Жаңалықтар

Ресейдің ресми нотасына Қазақстан билігі қандай жауап беруі мүмкін?

ашық дереккөзі

Ресейдің ресми нотасына Қазақстан билігі қандай жауап беруі мүмкін?

“Жұлдыздар отбасы” және “Аңыз адам” журналдарының құрылтайшысы Жарылқап Қалыбайға тағылған айып халықаралық сипатқа ие болуы мүмкін. Бүгін Жарылқап Қалыбай төңірегінде үш ірі оқиға болды. Оның ең бастысы, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі тарапынан Қазақстанға ресми нотаның жолдануы. Қазақстан билігі көрші елдің нотасына едел-жедел жауап жолдап, бұл істі тексеру үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылатынын мәлім етті. Бұл ретте Қазақстанның көрші елдің алдындағы жалтаңдығын тағы танытты. Біртұтас Қазақстанды бөлшектеу туралы Жириновский мен Штыгашевтің, Лимоновтың сандырағына орай Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми нотасына Ресей тарапының қандай жауап берген Қазақстан қоғамы әлі күнге дейін білмейді. Ал керісінше, Қазақстан билігі тым жылдам реакция танытты. “Аңыз адам” журналының сәуір айындағы санының “Адольф Гитлерге” арналуы Қазақстанға арнайы нота жіберетіндей Ресейдің шамына не үшін тиіп отыр? Осы мәселеге жауап беру мақсатында Ұлттық баспасөз клубында баспасөз-мәслихатын өткізген Жарылқап Қалыбайды қолдау мақсатында Асанәлі Әшімов, Мұхтар Шаханов, Мәмбет Қойгелді және Жасарал Қуанышәлі секілді қоғам қайраткерлері келіпті. Ал баспасөз мәслихатына келушілердің санында шек жоқ. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев келушілерді тек куәлігімен кіргізуге мәжбүр болды.

Әуелгі сөзді алған Жарылғап Қалыбай орыстілді медиа қауымдастықтың журналдың ішкі мазмұнына үңілмей-ақ, мұқабасындағы суреті үшін байбалам салып жатқандығын айтады.

– Мұқабадағы суреттің астындағы «Адамзат қасіреті» атты жазуды ешкім көзіне ілмеді, – дейді ол. – Ал суреттің келесі жағында «екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы» атты жазу тұр. Демек, осыдан 69 жыл бұрын аяқталған сұрапыл соғыстың басталуына кінәлі тұлғаға жан-жақты баға беру, сол арқылы адамзатты Гитлер жасаған қантөгістен сақтандыру идеясы болды. Бұл жерде Гитлер туралы 50-ге жуық адамның пікірі берілген. Оның барлығы Гитлердің әрекетін сынайды да, тек бір адам ғана, «Гитлер – фашист емес» деп оны ақтап алады. Ал мен журналистиканың заңы бойынша мен жан-жақты пікірлерді оқырман назарына ұсынуға құқым бар деп ойлаймын. Біздің Қазақстанда 23 жылдан бері ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады. Қазақстанда Ресейдің ақпарат құралдары мен кітаптары толып тұр. Тіпті сол кітаптардың арасында Гитлер туралы, Геббельс туралы кітаптар да өріп жүр. Оған назар аударып жатқан ешкім көрінбейді. Ал біздің Гитлердің тарихтағы орнын талқылауға құқымыз жоқ па?  – деді ол.

Жалпы Жарылғапты қорғауға келгендердің бәрі оның жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болуына жол бермейтіндігін айтты.

Жарылқап Қалыбайға залдан қойылған сұрақтар да мол болды. арандатушылардың арада жүргеніне қарамастан, оны қолдаушылардың қарасы өте мол болды және Ж. Қалыбай мен оны қолдаушылардың әрбір сөзіне қол шапалақтаумен жауап беріп отырды. Бір сағаттан астам уақытқа созылған баспасөз мәслихаты у-шусыз тарады деуге болады.

Ал Панфиловшылар бағына жиналған өздерін «Ауған соғысы ардагерлеріміз» деп таныстырған бір топ Жарылқап Қалыбайдың «Адольф Гитлерді» жазғанын айыптап, «Аңыз адам» журналының сәуір айындағы санын өртеп жіберді. Өзін Панфиловтың немересімін деп таныстырған бір әйел «Адольф Гитлерді «ақтауға тырысқан» «Аңыз адам» журналы жабылуы қажет, ал оның шығарушысы Жарылқап Қалыбай қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс» деп өрекпіді. Олардың арасында біреу келмеске кеткен сонау советтік қанқұйлы НКВД-нің формасын киіп келіпті. Бұның өзінде де бір үлкен мән жатқан секілді. КСРО-ға қарсы және оның заңды мұрагері Ресейге қарсы ештеңе айтқызбаймыз деген идея бардай.

Бұған дейін Байланыс және ақпарат агенттігінің «Аңыз адам» журналының сәуірдегі санындағы мақалада ұлтараздығын тудыратын белгілер бар деген мәлімдеме жасағаны жайында айтқан едік. Баспасөз-мәслихатына келген заңгер Мақсат Нұрыпбаев:

–  Байланыс және ақпарат агенттігі айыптау органы болып табылмайды, екіншіден Жарылқап Қалыбайдың үстінен әлі қылмыстық іс қозғалған жоқ. Сөйте тұра олар Жарылқап Қалыбайды Қылмыстық Кодекстің 164 бабы бойынша айыпты деп танып үлгеріпті. Бұл Құқықтық сауатсыздық, – деді.

Осыған орай «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калееваның пікірін сұраған едік:

– Байланыс және ақпарат агенттігі Сараптама орталығында өте тез арада лингвистикалық сараптама жүргізуді қолға алуы тиіс еді. Дегенмен біздің көп жылғы тәжірибеміз көрсетіп бергеніндей, ресми сарапшылар, лингвистер өте жиі қателеседі. Сол себепті де, бізге ҚазТАГ тілшілері хабарласқанында, болып жатқан жағдайдың бізді алаңдататындығын айта отырып, өзіміздің тәуелсіз сарапшыларымыздың сараптамасы дайын болмайынша, ешқандай пікір айта алмайтындығымызды жеткізген едік. Біз қазір тәуелсіз сараптамаға материалды жолдадық. Меніңше, бұл журнал үшін де, оның иесі үшін де қажет болатын шығар. Сараптама қорытындысынан кейін ғана біз бұл істе кімді қолдайтындығымызды шешетін боламыз.

– Тенгриньюс сайты аталған бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін деген болжам жасаған…

– Бұл аталған бап бойынша қолданылатын ең ауыр жаза түрі. Ол егерде мақалада әдейі жасалған арандатушылық, тұжырым немесе ұйымдасқан қылмыстық топ әдейі елде немесе қандай да бір аймақта ұлтараздығын немесе басқа араздықты қоздыруды көздеген жағдайда қолданылуы мүмкін. Ал мен өз басым ондай әдейі арандатудың жоқ екеніне сенімдімін. Алайда, кәсіби деңгейінің жетпеуі салдарынан байқамай айтылып қалған фразалар кездесуі мүмкін деген ойдамын. Өйткені, біздегі журналистердің білім деңгейі бәрібір таяз ғой.