Ғарышқа аттанған жер серіктері Ұялы байланысты арзандата алды ма?

Ғарышқа аттанған жер серіктері Ұялы байланысты арзандата алды ма?

Ғарышқа аттанған жер серіктері Ұялы байланысты арзандата алды ма?
ашық дереккөзі

 

Таяуда отандық үшінші жер серік – «ҚазСат-3» Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылып, ғарыш кеңістігіне шығарылды.  Үш ай бойында сынақтар жүргізіліп, күзде үшінші отандық аппарат қызметіне кіріспек.

– Ғарыш аппаратының бірнеше ерекшелігі бар. 12
транспондер бір сәулеге біріксе, екіншісі 16 транспондердің басын қосып тұр.
Әрине, «ҚазСат-2-ге» қарағанда сипаттамасы жақсы, орбиталдық нүктесі де жаман
емес, – деді  республикалық ғарыштық байланыс орталығының жетекшісі Виктор
Лефтер.

«ҚазСат-1» жер серігінің ғарыш кеңістігінде
із-түзсіз жоғалып кеткені баршаға аян. 
Сөйтіп 2009 жылға жоспарланған «ҚазСат-2» жер серігінің ұшырылуы кейінге
қалдырылды. Тіпті осы аппаратты құрастыруды ресейлік мамандарға емес,
француздық немесе еуропалық басқа да озық ғарыш орталықтарына тапсыру көзделген
еді. Ұлттық ғарыш агенттігінің айтуына қарағанда, франциялық «EADS Astrium»
ұсынған жасанды жер серігі тым қымбат, әрі Қазақстан территориясынан кеңірек
аумақты қамтитын аса қуатты болып шыққан. Сондықтан «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3»
аппаратын жасауда ресейлік мамандардың көмегіне жүгінуге тура келді. Хруничев орталығынан бас тартқан отандық
мамандар алысқа сабылмапты. «Қазсат-3» жер серігін дайындау үшін Ресейдің басқа
орталығымен жаңа келісімшартқа қол қойды. Бұл – Красноярск қаласында орналасқан
Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» орталығы.

Озық технологиясымен танымал, жер орбитасында
әжептәуір инфрақұрылым жасап үлгерген мемлекеттердің тәжірибесін неге
пайдаланбасқа?! Расында жер серіктерінің бүгінгі заманауи технология үшін,
ақпарат таратуда маңызы зор. Бірақ осы қызмет түрінің қымбаттығы, шетелдік жер
серіктерінің қызметін пайдалану қосымша қаражат пен шығынға батырады. Ең
қарапайымы – ұялы байланыс қызметінің әлі күнге дейін құнын түсірмей,
секундына, минутына ақша алуы жер серіктерінің Қазақстан территориясын тегіс қамтуына
тікелей байланысты. «Аузы күйген үріп ішеді». Бірінші «ҚазСат» өз алдына, оның
дауы елеусіз қалған жоқ. Десек те екінші «ҚазСаттың» жұмысқа кірісуі еліміздің
байланыс нарығына айтарлықтай өзгеріс әкелмеген сияқты. Мәселен, теледидарға
күнделікті халықаралық арналарды кабельді антенна арқылы тартатын қызмет соңғы
жылдары қымбаттамаса, арзандаған жоқ. Оның орташа құны – 1000-1500 теңгені
құрайды. Ал «ҚазСат-2» аппаратының іске қосылғаннан кейін ашылған «Отау ТВ»
жерсеріктік желісі көңілге басу ғана. Бірақ қызмет ақысы арзан емес.

Елімізде экономикалық, саяси
маңызы бар жобалардың да ашылу уақытынан кешігуі әдетке айналғандай. Сондықтан
болар, жыл басында вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның «ҚазСат-3» жер
серігін кешіктірмей, уақытында ұшыруды тапсырған болатын. “ҚазСат-3″
бойынша Ресеймен келісіміміз бар. Әбден тақалған кезде ұшу мерзімі шегерілді
деген хабарлама алмайтындай қатаң ескертейік, әйтпесе бұл біз үшін катастрофа
болмақ”, – деген еді Бақытжан Сағынтаев ұлттық ғарыш агенттігінің
отырысында.

Негізі “ҚазСат-3” жер
серігін 2013 жылдың аяғында және Байқоңырдан емес, ғарышқа басқа ұшыру айлағынан
аттануы тиіс болатын. 2013 жылдың сәуір айында «Қазғарыш» агенттігі
жер серігін Францияның Латын Америкасында орналасқан Куру айлағынан ұшыратынын
хабарлаған. Бұл істің елімізді біраз әбігерге салып, шығынға батыратыны
белгілі. Оның үстіне әлемге әйгілі, жер бетіндегі ғарышқа шығуға ең ыңғайлы
нүкте «Байқоңыр» айлағы тұрғанда, алысқа аппарат тасудың қандай қажеттілігі бар?
Бірақ француздық әріптестердің құпиясын ашпау керек деген желеу айтылды. «Француз
тарабының көпке ашқысы келмейтін қандай да бір құпиялары бар. Сондықтан бұл жер
серігі «Ариан-5» зымыран тасығышымен бірге Куру айлағынан ұшырылады. Басқа
ешқандай себеп жоқ» деп жауап берген еді Мұсабаев мырза. Алайда жыры ұзаққа
созылған жер серік ақыры өз Отанымыздан ұшырылды.

Мамандар сөзіне құлақ ассақ, пайдасы
орасан зор спутник арқылы Қазақстан 4 миллиард теңгені үнемдейді. Ал бұдан
кейін төртінші спутниктің жобасы қолға алынбақ. Жарамдылық мерзімі 15 жылға есептелген.
«Негізгі қабылдау шаралары
тамыз-қыркүйек айларында болады. Осы уақытқа дейін Ресей тарапы сақтандыру,
геостанционарлық орны бар, соған ұшқанға дейін Ресей жағы жауап береді. Сосын
объектіні қабылдап алған сияқты, қыркүйек айында қазақ жағына өтеді. Сол кезден
бастап «KazSat-2»-мен
бірге жұмысқа кіріседі деп үміттенеміз», – деді Ұлттық ғарыш агенттігінің ресми өкілі Ербол Дәулетов.

Аталмыш жер серіктің салмағы –
2 тоннаға жуық, ал жалпы құны – 27 миллиард теңге.

Әйгілі Хруничев орталығы
жасаған екінші аппарат ғарышқа аман-есен шығарылды. Бүгінде «ҚазСат-2»
аппаратының жүктемесі 63,3 пайызға жеткен. Десек те бұл көрсеткіш аздық етеді.
Себебі ғаламтор желісі, телеарна сигналдары, радиоқабылдағыш пен ұялы байланыс
тұтынушыларының күн санап көбеюі үшінші аппараттың қажеттілігін арттырып отыр.

Әлі күнге дейін жер
серіктерінің берер пайдасынан көпшілік бейхабар. Былтыр «Қазғарыш» агенттігінің
төрағасы Талғат Мұсабаев өз мәлімдемесінде: «ҚазСат-2» спутнигінің басым
бөлігін пайдаланып отырмыз. Сондай-ақ «ҚазСат-3» спутнигін құрастыруға тендер
жарияладық, жұмыс жүріп жатыр. Оны ұшыру әрекетін 2014 жылдың бірінші
жартысында жасаймыз. Ол 58,5Е гистоцанарлық орбитада жайғаспақ. «Қазсат-3»
аппараты ұшырылысымен Түрікменстан,Қырғызстан сияқты Орта Азия мемлекеттеріне
қызмет көрсетуді бастаймыз. Интернет-телефония, 3G интернет желілерімен
Қазақстанды толық қамтамасыз етеміз деп ойлаймыз. Қазіргі таңда мына 28 транспондері
бар», – деді.

Қазақстан аумағында сапалы
ақпараттық және телекоммуникациялық қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тауып
келеді. Мәсе­лен бүгінгі күні елдегі хабар тарататын телеарналар мен байланыс
операторлары бағасы жағынан айтарлықтай қымбат шетелдік жер серіктеріне жүгініп
алған. Сондықтан да спутниктік
телеарналардың бәсекелесі жоқ, өз нарығының алпауытына айналған.

Бұл ретте отандық ғарыш кемесі
елдің барлық тұрғындарына көрсетілетін ақпараттық қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік
береді. Интернет, желілі телефон, телехабар тарату сияқты байланыс түрлерінде
технологиялық, сапалы қадам жасалады, тариф төмендейді. Ұлан-ғайыр қазақ даласында бір-бірінен қашық
орналасқан елді мекендерге спутниктік байланыс арқылы қатынас жасауға болады. Ғарыштық
аппарат осы мәсе­лені реттеп бермек. Кабельдік таратуға қо­лы жетпейтін жұрт
ғарыштық аппараттың сауабын алады. Техникалық сипатына келсек, «ҚазСат-2»-де
қабылдап-жіберетін 20 сигнал жұмыс істесе, оның 16-сы – негізгі, төртеуі
қосалқы телехабар таратуға арналады. Қалғандары әртүрлі байланыс жұмыстарына
арналған транспондерлер.

Ендігі мәселе «ҚазСат-3» ғарыш
көгінен өз орнын алып, жұмсалған шығынды ақтаса жеткілікті. Сондай-ақ желілік
қызмет бағасын төмендетсе игі.