Жаңалықтар

Адами фактор ма, әлде...

ашық дереккөзі

Адами фактор ма, әлде...

Вагондар рельстен шығып, төңкеріліп қалыпты дегенді жиі еститін болдық. Бірақ көңіл бөлініп, түпкі себебін жариялағанын естімейміз. Бұл жолы жолаушы пойызы шойын жолдан ауытқып, бірнеше адам ауыр жарақат алды. Адам шығыны жоқ. Оған да тәубе. Бірақ тозығы жеткен теміржолдың жағдайын «тәубемен» есептеу қатенің зоры. «Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушы пойызы «Сағыз-Мақат» маңайында рельстен шығып қалған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 17 сағат 48 минутта 14 вагонның жетеуі рельстен шығып, бесеуі төңкеріліп қалған. Жолаушы пойызында қызметкерлер мен жолаушыларды қосқанда 500-ге жуық адам болған. Жүрегі шайлыққан жолаушылар вагондағы қызмет көрсетуден бастап жолдар мен вагондардың ескілігін айтып шағынуда.  Кінәламай қайтсын, адам өміріне қауіп төндірді. Теміржолды көлегейлеген вагондар он шақты пойыздың жолын бөгеген. Зардап шеккен адамдар жергілікті ауруханаларға, Атырау қаласына, Мақат елдімекеніне жеткізілген. Әзірге адам өлімі тіркелген жоқ. Алайда қисайып немесе рельстен жай ғана шығып қалған жоқ, төңкеріліп қалды емес пе? Ендеше жеңіл жарақат алды деген ақпараттар күмән туғызады. «Қазақстан теміржолы» компаниясы зардап шеккендердің нақты санын жариялады. Төтенше оқиға кезінде Алматы-Атырау бағытындағы пойызда 580 жолаушы болған. Зардап шеккендердің жалпы саны 27 адам, екі адам ауыр халде жатыр. Құтқару жұмыстары бірден басталған. Ал жолынан қалып, зардап шеккен халық Мақат пен Атырауға арнайы жіберілген төрт вагонды пойызбен көп кешікпей межелі жеріне жеткізілді. Бүгінде бұл оқиға бойынша Бас көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ «Қазақстан теміржолы» бұл мәселені қолға алып, себебін анықтайтындарын айтты.