Сарғайған парақтар сөйлесе: ҚАҒАЗДА БАР, ӨМIРДЕ ЖОҚ
Сарғайған парақтар сөйлесе: ҚАҒАЗДА БАР, ӨМIРДЕ ЖОҚ
“Сарғайған парақтар” сөйлесе айдарымен 2004 жылы мамырдың 20-сында қазақ шенеуніктерінің қазақша сөйлемейтіндігі жайында Гүлбиғаш Омарованың мақаласы жарық көрген екен. Назарларыңызға сол мақаланы ұсынып отырмыз.
Шын мәнiнде, мемлекеттiк тiлдi бiлу – әрi мiндет, әрi парыз болуы керек. Қырғыздар қырғыз тiлiн бiлмеген адам мемлекеттiк органдарға жұмысқа алынбайды деген шешiм қабылдап та үлгердi. Ал орыс тiлi – Қырғызстанда екiншi мемлекеттiк тiл… Бұл жерде олар “мемлекеттiк тiл” деген терминдi ұстанып та отырған жоқ, “қырғыз тiлiн бiлу керек” деп кесiп қойды. Бiттi. Ал бiз ше… Қазақ тiлi сөз болған жерде “мемле кеттiк тiл мәртебесi ғой…” деп бүгежектеймiз де қаламыз, әр дәлелiмiзге Ата Заңнан дәйек iздеймiз. Ақыр аяғы, қазақ тiлiнiң аянышты халi “мемлекеттiк тiл” түсiнiгiнiң мәртебесiн түсiрiп жiбердi, себебi қаны басқа жерлестер “мемлекеттiк тiл” десе, мұрын тыржитатын болды. Ал “мемлекеттiк тiл” дегенiмiз мемлекеттiк рәмiздерге тең ұғым болмай ма? Мемлекеттiк тiл дегенiмiз – белгiлi бiр мемлекеттегi ауызша және жазбаша қарым- қатынас жасаудың жалпыға ортақ мiндеттi құралы, тұрғын халықтың қандай ұлт өкiлi екендiгiне қарамастан мекемелерде, сотта, мектептерде дәрiс беру, iс жүргiзу процесiнде қолданылады. Көпұлтты мемлекеттерде мемлекеттiк тiл Конституция бойынша анықталған. “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi”. (ҚР Тiл туралы заңы. 4-бап). Қысқа-нұсқа. Қарапайым айтылса да, осы алты ауыз сөзде қанша мақтан, қанша арман бар! Бiрақ мақтанымызды сәл ертерек сездiрiп қойған сияқтымыз, ал арманымыз кешеуiлдеп жатыр. “Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң барлық территориясындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот жүргiзу мен iс қағаздарын жүргiзу тiлi”. (Сонда). Өкiнiшке қарай, қазақ тiлi республиканың барлық территориясында мемлекеттiк басқаруда да, заң шығару iсiнде де, сот жүргiзуде де, тiптi iс қағаздарын жүргiзуде де кең қолданысқа енiп үлгерген жоқ. “Қазақстан Республикасының кез келген азаматы Қазақстан халықтарын бiрiктiретiн маңызды фактор болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеруге мiндеттi”. (Сонда). Яғни, әу баста қазақ тiлi мемлекеттiк тiл ретiнде республикадағы барлық ұлт өкiлдерiн бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратындай ынтымақта болуға итермелейдi деп болжанған. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қазiргi мемлекеттiк тiлдi дамыту бағдарла малары мемлекеттiк тiлдiң маңызын көрсетiп бере алмай отыр. Өркениеттi елде заңға бағынатын әрбiр азамат мемлекеттiк тiлдi бiлудi парызым деп санауы тиiс. Ешқандай қаржылық марапаттау мен қызметтiк жоғарылау мемлекеттiк тiлдi құрметтеуге себепшi бола алмаса керек. “Үкiмет, басқа да мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi жан-жақты дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруi үшiн қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдай жасау; қазақ диаспорасына өзiнiң туған тiлiн сақтауы және дамытуға көмектесуге мiндеттi”. (Сонда). “Тiл туралы” заңда белгiленген осы нормаларды орындау үшiн Үкiмет не iстеп отыр? Иманғали Тасмағамбетов мемлекеттiк хатшы болып тұрған кезiнде мемлекеттiк тiлге кәдiмгiдей көңiл бөлiп едi. Осыдан тоғыз ай бұрын Астанада өткен республикалық кеңесте Тасмағамбетов 2008 жылы республиканың барлық облыстары түгелдей дерлiк мемлекеттiк тiлге көшуi керек деген бо латын. Тоғыз айдан берi бұл шешiмнiң де толғағы жеткен шығар… Қазiргi таңда республиканың төрт облысы iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көшкен. Әрине, бұл – денi қазақтар тұратын оңтүстiк облыстар. Бiрақ осы аймақтар қазақ тiлiне көштi деп мақтана аламыз ба? Тiптi кеңестiк дәуiрдiң өзiнде бұл аймақта қазақ тiлi қағажу күй кешкен емес. Мысал керек болса, Қызылордада көшеде екi қазақ орысша сөйлеспек түгiлi, екi орыс қазақша сөйлеседi! Осы қалада ұзақ жылдар тұрған ұлты орыс екi кейуананың автобуста отырып, амандық-саулықты қазақша сұрасып, тiптi қазақша өсек айтқанын өз құлағым мен естiгенiм бар! Ендеше, оңтүстiк облыстарда мемлекеттiк тiл, яғни қазақ тiлiнiң проблемасы болған емес. Тұрғын халықтың денi қазақтар болғаннан кейiн жергiлiктi атқару, өкiлеттi органдарға да қызметке тұратындар – қазақтар. Ал бұл қазақтар, Құдайға шүкiр, тамы рынан ажырамаған қазақтар. Олар өз жұмысын ана тiлiнде жүргiзе бiледi. Осы ойды қорытындылай келе, мынандай тұжырымға келемiз: егер оңтүстiк облыстар бұрыннан-ақ қазақ тiлiнде сөйлесе, оларды мемлекеттiк тiлге көшiрдiк деп үкiметтiң жар салғаны қай сасқаны? Шын мәнiнде бұл облыс тарды мемлекеттiк тiлге көшiру үшiн үкiмет ештеңе iстеген жоқ. Тек бұрыннан бар нәрсенi құжат бойынша рәсiмдеп, жоғарыға “осылай” деп ақпар бердi. Сонда үкiмет осы уақытқа дейiн мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру үшiн не iстедi? Құрғақ уәде, жалаң ақпар, қағаз… қағаз… тағы да қағаз… Тасмағамбетов мырза сол жиналыста орталық атқару органдарында жалпы iс жүргiзу процесiнiң тек 17 пайызы (!) ғана мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi деген болатын. Яғни, бiздегi үкiмет орыстiлдi деген сөз. Халқының 50 пайыздан астамы қазақ ұлтының өкiлi болғанда, сол елдiң өкiметi өзге тiлде “сөйлейдi”. Мұны қалай түсiнесiз? Өкiметтегiлердiң аяғы аспаннан салбырап түспеген шығар? Мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн байқау үшiн елдегi iшкi тәртiпке жауап беретiн Iшкi iстер министрлiгiне хабарластық. Әуелi алған мәлiметiмiз – бұл министрлiктiң Мемлекеттiк тiлдi дамыту бас қармасы бар екен. Мемлекеттiк тiлдi дамыту мақсатында 2003-2004 жылдарға арналған iс- шаралар жоспарын да дайындап қойыпты. Бiрақ жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттiк тiлдi дамыту қағаз жүзiнде жүзеге асып жатыр, ал iс жүзiнде жағдай мүлдем басқаша болуы мүмкiн. Iшкi iстер министрлiгiнде мемлекеттiк тiлдi оқыту курстары бар екен. Үш жылдан берi бұл курста республика бойынша 20 мыңға жуық адам оқып жүр. Сұрастырып көрiп едiк, үш жылда бұл курсты бiтiрген адам жоқ сияқты. “Iссапарда, қызмет бабымен жүрiп, уақыттары бола бермейдi” дейдi басқарма қызметкерi. Бұл курсқа мемлекеттiк бюджеттен арнайы қаржы бөлiнедi. Яғни, осы уақыт аралығында бiрде-бiр адам қазақ тiлiнде таза түсiнiсiп-сөйлесетiндей, құжат дайындай алатындай болып шықпаса, онда бюджеттен бөлiнген ақша желге ұшып жатыр емес пе? Қазiргi уақытта Қызылорда, Атырау, Оңтүстiк Қазақстан iшкi iстер басқармалары, сондай-ақ 100- ден аса қалалық, аудандық және желiлiк iшкi iстер органдарында iс қағаздар қазақ тiлiнде жүргiзiледi деген ақпарат алдық. Iс қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiру талабына сәйкес Iшкi iстер министрлiгiнде аудармашы-маман қызметi енгiзiлген. Мем лекеттiк тiлге көшудi мемлекеттiк қызметкерлердiң құжаттарды мемлекеттiк тiлде дайындау деп қана түсiнетiндiгi осыдан-ақ көрiнедi: басқаша айтқанда, алдын-ала орысша дайындалған құжаттарды маман жалдап, қазақ тiлiне аудара салса, iс қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрген болып санала ма? Одан қазақ тiлiнiң көсегесi қайтiп көгерсiн? Тағы бiр байқағанымыз – мемлекеттiк тiлдi дамыту басқармалары қазақ тiлiн үйрену курстарын ұйымдастырумен бiрге қазақ тiлiнде дайындалған құжаттарды редакциялаумен айна лысады. Аты дардай мемлекеттiк тiлдi дамыту басқармасы затында мектеп оқушысының қатесiн тексерген мұғалiмдей алдына келген мәтiндердi шимайлап отыратын болғаны ғой. Осы аптадағы Үкiмет сағатында Әдiлет министрi Оңалсын Жұмабеков өз қарамағында мемлекеттiк тiлдi меңгерген қызметкерлердiң саны тым аз екендiгiне қынжылыс бiлдiрдi. Министрлiк тарапынан дайындалған заң жобаларының мемлекеттiк тiлдегi нұсқасының сауатсыздығын министр осылай түсiндiрдi. Абырой болғанда, министрдiң өзi осы жолы бастан-аяқ қазақ тiлiнде сөйледi. Заң жобаларының мемлекеттiк тiлде түсiнiксiз жазылатыны ұлты қазақ депутаттардың өзi Үкiметтен дайындалған құжаттардың орысша нұсқасын оқитындығынан көрiнедi. Депутат Әбдi жәлел Бәкiр айтпақшы, “осы заң жобаларын дайындайтын адамдардың тым болмаса, орта мектептiк сауаты бар ма, себебi қазақ тiлiнде сорақы грамматикалық қате жiберу үшiн қандай сауатсыз болу керек?”. Обалы не керек, Оңалсын Жұмабеков алдағы уақытта заң жобаларын Парламентке мемлекеттiк тiлде дайындап беретiн ниет танытты. Егер жақсы ниет жүзеге асып жатса, қанеки? Тек құжаттары қазақ тiлiнде сауатты жазылса жақсы. Бұған дейiн үкiметтегi заң жобалары әуелi орыс тiлiнде жазылып, сосын барып сөзбе-сөз қазақшаға аударылып келгенi белгiлi. Iшкi iстер министрлiгiнде қазiр реформа көп. Ендi Зауытбек Тұрысбеков Әдiлет министрлiгiндегi әрiптесiнен үлгi алып, мемлекеттiк тiлдi есiктен төрге сүйреуге құлық танытса…
Гүлбиғаш Омарова
2004 жыл, 20-мамыр.