Жаңалықтар

Қатерлі ісікке қарсы күрес мәселесі

ашық дереккөзі

Қатерлі ісікке қарсы күрес мәселесі

Бұрын-соңды аты көп естіле бермейтін қатерлі ісік ауруының түрлері бүгінде алқымнан алып тұр. Жыл сайын дерттің бұл түріне шалдыққандардың да саны артуда. Сорақысы сол, ертеректе көбіне жасы қартаң тартқан адамдарда ғана кездесетін ауру жастарға да ауыз салған. Мамандардың соңғы кезде қатерлі ісіктің жасарып кеткендігін айтып дабыл қағуы сондықтан. Расында да, бұрындары «қатерлі ісікпен ауырады екен» дегенді құлағымыз шала бермейтін. Ал қазір үштің бірі осы дерттен көз жұмуда. Оған не себеп? Халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен бе, әлде экологияның нашарлап кетуінен бе? Әлде бұрын мұндай деректер ашық жарияланбайтын ба еді? Ме­ди­ци­на тілінде «он­ко­ло­гия» гректің «қатерлі ісік» және «ілім» де­ген сөзін білдіреді. Ал «кан­цер» (рак не­ме­се обыр) терминін қолданысқа алғаш рет атақты ғалым Гип­по­крат енгізген. Ол обыр клеткаларының теңіз ша­я­ны сияқты адам денесіне жай­ы­ла та­рай­ты­нын анықтаған. Обыр клет­ка­сы адамның ба­сы­нан бақайшағына дейін кез­де­се береді. Тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лим­фа та­мыр­ла­ры арқылы ағзаның мүшелеріне та­рай­ды не­ме­се ба­ла­лай­ды. Сөйтіп бұл дерт жы­лы­на 20 мил­ли­он адамның өмірін жал­май­тын көрінеді. Яғни, әрбір жетінші адам осы обыр дертінен көз жұмады де­ген сөз. Дүниежүзінде жыл сай­ын 10 млн. адамның осы дерт­ке шалдығатыны анықталса, олардың 8 мил­ли­о­ны бақилық болады екен. Ал елімізде 30 мыңға жуық науқастың қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған. Қазір әлемде қатерлі ісікті емдейтін түрлі дәрі-дәр­мектер қолданысқа енуде. Бірақ олардың ешқайсысы обыр­ды 100 пай­ыз ем­дей ал­майтын көрінеді. Қатерлі ісікті кешенді түрде, атап айтқанда, хирургиялық тәсіл, сәулені қолдану мен химиялық те­ра­пия, сон­дай-ақ им­му­но­те­ра­пия арқылы ем­деу керек. Қатерлі ісіктің қаншалықты қауіпті екенін осы­дан-ақ аңғара беріңіз. Қазір әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісіктері, одан ке­йін ерлер мен әйелдерде өкпе, сосын асқазан, ал, төртінші орында тоқ ішектің қатерлі ісігі тұр. Негізі әр адам жы­лы­на бір рет денсаулығын тек­се­ру­ден өткізіп тұрғаны жөн. Өйткені ауру алғашында біліне қоймайды. Ісік әбден өсіп, айналасындағы ағзаларды қысып, ауыр­та бастағанда ғана сезіледі. Егер ауру ер­те, І-ІІ са­ты­сын­да анықталса, 80 па­йыз айығып ке­ту­ге мүмкіндік бар. Жа­сы 30-дан асқан әрбір адам тік ішегін, 40-тан асқан ер адам­дар жы­лы­на бір рет қуық ас­ты және қалқанша безін, өңешін, асқазанын, 35-тен асқан әйелдер 5 жыл­да бір рет жа­тыр мойнының ісігін, 50-ден асқан әйел-ана­лар екі жыл­да бір рет сүт безін міндетті түрде тексертіп тұруы ке­рек. Ауру­ды ер­те анықтап, са­па­лы ем жүргізсе, тез сауығып кетеді. Қатерлі ісік не­ден пай­да бо­ла­ды? Жалпы ДДҰ сарапшыларының бағалауы бойынша, 30 пайыз жағдайда қатерлі ісіктің пайда болу қаупін дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану және шылым шегуден бас тарту есебінен алдын алуға болады. Өкпе қатерлі ісігінің 35 пай­ы­зы темекі ше­гу­ден пай­да бо­ла­ды екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпты зат – бен­зо­пи­рен бар. Күніне 20-30 та­лын шек­кен адам­да ол көбейіп, өкпені зақымдайды. Со­дан ісік ту­ын­дай­ды. Бен­зо­пи­рен қуық қатерлі ісігін де ту­ды­ра­ды екен. Ал өңеш қатерлі ісігі (оны халқымыз қылтамақ деп атаған) тағамды – шай­ды, кофені, май­лы сор­па­ны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шай­на­май жұтудан, күйдірген май­ды бірнеше рет қолданудан пайда болатын көрінеді. Сүт безіндегі қатерлі ісік әйелдің жы­ныс мүшесінің со­зыл­ма­лы ауру­ла­ры, тұқымқуалаушылық, жиі күйзелу мен гор­мон­дар деңгейінің бұзылуынан бас­та­ла­ды. Міне, қай жағдайға қарасаңыз да қауіпті ісіктің ту­ын­да­у­ы­на өзіміз себепші бо­ла­ды екенбіз. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «Онкологиялық аурулардың жыл сайын 30 мыңнан астам себебі пайда болады» деп мәлімдеген-ді. Оның айтуынша, онкологиялық аурулардың ерте сатысында тек 47,2 пайызы ғана анықталады. Министр ханым ұлттық онкотіркеуде 144 мың науқас тіркелгенін және әлем бойынша онкологиялық аурулар 5 пайызға өсіп тұратынын да айтты. Осылайша, елімізде бұл індеттің өршіп тұрғанын бас дәрігердің өзі мойындады. Ал мамандар аурудың дәл осы түрінің кең тарауын халықтың әл ауқатының төмендеп, жиі күйзеліске түсетінімен түсіндіреді. Яғни сарапшылар сөзіне сүйене еліміздегі онкологиялық аурулардың күрт өршуін халықтың әлеуметтік жағдайының тым нашар екенінің көрсеткіші ретінде бағалауға болады. Министрдің айтуынша, Қазақстан­дағы онкологиялық аурулар­дың өр­шіп тұрғанына бірнеше нақты себеп бар. «Ең алдымен онкологиялық ауру­­ларды емдейтін білікті маман­дардың аздығы, материалдық-техни­ка­лық базаның жетіспеушілігі, онко­логиялық және амбулаториялық-емханалық ұйымдардың аздығы, заманауи диагностикалық және емдік құрылғылармен жеткі­лікті жаб­дықтал­мағаны, ерте диагнос­тика­ның және онко­сақ­­тықтың халық­та да, дәрігерлерде де заманауи техно­логиясының жетіспеушілігі науқас­тар­­ды емделу үшін шет елге баруға мәжбүрлейді. Ол ол ма, сауықтыру көмектері мүлде жоқ», – дейді ол. Араға он үш жыл салып Алматыда 29-30 cәуірде ха­лықаралық мамандардың қа­тысуымен өтетін онко­лог­тар мен радиологтардың V съезінде қатерлі ісіктің алдын алуға байланысты біраз мәселе көтерілмек. Бұл жөнінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиев: «Елбасы Жолдауында онкология саласына ерекше көңіл бөлген болатын. Со­ның нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі бес жылға арналған бағдарлама жасады. Үкімет оны бекітіп, 211 млрд. теңге бөлді. Бағдарламаның жұмыс жа­са­ғанына да екі жыл болды. Өт­кі­зілгелі отырған съезде бекі­тілген бағ­дарлама жұмы­сының нәтижесі айтылады және шетелдік мамандардың тәжі­рибесімен бөлісеміз, алмасамыз, жаңа­лықтарын еліміздің денсаулық сақтау саласына енгіземіз деп ойлаймын. Мұндай басқосу дәрігер ма­мандары­мыздың білімін, тә­жірибесін көтеру үшін аса қажет. Білімді, тәжірибесі мол маман науқастарға сапалы қызмет көр­сететіні анық», – дейді. Демек, Қазақстан онкологтары мен радиологтарының V съезіне жүктелген міндет көп. Оған елімізден және шетелден 500-дей жетекші маман қатысып, онкологияның мүмкіндіктері мен даму мәселелерін талқылап, тығырықтан шығар жолды бірлесіп іздемек. Аталған съезде ТМД елдері ассоциациясының президенті Михаил Давыдов, Қатерлі ісікпен күрес халықаралық одағының президенті Франко Кавалли және АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль елдерінен білікті ғалымдар келеді деп жоспарланып отыр.