Жаңалықтар

АВТОПАРК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕРЕУІЛДЕП ЖҮР

ашық дереккөзі

АВТОПАРК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕРЕУІЛДЕП ЖҮР

Таяуда Қарағандыда қар аралас жаңбыр жауып, қаланың қоңыр тіршілігі таң қылауынан бір жамандықтан хабар бергендей. Тағы да «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры дегендей», Арқа жұртының жолақы жайындағы наразылығы мен автопарк қызметкерлерінің базыналы назы әлі басыла қоймады. Биыл кенді өлке – көмірлі шаһарымыздың сексен жылдық мерейтойы қарсаңында жол ақысы да сексен теңгеге өскен  болатын. Осы тариф жүйесін енгізген қалалық мәслихат депутаттарының мерейтойға тартқан үлкен «тәбәрігі» осы болды. Алайда халықтың айғай-шуы тынышталып, үнсіздік орнаған болатын. Бірақ, бұл үнсіздіктің келесі оқиғаға ұласты. 

Ереуіл қаладағы №3 автобус паркінің ғимаратында орын алды. Ереуілге 118, 43, 53, 56, 1, 40 және де тағы басқа бағыт бойынша қатынайтын автобус жүргізушілері мен кондукторлары шығып, бас аяғы 130-ға тарта адам жиналған. Олардың басты талабы – күнделікті міндеттелген жоспар төмендетілсін деп отыр. 

Автопарк басшылығы жүргізушілермен келіссөз жүргізуді ұсынды. №3 автопарк басшылары жүргізушілер мен кондукторларды мазалаған мәселеден баяғыдан хабардар болып шыққан көрінеді. Тіпті таяуда талап арыздарын мекеме басшыларына айтып, кіріп шыққан. Нәтиже болмаған соң, ең маңызды бағыттардың жүргізушілері мен кондукторлары жұмысқа шықпады. Бірақ қасарысқан Манкуян қызметкерлердің талабын орындайтын түрі жоқ. Тіпті ол қызметкерлерінің бұл әрекеттерін мәдениетсіздік деп санады. «Таңертең олар жиналып, дауыс көтере бас­тады. Мен оларға: машиналарыңды қойып, жолға шығыңдар дедім. Бұл менің сөздерім. Тарифті көтергенмен, қызмет көрсету мәдениеті өзгерген жоқ. Заңбұзушылықтарды біз актіге тіркеп, жазалаймыз. Тәртіп бар!», – деп мәлімдеді №3 автопарктің бас директоры Артур Манукян.

Оқиға барысын тарқатып айтар болсақ, қалада жолақы 80 теңгеге қымбаттағалы төрт айдың жүзі болды. Жаңа тариф бойынша №3 автопарк кондукторлары күніне 70 мың теңге көлемінде ақша тапсыруға міндетті. Жоспар орындамаған кондукторлар мен жүргізушілердің айлық жалақысы қиылады. Бұл масқаралыққа шыдай алмаған автопарк қызметкерлеріне еріксізден ереуілге шығуға тура келген. Тіпті автобус жүргізушілеріне де күнделікті жанармай тапшы беріледі екен. Оны да өз қалталарынан төлейтін көрінеді. Күнделікті жұмысқа кешігетін болса да, еңбекақы қысқартылып, жұмыстан да босатып жібереді екен.  Тексерушілер автобус кондукторларына орынсыз ескерту айтып, соның кесірінен жалақы да біраз қиылып қалатын көрінеді. Тіпті, жалақылары айына 20 мың теңге болған күндер де болған екен. Базыналы жұрттың назын тыңдаған біздер, автопарк басшыларының менмендіктеріне таңырқастық! 

Нұрлан Имашев, автобус жүргізушісі:  

«Автобустың бір жері бұзылса, менің жалақымнан ақша қиылады. Күнделікті демалмай, ұйқы көрмей жұмысқа шығып, табар ақшамның тең жартысы бұзылған автобус үшін кетсе қалай қиналмайсың. Қазір көп автобустар жаңарып жатыр. Бірақ олардың да сапасы нашар. Шыдамның да шегі бар. Бүгін мен де әріптестерімді қолдап ереуілге шықтым».

Ақылбек Шыңғыс, автопарк кондукторы:

«Жолақы қымбаттағаннан бері, біздің күнделікті жоспар да өсті. Қазір бізге мекеме басшылығы 70000 теңге жоспар қойып отыр. Біз алғашқы айларда жоспарды орындаған болатынбыз. Алайда, студенттік және де жалпы қоғамдық жолақы билеттері шыққаннан бері бізге жоспар қиындады. Жолақы 50 теңге болғанда жолаушылардың қарым-қатынасы жақсы болатын, қазір жолақысы 80 теңгеге қымбаттағаннан бері олар бізді түсінбейді. Реніштерін бізге айтады. Бірақ жолаушы түсінуі керек, бұл тарифты біз емес, мекеме басшылығы қойып отыр». 

Ереуіл орын алған жерге қала билігі де шақырылды. «Бастамашы топ құрыңыздар. Талаптарыңызды ресми түрде қағазға жазып, әкімдікке жолдаңыздар. Бір тәулік ішінде қарастырып, жауабын береміз», – деді Қарағанды әкімінің орынбасары Қайрат Бегімов. Жүргізушілер соңына дейін өз талаптарының орындалуын күтетінін мәлімдеді. «Жалғастырамыз. Жоспар төмендетілмегенше жолға шықпаймыз», – деді жүргізушілер ұжымының атынан Алдияр деп өзін таныстарған  азамат.

P.S. Жолақыны сексен теңгеге көтеріп алып, қалалық мәслихат депутаттары алдында уәдені үйіп-төккен автопарк басшылығы нәтижелі іс атқарды ма?! Бірақ бірлі-жарым автобустарын жаңартып, көшенің бір-екі тұсына бейнебақылау қойып, бір автобусқа интернет желісін қосқан мекеменің  атқарған келелі ісі осы ғана болды. Арада төрт ай уақыт өтсе де автобустарды жаңарту мен қызмет көрсету аясы жақсармады. Жаңа маршруттық бағыттар енгізілмеді. Автобустардың түнге дейін қатынау мәселесі мүлдем аяқсыз қалды. Жүргізушілер мен кондукторлардың екі ауысымдық жұмыс кестесі жайында қалды. Сонда баға не үшін қымбаттады? Бәлкім,  Манукянның қалтасын қампайту үшін. Ақиқатын біз білмедік…

Алтынбек Құмырзақұлы