Жаңалықтар

Ақмола облысында ЖЭС ашылмақ

ашық дереккөзі

Ақмола облысында ЖЭС ашылмақ

Ақмола облысы еліміздің басқа да облыстарының ізімен экономикалық тиімді аймаққа айналып, өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін жетілдіруде. Жуырда Көкшетаудан жылу электр стансасын салуға қызығушылық білдірген инвесторларды Ақмола облысы әкімі Қосман Айтмұхаметов қабылдап, бұл жобаның іске асуына екі тарапқа да пайдасын тигізбек деді. 

Ұлыбританиялық «British ekopawer » компаниясының өкілдері,  жылу электр стансасының толыққанды жобасымен танысып, аймақ басшысымен жобаны жүзеге асыру тұрғысында келіссөздер жасады. Өз кезегінде  облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов жылу электр стансасын салуға ниет танытқан әрбір  инвесторға өңір тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл жоба жылу, ыстық су және электр энергиясымен қамту бойынша тарифтердің төмен болуына септігін тигізбек, яғни жалпы жергілікті жұртшылыққа тиімді жоба. 

Көкшетауда жылу электр стан­сасын салу мәселесі Үкімет деңгейінде соңғы 5 жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда нақты қолға алынып, инвесторлар тар­тылған емес. Бүгінде облыс ор­талығында 1977 және 1988 жылы салынған екі жылу  қазандығы жұмыс істейді. Жыл сайын облыс орталығы аумағының өсуін есепке алғанда, жылу қазандықтарынан өндірілетін жылу болашақта аздық етуі ықтимал. Сондықтан алдағы жылдары Көкшетауда жылу, ыстық су мен электр энергиясын өндіретін станса салуға облыс  тарапы үлкен қызығушылық танытып отыр. Болжам бойынша Көкшетау қаласының тұрғындары 2020 жылға дейін 144 мыңнан 185 мыңға дейін өседі. Мемлекеттік  «Қолжетімді баспана- 2020» бағдарламасы аясында да 1,5 миллион текше метр тұрғын үй салынады деп жоспарланған. Қазіргі таңда жылу электр стансасының техникалық-экономикалық не­гіздемесі әзірленген. Кездесу ба­ры­сында жобаны жіті зерттеу үшін жұмыс комиссиясы құрылып, оны облыс әкімінің орынбасары Ермек Маржықпаев жетекшілік ететіні айқындалды.  

Ақмола облысы әкімдігінде 2014 жылдың алғашқы тоқсаны бойынша Ақкөл, Қорғалжын, Жар­қайың, Ерейментау мен Жақсы ау­дандарының әкімі есеп берді. Аудан әкімдерінің есебін тыңдаған облыс басшысы Қосман Айтмұхаметов: «Мал шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ Астана-Бурабай трассасында орналасқан ауданның жол бойында шағын және орта бизнесті жандандыруға көптеп көңіл бөлу қажет», – деді. «Бүгінгі күні Ақкөл ауданына қарасты Еңбек ауылында ауыл шаруашылығы бойынша, өн­дірісте болсын, жан-жақты дамуға толық әлеуеті жетеді. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты үнемі ерекше бақылауда ұстап, жауапкершілікпен қарау керек», – деді Қосман Айт­мұхаметов. 

Жалпы, Ақмола облысы бо­йынша ауызсумен қамту бойынша 15 жобалық-сметалық құжат әзірленген. 2011-2013 жылдарға «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттен 6,75 миллиард теңге қаржы бөлінген. Өңірдің елдімекендерді орталықтандырылған сумен қамту жұмысын жандандырып, ауылдарды ауыз сумен қамту көрсеткішін 2015 жылға қарай 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 

Әлеуметтік 

мәселе назарда

Облыста «Балапан» бағдар­ламасының жүзеге асырылуы да әкімдіктің назарында. «Балапан» бағдарламасының орындалуы  бойынша Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы  Балым Ізбасарованың мәлімдеуінше, 2010-2013 жылдар аралығында «Балапан» бағдарламасы аясында  облыс­та 15988 орындық 270 мектепке дейінгі ұйым құрылып, 14 балабақша салынды. Оның ішінде 22 балабақша білім бөлімдерінің балансына қайтарылып, қайта қалпына кел­тірілсе, 30  жеке меншік балабақша ашылған.  Мектеп жанынан 204 шағын орталық құрылды. Осылайша Ақмола облысында  бүгінгі күні 522  мектепке дейінгі  ұйым жұмыс істейді, оған 31280 бала барып жүр. 

Облыста мемлекеттік жеке меншік серіктестігін дамытуға ерекше көңіл бөлінген.  37 жеке меншік мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. «Оларда 3797 бала тәрбиеленуде. Биыл құрылысы басталатын 28 нысанның уақтылы тапсырылуын барлық жауапты басқарма басшылары қадағалау қажет», – деді Балым Ізбасарова. Мерзімінен кешіккен әрбір нысанға жауапты әкімдер мен басқарма басшылары қатаң жазаланатынын ескертті. Сондай-ақ жиын барысында облыс әкімі, Көкшетауда мемлекеттік жеке серіктестікті дамытып,  бұл бағытта жұмыстарды жандандыру қажет деп тапсырды.

Ақниет Бейімбетқызы