Клименов кім?
Сауыншы ауылының жер дауы баспасөз беттерінде жарияланып, құзырлы органдардың құлағына шалынса да, түйіні шешілер түрі жоқ. Роман Клименов ауыл тұрғындарына «Бұл менің жерім, дереу босатыңдар» деген талап қояды. Кезінде әкімнің шешімін алған азаматтар жердің екінші қожайыны Клименов емес, өздері екенін айтып бағуда. Ол аздай ауылдың екінші жартысы Бақытбек Әбдіков деген азаматтың жері екені анықталған. Салы суға кеткен тұрғындар Клименовпен соттасудан бас тартып отыр. Себебі кәсіпкердің қолындағы құжаттары жеткілікті. Жер кадастрында 03-047-163-1370 номері бойынша Клименовтің атындағы жеке шаруа қожалығы деп көрсетілген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, соттың Клименовтің пайдасына шешім шығарары сөзсіз. Ал мәселені сотсыз шешуді ұсынған Клименов мырза мынадай талап қояды: «Маған тиесілі 2,5270 гектар жерімді жеке қосалқы шаруашылыққа ауыстырып беруге көмектесіңдер және үстеме ақы ретінде құны 30 мың доллар тұратын кепілзат беріңдер» деуден танбай келеді. Әрине, ауыл халқы қолынан келсе, басқа жақтан-ақ өзіне жер сатып алар еді ғой. Шарасыз, қорғансыздың күні басқа түскен соң, амалсыз Үкіметтен көмек сұрауда. Ауылды қақ ортасынан бөлген жер қожайындарының бірі – Әбдіков мырза. Сауыншылықтар оның меншігіндегі жер телімінің заңдық күшін жою туралы талап арыз түсірген. Қарасай аудандық соты тұрғындардың талап арызын қанағаттандырып, ел пайдасына шешім шығарған. Себебі Әбдіковтің жер теліміне берілген меншік құқығының мерзімі сауыншылықтардан кейін пайда болған. Сонда жекеменшікке жер берумен айналысатын мекемелер қайда қарап отыр екен, ә? Бұл бірінші рет емес, Алматы төңірегінде заңсыз ауылдар өте көп. Оның қожайындары одан да көп. Барлығының қолында мемлекеттік актісі бар. Жер кадастры берілген жерді екінші қожайынға қалай рәсімдейді? Жалпы осындайда сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі бизнестің иісі білінетін сияқты. Мәселен, кейбір тұрғындар жер учаскесін Әбдіковтен қайтарып алғанмен, сол учаскенің 0,0600 гектары Клименовтің меншігінде орналасқан. Сондықтан олар өз жерінің бір бұрышына бола заңды құжат ала алмай жүр. Ал Қарасай аудандық ХҚКО маңайындағы біреулер «900 долларға мемлекеттік акт» шығарып береміз дейтін көрінеді. Жалған мемлекеттік актіні немесе мемлекет меншігін өз қалауымен тарата беретіндер кімдер? 2008 жылдың шілдесінде «Аудан елді мекендерінің шекарасын кеңейту туралы» Қарасай ауданының әкімдігі қаулысы (№7-20) мен аудандық мәслихаттың (№10-4) шешімі бар. Онда «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 3300,0 гектар жер телімі елді мекендер категориясының жерлеріне көшірілсін» деп жазылған. Оның ішінде Қарасай ауданына қарасты 12 ауылдық аумаққа кіретін 37 елді мекеннің жер көлемдері көрсетілген. Бұл тізімде Сауыншы ауылы Шамалған ауылдық аумағына тиесілі 250 гектар жердің 20 гектарына орналасатыны көрсетілген. Егер Сауыншы мемлекет есебінде болса, жері неге жоқ? Ауыл халқы әділ шешім шығарудың жолын да ұсынып отыр. 2013 жылғы 4 шілдедегі ҚР Жер кодексінің 92-93-94-баптарына енгізілген өзгеріс пен толықтыруларға сәйкес, «Мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесiн меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою» және «Мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою тәртiбi» жеке шаруа қожалығы жер пайдалану құқығы берілген жер учаскесі берілген бес жылдықтың алғашқы екі жылында пайдаланылмаса, мәжбүрлеп алынады. Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады екен. Осы заң негізінде ғана ауыл тұрғындары өз жерін қайтарып алуға қауқарлы. Алайда аудандық, облыстық есепте бар Сауыншы ауылының тұрғындары басқа жаққа көшірілсе, ауылдың ауыл болып қалуы мүмкін бе?
Ақниет ОСПАНБАЙ