап менің іздегенім дананың ғылым жайлы ой-түйіндері болды. Сондағы көзім жеткен бір шындық – іздеген адам Абай шығармашылығынан ғылымның сан-саласына қатысты түйін-тұжырымдарды, бағыт-бағдарды таба алады. 

Мәселен, менің мамандығым химик, «Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институтының» директорымын. Бірде осы жану мәселесіне қатысты Абайда не бар екен деген пенделік оймен «Қара сөздерінен» іздестіре бастадым. Сонда іздегенім қиналмай-ақ табылғанда, Абай даналығына таң қалмасқа амал қалмады. Түгелдей дерлік ғылым-танымға бағышталған «Отыз сегізінші сөзде» Абай: «Әуелі, адамның адамдығы ғақыл, ғылым деген нәрселермен» деп бастап алып, шынайы ғалым, шын ғалым жайлы ойларын ортаға салып, ғылымның мәні мен мағынасын, адамзат өміріндегі маңызын толғаулы пайымдар арқылы ашып береді.

«Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық һәм өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-хұрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды», – деп тұжырым жасайды. Ілім-білім иелерін хакімдер деп таныған Абай осы «Отыз сегізінші сөзінде»: «Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес қызықтың бәрін қойып, адам баласын пайдалы іс шығармақлығына яғни, электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла аламас­тай қызметтер істетіп қойып тұрғандағы уахсусан (ерекше) адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақпенен батылдықты айырмақты үйреткендігі – баршасы нафиғлық (пайдалы) болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ», – деп табиғаттың өзегінде жатқан энергетикалық қуатты адам пайдасына жаратудың жетістіктері ғылыммен келгендігін, оның адал ізденістің нәтижесі екендігін тап басып таниды. Бұл мен айналысып жүрген ғылыми мәселеге жөн сілтеуші бағдар болып көрінді маған. 

Араб, парсы сөздері, діни ұғымдағы сөздер көп кездесетін «Отыз сегізінші сөз» әрине, ұғынуға қиын соғары анық. Бірақ орысшамен салыстыра отырып, сөздіктердің көмегі арқылы оны мейлінше түсінуге болады. Ондағы ұғымдардың байыбына жеткен сайын ұғыну оңайлай түседі. Сөйтіп Абайдың жаратылыстану іліміне ой тастаған пайымдарының тереңдігіне еріксіз бас иесіз.

Абай осы «Отыз сегізінші сөзінде» «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің», – дей келіп, оларға былайша анықтама береді: «Надандық – білім-ғылым жоқтығы… Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Залымдық – адам баласының дұшпаны». Иә бұлардың қай-қайсысында дүниедегі болмысты жетілдіруші, қиынды жеңілдетуші, құбылыстың құпиясына үңіліп, сырын ашушы ғылым жолындағы ғұламаның (Хакімнің) қас жауы. Осы үшеуін жеңбек ізгілікке ұмтылыста жатыр. Өйткені данышпан Абай Құдай тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпағандығын, сондықтан да: «Сіздер әрбір ғамал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд (мақсат) етіп, ниет етесіз» деп тұжырымдайды жеткізер ойдың түйінін.

Абай ғылымды адамзат қоғамының даму күші, ол үдемелі түрде тың жаңалықтармен жетіліп тұруы керек деп біледі. Сондықтан да қашанда қоғам дамуымен, ғасырлар жалғасуымен ғылым жаңа білім, жаңа іліммен алмасып отырғаны абзал. Ал осы алмасудың иегері кім болмақ?! Әрине, жаңа өскін, жасөспірім-жастар. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп аһ ұрған Абай білімге деген ынтықты жастан қалыптастыруды еш уақыт назардан тыс қалдырмаған. Ол жастарға «Ғылым таппай мақтанба» дей отыра, оларды үнемі білімнің биігіне қарай жетелейді. Осы тұрғыдан алғанда, Абай – ұлт ұрпағының ғылым-білімге деген ұмтылысына сеніммен қарап, келешектің кемелдігінен үмітін үзбеген аса зор жасампаздық тұлға. Ғылымды өзіне ізгілікті өнеге тұтар ұрпақ жайы арман болып қалмасына сенген оның:

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын ұғуға,

Көкірегіңде болсын көз, –

деген ел жастарына қояр талабы XX ғасырда жүзеге асқанына бәріміз де куәміз. Жастық – дүние танымды, ғылыми ізденісті қалыптастырудың дер кезі. Бірақ, осы бір кезеңде жастық қызу дегбір тапқызбай алдамшы қызықтарға бой алдыртады.

Осынау жастық қуатты адам болар іске бағыттау мәселесі өмірді сөзбен өрнектеген суреткер ретінде Абай дананы да толғандырмай қоймасы хақ. «Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар», – деп күңіренген Абай ұйықтаған ойды түртпек ниетпен адамның адам болып қалуын көздеп, ең алдымен жастарға ой салуды мақсат тұтты. Ұлы ақынның адам болып қалу үшін ұсынған бес қағидасы:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ – 

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой – 

Бес асыл іс көнсеңіз.

Тікелей ғылым-білімге ұмтылысқа ша­қырудан негіз тартып жатыр. Бұған өлеңнің «Ғылым таппай мақтанба» деп бас­талуы жөн сілтеп тұрса, «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» – деуі ой өрісін нақтылай түседі. Соңғы шумақтар осынау асыл ойды тиянақты тұжырымға айналдырады:

Сөзіне қарай кісіні ал, 

Кісіге қарап сөз алма.

Шын сөзі қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Мұны жазған білген құл,

Ғұламаһи Дауани

Солай депті ол шыншыл.

Сөзін оқы және ойла,

Тез үйреніп, тез жойма.

Жас уақытта көңіл – гүл.

Абай – әйтеуір құр оқу, құрғақ білім алу­дың жоқшысы емес, оқу жеткізер танымның жол басшысы. Абайдың ғылымға үндеудегі мақсаты тым алыста. Ол – білім алу мен ғылыми ізденіске деген ұмтылысты одан әрі жетілдірмек ниеттегі жаңа заманның «Мақсатым тіл ұзартып, өнер шашпақ» деп жүрген данагөйі, білім шырағының таным шамшырағына айналуын көздеген ұлы ағартушы. Осы жолдағы басты серік өзі ұсынған үш таған-тірек – «талап, еңбек, терең ой». Еңбек – Абайдың бүкіл ағартушылық болмысы мен даналығының дәні де нәрі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қанатты сөз қалдырып, еңбек түбі – зейнет қағидасын ұстанған Абайдағы еңбек ізденіспен тығыз байланысты. Ондағы ой «инемен құдық қазғанды» меңзейді. 

Абай «Қара сөздері» ақылдың кені, таным таразысы десе болғандай. Мұнда бәрі біте қайнасып кеткен. Адамтану, ілімтану, өміртану, қоғамтану, дінтану – бәрі осынау даналық сөздің әр қайсысынан өзіндік орын алып, бір-бірімен тығыз байланыста өріліп салмақтанады. Жоғарыдағы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі жастық кездегі ізденіске жетелеген ой арнасы, «Он бесінші сөзде» қара сөзді есті күйде санаға ой сала ағытылады: «Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше белгілі бір парқын көрдім …есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді. Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын ит қорлықпен өткізіп алады екен» дей келе, «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал!», – деп түйеді. Бұл енді нағыз хас ғалымға қажет қасиет. Абай ғылым қолға түсу үшін оған шын берілу керектігін оның жолдарын санамалап отырып, шегелеп тұрып жеткізген. Бұған «Отыз екінші сөздегі» мына жолдар куә: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды. …ғылымды үйренгенде ақиқат мақсатпен үйренбек керек. Бахасқа (қиянат жасау) бола үйренбе. …Әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһаттықпен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! …білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахада, екіншісі мұхафаза… Бұлар зораймай ғылым зораймайды. …ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашықта болу керек. ….Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын. Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл үшін, ар үшін болсын!» Бұл – ғалымдыққа ғана емес, «үйретуден жалықпау» қағидасын ұстанған Абайдың адамдыққа тәрбиелеуге ұсынған жанды тағылымы.

Жалпы ғылым қуған жанға Абай ұғымынша ең қажеттісі – талап. Өйткені «Қырық төртінші сөздегі»: «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деген жолдар бұған нақты дәлел бола алады. Талап – бәрінің бастауы, тұтқасы. Тұтқаны бір тұтқан адамның одан айрылуы екі талай. Содан кейінгі ең керектісі ғылымға деген сүйіспеншілік, шын берілгендік. «Қырық бесінші сөзде» Абай, міне, осыны нақтылап кеткен: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім. …Ол – жаратқан тәңірінің ісі.

Бұл ғаділет, махаббат, сезім кімде көбірек болса, ол кісі ғалым, сол ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп».

Иә, ғылым жайлы ой-түйін «Ғылым таппай мақтанбадан» бастау алған Абайдың ғылым жайлы ілімі шығыс пен батысты тұтастырып, «Он жетінші сөзінде» өзі айтқандай ғылымға «Қайрат, ақыл, жүректің» ноқтасын ұстатты. Осы үш бірліктен адамзатқа ілімнің кілті ашыларын меңзеп кетті. Ғылымның жолы тек тазалықта жатқандығын, жаны таза, ізгілігі мол жан ғана ғылым атты иранбақтың табалдырығынан аттай алатындығын ұрпағына парыз етті.

Ендеше бүгінгі міндет – жас ұрпаққа осыны ұғындыру. Абай тәлімін ұрпақ санасына сіңіріп, адалдықтың ақ жібін аттамаған таза ғылымға тәнті еткізу. Әрине, бұның салмағы ауыр, жолы қиын. 

Ынсап – ұят, ар – намыс, сабыр, талап,

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап, –

дейтін заман өтті. Бұл күнде ғылымға бет бұру – мақсаттардың ірісі болуға тиіс. Ғылым дамуының алғы шарты – ұрпақ сабақтастығы. Мәселе – кімге үйрету, кімнен үйренуде емес, кімге аманат етуде. Аманат етер, аманатты қабыл алар азаматтар көбейсін.

Зулхаир Мансуров, 

Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері