Жаңалықтар

Сарғайған беттер сөйлесе: «Түркістан» үш айға жуық шықпады. Неге?

ашық дереккөзі

Сарғайған беттер сөйлесе: «Түркістан» үш айға жуық шықпады. Неге?

Иә, бұл газет көптен бері қолдарыңызға тимеді. Көптен бері редакция қызметкерлерінің де оқырмандардан естігені: газеттеріңіз неге көрінбей кетті? Қашан шығады? Жоғарыдан қысым жоқ па?

Бұл сауалдарға жауап ретінде біз ең негізгі деген екі кінәратты алға тартамыз. Біріншісі… және бастысы – қаржы тапшылығы. «Түркістанның» ең үлкен құрылтайшыларының бірі – Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі болса, бұл министрліктің өзі соңғы үш-төрт айда Қаржы министрлігінен қажетті қаражатты дер кезінде ала алмай, біраз қиын- шылыққа тап болғаны бар. Сол себепті бірнеше газет-журналмен қатар «Түркістан» да баспахана шығынын өтей алмай қалған-ды. Бұл жерде Қаржы министрлігіне де өкпе жоқ, республика бюджетін уақытында бөлуге мүмкіндік болмаған Жоғарғы Кеңеске де наз айту қиын. Барлық мәселе республика экономикасының қазіргі хал-ахуалына келіп тіреледі.

ЕКІНШІ… түбін ойласаң түңілдіруге әкеп соғатын мәселе – қазақ тілінің қазіргі жағдайы. «Ау, газеттің мезгілінде шықпауына оның қандай қатысы бар» дейтін шығарсыз! Айтайық. Айтқанда, бейімбетшілеп «бетті жыртып-жыртып айтуға» тура келеді. Егер байқасаңдар, бүгінгі таңда «шықпа, жаным, шықпа» деп, қалтырап отырған қай орыс тіліндегі баспасөз бар! Құшақ-құшақ «Караваның», бума-бума «Панорамаң», қатпар-қатпар «Каз. правдаң» барлық жерде сатылып, барша тұсқа тарап жатыр әнеки. Ал, алпыс жыл бойы қазақ деген халықтың әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен тағдырын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келген «Қазақ әдебиеті», еліңнің ертеңі, тіліңнің тірегі, ұлтыңның түп қазығы – қайран ауылдың тынысы мен иісін жеткізер бірден бір газет «Ауыл», алыс-жақын шет елдер мен қазақ жұрты арасында ақпарат көпірі болуды үміт еткен тұңғыш халықаралық басылым «Түркістан» шөл үстіндегі шөкім бұлттай анда-санда ғана бір тамызып өтеді. Неге! Орыс тіліндегі басылымдар сияқты оларға жан-жақтан құйылып жатқан қаржы көзі жоқ, тек құрылтайшыларының ғана қолына қарап қалған жайы бар. Республикада ең үлкен, ең бай фирмалар мен корпорацияларды, акционерлік қоғамдар мен әртүрлі коммерциялық ұйымдарды басқарып отырған – негізінен қазақ азаматтары екеніне қуанамыз, бірақ олардың пейілі басқаға келгенде – көл, бізге – шөл. Орыс тілінде жаңа бір басылым ашыла қалса, оны қаражат жағынан алғашқылардың бірі болып, демеп жіберетін – солар. Қажет «спонсор» бола қоятын да –| солар. Сол қалталы қазақтардың қымбат-қымбат жарнамалары да әуелі әлгі басылымдардың бетінен көрінеді. Өйткені… қанша «жыласа» да орыс тілінің беделі әлі үстем. Ол тілде шығатын газеттердің оқырманы көп. Ол оқырмандардың көбі – және қазақтар – кешегі күні қалада да, далада да қаптаған орыс мектебін бітіргендер. Ал, біздің оқырмандар? Бұған мен жауапты өздеріңізден күтейін: осы мақаланы оқып отырған, не қисайып жатқан сіздің жасыңыз нешеде! Жә, сіз оқып жатырсыз-ау, бала-шағаңыз ше! Бүгінгі балабақшада, мектепте қазақша тәрбиеленіп жүрген немерелеріңіз ертеңгі күні қазақ баспасөздерін оқитынына сене аласыз ба?

Міне, біздің, қазақ баспасөзінің, қазақ тілінің жағдайы осындай. Иә, тағы қайталап айтам: түсінбей жүргендер түсінсін деп айтам: қазақ баспасөзінің тағдыры қазақ тілінің жағдайымен тікелей сабақтас, тағдырлас. Бүгінде өкімет те, үкімет те бәрімізге «өз күніңді енді өзің көр» дегенге келтіріп отыр. Елдің жайы, тілдің жайы осындай күй кешіп отырғанда қазақ баспасөзі, қазақ әдебиеті мен мәдениеті ешуақытта «өз күнін өзі көріп» кете алмайды. Ащы да болса, ашығы осы, ағайын.

Міне, 1995 жылдың газет-журналдарына жазылу басталып та кетті. Бұл тұста біз: «Айналайын, ағайын, газетімізге жазыла көріңіз» деп жар салуды артық көреміз. Баспасөзге жазылу-жазылмауды бұдан былай, алдымен, әркімнің қалтасы, сосын ұлтым деп соққан жүрегі, санасы мен намысы біледі. Бірақ бір ғана айтарымыз: газеттің біраз уақыт шықпағанына ренжіп, басылым атаулыдан бас тарту – қысылшаң кезде ұлттық мүддені сатып кетумен бірдей шығар деген ой келеді кейде…

Ал, біз – редакция қызметкерлері, қандай қиыншылықтарға қарамастан оқырман алдында, ұлттың ертеңі, ұрпақтың болашағы жолында өз міндетімізді адал атқара береміз. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», уақыттың шындығын, құбылыстардың ақиқатын айту – басты мақсатымыз.

Оны бүгінгі нөмірімізден де көре аласыздар.

Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ, 

Бас редактордың бірінші орынбасары

1994 ж.